Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (05.03.1866 жыл, Қарқаралы уезі, Семей облысы, Дала Өлкесі -27.09.1937 жыл, Мәскеу) — XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Өмірбаяны
Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.