«Елімнің игілігі үшін аянбай еңбек етемін»



Pdf көрінісі
Дата27.03.2017
өлшемі271,87 Kb.
#10448

             Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет, 14 шілде 2012 

«Елімнің игілігі үшін аянбай еңбек етемін» 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық 

стипендиясы дарынды жастарға жинақтаған тәжірибесін келешекте мемлекет игілігіне 

пайдалану үшін шетелде сапалы білім алуға көмектесу идеясына негізделген. Сондай 

дарынды жастың бірі – «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жандос Оразалин. Бүгінде 

ол – әлемдегі ең беделді техникалық оқу орны саналатын Массачусетс технологиялық 

институтының (МІТ) докторанты. 

 

– Жандос, естуімізше, Массачусетс технологиялық университетінде «Болашақ» 



бағдарламасының соңғы он жылдан бергі тұңғыш стипендиаты атаныпсың. Ал елде 

қандай оқуды бітіріп едің? 

 

– 2004 жылы Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы қазақ тілін тереңдетіп оқытатын №2 



облыстық мектеп-интернатын тамамдадым. Одан кейін Қарағанды мемлекеттік техникалық 

университетінде құрылыс мамандығын оқыдым. Бала кезден физика, химия және 



математикаға қызығушы едім. Тек 7-сыныпта Ванесса Мэй өнерінің әсерімен скрипкада 

ойнауға құмарттым. Бірақ музыка мектебінің талабы бойынша, жасым асып кетіпті. Сондық-

тан Қарағандыдағы №1 балалар музыка мектебінің кешкі бөліміне барудан басқа амал қалған 

жоқ. Әйтсе де музыка мектебінде скрипка класы бойынша аспапты бір жылда меңгеріп, жеке 

концерт беретіндей дәрежеге жеттім. Соның арқасында мектептің күндізгі бөліміне 

қабылданып, музыка мектебін мерзімінен бұрын үш жылда бітіріп шықтым.  

 

– Ал «Болашақ» бағдарламасына қалай іліндің? 

 

– Президенттің халықаралық «Болашақ» бағдарламасы өзімнің ғылыми-зерттеу әлеуетімді 



ашуға ықпалын тигізді деп ойлаймын. Әлбетте, бағдарлама аясында алған білімімді өз 

Отанымды көркейтуге пайдаланамын. Меніңше, Елбасының осындай бастамасы елдегі бүкіл 

жастардың өз қарымын танытуына және діттеген мақсатына жетуге мүмкіндік береді.  

 

Еліміздегі бакалавриат бағдарламасын аяқтаған соң, Президентіміздің «Болашақ» 



халықаралық стипендиясының магистратура бағдарламасына өз мамандығым бойынша 

өтініш білдірдім. Іріктеу кезеңдеріндегі тестілерде мемлекеттік және ағылшын тілін жетік 

меңгергеніңді дәлелдеуің керек. Оған қоса психологиялық емтихан, ақыл-ой деңгейін 

тексеретін тест тапсырасың. Содан кейін Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы мүшелерінің 

алдынан өтесің. Байқаудың осындай кезеңдерінен сүрінбей өтіп, құрылыс мамандығы 

бойынша «Болашақ» стипендиясына қол жеткіздім.  

 

Сол жылдардағы бағдарлама шартына сәйкес, жалпы конкурстағы техникалық мамандық 



бойынша, кіріспе емтихандары мен академиялық оқуға дайындалу үшін сол білім алатын 

елдегі тіл курстарында оқуға мүмкіндік ұсынылатын. Менің АҚШ-тағы тұңғыш 

университетім Аризона мемлекеттік университеті (ASU) болды. Мұнда оқу бағдарламасын 

үздік бітіріп шыққан соң, Нью-Йорктегі Колумбия университетінде магистратура сынағына 

дайындықты жалғастырдым. Осы оқу орындарында білім алудың арқасында ағылшын тілі 

мен АҚШ мәдениетін зерттеуге, сондай-ақ қарымды профессорлармен араласу мүмкіндігіне 

ие болдым. Олар менің ғылымға деген ынтамды байқаған соң, өз дәрістеріне қатысуға, ғылы-

ми-зерттеу қызметіне араласуға рұқсат берді. Магистратураның (TOEFL GRE) барлық кіріспе 

емтихандарын үздік тапсырған соң, он шақты университетке академиялық оқуға құжат 

тапсырдым. UC Berkeley, Cornell, Columbia University, ASU, UCLA, Virginia Tech сияқты 

университеттерден шақыру алдым. Бірақ олардың арасынан МІТ-ті таңдадым.  

 

– МІТ жайында толығырақ мағлұмат бере кетсеңіз.  

 

– Массачусетс технологиялық университеті – университет әрі зерттеу орталығы. Әлемдегі ең 



беделді техникалық оқу орнының бірі. Массачусетс штатындағы Кэмбридж қаласында. Екі 

үздік университетімен әйгілі: гуманитарлық ғылымдар бойынша Гарвард университеті және 

техникалық ғылымдар бойынша – Массачусетс технологиялық университеті. Осы МІТ 

қабырғасында Нобель сыйлығы лауреаттарының көпшілігі ғылыми-зерттеулерін жүргізеді.  

 

Шыны керек, МІТ менің үмітімды ақтады. Мұндағы зертхананың шексіз қорын пайдаландым, 



көрсем деп армандаған профоссорлардың дәрістері мен семинарларына қатыстым. Күрделі 

геотехникалық жағдайда іргетас құрылысы мен жалпы құрылыс жүргізу саласында зерттеу-

лер жүргіздім. Екі жыл оқыған соң ғылыми жетекшім зерттеу жұмыстарымды МІТ 

қаржыландыруымен PhD докторантурасында жалғастыруды ұсынды.  

 


– Докторантураға түсу шарттары қандай екен? 

 

– PhD докторантурасына түсу және университет грантын иелену үшін алған біліміңді және 



ғылыми-зерттеудегі тәжірибеңді дәлелдеуге тиіссің. Докторантураға түсу кезеңдеріне 

тоқталсақ, бірінші кезең – негізгі бес пән бойынша емтихан тапсырасың. Үш жарым тәулікке 

созылатын осы кезең ең қиыны, одан өткеннен кейін бір апта бойы күш жинауға тура келеді. 

Екінші кезең – ауызша емтихан және презентация, яғни МІТ-тің бес профессорының алдында 

белгілі бір ғылыми тақырыпта алған біліміңді қорғайсың. Әйтеуір, барлық сыннан өтіп, PhD 

докторантурасында білім алуға МІТ грантын иелендім.  

 

– Енді алдағы кездегі жоспарың қандай? 

 

– МІТ докторантурасында ең алдыңғы қатарлы және заманауи білім алған соң, түрлі апатқа 



төтеп беретін, адам құрбанына жол бермейтін құрылыстың неғұрлым тиімді тәсілдері мен 

жаңа технологияларды ел ішінде қолдануға енгізсем деймін. Туған елімде ғылыми 

жаңалықтар ашылып, бүкіл әлемде пайдаланатын технологиялар шығарылса деп 

армандаймын. Өзім де осы бағытта аянбай еңбектенемін.  

 

– Жандос, мақсат-мүддеңнің орындалуына тілектеспіз. Ал енді өзің секілді жастарға 

қандай кеңес айтар едің? 

 

– Соңғы кезде жеке бастың дамуы мен жетістікке жету жолдарын ұсынатын әдебиет көбейді. 



Дегенмен өз басым америкалық жазушы, журналист һәм психолог Наполеон Хиллдің «Ойлан 

және байи түс» деген еңбегін оқуды ұсынар едім. Атауына қарап, бұл кітап тек баюдың 

жолдарын үйретеді дейтіндер қателеседі. Классиктің пәлсапасы өмірдің барлық саласында 

жетістікке жету жолына жетелейді. Ең қызығы, осы еңбекті жазуға 20 жылдан астам уақыт 

жұмсалса да, ол 1937 жылы жарық көрген. Ал ішіндегі ой-пікір ескірген жоқ. Мен жастарды 

еңбекке, төзімділікке шақырамын. 

Автор: Гүлнар АХМЕТОВА 

URL: 


http://alashainasy.kz/society/35234/

 

 




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет