Әміров Әбдібек Жетпісұлы Қазақ терминологиясы



бет5/25
Дата10.03.2023
өлшемі212,85 Kb.
#73196
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
treatise64286

Төрағаның мақалаларында неше түрлі сорақы сөз тіркестері, жарымжан түсінік туырылып түсіп жатады (А.т. 1998. №2. Қаңтардың 15-і, -4 б.).
Бұл баламалар (төраға, төрайым) туралы Ә.Қарағұлұлының «Мақсатымызға ісіміз сай болсын» деген мақаласында былай делінген: «Председатель» дегеннің қазақшасы төраға, төрайым деп күн сайын айтылып та, жазылып та жүр. Бұл тәрізді баламалардың тілімізді шұбарлаудан, оқып-үйренуді қиындатудан, сауатты жазуға көлеңке түсіруден басқа берері жоқ екені айқын [24].
М.Серғалиев «Радио және телехабарлардың тілі туралы» мақаласында «председательдің» орнына ер адам болса – төраға, әйел адам болса – төрайым деген сөздің пайдаланылып жүргенін байқаймыз, демек аға айыммен алмастырылды. Содан әрдайым осылай қолдана берудің реті келе қояр ма екен? [46,5] -десе, Р.Сыздықова «төраға» сөзінің екі компоненті де түпкі мағынасынан ажырап, мүлде жаңа үшінші мағынаға ие болған тұлға. Демек, мұндағы аға сөзі туысты, жынысты білдіретін мағынасынан айрылған, ауыспалы жаңа мағынаға ие болған сөз. Сондықтан төраға, төрайым, төрапа деп таласу – тіл сырына, оның заңдылықтарына зер салмауымыздың салдары дейді [19].
Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде «аға» сөзіне мынадай анықтама берілген:
«Аға» сөзі қай тілден енгені белгісіз. Кейбіреулердің айтуынша, ол араб тілінен алынған (Золотницкий. Корнев. Чув-рус. Сл. 133). Бірақ бұл сөздің моңғол, алтай тілдерінде де кең таралуына қарағанда, оның о баста моңғол тілінен шығып, кейін түркі және басқа тілдерге де тарауы мүмкін (Монг.-рус. Сл. 1957. 47, Номинханов. Термины родства.., 43-44). Аға сөзінің шығу тарихы жөнінде басқа да пікірлер бар. Біреулер аға сөзі ай сөзінен, оның «айқын, жарық, ақшыл, жарқын» деген мағынасынан шыққан, алғашқы кезде аға деп ақ көңіл, ақ жүрек, мінезі ашық, жарқын кісіні атаған дейді. Мұны дәлелдеу үшін шағатай тілінде қолданылған aje, eje – «кәрі әйел», ajm – «құрметті әйел» деген сөздерінен келтіреді (Vanbery. Etym. Wort, 6). Енді біреулер аға сөзі ақ сөзінен шықты деп есептейді. Мұны дәлелдеу үшін салыстырма ретінде финн тілдеріндегі уко-шал, ука-кемпір деген сөздерді келтіреді де, бастапқы кезде аға деп жасы үлкен, шашы ағара бастаған кісіні атаған дейді! (Iokotsch, Etyn, Wort. 3) [47,18-19]. Осы көзқарастарға қосымша айта кететін мәселе «төрағаның» «төр» және «аға» сөзінің бірігуі арқылы жасалғандығы. Қазақ халқының дәстүрлі ұғымында «төр» сөзі құрметті орын деген мағынаны білдіреді. Оған дәлел ретінде мынадай тіркестерді айтуға болады. Мысалы, қазақ құрмет тұтқан адамдарына үйінің төрін ұсынады. Содан бастап төрге шығыңыз, төрлетіңіз, төрге отырыңыз деген тіркестердің сөйлеу лексикамыздан берік орын алғандығы белгілі.
Кеңес өкіметінің Қазақстан жерінде орнауынан бастап, яғни 1920 жылдардың басында мемлекет қызметіндегі адамдарды «төраға» сөзімен атау тілімізге енді. Бұл сөз орыс тіліндегі «председатель» сөзінің баламасы ретінде қолданысқа түсіп отырды.
Жоғарыда келтірілген пікірлерге сүйенер болсақ төрайым, төрапа деген сөздердің орнына тек қана «төраға» сөзін қалдырғанымыз жөн. Яғни, төраға сөзі лауазымды қызметте отырған ер немесе әйел адамға тең дәрежеде қолданылады деген сөз.
Газет беттерінде зейнетақы, зейнеткер сөздерінің қолданылуы да жиі кездеседі.
Мысалы, Зейнеткерлер мен мүгедектер, жәрдем алатындар тиын-тебендерін алмағалы жеті-сегіз айдың жүзі болды (А.т. 1997. № 2. Қаңтардың 16-ы, -5 б.). Зейнетақы төлеу мәселесінің тамыры тереңде – түбегейлі экономикалық өзгерістер арқылы ғана «жемісін» беретінін көпшілік түсініп те қалды (А.т. 1997. №7. Ақпанның 20-ы, -3 б.).
Бұл баламалар туралы академик Ә.Қайдаров былай дейді: Пенсия, пенсионер деген терминдерді кейінгі кезде зейнетақы, зейнеткер деген сөздермен ауыстырдық. Осыған түрткі болған «Бейнет, бейнет түбі – зейнет» деген мақал ма деп жобалаймыз. Өйткені араб тіліндегі «зейнет» сөзінің мағынасы – «рахат» (наслаждение, блаженство).
«Рахат» пен латын тіліндегі пенсио (қаріп-қасерлерге берілетін жәрдем, төлемі) сөздерінің арасында үлкен айырмашылық бар. Бірақ зейнет сөзінің елдің көңіліне бірден қона кетуі «еңбек етіп, бейнеттенген адам түбінде бір оның рахатын көреді» деген логикалық пайымды мойындаудан болса керек [48,17].
«Пенсио» сөзі о баста Ә.Қайдаров көрсеткендей «қаріп – қасерлерге берілетін жәрдем, төлем» болса осы тіл негізінде пайда болған ағылшын тілінде мынадай мағыналарда қолданылады: 1) пенсия, жәрдемақы; 2) пансион. (Большой Англо-русский словарь. Москва: АСТ., Минск: Харвест, 2000. –С. 710).
Дәл осы мағынадағы қолданыс француз тілінде де кездеседі. Бұл сөз «пенсия» деген мағынада орыс тіліне енсе «пансион» деген мағынасы да орыс тілінде бірнеше мағынада қолданылады. Біріншіден, бұл төңкеріске дейінгі кезеңде Ресейде жатақханасы бар орта оқу орнын бітірген; екіншіден «пансионат» деген мағынада; үшіншіден, әлде бір орында, әлде біреудің күтуінде, қамқорлығында болу деген мағыналарда қолданылады.
Мақал-мәтелдердің қысқа, аз ғана уақыт ішінде қалыптасып кете салмай халықтың ұзақ жылдар бойғы өмір тәжірибесі негізінде туындайтынын ескерсек «зейнеттің» «рахат» мағынасында ерте кездерде-ақ қолданылғанын аңғарамыз. Бұл сөз осы мағынада қазіргі уақытта әлеуметтану ғылымының термині ретінде қалыптасты.
«Ана тілі» газетінің беттерінде қоғамдық-әлеуметтік өмірде қолданылатын «құрылтай» сөзінің жиі қолданысқа түсіп жүргендігі көрінеді.
Мысалы, дүние жүзі қазақтарының құрылтайын жақсы өткізу үшін 6 ай бойы әзірлік жұмыстары жүріп жатыр (А.т. 1992. №24. Маусымның 18-і, -7 б.). Құрылтайға республикалық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ө.Айтбаев қатысып, сөз сөйледі (А.т. 1990. №18. Шілденің 19-ы, -2 б.). Таяуда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының III Құрылтайдан кейінгі алғашқы Төралқа мәжілісі болды (А.т. 1997. №30. Шілденің 24-і, -2 б.).
Құрылтай – моңғол және түрік халықтарында жиналыс, конференция, съезд мағынасында қолданылады (Қазақ совет энц. 1975. 7 том. -52 б.)
Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде «құрылтай» (зат есім) – Халықтық мәселелер қаралатын, көп адам қатысатын үлкен жиналыс [44, VI т. 523].
Моңғол тіліндегі «хуралдаан» сөзі де «құрылтай» мағынасын береді (Монгол – казах. Тол. Сл. 1984. –С.629).
«Құр» бұйрық райлы етістігі алтай тілдік семьясындағы тілдерге ортақ. Ана тілімізде «құру», «құрау» тұйық етістіктерінің түбірі де – «құр». «Мәжіліс құру», «дүние құрау» т.б. тіркестеріндегі «құру», «құрау» етістіктері әлденені жиюды, жинауды, топтандыруды білдіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет