Токугава сегунатының сыртқы саясаты Токугава әулеті өзінің билігі барысында шетелдіктермен байланыс жасауға мәжбүр болды. Әсіресе оларға шетелдіктердің техникалық білімі, еуропалық қару-жарақ жасау әдісі керек еді. Бірақ шетелдіктердің елдегі тіміскі әрекеттері, елде өз ықпалдарын орнатуға тырысуы үлкен қауіп тудырды. Еуропалықтар миссионерлікпен айналысты. Жапонияда осы кезде 700 мың христиан дінін қабылдаған адам болды. 1614 жылы арнаулы жарлықпен шетелдік дінді қабылдауға тыйым салынды. Ал 1636 жылы Токугава өкіметі жапондықтардың елдің аумағынан тыс жерлерге шығуына тыйым салып, оны бұзғандарды өлім жазасына дейін кесті. Шетелдіктерге миссионерлікпен айналысуға тыйым салды, оларға тек саудамен айналысуға рұқсат етілді. Кюсю аралындағы Симабар қаласының тұрғындары христиан дініне кірген болатын. Осындағы шаруалар 1637 жылы Токугава тәртібіне қарсы көтеріліске шығады. Бұл көтерілісті әзер дегенде басқан сегун, енді елді шетелдіктер үшін мүлдем жабық деп жариялайды. 1638 жылы Токугава өкіметі елдегі барлық португалдар мен испандықтарды қуып шығады. Симабар көтерілісін басуға сегун әскеріне көмектескен голландықтарға ғана сәл артықшылық берілді. Тек қана Нагасаки қаласындағы порт арқылы жылына екі рет корейлік және қытайлық кемелерге келуге рұқсат етілді.Токугава әулетінің елді жабық есік саясатымен томаға-тұйық жағдайда ұстауының басты себебі, сегундық билік арқылы бүкіл халықты бағыныштылықта ұстау, жатжерлік шапқыншылықтан, шаруалар көтерілістерінен мемлекетті қорғай алатын тәртіп орнату болды. Жапонияның оқшаулану саясаты XIX ғасырға дейін созылды. Токугава сегунаты шетелдіктердің елге келуіне тыйым салғанымен, әлемдегі мәдени өзгерістер мен техникалық жетістіктерді білуден бас тартқан жоқ. Жапондар ертеден-ақ Қытайдағы, Батыс елдеріндегі жаңалықтарға үнемі көз тігіп отыратын. XVII ғасырдың соңынан бастап Жапонияға еуропалық ғылыми және діни әдебиеттер көптеп әкеліне бастайды. Сегундар осы әдебиеттерді жапон тіліне аударатын арнаулы басқарма құрады. Жапондықтар әсіресе техника, медицина және ботаника саласындағы білімдерді ерекше бағалады. XVII ғасырдың аяғынан бастап Жапонияда “шығыстық король ” , “батыстық техника” деген принцип қалыптасты, яғни билік құруда шығыстық дәстүр сақталды да, ал экономикада батыстың техникалық жетістігі пайдаланылды. XVII-XVIII ғасырлар жапон мәдениеті өркендеген кезең. Дәстүрлі жапон мәдениеті негізінде әдеби шығармалар, музыка, көркемсурет, т.б. дүниеге келді
.