16. Көркем шығармадағы мазмұн мен пішін мәселесі
Мазмұн мен пішін мәселесі өнерге, әдебиетке ғана қатысты көркемдік-эстетикалық ұғымдар емес, жалпы болмыс, өмірге де тікелей қатысты ұғымдар, философиялық категориялар. Өйткені, дүние – тіршіліктегі, табиғаттағы қандай бір болмасын жаратылыстың, заттың, құбылыстың өзіне тән сыртқы түрі, көрінісі, яки пішін, сондай-ақ ішкі қасиеті, яки мазмұны болатыны даусыз. Сыртқы пішіні – түрімен көрінбейтін, ішкі мән-мазмұнымен танылмайтын зат, құбылыс болмайды
Пішін, демек, кез келген құбылыстың, заттың сыртқы түрі, көрінісі. Ол мәнсіз, мағынасыз құр пішін, көрініс емес. Пішін белгілі бір мазмұнды танытушы. Оның осы белгілі бір мазмұнды көрнекі, нақты танытуы өзінің пішін ретінде көрінуінің, өмір сүруінің белгісі. Сондықтан ол жай, мәнсіз пішін емес, мазмұнды пішін.
Ал мазмұн белгілі бір заттың, жаратылыстың ішкі мәні, қасиеті. Ол тек белгілі бір пішін арқылы айқындалып, нақтылы көріне, таныла алады.
Өмірдегі белгілі бір құбылыстарды, жағдаяттар мен оқиғаларды суреттеуге, олардың қоғамдық-адамдық мәнін ашуға арналған көркем туындының пішінсіз, мазмұнсыз болуы мүмкін емес.
Әдебиет теориясы ғылымында пішін деп туындының құрылысын, сюжеттін, жанрын, көркем бейнелерді, тіл, барша көркем бейнелеу-суреттеу құралдарын, амал-тәсілдерін айтамыз. Ал, тақырыпты, идеяны мазмұнның элементтері ретінде танимыз.
Әрбір толыққанды көркем туынды өзіне ғана тән қайталанбас мазмұн мен пішін бірлігінен тұрады. Сондықтан көркем туындыны талдап-таразылағанда, көркемдік-идеялық ерекшеліктерін сөз еткенде оны мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан байыптау қажет.
Көркем туындының мазмұны деген не? Ол сол туындыда көркем бейнеленген, өнер шындығына айналған өмір құбылыстары. Кеңірек айтсақ, ол суреткердің өмір-болмыстан өз дүниетанымы мен идеалына сәйкес таңдап-талғап алып, айтпақ ойы - идеясына орайластырып түрлі суреттеу тәсілдері (пішін) арқылы көркем бейнелеп өнер шындығына айналдырған өмір шындығы. Өмір шындығы - өнер арқауы, өнер туындысының мазмұны дейтініміз де осыдан.
Ал, қат-қабат сыры да, жыры да мол өмір шындығын адамсыз, оның мінезі мен іс-әрекетінсіз түсіну де, түсіндіру де, суреттеп таныту да мүмкін емес. Демек, туындыда тағдыр-талайы, өмір белестері бейнеленіп отырған тұлға немесе көркем бейнелер жүйесі автор үшін белгілі бір мазмұнды (яғни, қоғамдық шындықты, идеялық мұратты) көркем таныту тәсілі, яки пішін саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |