Әміров Әбдібек Жетпісұлы
ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫ
ЖӘНЕ БАСПАСӨЗ
Алматы, 2015
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Пікір жазған:
филология ғылымдарының докторы, профессор
Әміров Ә.Ж.
Қазақ терминологиясы және баспасөз. –Алматы, 2015.
Монографияда қазақ баспасөзінің 1990-2000 жылдар аралығында терминологияны қалыптастырудағы рөлі қарастырылады. Қазақ баспасөзінің үлгілері ретінде таралымы мол, әрі үлкен қоғамдық-саяси маңызға ие басылымдар «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері алынды. Зерттеу нысанына алынған газеттердің термин қалыптастырудағы рөлі жеке-жеке сөз бола отырып, олардың осы мәселелге қатысты бір-бірінен өзгешеліктері мен ұқсас тұстары атап өтіледі. Сондай-ақ еңбекте газет бетінде жарияланған терминдер жинақталып оларға грамматикалық тұрғыдан талдау жасалады.
Жұмыс қазақ терминологиясын, баспасөз тілін, онда қолданылған терминдерді зерттеушілерге, тіл мамандарына, сондай-ақ терминология тарихы қызықтыратын көпшілік қауымға арналады.
АЛҒЫ СӨЗ
Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан кейінгі уақытта оның ғылым, мәдениет және халық шаруашылығы салаларында, сондай-ақ еліміздің сыртқы және ішкі саяси өмірінде қолданылу аясының кеңейіп келе жатқандығы белгілі.
Осындай қоғамдық-саяси маңызы бар үлкен үдерісте баспасөздің де алатын орны бар. Баспасөз тілдің өмір сүруінің, қызмет етуінің бір көрінісі – ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар тілді дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру құралы да.
Баспасөздің ғылым мен техника және өнеркәсіп саласындағы арнаулы сөздерді, терминдерді қалыптастырудағы рөлі әсіресе еліміз өз егемендігін алып, тәуелсіз мемелекет ретінде таныла бастаған жылдардан бері қарай арта түсті. Осы себепті де біз жұмыста қазақ баспасөзінің 1990-2000 жылдар аралығындағы терминологияны қалыптастырудағы қызметіне тоқталып, жан-жақты қарастыруға ұмтылыс жасадық. Қоғамда орын алған өзгерістер баспасөзге оның терминдерді қалыптастыру ісінде қозғау салса, жалпы қазақ баспасөзінің осы қозғалыстағы атқарған қызметін зерттеу және оған баға беру біздің алдымызға осы міндеттің орындалуын қазақ тіліндегі бірнеше жетекші басылымдар негізінде ашып көрсету мәселесін қойды.
Таңдап алынған «Ана тілі», «Егемен қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері түрлі салаларды қамтитын терминдерге қатысты пікір-тұжырымдардың көпшілік талқысына түсіп, олардың сұрыптап алынғандарын көпшілік назарына қайта ұсыну міндетін атқарса, бұл өз кезегінде терминдердің қалыптасу үдерісіндегі мағыналық-формалық өзгерістерін, терминге қойылатын талаптарға орай икемделу ерекшелігін көрсетті. Баспасөзде жарияланатын ой-пікірлер авторларының тек тілші ғалымдар емес, сонымен бірге былайғы қарапайым көпшілік те болуы термин қалыптастырудағы әлеуметтік фактордың рөлін, үдерістің шығармашылық сипатын бағалауға мүмкіндік берді.
Мұның өзі бір жағынан, баспасөздің жалпы термин қалыптастыру үдерісіндегі өзіндік ерекшелігін көрсетсе, екінші жағынан, оның жалпы терминологиялық жүйенің толығуы мен бір ізге түсуіндегі атқарған еңбегінің маңыздылығын танытты.
Баспасөзде қоғамның, ғылым мен техниканың әр түрлі саласын қамтитын жекелеген терминдер немесе терминдік топтар олар термин болып бекітілгенге дейін жұртшылық талқысына ұсынылып, сондай-ақ бекітілгеннен кейін де оларды көпке таныстыру, үйреншікті ету мақсатында жүйелі түрде беріліп отыратыны белгілі. Мұндай терминдердің тар шеңбердегі ғылыми терминдерді қамтымай, негізінен қоғамдық-саяси, экономикалық және заң, құқық т.б. терминдеріне қатысты болып келетіндігін атап айту керек. Аталған ғылым салаларының терминдерін зерттеу нысанымызға енген терминдердің басым бөлігін құрайтынын айта отырып, олардың өз ішінде басылымдарға қатыстылығы жағынан бірыңғай емес екендігін айтамыз. Зерттеу барысында «Ана тілі» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде іс жүргізу, педагогика терминдері, ал «Егемен Қазақстанда» қоғамдық-саяси, экономикалық, әскери т.б. терминдер болып келетіні анықталды. Осылайша зерттеу нысанымыз ретінде таралымы кең, қоғамдық-саяси ықпалы үлкен бірнеше басылымды алу бізге баспасөзде қолданыс тауып, талқыға түскен терминдердің басым салаларын анықтауға және бұл басылымдарда қамтылған терминдер онжылдық кезеңдегі жалпы қазақ баспасөзінде сөз болған терминологиялық топтарды көрсете алады деп санауға мүмкіндік береді.
Жалпы қазақ терминологиясының қалыптасуы үздіксіз үдеріс екенін, терминдердің жасалуы жан-жақты талқылауды қажет ететіндігін, оның өзі қоғамдық сипатқа ие болып отыратынын мойындасақ, терминдердің қалыптасу барысын, жолын, тарихын түсінуді мерзімді баспасөзден бөліп қарай алмаймыз.
1 ҚОҒАМДАҒЫ САЯСИ–МӘДЕНИ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНЕ ӘСЕРІ ЖӘНЕ СОҢҒЫ КЕЗДЕ БАСПАСӨЗ БЕТТЕРІНДЕ ТЕРМИН ЖАСАУ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ
Қазақ баспасөзіне көз жіберсек қоғамдағы түрлі саяси - мәдени өзгерістер баспасөз бетіне өз бедерін қалдырып отыратындығы анық аңғарылады. Біздің бұл тарауымыздың мақсаты қазақ баспасөзінің даму тарихын қоғамдағы ірілі - уақты өзгерістер тұрғысынан жалпы шолып шығу емес, тек осындай өзгерістер әкелген терминология ғылымындағы жаңалықтарға тоқталып өту.
Терминдерді зерттеу және оның қоғам үшін мәнін, маңызын анықтауда Д.С.Лоттенің, Г.О.Винокурдың, А.А.Реформатскийдің, В.В.Виноградовтың, Н.А.Баскаковтың, О.С.Ахманованың, Р.А.Будаговтың, Л.И.Скворцовтың, В.П.Даниленконың, Т.Л.Канделакидің, А.В.Суперанскаяның, М.Ш.Гасымовтың, Б.О.Орузбаеваның т.б. ғылымдардың рөлі зор болды.
Қазақ ғалымдарынан көш басында тұрған А.Байтұрсыновтан бастап Қ.Жұбановтардың ізін қуған Н.Сауранбаев, С.Бәйішев, М.Жанғалин, М.Балақаев, Қ,Сағындықов, Қ.Шәріпов, І.Жарылғапов, Ә.Сатыбалдиев, А.Абдрахманов, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев, Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлы т.б. ғалымдарды айтуға болады. Осы аты аталғандардың қай-қайсысы болмасын терминология негізін салуға өз үлесін қосқан ғалымдар.
Ал енді, осы «термин» деген ұғымның өз басына келер болсақ, бұл жайында О.С.Ахманова: «Термин дегеніміз арнайы ұғымдар мен арнайы заттарды дәл белгілеу үшін жасалған тілдегі арнайы (ғылыми, техникалық т.б.) сөздер мен сөз тіркестері» [1,474]-десе, В.Н.Прохорова: «Термин – бұл арнаулы қолданыс саласындағы ғылыми немесе өндірістік – технологиялық ұғымның атауы болып табылатын және дефинициясы бар сөз немесе сөз тіркесі» [2,401] - дейді.
Д.Н.Ушаковтың айтуынша да «термин» – нақты анықталған ұғымның атауы болып табылатын сөз. //Әлде бір ортада әлденені, мамандықты белгілеу үшін қабылданған арнайы сөз немесе сөз тіркесі [3,689].
Сондай-ақ А.В.Суперанская бастаған ғалымдардың пікірінше «термин» – кәсіптік білімнің белгілі бір саласындағы ұғымдар жүйесіне енетін ұғымды сөзбен таңбалау [4,14].
Термин мәселесімен тікелей айналысқан қазақ ғалымы Қ.Жұбанов терминге мынадай анықтама береді:
«Белгілі бір ұғымдарды білдіретін қарақшылы сөздер болады, о сөздерді әлгіндей ұғымдарға – ғылым мен революция жағы қандай сатыда тұрса, міне осы екеуі теліп отырады; сонымен қатар термин сөзінің терминдік ұғымы мен күнделік тіршілікте қолданылатын жай сөздік мағынасы басқа болуы да мүмкін» [5,349].
Жалпы бұл анықтамалардан шығатын қорытынды бұлардың бір-бірімен қайшы келмейтіндігі. Олардың терминге анықтама беруде сөз бен ұғымның әр түрлі белгілерін негізге алуы, дәлірек айтқанда осы белгілердің әлде бірін баса көрсетуі, осы негізде терминдердің арнайы ұғымдарды білдіретіндігін, осыған орай бұл ұғымдардың арнайы қолданыс саласы болатындығын, яғни ғылым мен техниканың және өндірістің белгілі бір саласына тән екендігін, сондай-ақ сөз немесе сөз тіркесі түрінде көрініс табатындығын атап көрсете аламыз. Бұл айтылғандар терминге қойылатын негізгі талаптармен, яғни олардың дәл, қысқа және жүйелі болуымен шектесіп жатыр деуге болады.
Біздің нысанамызға енген сөздер де осы тұрғыдан, яғни термин ретінде қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |