Қоғамдық қозғалыстар әр түрлі әлеуметтік негізде қалыптасуы мүмкін. Олардың кейбіреулері, мысалы, соғысқа қарсы, экологиялық, ұлт-азаттық қозғалыстар тап аралық (таптан тыс) сипатта болады. Екіншілері айқын көрінетін әлеуметтік-таптық сипатта ерекшеленіп, жұмысшы, шаруа, буржуазиялық қозғалыстар, сондай-ақ зиялы қауым, фермерлер, ұсақ меншік иелерінің қозғалыстары ретінде айқындалады. Қоғамдық қозғалыстар гендерлік ерекшелігі мен жас мөлшеріне қарай да: жастар, балалар, әйелдер қозғалыстары, зейнеткерлер қозғалысы және басқалары болып топтасады. Кәсіби белгілері бойынша ғалымдар, дәрігерлер, жазушылар және т.б. қозғалыстар құрылады. Қоғамдық қозғалыстар ядролық соғыс қаупін болдырмау, халықтардың экономикалық, мәдени және саяси қарым-қатынастарын дамыту, экологиялық апаттың алдын-алу, мәдени мұраны сақтау және т.б. әр түрлі әлеуметтік-саяси мақсаттарды көздейтінін айта кеткен жөн. Нақты қоғамдық қозғалыстар ұлттық тарихтың мәні мен маңызын іздеп таба отырып, жекелеген мемлекеттер шеңберінде өрістей алады. Олар қайсыбір тарихи кезеңдегі ерекшеліктерін көрсетіп және мәселен, экологиялық қозғалыс сияқты кең халықаралық сипатқа ие болып, бір топ елдердің шеңберінде де тарала алады.
Қоғамдық қозғалыс бір қалыпта тұрмайды. Ол дамып, өзгеріп отырады және мынадай сатылардан тұрады: 1. Қозғалысқ қажеттілік және оның пайда болуы: 2. Үгіт-насихат, әрекет ету сатысы: 3. Дамыыған жұмыс кезеңі: 4. Саяси қозғалыстың өшу сатысы.
Барлық қоғамдық қозғалыстардың ортақ, негізгі қызметтерінің қатарына мыналар жатады: 1. Бірлестік мүшелерінің мүдделері мен қажеттіліктерін айқындау және қанағаттандыру. Адамдар кәсіби, жас ерекшеліктерімен, жеке бейімділігімен және т.б. байланысты қайсыбір ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ұйымдар мен қозғалыстарға бірігеді. Бұл мүдделер бастапқыда аса көмескі, жеке бастық және қызбалық түрде көрінуі мүмкін. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар мұндай екі ұшты көзқарастар мен пікірлерді нақты талаптарға айналдырып, сол бірлестіктің бағдарламасына сай қайта құрады, сол арқылы өз мүшелерінің мүдделер айналымына мүмкіндік береді. Саяси партиялармен қатар қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар мүдделеріне сай міндеттерін де, яғни пікір талас арқылы олардың арасындағы белгілі иерархиялар мен басымдықтағы көптеген жеке талаптар мен жарғылар келісімін белгілі бір дәрежеде шешеді. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың бұл функциясы жетілмеген партиялық жүйе жағдайында үлкен маңыздылыққа ие болуда. 2. Әлеуметтік біріктіру мен жұмылдыру функциясы топ мүшелері мен оны жақтаушыларды аталмыш құрылымның мақсаттары төңірегінде біріктіруге және ұйымдастыруға саяды. Бұл қызмет нақты қоғамдық бірлестіктің шеңберінен шығып кететін неғұрлым кең ауқымда бола алады. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар жұртшылықтың назарын өткір мәселелерге аудартады, өзіндік шешім нұсқаларын ұсынады, өздерінің бастамаларының қоғамнан қолдау табуына ұмтылады.