1. Абай ақындығының алғашқы кезеңдерін көрсетіңіз


Абай шығармашылығының Ислам дүниетанымы тақырыбындағы рухани арналары



бет51/58
Дата02.03.2023
өлшемі317,29 Kb.
#71070
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   58
2.3 Абай шығармашылығының Ислам дүниетанымы тақырыбындағы рухани арналары
Кеңестік заманның әдеби кезеңінде Абайды атеистік тұрғыдан қарастырып, ақынның дін туралы ойларын кері пікірде бағалап жүрген еді. Алайда , еліміз тәуелсіздігін алып , Ислам дінінің нығайған шағында Абайға тағылған жалған пікірлердің барлығы автоматты түрде жоққа шықты. Оған, ақын шығармашылығын тереңінен зерттей бастаған шақтағы, Абайдың ислам дініне деген, Алла мен адамзаттың байланысы жайлы ой-толғаныстары дәлел. Абайдың діни көзқарасы мен ислам дініне деген зейінін ашып бастаған кез – бала Абайдың медреседегі шағы.
Ұлы ақынды әлемге танытқан М.Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясының мына үзінділері осы сөзімізге арқау болады: “Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды”. Яғни, Абайдың медреселік оқуын үздік тәмамдап, елге оралған кезі суреттелген. Заманында өзгелерден оқшау тұрған Абай үш жылдық медреселік оқуында діни сауатымен қатар шығыс тілдерін де меңгеріп бастаған. Араб, парсы тілдерін оқып бастаған ақын, шығыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқада оқи білді деген сөз. Бұл дегеніміз Абайдың Құран іліміне бойлай білгені деп түсінсек болады. Мәселен, Абайдың бозбала шағында жазған “Иузи-рәушан, көзі –гауһар”, “Әліфби” өлеңдерінен оның алған тілдік, дін және ислам түсініктері айқын сезіледі. Данышпан өзінің рухани кемелденуіне қасиетті Құранды негіз еткені белгілі. Ол Құран Кәрімді жақсы біліп, рухани нәрін өзінің бойына толық қабылдай білген [8].
Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің басым көпшілігі руханияттың дамуы мен мұсылманшылдық әдебімен толысқан. Руханияттың негізгі үш компонентінің алғашқыларына ислам , сенім, одан кейін ғана ақыл мен махаббатты жатқыза аламыз. Абайдың ислами әлемі жайлы сөз қозғағанда “Алланың өзі де рас, сөзі де рас”, өлеңін айналып өтпесіміз анық.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас...
Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.,- деп жалпы адамзат баласының бір Аллаға деген сүйіспеншілігін арттыруға шақырып, “Алла – хақ, Құран – шын” деп ағынан жарылып, иман келтірген [9].
Бұл ақиқат Құранның “Әли Имран” сүресінің 31-аятында анық баяндалады: “(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): “Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді”, - деп айт. Алла өте кешірімді, (әсіресе мүмін құлдарына) ерекше мейірімді” , - деп келеді [8].
Бұл ретте Абайдың ислам дініне деген көзқарастарының анық әрі нақты дәлелдермен жазылғанына көзіміз жетеді. Сондай-ақ ақын өз өлеңдерінде Құран мен аят, хадистердің ақиқатқа апарар есті жол екендігіне көп тоқталған. “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” өлеңінде:
“Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы. 
Қисынымен қызықты болмаса сөз, 
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы”,- дей келе Алла сөздерінің хақтығын, Құран аяттары мен хадистерінің маңыздылығын атап өтеді.
Абай Құнанбаевтың айтуы бойынша, дін - адамзаттың санасындағы аса киелі де қасиетті саласы. Абай ілімі бойынша: әлем өмірінің мақсаты - Жаратушының ықпалымен өмір сүру. Бұл мақсатқа жету үшін әуелі білім алу арқылы санаңдағы білместіктен арылу керек. Кейін, Алла тағалаға таза құлшылық жасаумен жүрек көзін ашып, рухани әлемін қанағаттандыра алады.
Адам бойындағы діни сенім ең қасиетті сезімдердің бірі. Құран Кәрім бойынша әрбір мұсылман үшін “Алла біреу, Мұхаммед пайғамбар оның елшісі, қиямет –қайым хақ”. Ең бастысы бұл әділетті қағидаларды әр адам өз түйсігімен сезініп, иманға келуі шарт. Жәй ғана тыңдаған уағызбен не бос келген біліммен келген иман нағыз мұсылмандықтың шарты емес.
Абайша он екінші қара сөзінде айтқандай: “Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды.”[9].
“Қазақ халқының ұлы ақыны” атты мақаласында жазушы Мұхтар Әуезов: “Абай әсіресе қара сөздерінде дінді жақтаған”,- деген болатын. Солардың ішінде, он екінші, он үшінші, он бесінші, жиырма сегізінші және отыз сегізінше қара сөздері Абайдың ислам танымына деген көзқарастарының алды. Он екінші және он үшінші қара сөздерінде исламдық таным мен иман келтірудің екі түрін ажыратып берсе, он бес және жиырма сегізінші қара сөздерінде Ислам дініндегі иман негіздерін, тағдырға қатысты терең пайымдамаларын көрсете білген. Сонымен қатар , әр адамның өмірінің өз қолындағы таңдауларына байланысты екенін, Жаратушының әділдігін сөзге тиек етеді. Бұл тақырып аясындағы алатын орыны ерекше, толғаныс пен күрделі еңбегі отыз сегізінші қара сөзі. Онда Абай Ислам мен сенім жайлы, Исламның бес парызы және Алланың көркем есімдері жайлы тереңінен сараптай білген. Бұл қара сөзді зерделеп түсіне білу үшін имани сауатымыздың болғаны абзал.
Аталған қара сөз жөнінде ғалымдардың пікірлері бір жерде тоғысып отырған. Ол – отыз сегізінші қара сөздің сөздің көлемділігі мен тілінің ауырлығы. Себебі, басқа қара сөздеріне қарағанда ерекше әрі араб, парсы сөздерін жиі пайдаланған, түрлі аяттар мен діни шарттарды талдай білген. Енді отыз сегізінші қарасөздерінің мына бір үзінділеріне ден салсақ. “Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан... Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол - құдайдың жолы. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса - өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес”. Яғни мына фәниде тек өзіңнің жалғыз басыңның ғана емес, айналаңдағы адамдардың да ақысын ұмытпа дейді. Түбінде бір Алланың алдына баратынымызды, әрбір жасаған жақсылығымыз бен жамандығымыздың өтеуі бар екенін алға тартады [10].
Тағы бір өсиет өлеңінде:
“Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол”, - дейді. Иман жоқ жерде, яғни тақлиди иман болады (біреуге еріп иман келтіру) төрге шығады. Ол “жарты мұсылман”. Ал ондай жандардың Алланың барын , оның шексіз құдіретін шын жүрегімен сезінуі екіталай.
Абай мұрасын тұңғыш бастырушылардың бірі, Абайдың інісі Ысқақтың баласы К.Ы.Құнанбаевтың жазбаларынан да ақынның ислам дініне деген шын ықыласы мен ғибадатын байқай аламыз. “Рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді. Ол оқыған кезінде, өзгелерді “асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар” деп, өзі жеке асықпай оқып отырып алушы еді. Әсіресе, ыхтихадқа бек махкәм еді. Не іс қылса да, не насихат айтса да, мынау құдайшылыққа жөн, бүйтсе - адамдыққа жөн деуші еді”,-деген сияқты бірсыпыра естелік-жазбалары бар .
Жалпы айтқанда, “Абайдың діні - сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні”,- деген Әуезовтың тұжырымы өте орынды айтылған. Абайдың ислам дініне деген құрметі мен дін негіздерін әлемдік деңгейде жаңғыртқан батыл ойлы кемеңгер екендігіне тағы да бір рет көзіміз жетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет