Ана тілі газетінің термин қалыптастырудағы рөлі
Терминология мәселесі бүгінгі күні, яғни еліміз тәуелсіздігін жариялаған жылдардан бастап ең бір өзекті, көкейкесті мәселеге айналып отырғандығы барша жұртшылыққа белгілі. Бұл мәселе төңірегінде бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі пікір туындап отырғандығы және ол баспасөз беттерінде жаппай көрініс тауып жүргендігі де мәлім.
Оның бірі – орыс тілі не орыс тілі арқылы келген шет тілі терминдерін сол күйінде қабылдау болса, екіншісі – орысша қолданылып келген сөздерге тіліміздің тарапынан балама табу не болмаса мүмкіндігінше дыбыстық ерекшеліктерімізге бейімдеп алу. Әрине бұл жерде бірінші пікірдің айтылуы заңды деп қарауға да болады. Себебі, тіліміздің дамуы жетпіс жыл бойы кеңестік тіл саясатына негізделді. Яғни, термин қалыптастыруда орыс тілінің ықпалы үстемдік құрып келді. Бұл идеологияның санамызға сіңіп қалғаны соншалық әлі күнге дейін бұл тәсілді тіл байытудың ең өнімді тәсілі деп (кейбір ғалымдар) қарастырып жүргендер бар. Ал еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге таныла бастаған соңғы оншақты жыл уақыт аралығында терминологияға деген көзқарас жаңаша қалыптасып, халықаралық терминдерді ұлт тілі негізінде жасауға және қалыптастыруға болатындығына көзіміз жете бастады, әрі бүгінде осы бағыттың басымдылық танытып отырғандығы белгілі.
Терминдерді барынша қазақыландыру әрекетінің қазіргі уақытта ерекше қарқын алып отырғанымен көптеген орыс сөзімен келетін терминдер де газет беттерінде еркін қолданылып жүргенін айту орынды. Біз оған зерттеу нысанымыз етіп алған жетекші қазақ басылымдары «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің 1999 жылғы бір-бір санындағы орыс тілінен алынған сөздерді санап шығу барысында көз жеткіздік. Бір сөздің бірнеше рет қолданылғанын қоса есептегенде әр газеттің бір санында шамамен алғанда 250-400 орыс тілі арқылы енген сөздер қолданылған екен. Мәселен, «Ана тілі» газетінің бір санында ( №34, қарашаның 11-і) 267 орыс сөзі қолданылған болса, «Егемен Қазақстан» газетінің бір санында (№ 211, 22-қыркүйек) 390 орысша сөз қолданылған, ал «Қазақ әдебиеті» газетінің №29 санында 373 аударылмаған сөздер тіркелген.
Ұлттық терминологияны қалыптастыруда баспасөздің, оның ішінде «Ана тілі» газетінің қосқан үлесі орасан зор.
Әрбір жаңа сөз қолданысы немесе жаңа терминдер ең алдымен мерзімді баспасөзде қолданыла келе сөздік құрамға енеді. Бұған қарап кез келген жаңа сөздің баспасөз бетінде жариялануы жеткілікті деп айту ағат айтқандық болар еді. Себебі, бір сөздің бірнеше баламасы болатындығы сөзімізге дәлел. Мысалы, осы жылдар арасында «семья» сөзінің баламасы ретінде «үйелмен», «отбасы», «жанұя», «түтін», «шаңырақ» сияқты сөздер жарыса қолданылып отырды. Бірақ, уақыт өте келе осы баламалардың ішінен сұрыпталып әлеуметтік салада қолданылатын «отбасы» сөзі терминдік мәнге еи болды.
Мысал келтірейік: Жалпы мереке ең бастысы жанұяның, әулеттің төрінен басталса дейміз (А.т. 1992. №9 наурыздың 5-і, -1 б.). Монғолиядан көшіп келген 700-дей қазақ үйелменін Қарқаралы, Егіндібұлақ аудандарына қоныстандырды (А.т. 1992. №35, қыркүйектің 3-і, -3 б.). Мұны тізбелеп отырғаным – заманында бақ қонбаған осы әулеттің трагедиясы да ересен үлкен болғандығы. Естай әулетінің, тұқым тұяғының тарыдай шашылуы осыдан басталған (А.т. 1992. №39, қазанның 1-і, -6 б.). Оның үстіне әйелдерді отбасынан суытып, уақытының көбін өз шаңырағынан сыртта өткізетін етіп жоспарлау балалардың қараусыз қалып, тәрбие жұмысының әлсіреуіне әкеліп соқты. (А.т. 1992. №36, қыркүйектің 10-ы, -7 б.).
Бір отбасының мынадай кикілжіңіне куә болғаным бар (А.т. 1994. №11, наурыздың 17-сі, -2 б.). Ал, отбасында барлық мұсылман халықтары сияқты, әке басты тұлға (А.т. 1998. №20, мамырдың 21-і, -1 б.). Сәл кейініректе оған 30 шақты түтіннен құралған шағын ауыл жалғасып жатыр (А.т. 1993. №34, тамыздың 26-сы, -12 б.).
Сондықтан бұл құжатта отбасы тәрбиесіне, ол үшін ата-ана жауапкершілігіне үлкен мән беріледі (А.т. 1999. №10, наурыздың 11-і, -12 б.).
«Семья» сөзіне балама ретінде 1992 жылы терминология комиссиясы «отбасы» сөзін бекітті. Ресми құжаттарда мұның осылай қолданылып жүргені, орныға бастағаны белгілі. Дегенмен, осы сөзге дейін «отбасы» сөзімен бірге «жанұя» атауының жарыса қолданылуы кейбір ақпарат орындарында теледидар мен радиода, әсіресе күнделікті ауызекі сөйлеуде бой көтеріп жүргені белгілі. Бұл жайында Б.Қалиевтің «Жанұя» емес «Отбасы» деген мақаласында нақтырақ айтылған: «семья» сөзін мемлекеттік терминология комиссиясы 1990 жылғы мамырдың 3-інде «отбасы» деп бекіткен болатын. Қолданысқа түсе қоймаған соң, оны 1992 жылғы наурыздың 12-інде «отбасы» деп екінші рет бекітті. Өкінішке орай «отбасының» орнына «жанұя» немесе «үйелмен» деп жазу әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Бұларыңыз қалай? – деп әлгі сөздің иелерінен сұрай қалсаңыз: «Бізге осы сөз «ұнайды»» отбасыға қарағанда жанұя дұрыс деп жауап береді. Сонда қалай болғаны? Бір ғана ұғымды әрқайсысымыз әр түрлі сөзбен айта береміз бе? Олай етсек, онсыз да шатқаяқтап тұрған байғұс қазақ тілінің күйі не болмақшы [41,6].
Сондай-ақ Ә.Қарағұлұлы да «Тіл көркін таза сақтайық» атты мақаласында терминком бекіткен «отбасы» сөзінің орнына кейбір газеттерде, радиода үйіші, шаңырақ, үйелмен, жанұя деген жарыспа атаулар пайда болып, тілімізге бұрынғыдан бетер шұбарлылық енгізіп отырғанын айтады [42,6].
Бұл жарыспа баламалардың ішінен тек біреуіне ғана, яғни «отбасы» сөзіне тоқталу орынды. Өйткені бұл сөз «семья» сөзінің мағынасын дәл береді, оның үстіне бұл сөзді мемлекеттік терминология комиссиясы ресми түрде бекітті. Мұндағы «отбасы» сөзімен бірге жарыса қолданылып жүрген «жанұя», «үйелмен» сияқты сөздерді «семья» сөзіне балама ретінде алмауымыздың себебі – оларда экспрессивтік сипат басым. Ал эмоционалды-экспрессивтік термин үшін қажетсіз болып саналады.
«Ана тілі» газетінде «право» сөзіне балама ретінде хұқық, хұқы, құқы, қақы, құқық сияқты сөздер де бірінің орнына екіншісі қолданылып отыруы кездеседі. Мәселен, Адами құқықты шектеп, ұлттық нышандардың әммәсін рухани торда ұстаған киепетсіз кезеңді бәріміз де бастан өткердік, енді ғана көзіміз ашылып, тіліміз шешіліп жатқан жоқ па? (А.т. 1993. №14. Сәуірдің 8-і, -2 б.). Заңда сол сияқты ішкі әскерлер әскери қызметшілерін хұқылық және әлеуметтік жағынан қорғаудың басқа да бірқатар шаралары қарастырылғаны көпшілікке белгілі (А.т. 1993. №30. Шілденің 29-ы, -2 б.). Қылмыспен күрес құқық қорғау салаларының не өзге тәрбие орындарының ғана емес, жалпыхалақтық іс болуы керек (А.т. 1998. №29. шілденің 23-і, -5 б.). Шаруа қожалықтары туралы Республикалық заңға сәйкес, әр отбасы өзінің жеке шаруашылығының қожасы болуына қақысы бар (А.т. 1999. №10. Ақпанның 12-і, -2 б.).
Арабша-қазақша түсіндірме сөздікте:
(хуқуқ ун) – құқ-тың көпше түрі – право, ерік.
Хақы – право, құқық, ерік.
Қақылы-праволы, ерікті [43, II т. 133].
Ал, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде:
Құқы – (зат есім) Қақы.
Құқық - хұқық [44, VI т. 449].
Хұқ - (зат есім). Азаматтық право, саяси ерік хұқық.
Хұқық - (зат есім) Хұқ [44, X т. 66].
Хақы - (зат есім) Ақы [44, X т. 53].
Л.З. Рүстемовтің «Қазахско-русский толковый словарь арабско-иранских заимствованных слов» деген кітабында:
Құқ – [хәққ] - право
Құқы – [хәққ] - право
Құқық – [хуқуқ, хәққ, құқы] - право [45,168].
Біздің ойымызша араб тілінде еріндік дауыстымен де, езулік дауыстымен де айтылатын «құқ» сөзі қазақ тілінде ертеден айтылатын «қақ», «қақы» түрінде, езулік вариантында қалыптасқан. Негізгі сөздік қорға кіретін бұл сөздің ерте кезден қалыптасқанының бір белгісі оның мағыналарының сараланып бірнеше түрде қолданылуы болса керек.
«Қақ» сөзі құқық, право, ақы, сондай-ақ шындық, ақиқат мағыналарында да кездеседі. Бұл сөзбен салыстырғанда «құқық» сөзінің «право» мағынасында кейінгі кезде ғана енгені белгілі. Шындығында оған деген қажеттіліктің болмағанын да байқау қиын емес.
Эстетикалық принцип тілімізге енген сөздерді айтылуы мен есте қалуын, қолданысқа түсуінің қиындық тудырмауы мақсатында олардың мүмкіндігінше әуезді, айтуға жеңіл болып келуін көздейді.
Алайда, дәл қазіргі уақытта бұл терминнің кең қолданысқа еніп пайдаланып жүргеніне орай оны қайта ауыстырып жатудың қажеті жоқ деп есептейміз. Бұл жай бізге кейбір терминдерге қатысты өз тілдік байлығымызды сарқа пайдалана бермейтіндігімізден хабар берсе керек.
Газет бетінде төраға, төрайым сөздері қолданылып жүр. Мысалы, Талқыланған мәселелер бойынша Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» ұйымының төрағасы С.Иманғалиев, Жалағаш аудандық тіл ұйымының төрағасы Ж.Сарбалаев, Сырдария аудандық білім беру жөніндегі бастауыш тіл ұйымының төрайымы Қ.Шаймағамбетова, Қазалы Локоматив депосындағы бастауыш тіл ұйымының төрағасы Қ.Қалиев, облыстық қоғам басқармасының мүшесі, Қызылорда қалалық №253 орта мектеп бастауыш «Қазақ тілі» ұйымының төрайымы Ж.Қожаназарова жарыссөзге шықты (А.т. 1993. №28. Шілденің 15-і, -2 б.).
Достарыңызбен бөлісу: |