Əлемде болып жатқан демократиялық үрдістерге жауап бере отырып, қазақ елі өзінің мемлекеттігін одан əрі қарай дамытудың ауадай қажет екендігін мойындайды


«Сайлау — бұл билікке жетер кілт. Сайлаудың мақсаты — ең үздіктердің басқаруы», — деген А.Котовтың анықтамасы сайлаудың мақсатын айқындап береді



бет2/2
Дата01.04.2022
өлшемі30,48 Kb.
#29524
1   2
Байланысты:
Документ

«Сайлау — бұл билікке жетер кілт. Сайлаудың мақсаты — ең үздіктердің басқаруы», — деген А.Котовтың анықтамасы сайлаудың мақсатын айқындап береді [8]. Партия жүйесі мен көп партиялықтың қалыптасуына түрлі деңгейдегі өкілдік органдарды сайлау үлкен ықпал жасайтындығы белгілі нəрсе. Өздерін партия деп атайтын қоғамдық бірлестіктер үшін сайлау олардың қоғамдағы шынайы салмағы мен беделін анықтап береді. Бұл көзқарасымызды мынадай тұжырымдар арқылы дəлелдеп көрсетуге болады. Елімізде 2007 ж. 21 мамырда өз күшіне енген Конституциялық заңға сəйкес, Парламент депутаттарын сайлаудың пропорционалды жүйесі енгізілді, ол саяси партиялардың рөлін арттыруға, олардың бəсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталады деп айтылды. М.Əшімбаев 2007 ж. реформа туралы «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында,

«Депутаттарды сайлаудың мұндай жүйесін енгізу өте түбегейлі өзгеріс емес пе?» деген тілшінің сұрағына: «Егер біз Қазақстанда дамыған демократиялық жүйе құрғымыз келсе, онда саяси партияларды нығайтуымыз жəне рөлін көтеруіміз қажет. Пропорционалды жүйе Қазақстанда саяси мəдениетті біртіндеп қалыптастыратын болады... мажоритарлық жүйе елімізде шынайы көп партиялықты объективті түрде шектейді. Пропорционалды жүйе сайлаушылардың белгілі бір қолдау деңгейіне ие барлық негізгі саяси күштер өкілдік етуіне жəрдемдеседі», — деген еді [9]. Ендеше, содан бері қарайғы саяси өмірімізде қандай өзгерістер, ұтыстар мен ұтылыстар болғанын бағамдап көргенде, əсілі, сайлаудың екі негізгі мүмкіндігі бар екендігі белгілі, біріншісі көпшілік дауыспен сайлану (мажоритарлық сайлау жүйесі), екіншісі, пропорционалдық өкілдік (мысалы, партиядан, облыстан өкілдік).



Бұрынғы норма бойынша жай көпшілік дауыс, яғни 50 пайыз жəне бір дауыс, жинаған үміткер сайланған болып есептелетін. Əдетте, мұндай жүйе екі партиялы жүйесі бар елдерде болады. Жеңіп шыққан үміткер айтарлықтай басым тұрмаса, сайлаушылар дауысының 49 пайызының жоғалуы бұл жүйенің кемшілігі болса, тəуелсіз үміткерге сайлануға мүмкіндік беруі, сол арқылы партияны емес, жеке тұлғаны таңдауы бір артықшылығы деуге болады. Ал, енді енгізілген пропорционалды жүйеге келер болсақ, мандаттар партия жинаған дауыс санына тура пропорционалды түрде бөлінеді. Бұл жүйе парламентте партиялардың өкілдік етуімен ерекшеленеді. Сайлау жүйесінің біздегі таңдап алынған түрі жайында Қ.Тоқаев: «Мəжілісті жасақтаудың жаңа қағидаты — Қазақстанның демократиялық дамуындағы үлкен прогресс. Сөз шынайы парламентаризм жөнінде болып отыр. Өйткені жеңіске жеткен партиялар елдің заңнамалық органында халықтың басым бөлігінің мүдделерін білдіруге жəне тиімді қорғауға мүмкіндік алады. Сайлауға тек қана партия атынан түсу — елдегі саяси күштердің танымалдық деңгейі мен ықпалы, халық арасындағы беделін нақты сараптауға мүмкіндік береді», — дейді [10]. Бірақ, біздің ойымызша, бұл жүйенің де өз кемшілігі бар. Сайлаушы жеке тұлғаны емес, тек партияны таңдайды. Бұл жүйе белгілі бір дəрежеде өкілді жеке жауапкершілігінен де айырады. Мысалы, 1993 жəне 1995 жж. Ресейде Мемлекеттік думаға сайлау барысында екі рет осы пропорционалды жүйе қолданылып, сарапшылар бұл жүйенің тағы бір кемшілігін ашып берген еді. Өйткені 6–10 % деңгейіндегі жоғары пайыз партиялардың пропорционалды өкілдік ету қағидасын бұрмалайды [11]. Ал, батыстың демократиялық стандарттары деңгейіндегі «пайыздық деңгейді» (2–5 %) қолдану басқа бір қиындықты туындатады екен. Оған бір ғана мысал ретінде Ресейдегі В.В.Жириновский партиясының сайлаудағы жеңісін айтуға болады. Тағы бір айта кетер жайт, егер бір партия сайлауда абсолютті дауыс санын жинаса, онда парламент бір партиялы болмауы үшін екінші орында келе жатқан партия автоматты түрде 10 пайыздық квотаға ие болады (мысалы, осындай тəжірибе Ресейде қолданылады).

Қоғамда əлі өркениетті нысанда көп партиялық жүйе қалыптаспаған жəне халықтың саяси немқұрайдылығы күшті болған жағдайда, тек қана пропорционалды сайлау жүйесін ғана пайдалану депутаттардың сайлаушылардан алыстап кетуіне алып келуі мүмкін деген саясаттанушылардың көзқарасы біздің қоғамда неліктен бір партиялы жүйенің орын алып отырғанын белгілі дəрежеде ашып береді. Себебі көп партиялық жағдайда ғана «пропорционалды жүйе дауыс беру нəтижелерін анықтауда барынша демократиялық нысан болып табылады, өйткені оның негізінде сайланған органдар өкілдік сипатқа ие болады» [12; 20]. «Мажоритарлық» үлгі таза күйінде Англияда көрініс тапқан, ол жерде салыстырмалы түрде көпшілік дауысқа ие болған үміткер депутат болады, ал оның бəсекелестеріне дауыс берген сайлаушылар заң шығарушы органда өкілдерінің болу мүмкіндігінен айрылады. Ол екі партияның тұрақты өмір сүруіне сүйенетін үкіметтің тұрақтылығына алып келеді. Ал, американдық жүйеде республикалық жəне демократиялық билікті ауыстыратын негізгі екі партия арасын бөліп тұратын сайлау жүйесі қарастырылған. 1958 ж. қабылданған француз үлгісі, ағылшын үлгісіне қарағанда, мажоритарлық белгілері анағұрлым икемдірек. Францияда негізгі айырмашылық сайлау тетігінен көрінеді: бірінші турда абсолютты көпшілік дауыс жинамаған, бірақ, басқаларына қарағанда, көбірек дауыс жинаған екі партия өз үміткерлерін екінші турға шығарады, бұл турда көпшілік дауыс жеткілікті болады. Президенттік басқару жүйесімен бірге бұл үлгінің айтарлықтай икемділігін байқауға болады. Президенттік блок жеңіске жетсе, атқарушы билік қажетті өкілеттіктерге ие болады, ал президентке қарсы күштер жеңіске жетсе, демократиялық күштердің жұмыс істеуіне қажетті кепіл сақталып қалады. Соңғы жылдардың тəжірибесінен көрініп отырғанындай, ағылшын жəне француздық сайлау жүйелері осы мемлекеттерде салыстырмалы түрде алғанда саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Қалай болғанда да, «мажоритарлық жүйеге қарағанда, пропорционалдық жүйе халық мүддесін толығырақ есепке алады деп саналғанымен де, мажоритарлық жүйенің артықшылығы — ол қоғамдық проблемаларға тереңірек үңілуге қабілетті болуында» [12; 22]. Себебі саяси партиялар қоғамдық өмірдің ерекше бір саласына жатады. Азаматтық қоғам ұғымына берілетін ғылыми анықтамаларда оның негізгі бір белгісі саясаттың болмауы деген көзқарас бар. Бұл пікірді жақтаушылар саясат — бұл мемлекеттің ісі жəне оның органдарының қызметіне байланысты, дейді. Ал, С.Оспановтың пікірі бойынша: «Азаматтық қоғамды құратын халық белсенді болмаса — жекелеген индивидтер саясатқа белсенді қатысатын азшылық тарапынан жасалатын əр түрлі сипаттағы қысымға шыдап та келген, шыдай да бермек» [7; 209]. Даму жолындағы елдердің қазіргі заманғы саяси тəжірибесі көрсетіп отырғанындай, билік құрылымдарының саяси жəне құқықтық мəдениетке қарым-қатынасы сол қоғам өміріндегі саяси режимді айқын сипаттайды. Академик Ғ.Сапарғалиев ол туралы былай дейді: «Парламентарлық республика құру саяси процесте шынайы тұғырға ие, қалыптасқан саяси партияларсыз, сондай-ақ өзін-өзі басқару органдарының жүйесі болмай тұрып, мүмкін емес. Басқаша айтқанда, парламенттік демократия қалыптасқан көп партиялы жүйе болғанда ғана мүмкін болады. Елдің саяси өмірінде атсалысуға қабілетті, қоғамдық пікір қалыптастыратын күшті саяси партиялардың болмауы, сондай- ақ азаматтардың конституциялық шеңбердегі таным-түсінігі мен тиісті тəртібінің жеткілікті деңгейде болмауы Қазақстанда парламенттік басқару нысанын қолдануға жол бермеді» [13].

Осыған байланысты «Қазақстандағы қазіргі заманғы конституциялық процестің ерекшелігі — оның субъектілері толыққанды саяси партиялар емес, ал мемлекеттік билік институттары болғандығы» деген Б.Майлыбаевтың сөзімен келіспеуге болмайды [14]. Сондықтан бүгінгі күн талабына сай, өзара əрекет жасау жүйесі тұтас партия жүйесін құрай алатын саяси партиялар құру қажет. Бүгінде Қазақстанда қазақстандық көп партиялықтың қалыптасуы үшін негіз қалаушы саяси жəне экономикалық элитаның ықпал жасауы туралы мəселенің маңызы зор. Демократиялы батыс елдеріндегі заң шығарушы биліктің жоғары тиімділікпен қызмет етуі, ең алдымен, партиялардың күштілігімен қамтамасыз етіледі. Тиісті парламенттік фракцияға кіретін депутаттар сол партия дайындаған заңдардың жобаларына қарсы дауыс бермейді. Олай болмаған жағдайда келесі парламенттік сайлауда партиялар оларға қолдау көрсетпейді, сөйтіп, оларға өз беттерінше сайлануға тура келеді. Ал, мұндай жағдай табысқа қол жеткізуді азайтады. Себебі батыстағы электораттың басым көпшілігі үміткердің партияда мүше болуына баса назар аударып, соған бағдар жасайды. Біздің елде партиялардың қазақстандық электоратқа ықпал жасауы бүгін-ертең қолға алынады деп болжам жасай алмаймыз. Н.Назарбаев 1992 ж. «көп партиялық жүйе жасанды қалыптаспайды, ал қоғамның əлеуметтік-экономикалық біртұтастығының нарық пен халықтың негізгі тобының мүдделерін айқындау жолына қарай табиғи бұзылуы есебінен оған шынайы негіз қаланғанда орын алады» деп айтқан екен [15]. Бірақ ол кезде бұл процесті бір нəтижеге жеткізуге мүмкіндік болмады. Экономикалық жəне əлеуметтік жетілдіру жүргізу қарқынын тежеген заң шығару саласындағы кемшіліктер атқарушы биліктің елдегі орын алған дағдарыстың алдын алу үшін əрекет жасауына түрткі болды. Ал, қазір парламентте толыққанды көп партиялы жүйенің болмауы біздің қоғамдағы өтпелі кезеңдегі онсыз да күрделі қиындықтарды тереңдетіп жіберді.

Негізінде заң шығарушы жəне атқарушы билік арасындағы қарама-қайшылықтар əдеттегі демократиялық мемлекеттерде партия тетігі арқылы шешімін табады, əзірге Қазақстанда мұндай тетік енді ғана пайда бола бастады. Партия өкілдерін билік құрылымынан, ең алдымен, заң шығару органынан аластау билік жүйесінің ішкі байланысын жоғалтып алуға алып келуі мүмкін. Ол, өз кезегінде, үкімет саясатының ішкі бірлігінің жетімсіздігіне алып келеді, оның салдарын қазір байқап та отырмыз. Біздің айтарымыз, президенттік биліктің демократиялық үлгісін дамыту жолында бір- бірімен бəсекеде болатын саяси партиялар мен бірлестіктердің қызметін белсенді ету елеулі рөл атқарары сөзсіз. Қоғамды демократияландырудағы мақсат — көп партиялы жүйені қалыптастырумен бірге, азаматтардың саяси өмірге араласуын да қолдау болмақ. Бұл мəселелердің шешімін табуға қол жеткізуге бола ма? 1998 ж. өзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында негізгі 7 бағыт бойынша саяси жəне конституциялық реформа жүргізуді ұсынған болатын, олар: «сайлау, парламенттік реформа, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, сот жүйесі, баспасөз бостандығы, əйелдер жағдайы» [16]. Президенттің бұл ұсынысына қолдау көрсетудің бір жолы сол кездегі Парламенттің 1998 ж. 7 қазандағы «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды жəне одан кейін 2007 ж. Конституциялық реформа жүргізу туралы заңды қабылдауы болды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы — бұл өз кезеңіндегі құжат. Ол Қазақстанның өтпелі кезеңдегі даму жолын ескере отырып жасалған. Ал өтпелі кезең мен оның мерзімі туралы біздің қоғамымызда əлі бір түйінге келген көзқарас, пікір жоқ екендігін жоғарыда атап өткен болатынбыз. Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар мемлекеттің экономикалық, қоғамдық құрылымының тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін жасауға бағытталды. Дегенмен, əлі қоғам өмірінде шынайы жүзеге аспаған, бірақ Негізгі Заңда жария етілген қағидалар бар. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының болашақтағы əлеуеті жайлы ойды тұжырымдауға жол ашады. Соңғы өзгертулер өз деңгейінде, талапқа сай жұмыс істеп жатыр деп айту əлі де ертерек, өйткені мұндай тұжырым жасауға жаңа нормаларды іске асыруда экономикалық, əлеуметтік, саяси жəне басқа да факторлардан туындайтын қиындықтар кедергі болып отырғандығы бүгінгі өміріміздің шындығы.

Өзгерген саяси-экономикалық жағдайларға қарай Конституцияны реформалап, толықтырып жетілдіріп отырмаса, ел дамуына кері əсер ететіндігі анық. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде: «Заңдылық пен конституциялық тəртіп сақталмайтын жерде, экономикалық жəне əлеуметтік берекесіздік орын алған жерде, адамның іргелі құқықтары, азаматтардың армандары мен үміттері қамтамасыз етілмейтін, келешегі бұлдыр жерде демократия құру мүмкін емес екендігін бүгінде əлемдік тəжірибе көрсетіп отыр», — деген тұжырымын конституциялық реформа жасау қажет болғанда заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінің ылғи да назарында боларлық проблемалық мəселе деп қараймыз [17].

Осыған орай көп партиялықты демократия белгісі деп таныр болсақ, онда парламенттегі партиялық фракциялардың рөлін дамытуға баса назар аудару керек. Өйткені, даму жолындағы елдердің қазіргі заманғы саяси тəжірибесі көрсетіп отырғанындай, билік құрылымдарының саяси жəне құқықтық мəдениетке қарым-қатынасы сол қоғам өміріндегі саяси тəртіпті айқын сипаттап береді. Бүгінгі күні көп партиялы жүйесіз демократиялық қоғамды көз алдыға елестету мүмкін емес, сол үшін басқарушы партиямен қатар, заңды түрдегі оппозиция өкілдері бар басқа да партиялардың болуы қажет. Əзірге Қазақстанда партиялық жүйедегі өзіндік ерекшелік нормативтік-құқықтық негізге келіп тіреледі, яғни Конституция да, өзге заң актілері де саяси партиялардың мемлекеттік саясатқа белсенді араласуына теориялық тұрғыдан мүмкіндік бергенімен, іс жүзінде ол мақсат толық орындалмай жатқандығы да өмір шындығы. Ал, саяси партияларды құрудағы мақсат саяси өмірге ең бірінші сайлау арқылы араласудан тұрады емес пе. Қоғамның мүддесін білдіретін шынайы партияларды халық қолдайды, халық үшін кезекті шенеуніктің қандай орынға отырғаны емес, ал қоғам үшін, жеке отбасы мен ұрпақ алдындағы борышы үшін партияның не беретіндігі туралы толғаныс бірінші орынға шығады.

Сондықтан мемлекет Конституциясы ең алдымен, бүкіл қоғамның мүддесі үшін реформаны жалғастырудың кепілі, мемлекеттік саясат процесіне түзетулер енгізуге бағдар болып табылады. Тəуелсіздік алған жылдардан бері демократияны дамытуға іргетас қаланды, жеке адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары сақталатын мемлекет құрылды. Бұл, Елбасы атап өткеніндей, мынадай проблемаларды ойдағыдай шешудің нəтижесі болды:

«түрлі ұлттардың, этникалық топтар мен діни сенімдегі адамдардың өзара келісімі мен бір- бірін құрметтеуіне қол жеткізу;

Еркін сайлау өткізу, əрекет етуші парламентаризм дəстүрін енгізу, демократиялық институттардың белсенді қызмет жасауы үшін жағдай жасау;

Азаматтық қоғамның тəуелсіз институттарын ұйымдастыру, қоғамда маңызды орын алатын үкіметтік емес ұйымдарды қалыптастыру;

Еркін жəне тəуелсіз баспаларды, мемлекеттік билік жүйесінде ашық ақпарат ағынын құру;

Экономиканы реформалау;

Бейбіт ішкі жəне сыртқы саясат жүргізу» [18].

Алайда А.Ащеулов, Ө.Қопабаев сынды заңгерлер бұл міндеттің шешімін табу күрделі жəне қайшылықты процесс, ол бірқатар факторларға негізделеді дейді: «Халықтың əлеуметтік топтарға бөлінуінің аяқталмауы, демократиялық жетілдіруді халықтың солғын қабылдауы, негізгі топтардың өз мүдделерін саналы түрде білдіруге қабілетсіздігі, демократиялық даму үлгісінің толық көлемде қалыптасып бітпеуі», — деген көзқарастарын алдыға тартады [7; 133]. Демократияның қалыптасуы көп жағдайда жүргізілетін реформа нəтижесіне, яғни қоғамның экономикалық əлеуетін көтеруге, жеке меншіктің тиімді жұмыс істеуіне, демократияландыру процесіне халықты кеңінен тартылуына, мемлекеттік саяси идеологияның кемеліне келу дəрежесіне, ТМД елдерінің интеграциялану деңгейіне, сыртқы қоршаған ортаның жағымды болуы мен құзыретті жəне белсенді демократиялық көшбасшылардың болуына тəуелді болады» [19]. В.Петрова, А.Ащеулов қатарлы ғалымдар демократияның қалыптасуы үшін «интегративтік идеологияның маңызы ерекше — өйткені «өз күшіңе сен» деген қағида ізгілік құндылығынсыз қоғамның жоғары сатыға көтерілуін қамтамасыз ете алмайды. Мұндай идеяның негізгі мақсаты — азаматтардың тəуелсіз мемлекеттің, оның экономикалық, саяси, əлеуметтік жүйелерінің қалыптасуы мен дамуының негізгі проблемаларын шешуге жұмылуы. Жалпы адамазаттық құндылықтарға сүйене отырып, ол ұдайы байытыла бермек деген көзқарастарын білдіреді» [7; 134]. Қазақстан Республикасында демократияның қалыптасуы мен дамуы тек экономика мен саяси салалардағы реформалардың нəтижесіне ғана емес, сонымен бірге қоғамда біріктіруші, яғни интегративтік идеологияның тиімді жұмыс істеуіне де тəуелді болады, ол биліктің барлық тармақтарының жоғары келісім деңгейінің болуын да көздейді. Академик С.З.Зиманов ұсынған биліктің үйлесімді бөлінісі қағидасын тоқтамай жəне белсенді түрде жүргізу оған кепіл бола алады. Жалпы «идеология» термині ХVІІ ғасырда Еуропада қолданысқа енгізіле бастады. Одан бері осы қоғамдық-саяси құбылысқа көптеген көзқарастар пайда болуда. Кеңестік заманда идеология қоғамдық идеялардың, теориялар мен көзқарастардың жиынтығы ретінде қарастырылып келді. Марксизм идеологиясы конституциялық деңгейде бекітілді.

Қазіргі кезде заң əдебиеттерінде мемлекеттік идеология туралы мəселе кеңінен талқылануда. Бір тарап мемлекеттік идеология қажет емес деген көзқарасты ұстанып, қандайда бір партия мемлекетті монополияға айналдырып алады да, халықтың емес, ал белгілі бір топтың, адамдардың мүддесіне жұмыс істейді, дейді. Ресейдің бір топ ғалымдары мемлекеттік идеология болуы тиіс, дейді. С.С.Алексеев: «Мемлекеттік идеология — бұл мемлекет көзқарасымен жəне мүддесімен əлеуметтік шындықты бейнелейтін, бағалайтын жəне жетілдіретін идеология», — деп есептейді [20]. Əрине, мемлекет өз қызметін белгілі бір идеялар, теориялар мен тұжырымдамалар негізінде ұйымдастырып, жүзеге асырары сөзсіз. Академик Ғ.Сапарғалиев мемлекет идеологиялық құбылыстарға үш жақты қарауы мүмкін дейді: біріншісі, мемлекет түрлі, тіпті бəсекелестіктегі идеологиялық ағымдардың өмір сүруіне жол береді. Екіншісі, мемлекет өз саясатын қалыптастыру үшін идеялары мен тұжырымдарын қолданатын бір идеологиялық ағымға артықшылық беруі мүмкін. Үшіншісі, мемлекет қандайда бір идеологияға басымдық бермей, түрлі идеологиялық ағымдардан өз мүддесіне сай келетін элементтерді алуы мүмкін дей келе, «мемлекеттік идеология» ұғымына анықтама береді.

«Мемлекеттік идеология — бұл қоғам шындығын бейнелейтін, бағалайтын жəне белгілі бір əлеуметтік топтардың немесе бүкіл қоғамның мүддесі үшін жетілдіру құралы ретінде қызмет ететін идеология», — дейді [21]. Сонда демократиялық, құқықтық мемлекет құру жолына түскен жəне азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруды маңызды міндет ретінде алдыға қойған біздің мемлекетіміз үшін жалпы мемлекеттік идеологияның болуы аса қажетті екенін аңғарамыз. Ол үшін «идеологиялық алуандылық қағидасын мемлекет пен қоғамның мойындауына негізделген конституцияның идеологиялық функциясының маңызы зор» деген Қ.Айтхожиннің пікірі орынды демекпіз [22]. Сол кезеңде Отан партиясында қызмет еткен қоғам қайраткерлері С.Терещенко жəне А.Балғымбаев болса, «əрбір мемлекет дамыған сайын өз идеологиясына ұмтылады. Біз мемлекеттік идеология қалыптастыруды қолдаймыз, оның басты негізі жалпы ұлттық идея болуы тиіс», дейді [23]. Олардың ойынша, мұндай идея ретінде қоғам да, билік те келісетін идеялар мен қағидалар жүйесін атауға болады деп жалпылама тəсілмен көрсетеді. Ал, нақты қандай ұлттық немесе мемлекеттік идея қоғамды біріктіруші күш ретінде болатындығы жайлы ешқандай ой айтылмаған. Қазақстанда бүкіл қоғам үшін өміршеңдігімен жəне қолайлығымен ерекшеленетіндей қандай ұлттық идея қандай шарт- жағдайда қалыптасуы мүмкін екендігі жайлы Д.Кішібеков: «Біздің жетпіс жылдық тəжірибеміз көрсетіп отырғанындай, марксистік идеологияның ғана үстемдік құру өзін-өзі ақтамады… енді біреулері марксистік идеологияның орнына — діни, ал басқалары ұлттық идеология ұсынады. Сайып келгенде, бұл «басқа» да моноидеологияның үстемдік құруына алып келеді, одан біз бас тартамыз», дейді [24]. Ал, біздің көзқарасымыз бойынша, мемлекеттік идеология қазақ ұлтының, сонымен бірге Қазақстанда өмір сүретін барша халықтың мүдделерін ескеруі қажет. Қазақстан Республикасы Конституциясы жоғарғы заң күші бар нормативтік-құқықтық акті болып танылғандықтан, оның кейбір ережелері идеологиялық сипатқа ие. Қазақстан мемлекеті идеологиясының жүрегі қазақстандық конституционализм болып табылады, ол бірқатар тұрақты, бұлжымас элементтерге ие. Оларға билікті тармақтарға бөлу идеясы мен практикасы, президенттік басқару нысаны, мемлекеттің біртұтас құрылымы, аумақтық тұтастығы, құқықтық, демократиялық, əлеуметтік жəне зайырлы мемлекет болуы жатады. Реформа жүргізуді іске асыруда назарға алынуы тиіс мəселенің біреуі — идеологиялық қамтамасыз ету, яғни ұлттық мемлекеттілікті құру жолына түскен қоғам үшін идеологияның, оның ішінде ұлттық идеяның болуы маңызды.



Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың: «Ұлттық идея қоғамның өз ішінде пісіп жетіледі. Онда сырттан таңылған сипат болмайды. Ол, ең алдымен, өзінің ұлттық тұтастығын айқын түсінуге негізделеді» [25; 237] деген ойын əрі қарай дамытып айтар болсақ, Қазақ мемлекетінің ұлттық идеясы — бұл қазақ халқының рухани-мəдени өмірінде орныққан өркениеттік белгілерді одан əрі дамытып, бүкіл Қазақстан халқының күнделікті өміріне орнықтыру. Сондықтан да Қазақстан мемлекеті көп этносты ел болса да, ұлтына қарамастан, барлық азаматтардың мүдделерін қорғайды. Сол үшін де барша халықты бір идея төңірегіне жұмылдыру міндеті алға шығады. Біздің бұл көзқарасымыз Елбасы Н.Назарбаевтың: «Мемлекеттік бірегейліктің екі деңгейі бар: 1) ұлттық бірегейлік [25]; 2) Қазақстан халқының саяси жəне азаматтық бірегейлігі» деген бағдарламалық ойынан туындап отыр [25; 217]. Президенттің «Бүгін «біздер — қазақстандықтар кімдерміз?» деген сырттай қарағанда қарапайым сауалға кез келген адам бірден жауап бере алмайды. Өзін-өзі бірегейлендіру проблемасын шешу үшін уақыт пен белгілі бір тарихи даму кезеңі қажет болады» деп айтқанынан бері де, міне, 13 жылдай уақыт өтіп кетіпті [25; 12]. Елбасымыз Н.Назарбаев осы аса өзекті мəселе хақында өзінің ой-толғамын былайша білдіреді: «Сонда ұлттық бірегейліктің нақты үлгісі дегеніміз не? Əлбетте, бұл қазіргі Қазақстанның саяси жəне мəдени өміріндегі ең бір қиын мəселе. Бірегейлік мəселесін шешуге екі деңгейлі көзқарас керек» [25; 187, 188]. Бастапқы деңгей Қазақстан халқының қалыптасуына байланысты болса, екінші деңгейде ұлттық мемлекеттік идея аса маңызды құндылық ретінде алға қойылады. Сонымен бірге ұлттық мемлекеттік идеяның қалыптасуын «қай ұлтқа жататына қарамастан, күллі қазақстандықтардың Отаны болып табыла- тын — бірыңғай, аумағы тұтас, тəуелсіз Қазақстан төңірегінде» [25; 188, 189] жұмылдырылуы арқылы іске асатындығын баяндайды да, «ұлт дегеніміз — ұлттың өзін-өзі билеу идеясы басын құраған адамдардың бірлестігі» деген анықтама береді [25; 197]. Ал, өз кезегінде, Е.Əбен ұлттық идеяның ұлттық бірлік мəселесімен тығыз байланыста болатындығын айта келіп: «Ұлт — этникалық категория. Алайда ол тарихи-əлеуметтік, геосаяси-мемлекеттік категория да болып табылады. Сол себепті де ұлттық бірлік идеясы жалпы халықтың жəне жалпы мемлекеттік мүдделермен тығыз байланыста қарастыруды қажет етеді. Олай болса, халықтық идея бар да, ұлттық идея бар» [26]. Жалпы қоғамдық ғылымдарда «ұлт» ұғымына түрліше анықтама беріліп келгені белгілі. Мəселен, соңғы кезде: «Ұлт — бұл тілі бір, жері бір, ғасырлар бойындағы тіршілік күресінен, тұрмыс салтынан, жиі қатынасынан туған мінез-жан сипаты бір жұрттардың қосылуы, бір жұрт болуы», — дейтін көзқарас орнығып келеді [27]. Ол үшін қоғамның өзі біртұтас болуы керек, оны Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабынан да көреміз, өйткені Қазақстан Республикасы біртұтас мемлекет болып жарияланған. Жалпы, тоталитарлық жүйе жағдайында, кеңестік империя кезеңінде жүргізілген солақай саясаттың құрбаны болған этностарға қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының кіріспесінде біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып,… осы Конституцияны қабылдаймыз деп атап көрсетілуі көп нəрсенің басын ашып береді. А.Котов «Қазақстан халқы» ұғымына мынадай анықтама береді:

«Қазақстан халқы — тарихи бір тағдырмен біріккен адамдардың полиэтникалық тұрақты қауымы. Қазақстан халқы біртұтас əлеуметтік мемлекет Қазақстан Республикасының тұрақты саяси қауымына бірігеді» [28].

Əрине, қазақ жерін мекендеген барлық ұлт өкілдерінің ойынан шығатын ортақ шешім қабылдау оңай іс емес. Осы орайда Қазақстанның мемлекеттік идеологиясын қалыптастыратын бір субъекті ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын айтуға болады. Ассамблеяның қызметі ұлтаралық келісім мен елдегі тұрақтылықты сақтауға жəрдемдесу; барлық ұлттық топтардың өкілдері арасында достық қарым-қатынасты дамытатын мемлекеттік саясатты жүргізу жөнінде ұсыныстар жасау; олардың рухани-мəдени жаңаруына жəне теңдік негізінде дамуына жəрдемдесу; өркениетті жəне демократиялық нормаларға сүйенетін азаматтардың саяси мəдениетін қалыптастыру жəне т.б. Ұлттық қарым-қатынас, В.Лазаревтың көзқарасы бойынша, «бұл қоғамдық қатынастардың бір түрі» екен [29]. Сондықтан оларды құқықтық реттеуде тұтастай қоғамдық қатынастарды реттеу барысында қолданылатын негізгі қағидалар таралады. Тұрақты демократиялық дамудың басты шартының бірі барлық қоғамдық ұйымдардың Қазақстан қоғамының тыныс-тіршілігіне қатысуы екендігі белгілі. Осы орайда Ассамблея құрылғалы бері этносаралық қарым-қатынасты үйлестірудегі қоғамдық институт ретінде қызмет етіп келе жатыр. Ал, 2007 ж. мамырда қабылданған өзгерістер негізінде жүргізілген конституциялық реформа биліктің бүкіл өкілді тармағының рөлін айтарлықтай өзгертуге алып келді де, Ассамблеяның құқықтық мəртебесінің өзгеруіне де себеп болды. Жүргізілген реформаға сəйкес, жоғары заң шығарушы органда этникалық топтар өкілдерінің болуын қамтамасыз ету үшін Парламент Мəжілісінің тоғыз депутатын енді Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтындығы да аса маңызды өзгерістердің бірі (Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-б., 1-т.), сол арқылы Ассамблеяның рөлі күшейтіліп, конституциялық орган мəртебесіне ие болды (бұрын консультативті-кеңесші орган мəртебесіне ие болатын).

Қазақ елінде ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту жолындағы бірегей саясаттың нəтижесі осындай болмақ. Бір жағынан, бұл Қазақстан қоғамының осы органға көрсеткен үлкен сенімі болса, екінші жағынан — мұндай сенім Ассамблея мен оның əрбір мүшесіне жауаптылық жүктейді. Ендігі жерде Парламент қабылдайтын барлық заң актілері ұлтаралық келісім, төзімділік пен тең құқылық сияқты талаптарға сəйкес келуіне қосымша сараптамадан өтетін болады. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев 1992 ж. І-ші этникалық форумда алғаш рет айтқан еді. Белгілі қоғам қайраткері М.Əшімбаев 2007 ж. реформа туралы «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында, «Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейтудегі мақсат қандай?» деген тілшінің сұрағына: «Бұл ұйым бүгінде өз дамуының жаңа сатысында тұр. Біріншіден, енді бұл ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталатын болады, Қазақстан Республикасы Конституциясына сəйкес, Қазақстан Халықтар Ассамблеясы атауына қатысты «халықтар» емес, ал «халық» деген ұғым дұрыс болатындығы жайлы мəселе бірнеше рет баспасөз беттерінде айтылып жүрді, екіншіден, Ассамблея конституциялық орган мəртебесіне ие болады, оның құрамын Президент жасақтайды. Үшіншіден, Ассамблея енді Парламентте өкілдік етеді, сөйтіп, заң шығару қызметіне ықпал етуге шынайы мүмкіндікке ие болады» — деген еді [30].

«Ассамблеяның қызметі: елде ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауға, барлық ұлттардың өкілдері арасында достық қарым-қатынасты дамытуға əсер ететін мемлекеттік саясатты жүргізу жөнінде ұсыныстар əзірлеуге, олардың рухани-мəдени гүлденуіне жəне тепе-теңдік қағидасы негізінде дамуына ықпал етуге; азаматтардың өркениетті жəне демократиялық нормаларға сүйенген саяси мəдениетін қалыптастыруға; қоғамда туған əлеуметтік қайшылықтарды шешу үшін бəтуалық жолды іздестіру сияқты міндеттерден тұрады» [31].

Кез келген қоғамдағы сияқты біздің Қазақстан қоғамында да қандайда бір əлеуметтік қайшылықтардың орын алуы мүмкін. Сондықтан Ассамблеяның міндеті туындайтын қайшылықтарды алдын ала шешуге ұмтылу болмақ. Бірақ ұлттық тұтастық ұлтаралық келісіммен ғана шектелмейді. Ұлттар бірлігі ұрпақтар бірлігін де, билік институттары мен қоғамдық бірлестіктердің де өзара қарым-қатынасы. Бірақ қазіргі кезде этникааралық қарым-қатынасты реттейтін арнаулы орган бізде жоқ. Осы салаға қатысты барлық мəселелер Қазақстан Республикасы Конституциясының баптарымен реттеледі, қоғамдық татулық, қазақстандық патриотизм (1-б., 2-т.), Қазақстан халқының тілдері (7-б.), азаматтық (10–12-б.), жұрттың заң мен сот алдындағы теңдігі (14-б.), нəсіліне, ұлтына, тіліне, нанымына байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы (14-б. 2-т.). Десе де, басқа шет елдерде де бұл саланы реттеуші арнайы органның болмауы қалыпты жағдай. Ал, Ресей, Қытай, Канада сияқты елдерде (полиэтникалық мемлекет деп аталатын санатқа жататын) ұлттар ісімен, ұлттық саясатпен айналысатын арнайы органдар бар. Мысалы, Ресейде ұлттық қарым-қатынас мəселесімен аймақтық дамыту министрлігі айналысады (бірақ оның негізгі қызмет бағыты — экономикалық).



Қазақстанда Ассамблея жанындағы жұмыс органы ретінде Президенттің 2005 ж. сəуір айында этникааралық қатынастарды зерттеу орталығын құру туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл органның қызмет нəтижесі қандай болатындығы уақыт еншісінде. Сонымен қатар Үкімет қаулысымен бекітілген Этникааралық жəне конфессияаралық келісімнің 2006–2008 жж. Арналған қазақстандық үлгісін жетілдіру бағдарламасында «ұлттық саясат» термині қолданылғандығын атап өту қажет. Осы орайда «Ұлттық саясаттан қоғам не күтеді?» деген сауал туындайды. Бірінші кезекте, халықтың көші-қоны, демографиялық ахуал, мəдениет, тіл проблемалары сияқты күрделі мəселенің шешімін табуын күтеді. Ол үшін елдің саяси құрылымын демократияландыруды жалғастыра беру керек, ал азаматтардың басқару процесіне қатысуын, басқару аппаратының кəсібилігін арттыру сияқты мəселелер əлі де күн тəртібінде тұр.

Қорытындылай айтқанда, ұлт саясатындағы Ассамблея сияқты қоғамдық институттың өмір сүруін біртұтас мемлекеттің болашақтағы көрінісі емес, ал өтпелі кезеңнің уақытша көрінісі деп қарастырумыз керек. Олай болмаған жағдайда, елде сеператистік пиғылдардың пайда болуына жəне оны ішкі-сыртқы күштердің қоздыруына алып келуі мүмкін. Мемлекеттік басқару органдарында отырған басшылар, баспасөз өкілдері Президентіміздің осы бағыттағы саясатын дұрыс түсіну қажет, оның шын мағынасында уақытша қажеттіліктен туып отырғандығын, біртұтас Қазақ мемлекетін құрудың алғашқы баспалдағында басып өтетін жол екендігін, бірақ біртұтас Қазақ мемлекетін құрып шығудың ұзақ мерзімдік саясаты емес екендігін анық түсінуі, əрі халыққа оны тура түсіндіруі керек деп білеміз.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет