Әлихан Бөкейхан қазақтарды руға да, жүзге де жіктемеді, әлеуметтік мәртебесіне де, біліміне қарай да бөле-жармады. Қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған Алаш атауы ұлтты ұйыстыруға мұрындық болатын тамаша идея болып шықты. Бұл идеяны Әлихан Бөкейхан Алаш қозғалысы пайда болғанға дейін-ақ әрдайым айтып жүрген еді. Сонау 1910 жылдың өзінде-ақ «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап өткен болатын. 1913 жылы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында Алаш атауына тереңірек тоқталып, Алаш атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады. «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді» деп жазады «Түрік баласы» («Қазақ», 1913, № 7).
1917 жылы қараша айында өткен Құрылтай жиналысының сайлауында қазақтардың басым көпшілігі «Үш жүз» партиясын емес, «Алаш» партиясын қолдады, сөйтіп «Алаш» партиясы 43 депутаттық мандатты иеленді.
Әлихан Бөкейханның адамшылығы, қайраткерлігі мен кісілік қасиеттерімен ерекшеленді. Ол пікірлестері мен жолдастарының еңбектерін қай уақытта да орынды бағалай білді. 1914 жылы оның серіктестері әрі достары, сол кезде Орынбор қаласында шығып тұрған «Қазақ» газетінің бас редакторы мен орынбасары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы «газет бетінде үкіметке қарсы мақала жариялады» деген желеумен тұтқынға алынды. Бұл уақиғаны жеделхат арқылы білген Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінің келесі нөміріне «Ұят!» деген мақала жариялап, Алаштың біртуар азаматтарына қолдау көрсетті. Өзінің де Самара губерниясында айдауда жүргеніне алты жыл болғанына қарамастан «Алаш» көсемі пікірлестеріне тілекші екендігін осылайша танытты.
«А.Н.Радищев... абақтыға жабылып, 10 жылға Сібірге айдалды. Оның замандасы, тағы бір газетші, Еуропаға жол ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург бекінісінде 15 жылын өткізді. Ахмет және Міржақып бауырларым! Сендерді қамаған түрме – Радищев пен Новиков отырған түрме. Ресейде ең болмағанда бір рет тұтқында болмаған саналы адамдар санаулы-ақ. Достоевский, Потанин, Короленко, Чернышевский, Морозов сықылды жазушылар да түрмеде отырды.... Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдауға кетті...» («Қазақ» газеті, № 54, 1914 ж. Самара).