Әлсейіт оспан шырағым менің ӘҢгімелер алматы



Pdf көрінісі
бет9/9
Дата17.02.2017
өлшемі0,98 Mb.
#4310
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Рахман ағаға
Әңгіме  
 Рахымнның  жасы  он  алтыдан  он  жетіге  аяқ  басқан. 
Мұрты енді ғана тебіндей бастаған бозбала шағы. Әкелері 
өмірден  ертерек  өтіп  кеткен  соң,  ағайын  төрт-бес  бала 
аналарының қолына қарап қалған. Солардың ішіндегі еті 
тірісі, пысықтауы – Рахым болатын.
 Бар  ауыртпалық  анасының  иығына  түскенін  бала 
болса  да  жүрегі  сезді.  Сол  ауыртпалықты  жеңілдеткісі 
келгендей Рахым тез есейді. Мектепті аяқтар-аяқтамастан 
еңбекке араласып кетті. Жұмысы мал бағу, яғңи шопанның 
көмекшісі.
 Оның  үстіне  өзінен  екі  жас  үлкен  ағасы  жоғары  оқу 
орнына түсіп оқып жатқан болатын. Аз уақыттың ішінде 
жүмысын дөңгелетіп алып кетті. Қаршадай болса да, жұрт 
аузына  ілікті:  «Анасына  қолғанат  болды,  ақылды  бала 
екен» – деген сөздерді естігенде төбесі көкке жеткендей 
болады. Мақтауды кім жек көреді дейсің?! 
Рахым қолы қалт етсе үйіне соғады. Соның өзінде де 
ас-су  ішіп  бола  салысымен  оны-мұныны  реттеп,  қора-
қопсының бұзылған жерін жөндеуге кірісіп кетеді. Анасы: 
–  Онсызда жұмыстан қалжырап келдің ғой, тынығып 
дем ал, – деп аяушылық білдіреді.
–  Жоқ,  шаршағаным  жоқ,  мұны  мен  жөндемесем 
басқа  кім  жөндейді?  –  деп  Рахым  бой  бермейді.  Анасы 
осындайда ерте есейіп, өзіне қолғанат болуға жарап қалған 
ұлының сыртынан сүйсіне қарап: «Тіл-көзім тасқа, ұлым 

198
осы  үйдің  бас  көтерері,  тірек-сүйеніші  болып  қалыпты-
ау»,  –  деп  шүкіршілік  ететін.  Әкесі  байғұстың  ұлының 
азамат  болған  кейпін  көре  алмай  кеткені  есіне  түссе, 
еріксіз  көзіне жас алып жаулығының ұшымен жанарын 
сүрткілейді. 
Бір  күні  әдеттегідей  Рахым  үйіне  соққан.  Үйге 
жақындай  бере  мал  қора  жақта  анасының  әлденеге 
әбігерленіп жүргенін байқап қалды да:
–  Апа, не болды, жайшылық па? – деді жаны тынбай.
 Анасының  маңдайы  тершіп,  басындағы  орамалы 
шешіліп, әбіржіп кетіпті:
–  Қызыл  тайыншаға  не  көрінгенін  білмеймін.  Бағана 
түсте бір шелек су беріп, алдындағы ақырға бір бау жүгері 
пая  салғанмын.  Сәлден  кейін  сыртқа  шықсам,  қызыл 
тайынша қораны шыр айналып, байыз таппай жүр екен. 
Біресе қораға сүйкенеді, біресе есікті сүзгілейді. Тамағы 
қырылдап,  аузынан  көбік  ағып,  көзі  біресе  қызарады, 
біресе аларады. Жақындасам өзіме тап береді. Не істерімді 
білмеймін  дал  болып  жатқаным.  Сасқанымнан  аузын 
ашып көрмек болып едім, саусағымды тістеп алған, – деп 
қансыраған саусағын көрсете берді.
Рахымның үрейі ұшып кетті:
–  Апа-ау,  аузын  ашып  неңіз  бар  еді,  мүмкін  қызыл 
тайынша  құтырған  шығар,  одан  да  мал  дәрігерін 
шақырайық та, – деді сасқалақтап.
–  Сөйткеніміз жөн шығар, мен де соны ойлап тұрмын, 
– деді анасы. Ауылдағы Сартай деген кісі жекеменшіктегі 
малдарға қарайтын мал дәрігері болып бекітілген. Бірақ 
оны іздеген де табу өте қиын. Ал, тапсаң шақырып үйге 
келтіру  одан  да  қиын.  «Тентек  суды»  көбірек  ұрттайды. 
Сау жүрегінінен мас болып жүргені көп. Рахым Сартайды 
әрең  тапты.  Әке-көкелеп  жалына-жалбарына  үйге  ертіп 
келді. «Сенген қойым сен болсаң, күйсігіңе болайын», – 
дегендей Сартайдан қайран болмады.

199
 Бар  айтары:  «Сонда  бұл  қалай  өзі,  не  болды?»  –  деп 
міңгірлей береді. Айтқан жөні түзу ақылы: 
–  Бұл тайынша құтырған, тез арада көзін жою керек, ал 
анаңа  тез  арада  құтырғанға  қарсы  ваксина  салдырмасаң 
болмайды.  Әйтпесе,  құтырып  кетуі  мүмкін,  –  деген  сөз 
болды.
–   Ағатай-ау,  сіз  әуелі  жақындап  көрсеңізші,  мүмкін 
басқа ауру шығар, – деді Рахым сеніңкіремей.
–   Қап,  қоймадыңдар-ау,  –  деп  Сартай  қораның  есігін 
аша беріп еді, қызыл тайыншаның оған тап бермесі бар 
ма?
–   Айттым  ғой,  айттым  ғой,  –  деп  мойын  бұрмастан 
кетіп қалды.
 Бұзау  күнінен  қолда  өскен  қызыл  тайыншаны  көзі 
қаншалықты қимаса да, Рахым амалсыздан атып тастады 
да, өлігін терең шұңқырға апарып көмді. Ол енді біткен 
шаруа,  ал  анасының  жайы  не  болмақ?  Осы  ойдан 
Рахымның зәресі зәр түбіне кетті. Түні бойы көз ілмеді, 
ерте оянып алып анасының жанына келді. 
–  Еш жерім ауырмайды, дәрі іздеп несіне әуреленесің, 
құдай сақтасын, – деді анасы мұны жұбатып.
–Жоқ. Апа, бұл ойыншық емес, мен тез арада ваксина 
тауып келемін, – деп Рахым кесіп айтты. 
Қиналатында жөні бар еді. Ол дәрісі құрғырды қайдан 
табады.  Отырған  жерлері  Қызылдың  құмында  аудан 
орталығынан  жүз  шақырымнан  аса  шалғай  қиырда. 
Мезгіл  де  жайсыз.  Күздің  толастаппайтын  сылыңғыр, 
сылбыр жауыны, суық желі өктемдік танытып тұрған кез. 
Көліктің де реті жоқ. Келісе араға ай салып автодүкен не 
сексеуіл артқан машина ғана қара көрсетеді. Келмесе о да 
жоқ. Рахым күні бойы есік алдында сенделумен болды, екі 
көзі ауылға келетін үлкен қара жолда. «Үмітсіз шайтан» 
дегендей,  бір  мезет  сонау  алыста  көз  ұшында  қарайған 
ноқат пайда болды. Рахым өз көзіне өзі сенбегендей көзін 

200
қайта-қайта сүрткілей берді. 
 «Машина, машина!» – деп Рахым өзінің қалай дауыстап 
жібергенін аңғармай қалды. Қуанышы қойнына сыймай, 
басындағы  қалпағын  жоғары  көтере  бұлғап,  қарсы 
жүгірді. 
–  Ой, не болды, машина көрмеп пе ен? – деді рульде 
отырған мұртты төртбақ кісі қабағын шытып.
Рахым да уақытта аз еді. Тез-тез бар жайды тәптіштеп 
түсіндірді. 
–  Қасымда онсыз да екі адам бар, кабинада орын жоқ. 
Күн болса суық, сексеуілдің үстінде отырып жүз шақырым 
жолға  шыдаймысың,  –  деді  жаңағы  кісі  Рахымға  сынай 
қарап.
–   Шыдаймын,  тек  ала  кетсеңіздер  болды,  –  деді  ол 
жыламсырап. 
–  Жә, жылама! Жігіт емеспісің, – деп тыйып тастады.
–  Одан да бізге сексеуіл артыс, – деді жаңағы мұртты 
кісі дауысын қатайтып.
 Бірер  сағаттан  кейін  сексеуіл  тиелген  машина 
ыңыранып  ауылдан  шықты.  Рахым  сексеуілдің  үстінде 
шоқиып отыр, бұтаға қонған торғайдай болып. 
 Асығып жүріп жөнді киінбепті, бойы тоңази бастады. 
Жол  қайбір  оңған  жол  дейсің,  бұралаңдаған.  Оның 
үстіне лайсаң. Машина дөңгелегі тайған сайын бір олай, 
бір  бұлай  түлкі  бұлаңға  салады.  Ондайда  Рахым  түсіп 
қалмайын дегендей сексеуілге онан сайын жабыса түседі. 
Жолдың таусылатын түрі жоқ. Күн қас қарайып, жаңбыр 
сіркірей  бастады.  Жел  күшейді.  Рахым  тісі-тісіне  тимей 
сақылдап,  денесі  дірілдеп,  қалтырап  қоя  берді.  Бірақ 
анасына ваксина ауадай қажет екендігі есіне түскенде бір 
сәт жаурағанын ұмытып кеткендей болады. 
 Әйтеуір  таң  ата  аудан  орталығына  да  жетті-ау.  Жол 
азабы  бір  сәтте  есінен  шығып  кеткендей  асығып-үсігіп 
дәріханаға жетті.

201
–  Маған құтыруға қарсы салатын ваксина беріңізші, – 
деді тісі-тісіне тимей дір-дір етіп.
–  Қап, жаңа ғана соңғысын біреу алып кетіп еді, – деді 
дәрі сатушы өзін-өзі ақтағандай.
– Ағатай, маған бір-ақ қорап керек. Қанша төле десеңіз 
де төлеймін, анамды құтқарып қалуым керек, – деді Рахым 
жалынған үстіне жалына түсіп.
– Қарағым-ау, бар болса аяп тұр дейсің бе, жағдайыңды 
түсініп  тұрмын  ғой,  мен  облысқа  тапсырыс  беріп 
қойғанмын,  бір-екі  күнде  келуі  керек.  Жарайды,  саған 
зәру боп тұр екен. Мен телефон соғайын. Мүмкін ұшақпен 
беріп жіберер. Сен ертемен хабар ал, – деді дәрі сатушы 
Рахымды жұбатып.
–  Ағатай,  сөйтіңізші  құлдығыңыз  болайын,  –  деді  ол 
тұйықтан шығар жол табылғанына қуанып кетіп.
 Таң да мұндай ұзақ болар ма, әзер атырды-ау. Ұйқыдан 
тұра сала дәріхана жаққа аяңдай жөнелді. 
–  Бала,  жолың  болды,  мінеки  таңғы  рейспен  беріп 
жіберіпті, – деп дәрі сатушы ваксина салынған қорапты 
Рахымға ұсына берді.
Құдды бір алтын, қазына толы қорап ұстағандай қолы 
қалтырап кетті. Сол сәтте ваксинаның шын бағасын Рахым 
ғана білетін еді, Рахым ғана бағалай алатын еді. Таразының 
бір басында анасының өмірі, ал екінші басында қораптағы 
ваксина тұрғандай. Дәрі сатушыға тез-тез рахмет айтқан 
Рахымның есіл-дерті ауылға тезірек жету, анасына ваксина 
салдыру.  Әшейінде  жайбарақат  өтіп  жатқандай  болатын 
уақыттың да алтынға бергісіз баға жетпес сәтті де болады 
екен-ау. Әттең, қанаты жоқ, әйтпесе құс болып ұщар еді. 
Осы  ойлардың  жетегімен  Рахым  ауылға  қалай  жеткенін 
байқамай қалды. Дереу укол салатын мейірбикені тапты. 
Анасымен  хал-жағдай  сұрасып  үлгерместен,  әбден  жол 
соқты болған Рахым төсекке құлай кетті. 
Қанша ұйықтағаны есінде жоқ. Ертеңіне кешкісін бір-

202
ақ оянды.
–  Құлыным-ау,  көп  азапқа  түсіп,  қиналыпсың  ғой, 
басыңда бекерге әуреге салдым-ау. Қарасан келгір қызыл 
тайыншаның  аузына  қолымды  салып  нем  бар  ед?  –  деп 
жыларман болды анасы.
– Апа-ау, не әуресі бар мұның. Дайын көлікпен бардым 
да  қайттым.  Қызыл  тайыншаның  арқасында  бұрын 
көрмеген аудан орталығын да көрдім, – деді ол сөзін әзілге 
айналдырып.  Анасына  жеті  күн  ваксина  салдырғаннан 
кейін, Рахымның көңілі орнына түсті де жұмысына қайта 
кетті. 
Арада  бір  жылдай  уақыт  өтті.  Қайта  күз  келіп  жетті. 
Тұп-тура  былтырғы  мезгіл  –  қараша  айының  ортасы. 
Ойында  дәнеңе  жоқ  Рахым  қуанышы  қойнына  сыймай 
келе  жатқан.  Қуанатын  жөні  бар,  құжаттарын  жоғарғы 
оқу  орнының  сырттай  оқу  бөліміне  өткізіп,  емтихан 
тапсырған  болатын.  Оқу  орнынан  хат  келіпті,  оқуға 
қабылданыпты.  Еңбек  озаты,  жалынды  жасты  оқуға 
түскен  хабары  жетісімен  аудандық  сотқа  сот  көмекшісі 
етіп тағайындапты. 
 Міне,  осылайша  Рахымның  қуанышы  қуанышқа 
ұласқан жайы бар. Сол қуанышын анасына жеткізгенше 
асығып келе жатқан беті. Үйге жақындай бере мал қора 
жақта  айналшықтап  жүрген  анасын  байқап  қалды  да, 
жүрегі су ете түсті. Ширақтау басып, анасының жанына 
жетіп келді. Анасы мұны көре сала:
–  Балам, енді мына қара тайынша құтырған ба деймін, 
түстен  бері  осымен  әуреленіп  жатырмын.  Тамағы 
қырылдап,  бірдеңеге  қақалып-шашалғандай  аузынан 
көбік  ағып,  қызарған  көздері  шатынап,  жарылып  кете 
жаздап тұр. Не болды, бұл топалаң тигірлерге, не жазып 
едік, құдай-ау, – деп анасы жыламсырап қоя берді.
 Рахым  іштей:  «Бұл  не  нәрсе  өзі,  жылма-жыл  бір 
мезгілде  қайталанатын.  Мұнда  қандай  сыр  бар?»  –  деп 

203
ойланды.
–  Апа-ау, оған не беріп едіңіз, – деді аспай-саспай.
–  Не берейін, бір бау жүгері паядан басқа ештеңе бергем 
жоқ, күнде жейтіні сол ғой! «Қой, бұл жұмбақтың шешуін 
өзім шешпесем болмас», – деп Рахым тәуекелге бел буды:
–  Апа, қалыңдау орамал беріңізші, қолымды орап алып, 
не де болса тайыншаның аузын ашып көрейін, – деді. 
–   Ойбай,  құрысын,  жолама!  Атып  таста  ол  қарғыс 
атқырды, – деп анасы шыр-пыр болды. 
Рахым  анасының  айтқанына  көнбестен  қолын 
орамалмен  бірнеше  қабат  етіп  орап  алды  да,  қара 
тайыншаның аузына сүңгітіп жіберді. Қолы бірден сырты 
кедір-бұдыр  қатты  бір  нәрсеге  тиді.  Тамағына  бір  зат 
кептеліп қалған сияқты. Әрлі-берлі қозғап, әрең дегенде 
суырып алды. Қараса, кәдімгі жүгерінің собығы, дәні түп-
түгел. 
–   Апа,  мынаған  қақалыпты  ғой,  –  деп  Рахым  бүтін 
собықты аяғының астына тастай салды. Қара тайыншаның 
жаны  жай  тапқандай  болып,  көздерінде  сәуле  ойнады. 
Құйрығын  бұлаңдатқан  күйі  лып  етіп  түк  болмағандай 
топ сиырдың ішіне кіріп кетті.
Рахым  да  аң-таң,  анасы  да  аң-таң.  Бар  кілтипан 
жүгері  пая  да  болып  шықты.  Жүгеріні  жинағанда 
собық  аршылмаған  күйі  паямен  бірге  қалып  қойған  да 
тайыншалар оларды шайнамай бүтіндей жұтқан. 
–   Балам-ау,  қызыл  тайыншаны  тапа  тал  түсте  атып 
тастап обалына қалыппыз ғой. Бар кінә өзімізден екен, – 
деді анасы өкінішті үнмен.
 Рахым анасының сөзімен келіскендей үндемеді. 
Іле-шала:
–   Апа,  мен  оқуға  қабылданыппын,  бүгін  хабар 
алдым. Екіншіден, аудандық сотқа сот көмекшісі болып 
тағайындалдым, – деп көңілденіп сала берді.
–   Құдай-ау,  «өшкенім  жаным,  өлгенім  тірілген  күн 

204
болды  ғой».  Келші  бері,  құлыным,  –  деп  қуанған  анасы 
көзінен  жас  шыққан  күйі  Рахымды  құшағына  алып 
бауырына қысты. 
 Аналы-балалы  екеуінің  құшақтары  жазылмай  біраз 
тұрып қалды.     
   
      

205
МАЗМҰНЫ
Әңгімелер
Бақыт ............................................................................... 3
Былғары күрте ............. .................................................14
Ескі таныстар ................................................................ 20
Кербез келіншек іздеп жүрмін .....................................32
Министрдің құдасы ............... .......................................35
Сезім .............................................................................. 44
Шырағым менің. ........................................................... 55
Ымырт ............................................................................59
Болыс ата ........................................................................78
Сапарбек атаның балалық шағы .................................. 82
Ескі тандыр ................................................................... 90
Ақтөс ..............................................................................98
Асыранды ұл ................................................................103
Тағдыр ..........................................................................106
Қайтадан бастау ...........................................................115
Бір сөмке қатқан нан ...................................................125
Сырттай оқитын келіншек ..........................................129
Туған күн ......................................................................140
Хат ................................................................................143
Ұлжан шешей ..............................................................151
Тамара апай ..................................................................157
Ақбөкен ауып келген жыл ..........................................165
Ержан ...........................................................................169
Торы бие туралы хикая ...............................................174
Жезде ............................................................................179

206
Ақша бұлт асқантырналар ..........................................184
Қайран, арыстың суы-ай .............................................191
Жүгері собағының сүргіні ......................................... 197
  

Әлсейіт  ОСПАН
ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ
Редакторы  МАҚПАЛ ҚҰРМАНБЕК
Қате түзеуші ҚАЗЫНА НҰРМАХАНОВА
Беттеуші дизайнер МАҚПАЛ АЙТАҚЫНҚЫЗЫ
Техникалық сарапшы Арман КОКОМБАЕВ

ИБ № 73
Басуға 28. 10. 2014 ж. қол  қойылды. 
Қалыбы 84 108 
1
/
32
.  Офсеттік басылым.
 Қаріп түрі “Times New Roman”.  Көлемі 10,9 баспа табақ. 
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №73.
“ҚазАқпарат” баспа корпорациясының баспаханасы
ISBN 978-601-03-0295-2


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет