Өзін-өзі тіркеу тәсілі. Бұл тәсілмен мәліметтер жинау үшін статистика мекемелерінің қызметкерлері (есепшілер, санақшылар, тіркеушілер) сұралушыларға арнайы үлгідегі сұрақ қағаздарын таратып береді, оны қалай толтыру керек екендігін түсіндіреді. Содан кейін толтырған бланкілерді жинап алады да, сол жерде дұрыстығын тексереді, жіберілген қателері болса, түзету енгізеді, соңынан оны статистика органдарына тапсырады. Бұл тәсіл көбіне жұмысшылардың, қызметкерлердің және ұжымшар мүшелерінің отбасы бюджетін зерттеу немесе түрлі санақтар жүргізу кездерінде қолданылады.
Сауал-сұрақтық тәсілмен керекті мәліметтерді жинау сұралушының келісімі бойынша ерікті түрде жүргізіледі. Оны жүргізу үшін сұралушылардың белгіленген тобына сұрақ қағаздары таратылып беріледі және ол жедел толтырылады. Бірақ, мұнда жіберілген бланкілердің санына қарағанда, толтырылып қайтарылғандарының саны біршама аз және сапасы жанынан төмен болады. Себебі, кейбір сұралушылар сұрақ қағазында көрсетілген сұрақтардың жауабын дұрыс толтырмай, басқалай жауаптар беруі де мүмкін. Бұл тәсілдің ерекшілігі сол, мұнда сұралушы адамның аты-жөні, мекен-жайы көрсетілмейді.
Нарықтық экономикаға көшу кезеңінде бұл тәсілдің рөлі жоғары көтерілді. Себебі, көптеген ғылыми мекемелер мен қоғамдық ұйымдар көпшіліктің ой-пікірлерін білу үшін ақпарат құралдары арқылы әлеуметтік және демографиялық зерттеу жұмыстарын жиі жүргізе бастады. Сонымен бірге сауал-сұрақтың жауабын пікір алысу арқылы да жинауға болады.
Қазіргі талапқа сай электронды есептегіш машиналар мен компьютерлер жүйесінің кеңінен енуіне байланысты статистикалық бақылау жүргізу, оны топтау және қорытындылау жұмыстары жоғары дәрежеге көтеріледі. Осыған орай мәліметтердің автоматтандырылған қоймасы (банкасы) пайда болды және көрсеткіштердің саласы жоғарылады.
Әдебиеттер
1.Мемлекеттік статистика туралы Қазақстан Республикасының Заңы, 7 мамыр, 1997 2.Əміреұлы Ы. Статистиканың жалпы теориясы. Алматы. Экономика,1998.
3.Шокаманов Ю.К. Статистиканың жалпы теориясы. Алматы.Қазтатақпарат ЖШС,2007
4.Мұхамбетова С.М.,Нұрзақова А.А. Ұлттық шоттар жүйесі,Алматы,Экономика,2007 5.Шокаманов Ю.К.,Белгибаева К.К. Статистика. Алматы, Экономика,2008