Образдың жасалу тәсіліне байланысты геройлық, трагедиялық, фантастикалық, юморлық және сатиралық түрлері жасалады.
Юморлық образ – күлкілі кейіпкер; юмор — өмірдегі кісі күлерлік құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі жоқ жерде юмор да жоқ. Ал күлкіні әншейін жеңіл-желпі нәрсе деуге болмайды. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады. Қазақ әдебиетінің тарихына бақсақ, баяғы аты шулы әпенді Қожанасырдан күні кешегі өзіміздің Мырқымбайға дейін юморлық образдың талай тамаша түрлерін тауып, тануға болады.
Сатиралық образ – ұнамсыз тип. Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып-сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді. Қулық пен сұмдықты, екі жүзділік пен мансапқорлықты, усойқылық пен ұятсыздықты, әйтеуір өмірдегі зиянды жайттарды аяусыз әшкерелеп, адамдарды онымен ымырасыз күреске үндейді, сөйтіп ілгері басуға, кедергіні жоқ етуге жұмылдырады.
Сатираның юмордан өзгешелігі – мұнда автордың өзі сықақпен сынап отырған адамына жаны ашымайды, оның мінін түзеу, өзін өнегелі өмірге қайта қосу мүддесі болмайды, керісінше, мұндай жексұрындық өмірде болмауы керек деген қатал үкім шығарады; юморда түзеу мақсаты жатса, сатирада жою, жоқ қылу мақсаты жатады. Сатираның юмормен бірлігі – мұнда да юмордағы секілді күлкі болады, бірақ мұндағы күлкі жай әзіл, ажуа емес, ызалы күлкі – мазақ, сықақ, мысқыл, кекесін; мұндағы күлкі – кекті күлкі.
Фантастикалық образ – қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқа ұқсас арманында бедерленген бейне; әдебиеттегі адам образының бағзы замандардан күні бүгінге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі. Дүниежүзілік көлемде тұңғыш фантастикалық қаһарман ретінде Жерден Күнге дейін ұшып барған Икарды атайтын болсақ, қазақ ауыз әдебиетінің өз келесінде туғызған кереметтері бар. Солардың бірі – Ер Төстік.
Трагедиялық образ да әдебиетте тым әріден келе жатқан адам бейнелерінің бірі. Трагедиялық образ ескі мен жаңа, адам мен қоғам, адамдық пен жауыздық арасындағы ымырасыз күрестен, бітіспес тартыстан, қайшылықтан, соның өзінде де мейлінше асыңқы, адам жеңіп болмас ауыр, азапты жайларды әдеби шығармада терең және шебер жинақтаудан туады. Қаһарманның өмірі көбіне өліммен аяқталып отырады. Трагедиялық қаһарманның үлгісі ретінде адам мұраты үшін жанын пида ғып, құдіретті Зевспен ауыр айқасқа түскен Прометейді атауға болар еді. Прометей — әрі геройлық, әрі трагедиялық образ.
Геройлық образ – ұнамды кейіпкер: адамға тән небір тамаша сипаттардың синтезі секілді сом тұлға, өз дәуірінің ең аяулы, асыл мұраттарынан туған тарихи тип. Геройлық образ – еңбек пен күрес адамының көркем әдебиеттегі ең көрнекті типі, ұлағатты түрі, биік үлгісі.