Адам өмірі бірнеше кезеңдерден тұрады. Әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі, өзіндік заңды құбылыстары болады. Соның ішінде, кәрілік, қарттық шақ – адамның ең жетілген, ойы толысып, санасы қалыптасқан кезең. Бұл кезеңде адам баласының өмірге деген көзқарасы өзгеріп, білгендерінен тәжірибе жинау арқылы бұл дүниенің мәнін ұғынып, замана жайлы ой толғап, өзінен кейінгі ұрпақтарға ақыл айтып, үлгі-өнеге қалдырады. Өмірде көрген түрлі қиыншылықтардан, әр қилы сынақтардан өткеннен кейін көпшілік қауым өмірге философиялық тұрғыдан қарайды. Әсіресе, ақындар, жазушылар, жыраулар мен философтар өздерінің өмірге деген көзқарастарын түрлі туынды етіп қалдырады.
Қазақ әдебиетінде, халқымыздың шығармашылығында кәрілік жайлы қалам тербеген ақын-жазушылар, жыраулар өте көп. Солардың өлеңдеріне жеке тоқталсақ.
Мысалы, Шал ақын алпыстағы адам өмірін күзге, жетпістегі өмірді қараңғы тұман түнге, сексен жасты қазулы тұрған көрге, тоқсанға келген адамның алдынан тек өлім күтетінін айтады.
Ал Абыл ақын осы өлеңінде барлық қасіреттен кәріліктің жаман екенін, кәріліктің адамды ұрмай-соқпай кісендейтінін жазған.
Ал Нартай әнші қартайдым деп мұңын шағып, қанаты талған сұңқардай, тұяғы тозған тұлпардай кесел меңдеп, кәрілікке аяқ басқаны жайлы толғаған.
Жыр алыбы Жамбыл да қартайғанда адамның қаз-қаз басқан баладай болып, он екі мүшесінің бәрі сыр беріп, әлсіздікке бой алдыратынын жазған.
Тұрмағамбет Ізтілеуовтің Өмір өлшемдері атты өлеңінде өмірдің кезеңдері туралы жазылады.
Әлпештеп, алды-артыңнан анаң шығып,
Қасыңнан кетпес қиғаш қадам шығып.
Ана - ана пәруана боп перзенті үшін,
Күн кешер көрсетпе деп жаманшылық.
Ардақтап ата-анаңды сол секілді
Қынжылмай, қызмет көрсет адалшылық.
Баянсыз баста тұрмас бақ-дәреже,
Айналған"шарқып әлек56" заманшьшық.
Саулықта сайра, тілім, сандуғаштай,
Бағында аз өмірдің аманшылық.
Адамзат бірде - бесік, бірде — есік,
Бес жаста болар тілің әзер шығып.
Он жасты өткізерсің ойынменен,
Алдыңнан күнде қызық базар шығып.
Он бесте ойға алғаны болмаса да,
Жүгіртіп жан-жағына салар шыбық.
Жиырмада жирен бесті сәуріктей боп,
Үйіріне етер толық жарамшылық.
Жиренбей жиырма бесте еш нәрседен,
Болмайды қорқынышты санар күдік.
Отызда онша желің басылмайды,
Дегенмен балалықтан барам шығып.
Болмасаң өте жаман отыз бесте
Кеңеске кірер басың адамшылық.
Қырық жаста қырымдай-ақ қызылдаған,
Ақылдың қайнап көзі ағар шығып.
Асқанша қырық бес жастан "қырқылжыңдар"
Көрінсе қызыл-жасыл, қарар шығып.
Елуде ем іздеуді етіп сылтау,
Көбейер, көзге түспес "жараң" шығып,
Ер жасы - елу бестен асқаннан соң
Түн қатқан түртінектен қалар шығып.
Алпыста ақылы барлар әуреленбес
Аққан соң бұлақтан көз сараң шығып.
Аса алмай алпыс бестің асуынан
Алдынан әркім тоқтар "аран" шығын.
Жетпісте желсіз көрік секілденіп
Бейне бір керген күнің қараншылық.
Сексеннің сергелдеңі селт еткізбей,
Бойыңнан бар шырынды алар сығып.
Тоқсанда ада-жұда айырыларсың,
Талаптан тырп етпестей алаңшылық.
Жеткенмен жүзге жасың, не болмақшы,
Одан соң берекең жоқ табаршылық.
Арман не, ақтық сапарға аттанған күн,
Жөнелтсе құрметтеп дос, жаран шығып.
Поэзия ақыны Әбділдә Тәжібаевтің Кәріліктің бір сыры атты өлеңі:
Кәрілік алғаннан соң тірсегіңнен
Не шықпақ сөзбен айтқан құр сенімнен.
Бөксеңді әрең жинап қозғаларсың
Кәдімгі кәрі қошқар бүрсеңімен.
Күртілдер буындарың еңкейгенге,
Көзіңнен ағар сораң жел тигенге.
Өзіңе өзің қарап мәз боласың.
Қарайын қарақшыдай селтигенге.
Шырағың тартса күңгірт ішіндегі,
Аяйды аңдағыштың түсінгені.
Жүргені, жүгіргені жас жігіттің
Көрінер қызығыңдай түсіңдегі.
Болдырмай сонда жалғыз тіл қалады,
Сорлы тіл дамыл таппай тырбанады.
Кетеді сайрағыш боп, сөйлегіш боп,
Әйтпесе оған енді кім нанады...
Айтқышсың есіткен мен көргендерді,
Айтқышсың жеңілген мен жеңгендерді.
Арбайсың қызыл тілмен қызықтырып
Қасыңнан жібермеуге келгендерді.