Электронды темекінің зияны сынып сағаты Мақсаты



Дата06.03.2023
өлшемі29,01 Kb.
#72123
Байланысты:
электрон темекі


Электронды темекінің зияны
сынып сағаты
Мақсаты: Зиянды әдеттер туралы, олардың қаншалықты жиіркенішті, зиянды екендіктерін түсіндіру. Проблеманы дәстүрлі емес жолдармен шешу арқылы ойлау, көру, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру.
«Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы» дейміз. Алайда жылдар жылжыған сайын жас ұрпақтың денсаулығына жауығатын қатерлі заттардың қатары көбейіп барады. Абыройдан айыратын алкоголь мен естен тандыратын есірткіден арыла алмай жүргенде ұрпақ санасын улайтын тағы бір тұйыққа тап болдық. Мерейімізді өсіре ме деп жүрген мектеп оқушыларының ендігі ермегі – электронды шылым.
Бұлай деп білім ошақтарының басшылары да, қоғам белсенділері де, дәрігерлер қауымы да дабыл қағып жатыр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартатыны» рас екен. Жаһан жұрты «жа­ман тұмаумен» жанталасып жат­қанда жас ұрпақ жағымсыз әдет­ке әуестеніп, әлеуметті әлекке салды. «Қараусыз қалған мал – қасқырдың олжасы» демекші, ел ертеңін қатерлі дерттен қор­ғай­мыз деп жүргенде бар бәленің бас­тауы саналатын «Дайрабайдың көк сиырынан» көз жазып қалған екенбіз. «Қой терісін жамылған қасқырдай» кейіп танытып, шы­лымның вейп дейтін электронды түрі пайда болды. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шық­ты» дегеніңіз осы. Әсілінде, көк сиыр да, көк түтін де емес, құ­рамында түрлі химиялық қоспасы бар будың уын жұтып жатыр жас­тарымыз. «Есесіне, құрамында никотин жоқ» деп ақталады у ұрт­тап жатқандарын ұмытып. Расы­мен, солай ма? Мәселен, был­тыр Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақ­тау жүйесі туралы» кодекске қол қойған болатын.
«Кодекстің 110-бабында 248-тар­мақ бар. Онда «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пай­да­ланатындай етіп дайындалған шикі­зат ретінде темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің бас­­қа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер», деп ай­қын жазылған. Вейп дегеніңіз – «кез келген өзге аспап». Ендеше, вейп те қоғамдық орындарда ашықтан-ашық ұсынылмауға, пайдаланылмауға және сатылмауға тиіс. Анығында олай болмай тұр. Жасөспірімдер арасында вейп эпидемиясы белең алып барады», деп ашынады Nur Otan партиясы­ның қоғамдық кеңесінде сөз сөйле­ген «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысының жетек­шісі Жәмилә Садықова.
Оның айтуынша, аталған Кодекс­тің 261-тармағында тұтыну­дың элек­т­ронды жүйелері ретінде құра­мын­да никотин бар немесе жоқ сұйық­тықты құрылғылар айқындал­ған. Себебі вейпке никотинді қалауы­ңыз бо­йынша қостырып алуыңызға болады. Мәселен, бала вейп сатушыға келіп, «маған 10 миллилитр никотин құйып беріңізші», дейді. Сатушы сұрағанын құйып береді. Ұлттық қозғалыстың же­тек­шісі осы мәселені барынша назар­ға алу керегін айтып, дабыл қағып отыр.
«Балалар вейп сатылатын дүкен­дер­ге келіп, шылымның бұл түрін, оның сұйықтығын емін-еркін сатып алып жатыр. Оны түрлі пабликтерден көріп жүрміз. Вейпті әдетте «флешка», «фломастер» деп атап жатады. Оның негізгі құрамы – пропиленгли­коль. Бұл заттың құрамында никотин бар. Тиісінше, мұны біз темекі өні­мі деп ашық айта аламыз. Бүгінде осы өнімнің отаны саналатын Сан-Фран­циско округінің өзі (АҚШ) мұн­дай сұйық­тықтардан бас тартып отыр. Кері­сінше, қазақстандық жасөс­пі­рім­дер­дің, әсіресе мектеп оқушы­лары­ның арасында бұл өнім кең тарап ба­рады. Оларды вейптің түрлі хошиіс­тен­діргіштері, шайырдың, маракуйя, ман­го сынды жемістердің дәмі қы­зық­ты­рады. Бір сөзбен айтқанда, вейп шегу сәнге айналды», дейді қоғам бел­сендісі, кәсіпкер Қайрат Құдайберген.
Өкініштісі, өнімнің осы түрін онлайн саудалаушылар көп. Дүкенде ашық сатылып жатқан соң, онлайн сауданың өрісі тіпті кеңейді. Қызыл­ды-жасылды жарнамасы көзді арбайды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Мәселен, Instagram әлеуметтік желісінде вейп сатумен айналыса­тын­дардың (Elf bar мен Elf shop) көптеп кездесетініне көзіміз жетті. «Бақсақ бақа екен» демекші, онлайн сауда Қазақстанның кез келген қаласында бар деуге де болады. Құны 2 200 теңгеден басталады. Тапсырыс берушіге тегін жеткізу қызметі де қарас­тырылған. Яғни үйден аттап шық­пай-ақ құмарыңызды қандырып, көңіл хошыңызды келтіре аласыз. Көп­тің көзіне түскісі келе бермейтін жасөс­пірімдерге де керегі осы емес пе?
Оқушыларға орынсыз айып тағып жатқан жоқпыз. Бірқатар білім оша­ғындағы мектеп басшыларымен де сөйлестік. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжан жаман әдетке ұлдар да, қыздар үйір екенін айтады. Ал баланың әуестігі бай­қал­ған кезде мектеп басшылығы мен ұс­таздар қауымы оқушының ата-анасын шақырып, түсіндіру жұмыстарын қолға алады. «Денсаулыққа зиян кел­тіретін заттар туралы түсіндіру іс-шара­лары үздіксіз ұйымдастырылады. Әрине, вейпті зиянсыз деп айтатындар да бар. Өз басым бұған сенбей­мін. Зиянсыз шылым болушы ма еді? Сондықтан бұл бұйымдарды оқушы­ларға сатуға қарсымын. Қандай да бір шектеу деген болу керек», дейді гим­назия директоры.
Сонымен, өскелең ұрпақ неліктен санаға салмақ түсіруге құмар? Бұл сұрақтың жауабын іздеп психолог мамандардың пікіріне құлақ түріп көрдік. «Ересектерге еліктеп шылым шеккен жасөспірімдер бұрын да болған, қазір де бар. Бұл үрдіс әсіресе 14-16 жас аралығындағы өтпелі кезеңде көптеп кездеседі. Алайда вейп сынды әртүрлі электронды шылымдар балалардың қызығушылығын екі есе арттырды. Әлеуметтік желідегі жарнамаларды, вейпке қатысты қызықты оқиғаларды көрген сайын, жаман әдет жас ұрпақтың санасына сыналап ене бастады. Ақыр соңында балалар «мың рет естігенше, бір рет көр» деп вейптің дәмін татып көруге асығады. Жасөспірімдердің өсу, қалыптасу кезеңінде олар үшін ата-ананың, ұстаздың айтқан ақылынан гөрі, айналасындағы құрбы-құрдас­тары­­ның пікірі маңызды. Бұл жас­тағы балалардың психологиялық ерек­шелігі де осы. Олар ең алды­мен көп­­тен қалмауға, топтан бөлін­беу­ге ты­­­ры­­сады. Психологияда бұл үр­діс кон­­­формизм деп аталады. Жас бала үшін құрдастарынан алшақ­тап, «ала қарға» атанудан жаманы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл – топ­тық сана­ның ықпалы», дейді Ы.Ал­тын­­сарин атындағы Ұлттық білім ака­де­­мия­­сының ғылыми қызмет­кері, PhD док­торы, психолог Балабек Сақтағанов. Оның айтуынша, балалар ең алдымен ересек адам ретінде көрінгісі келеді. Оларға неғұрлым «шекпе, жолама» деген сайын, соғұрлым қызы­ғу­шылығы арта түседі. Алайда бұған қарап шылым шеккен барлық бала ғұмыр бойы соның соңында кетеді деуге тағы болмайды. Ес кірген кезде еліктеу де сап тыйылады. Десе де «баланы жастан» деп, жаман әдеттің алдын алған дұрыс.
Ал psyhelp.kz онлайн порталының маманы, ғылым магистрі, психолог Индира Әшімхан электронды шылым қазіргі заманның сәні екенін айтады. «Жастар еліктеу мен солықтауға бейім келеді. Өзін «дәлелдеуге», «ерекшелеуге» асығатын жасөспірім осындай ең жеңіл жолды таңдап, іштей бір жетістікке жетеді. Сән, тренд деген бар. Ол – түрлі жарнамалар арқылы бейсаналы түрде жүріп жататын процестер. Оның артында үлкен бизнес жатыр. Өкінішке қарай, жастар мұны түсінбейді», дейді психолог маман. Оның айтуынша, ата-ана баласымен жай ғана әңгімелесу арқылы шылымның барлық зиянды жақтарын түсіндіру қажет. Өзін үлгі етіп, баламен сенімділік қарым-қатынас орнатқаны жөн.
Жастардың электронды шылымға еліктеу себебін түсінген секілдіміз. Енді оның салдары, зияны қандай? «Электронды шылым ең алдымен ауыз қуысына әсер етеді. Соның кесі­рі­нен патогенді флора, түрлі саңы­­рау­құлақтар өсіп шығады. Бұдан соң бу адам ағзасындағы тыныс алу жол­дарын зақымдайды. Шырышты қабат­тар қабынып, жедел респираторлы аурулар пайда болады. Әрине, ауру белгілері бірден байқала қоймайды. Белгілі мерзім өткеннен кейін көктем, күз маусымдарында шылымға әуес адамдарда бронхит асқынады. Оған шылым­ның құрамындағы түрлі хи­мия­­лық заттың әсерінен бронх демік­­песі, аллергия сынды түрлі ауру қосы­лады. Себебі никотин мөлшері аз бол­ғанымен, оның орнын хошиіс­тен­дір­гіш­тер, майлар толтырып тұрғанын ес­керу қажет», дейді резидент-пульмонолог Жарқын Нұрышев.
Жастар мұның барлығын жақсы біледі. Біле тұра ағат қадам жасайды. Әрине, еліміздегі алкогольден, шылымнан бас тартқан тұтас ауылдар туралы естиміз. Ауылдың аясында қалып қоймай, осы үрдісті ұлт болып, мемлекет болып қостап әкететін кез келген секілді. Алайда оның «ауылы әлі алыста». Мәселен, FinReview.info сарапшылары Қазақстанда отандық бюджеттің қоржынын қампайтып отырған шетелдік 30 ірі компания барын айтады. Былтыр ел бюджеті 6,4 трлн теңгегеден аса сомаға толыққан болса, салықтық түсімдердің үштен бірі осы 30 шетелдік компанияға тиесі­лі. Мұны неге айтып отырмыз? Төлем­дердің көш басында 1,6 трлн теңге салық төлеген мұнай-газ секторы тұр­ған болса, одан кейінгі орынға теме­кі өндірісі жайғасқан. «Джей Ти Ай Қазақстан», «Филип Моррис Қазақ­стан» және «Бритиш Американ Тобак­ко Қазақстан Трейдинг» сынды үш ком­пания бюджетке азды-көпті 240,2 млрд теңге салық төледі. Темекі өнім­дері­нен түсетін салықтың көптігі сонша, тіпті металлургия саласын басып озды. Металлургтер бюджетке небәрі 161,5 млрд теңге салық аударған екен.
Шылымның ел экономикасына тигізер пайдасы мен оны шегетін адам­дар­дың шығынын осыдан-ақ аңғара бері­ңіз. Соған қарамастан салы­мыз суға кетпейтін секілді. Норматив­тік-құ­­қықтық актілердің жобаларын мем­ле­­­кеттік және жергілікті атқарушы ор­­ган­­дарда мақұлдау сәтіне дейін олар­­­­ды талқылау алаңы ретінде құрыл­ған «Ашық НҚА» порталында «Құ­ра­мын­­да никотин бар өнімге қойы­ла­тын та­лап­тардың» техникалық регла­менті тал­қыланып жатыр. Бұл құжат­та ең алдымен ашық үлгідегі элект­рон­ды тұ­тыну жүйел­ерін, ашық үлгі­дегі ни­ко­­тин­ді, сон­дай-ақ нико­тин­сіз сұ­йық­­тық­тар­ды жет­кізудің элект­рон­ды жү­­йе­леріне құю­ға арналған ауыс­па­лы кон­­тей­нер­лер мен ыдыстарды Қазақ­стан нарығына шығаруға жол бермеуге қатысты бас­тама көтерілді. Сон­дай-ақ аталған тех­­ни­калық регламентте бір рет пай­дала­ны­латын электрондық тұтыну жүйе­лерін (бір рет пайдаланылатын элек­трондық шылымдарды) Қазақ­­стан­ның нарығына шығаруға жол бер­меу мәселесі де көтерілуде. Құжат биыл­ғы 15 қазанға дейін талқыланады.­
Бұл қадам ең алдымен оқушылар­ды, жасөспірімдерді жаман әдет­тен арылту мақсатында жасалып отыр­ға­ны анық. Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпті сатуға заңмен ты­йым салынған. Қазақстан бұл қатарға қайтсе де қосылуы керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет