Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғалы бергі уақытта ұлт тілінде термин жасау және қалыптастыру қажеттілігі туралы жиі айтыла бастады.
Сондай пікірдің бірін академик Ә.Қайдаров өз еңбегінде былай деп келтіреді: «Тіл-тілдердің арасында ортақ интернационализмдер болмаса немесе аз болса, ғылым дамымайды, ғылыми қарым-қатынас үзіледі» деп байбалам салудың бәрі бекер. Жер жүзіндегі терминдік ұғымдардың бәрін шет тілі сөздері арқылы емес, өз тілінің негізінде меңгеріп, ғылым мен техниканы дамытып отырған қытай, жапон т.б. халықтарды біз жақсы білеміз. Демек ортақ интернационализмдердің қажеттігі ең алдымен елдің саяси-әлеуметтік жағдайына, әр тілдің өз мүмкіншілігіне байланысты екен [48,22].
Бұл жөнінде ғалым Б.Қалиұлы да нақтырақ айтады: «Егер ана тілімізді қадірлейміз, қастерлейміз десек, оның өзіндік ерекшелігін келер ұрпаққа бұзбай жеткізгіміз келсе, бұдан бұлай қазақ тілінің терминдерін де қазақша жасағанымыз абзал. Осы жолда мүмкін болған жолдардың бәрін де пайдаланғанымыз жөн [49, 123].
Терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлының айтуынша да ешбір ұлттың тілін термин жасауға мүмкіндігі жетпейтін тіл деуге болмайды. Мәселе ұлт тілін термин шығармашылығында пайдалануға байланысты. Терминжасам процесінде өз тілімізді пайдаланбай өзге тілдерден дайын терминдерді өзгеріссіз қабылдай берсек, онда әрине тіліміз ғылыми ұғымдарды атау бейімделіп терминологиямыз ұлт тілінде жасалынбайды» [50,14].
Қоғам өмірінде туындап жатқан жаңа сөздерді, терминдерді жасауда тіліміздің ішкі мүмкіндіктеріне иек арту тек кейінгі жылдары ғана жасалып отырған жоқ. Бұл әрекет сонау А.Байтұрсынұлы заманынан бері өз көрінісін тауып келеді. Өйткені тіл қатып қалған құбылыс емес, ол үнемі өзгеріп, толығып, жаңарып отыратын жанды дүние. Мысалы, А.Байтұрсынұлы: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа ғана аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ мәдени жұрттың тіліндегі дара сөздерді алғыштап, алмастыра-алмастыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан, мәдени жұрттың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болады» -дейді [51,51].
Туған тілінің тазалығына деген жанашырлықты аңғара отырып ғалым сөзінің мәніне жете назар аударуымыз қажет. А.Байтұрсынұлы бұл сөзінде интертермин атаулыны теп-тегіс қазақ тіліне аудару дегенді айтпаса керек. Оны автор сөзінің мына бір жолдарынан байқауымызға болады: «Қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай ана тілімізден қарастыра сөз табуымыз керек». Міне осындағы «қарастыра» деген сөздің астын сызып қарағанымыз жөн, яғни терминнің тура, дәл мағынасын беретін баламасын табу керек. Егер ондай сөз дәл табылмаса, ана тілінде сол мағынаны беретін сөз болмаса зорлықпен басқа баламаны орынсыз тықпалаудың келешегі жоқ. Түбінде ол сөз қолданыстан ысырылып шығып қалады деп ұғынуымыз қажет.
Міне осы сияқты толып жатқан пікірлердің негізінде соңғы оншақты жыл көлемінде, дәлірек айтқанда 1990 жылдан бері халықаралық мәні бар сөздерге балама табу талабы күшейе бастады.
Бұл тұрғыда қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктері пайдаланылып, көптеген сөздердің қазақша баламалары қалыптасты. Яғни, 1920-30 жиі қолданылып, кейін қолданыстан шығып қалған бірқатар сөздер қайта жаңғырды: кеңес, төраға, хатшы т.б; орысша қолданылып келген сөздер жасанды сөздер арқылы берілетін болды: әнұран, елтаңба, отбасы, жекешеленліру, пікірсайыс, пікірталас, төлқұжат т.б; сондай-ақ, бірқатар орыс сөздеріне балама ретінде жергілікті және байырғы көне сөздер пайдаланыла бастады: әмбебап, егемен, жарғы, нарық, кеден, ғимарат, мәртебе, ұлан т.б.
Демек, тіліміздің ішкі мүмкіндіктерін жатырқамай, бірақ орнымен қолдана беру тиімді болмақ. Ондай сөздердің кейбіреулері алғашқыда құлаққа ерсілеу естілуі мүмкін, әйтсе де күнделікті бірізді қолдану нәтижесінде олар да үйреншікті терминдеріміздің қатарынан орын алары анық.
Тілімізде бұрын қолданылып, кейінірек «көнерген», «ескірген» деп танылған көптеген сөздер соңғы жылдары сол бұрынғы мағынасын қайта жаңғырта бастады деген болатынбыз. Мұндай сөздер қатарына «Егемен Қазақстан» газеті беттерінде қолданылып жүрген «кеңес» сөзін жатқызуға болады. Мысалы, Кеңеске қатысушылардың сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызметшілердің қызмет бабын жеке басының мүддесіне пайдалануы, қызмет этикасы ережелерін бұзуы фактілерінің бірде-бірі елеусіз қалмайтындай жағдайға тек бірлесе күш жұмсау арқылы ғана қол жеткізуге болатындығы атап көрсетілді (Е.Қ. 1998. №4. 8 қаңтар, -1 б.). Кеңесте Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік аппараттардың алдында тұрған, солардың күш жігерімен атқарылатын қадау-қадау тығыз міндетке арнайы тоқталып, соны жүзеге асырудың нақты жолдарына назар аударды (Е.Қ. 1998. №14. 22 қаңтар, -1 б.).
1920-30 жылдары «кеңес» сөзі «совет» сөзінің орнына қолданылып келгені белгілі. Алайда ғалым Б.Момынова савет (совет) сөзіне сәтті балама іздеп оларды төл сөзбен ауыстырудың алғашқы талпыныстары «Қазақ» газетінен бастау алған - дейді [52,50].
Демек бұл сөздің (кеңес) 1920-30 жылдардан бұрын-ақ қолданылғаны байқалады. Ал еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бастап «кеңес» элементі орыс тілінен енген «совет» сөзінің баламасы ретінде толық орнықты, сондай-ақ осы сөз мемлекеттік кеңес, ұлт кеңесі, Жоғарғы Кеңес сияқты тіркестерін қалыптастыра бастады, терминдік мәнге ие болды.
«Егемен Қазақстан» газеті беттерінде қолданылып жүрген көне сөздеріміздің бірі – «жарғы». Бұл сөз «устав» сөзіне балама ретінде алынған. Мысалы, Жарғы жобасы мен оның ережелері барлық жерде бірдей қолдау мен түсіністік табатынына сенім мол деп айту қиын (С.Қ. 1990. №265. 18 қараша, -3 б.)
Бұл балама сөзді еске алған жазушы Советхан Ғаббасов болатын. Бұрынғы кезде бұл сөз қазақ қоғамының әкімшілік заңдарының жинағы дегенді білдіретін. Қазіргі терминдік мағынасы: жарғы – мемлекет, мүлікті меншіктенуші немесе қоғамдық ұйымдар белгілеген ережелер жиынтығы, ол 1) ұйымдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың құқықтық ахуалын, олардың өзге заңи тұлғалармен қарым-қатынасын; 2) ұйымдар мен азаматтардың әрқилы қызметтерін, мемлекеттік басқарудың немесе шаруашылық қызметтің білгілі бір саласындағы олардың құқықтары мен міндеттерін; 3) Қарулы күштер қызметінің белгілі бір саласын ұйымдастыру ісін реттейді [53, 282].
Демек, жарғы – заңды ұйымның қызметін, құқықтары мен міндеттерін айқындайтын қағидалар мен ережелердің жинағы.
Орта ғасырдағы ескерткіштерде бұл сөз йарғу түрінде кздессе, [54,133] қазіргі қазақ тілінде «жарғы» болып қалыптасты.
Газет беттерінде қолданылып жүрген «жарлық» сөзі де көне сөз.
Мысалы, Жарлық ең алдымен материалдық өндіріс салаларында меншікті мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіруді жандандыруға бағытталған (Е.Қ. 1992. №106. 8 мамыр, -1 б.). Жақында ғана Елбасының Жарлығымен Премьер – министр болып тағайындалған Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне басшылық қызметке келгелі бері республикамыздың көп векторлы және байсалды саясатын әлемге танутуда едәуір еңбек сіңірді (Е.Қ. 1998. №236. 23 қазан, -2 б.).
«Жарлық» сөзінің бұрынға әмір, бұйрық деген мағынасы қазіргі қолданыстағы мағынасынан алшақ кетпеген. Біз оны Ж.Аяпова, Е.Арынов еңбектерінен байқай аламыз: жарлық – 1) кейбір елдерде мемлекеттік биліктің жоғары өкіметті органы құрған тұрақты қызмет істейтін коллегиалды органның құқықтық актісі. Заңи мазмұны бойынша Ж. нормативті, яғни нақты уақиғаларға (лауазымды тұлғаны тағайындауға, азаматты наградтауға т.б.) қатысты жеке нормасын қолданатын немесе белгілі бір құқықтық нормалар мен ережелерді белгілейтін акт болуы мүмкін.
2. парламентарлық мемлекеттерде Ж – мемлекеттің дара басшысының, мысалы президенттің құқықтық актісі [53,281].
Соңғы жылдары туысқан түркі тілдерінен сөз алудың нәтижесінде «Егемен Қазақстан» газеті беттерінен ұшақ, тікұшақ сөздерін жиі кездестіре бастыдық.
Мысалы, Алматыдан ұшқан ұшақ айналасы төрт сағатқа толар-толмас уақытта Өлгий қаласының төбесіне ілінген сәтте-ақ әуежай басына ағылған, қалың халықтың нөпірі көзге шалынды (Е.Қ. 1992. №13. 16 қаңтар, -1 б.). Еліміздің жаңа Астанасы Ақмолаға алғаш сынақ сапарымен ұшқалы тұрған «ТУ – 154 м» ұшағы таяу мерзімде ТМД-ның барлық нүктелерінде, сондай-ақ Азия Еуропа құрлықтарына бет алатын болады (Е.Қ. 1998. №34. 19 ақпан, -2 б.). Атыраудан шыққан тікұшақ Тайсойғанға келіп қонғанда одан түскендер тұрғындардың ыстық құшағына еніп, мерейтой басталып та кетіп еді (Е.Қ. 1992. №150. 1 шілде, -3 б.).
Академик Ә.Қайдаров өзінің «Жаңалыққа жатсынбай, жасампаздыққа жараспай» деген мақаласында былай дейді: «Түркиямен қарым-қатынастың кейінгі кезде жиілей түсуіне байланысты қазақ тілінен түркі терминдерінің алғашқы қарлығаштары көріне бастады. Соның бірі «Егемен Қазақстан» газеті қолданып жүрген ұшақ (самолет), түрікше учақ сөзі» [18].
Ал «тікұшақ» сөзі осы «ұшақ» сөзінің негізінде пайда болды.
«Самолет» таза орыс тілінің сөзі болғандықтан ең алдымен осы терминдерді аудару мәселесінің көкейкесті екендігін айту керек. Енді осы сөзді аударған кезде біз өз тілімізде жоқ терминдерді көршілес түркі тілдерінен алу процесін жалпы термин жасаудың бір тәсілі ретінде қарастыруа болады. Жалпы терминнің морфологиялық құрамына қарасақ одан қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне қайшы келетін ешнәрсе байқалмайды, сөздің түбірі «ұш» етістігі қазақ тілінде өнімді қолданыста болса, ал сөздің екінші бөлігін құрайтын «ақ» қосымшасы да тілімізде зат есім тудыратын жұрнақ ретінде қолданылатынын белгілі. Орысша «сам» (өзі) және «ле(т)» (ұшу) мағынасындағы түбір.
Екінші бір «жоғары қарай ұшу» мағынасындағы «вертолет» термині қазақ тілінде «тікұшақ» болып қалыптасты. Жасалу тәсіліне қарай біріккен сөзден тұратын бұл термин қазақ тілінің төл сөзжасам жүйесі негізінде туған терминге жатады. Қазақ тілінде терминнің уәжі (мотив) орыс тіліндегі секілді «тік», яғни жоғары бағытта ұшу.
Терминолог ғалым Г.О.Винокур «Терминдер өздігінен пайда болмайды, олар қоғам мұқтаждығына орай саналы түрде қолдан жасалады» -дейді [55,24].
Сондай-ақ Р.А.Будагов та термин дегенді саналы түрде қадағалап, қолдан жасап сұрыптап отырмаса, ғалымдар бірін-бірі түсінуден қалады деп көрсетеді [56,43].
Демек, біздіңше бұған дейін орысша қабылданып келген шет тілі сөздерінің аударуға келетіндерін қазақшаға аударып, ал аударуға келмейтіндерінің орнына мүмкіндігіне қарай қолдан сөз жасап алғанымыз және жасанды екен деп олардан қашпағанымыз дұрыс. Ондай сөздердің тілімізде бірізді қолданылуы нәтижесінде жасандылығы ұмытылып, үйреншікті терминдерімізге айналары анық.
Газет беттерінде әсіресе экономикалық терминдер барынша мол қолданылған. Оның ішінде жиі кездесетіні «нарық» сөзі. Бұл «рыноктың» баламасы. Газет беттерінде «рынок» сөзіне балама ретінде «базар» сөзін ұсынушылар да кездесіп отырды. Бұл жөнінде зерттеуші Қ.Қадырқұлов: «Сөз мағынасы сөйлем ішінде басқа бір сөзбен тіркесіп, байланысқа түскенде ғана толық ашылады. Мәселен, сөйлем, сөз тіркесін мысалға келтіре отырып «нарық» сөзінің орнына «базар» сөзін ауыстырсақ сөздердің байланысу формаларында қайшылықтар туар еді» -дейді [57,35].
Сондықтан нарық, базар деп жарыса қолданбай тек біреуін, яғни «нарық» сөзін қолданғанымыз орынды. Бірақ бұл арада біз базар сөзін мүлде қолданбау керек дегенді айтып отырған жоқпыз. «Базар» сөзі «рынок» сөзіне балама ретінде тек сауда орындары, сауда
Жалпы экономика саласында қолданылып жүрген терминдердің көпшілігінің бұрыннан-ақ қолданыста бар екекгдігі мәлім. Нарықтық қатынастарға байланысты олар күнделікті қолданылатын лексикамызға айналды. Бұл сөздер қазіргі өркениеттің жеткен биігіне, қоғамдық даму дәрежемізге тікелей байланысты.
Экономикалық термин ретінде қолданысқа түсіп жүрген сөздердің қатарына «мердігерлік» сөзін де қосамыз. Мысалы, Ірі мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері Ресейдің қалалары мен селоларында жалданып жүр, ал қайтып оралғандары туған қаласының қаңырап тұрған алаңдарына қарап мұңайып күрсінді (Е.Қ 1994. №168-169. 1 қазан, -5 б.). Жалдық мердігерлік әдіс шаруашылық басшылары мен еңбек адамдарының арасындағы бірден бір тиімді еңбек қарым-қатынасы болып табылады (С.Қ. 1990. №273. 28 қараша, -2 б.).
Ә.Қарағұловтың «Ащы да болса ақ сөйлейік» деген мақаласында бұл балама жөнінде былай делінген: «Мердігерлік – кәсіп ету әдісінің бір түрі. Бұл бізге парсының мәрдкар (мердікер) деген сөзінен ауысқан ұғым. Орта Азия мен Қазақстанның мақта, күріш өсіруімен шұғылданған диқандарына бұл сөз ертеден таныс.
Қазақ арасында ауызекі сөзде мердігерлікті «көтерме жұмыс» деп атаушылар да бар екені рас. Бірақ мұны көтерме сауда (оптовая торговля) деген термин сөзбен шатастыруға болмайды» [58,6].
Сонда «мердігерлік» – бір жақ (мердігер) екінші жақтың (тапсырыс берушінің) тапсырмасы бойынша оның немесе өзінің материалдарынан тәуекел етіп белгілі бір жұмысты орындауға міндеттенетін, ал тапсырыс беруші атқарылған жұмысты қабылдап, ақысын төлеуге міндеттенетін шарт.