42. Сөз өнерінің Батыс Еуропа әдебиетінде зерттелуі.
Батыс еуропа әдебиеті Абай мұрасының маңызды бір қыры – Еуропа мәдениеті мен әдебиетіне қатысы. Бұл құбылыстың мазмұны мен сыры, диалектикасы мен динамикасы бір жағынан, талант, дарын іспетті қасиеттер табиғатынан шектелушіліктен, томаға тұйықтықтан аулақ болатынында, жалпы адамзаттық игілік-жақсылықпен сабақтас, тектес екендігінде болса, екінші жағынан, Абайдың туған жерінің, елінің жаратылысының өзі Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты жалғастырушы көпір іспеттілігіне байланысты. Қазақ халқының көп ғасырғы рухани ізденістері мен қазынасының жемісі, жиынтығы, әрі жаңа сатыға көтерушісі бола алған Абай - дүниенің осы екі бөлігінің бірсыпыра халықтарының даму тарихына, ақыл-ой жүйесіне, мәдениетіне, әдебиетіне көз тігіп, танып, біліп өзіндік шығармашылық қатынас қалыптастырды, қазақ қоғамының қажетіне, рухани өсуіне жарату ісін де, дәстүрлерін де байытты. Абай мұрасының батыс еуропа әдебиетімен байланыстары әртүрлі тұрғыдан, бірнеше арнада қаралуға лайық. Ол байланыстардың негізгі салмағы, өзекті сабақтары, салалы ұштары, әрине, 19 ғасырдағы қазақ қоғамының даму ерекшеліктерінде, ағартушылық, демократтық ақыл-ой ізденістерінде, көркем әдебиеттің реалистік бағыт-бағдарларында, ақынның дүниеге көзқарастарында, қоғамдық, әлеуметтік, философиялық, этикалық, эстетикалық толғаныстарында жатыр, «таза» әдебиеттік қыры, көріністері де солармен үйлесімде, сәйкестікте. Абай мен батыс еуропа әдебиеті н сөз еткенде бүл атаудың шартты түрде алынғанын ескеру керек. Өйткені, дүниенің бір бөлігі - Еуропада толып жатқан халықтар әдебиеттері ішінен негізінде жалпы әлемдік, адамзатқа ортақ ежелгі грек, рим мұраларының жекелеген нұсқалары, ағылшын, француз, неміс, поляк ақын-жазушыларының туындылары қазақ ақынының шығармашылық жолында жақсы игерілген, олармен үндестіктер, сырластықтар, көркемдік ой ізденістердегі сабақтастықтар тапқан, ал бірқатары қазақша аударылған. Батыс Еуропа халықтары көркем мұраларын Абайдың игеру ерекшеліктері, қазақша аудармалары, ақын шығармаларының кейбір еуропалық тілдерге аударылуы, шетелдік жылы лебіздер - бүгінгі абайтану ғылымындағы терең зерттеуді, байсалды тұжырым жасауды қажет ететін өзекті мәселелердің бірі.
Қазақтарды Батыс Еуропа әдебиеттерінің кейбір үлгілерімен таныстыруда, ол шығармалардың ел арасына ауызша әңгіме түрінде таралуына Абай үлкен қызмет атқарды. Әуезов көрсеткендей Абайдың ауызша айтуы бойынша халық арасында ертекке айналып кеткен А. Р. Лесаждың «Ақсақ француз», Александр Дюманың «Үш ноян», «Он жыл еткен соң», «Патша әйел Марго» романдары соның куәсі. «Қызыл сақал» деген атпен ертек түрінде айтылған инквизиция заманының романы, Африка, Америка, Австралия тұрғындары жайынан әңгімелер, «Валентин Леви», «Аза жүрек», «Ягуар Медуленец» т. б. әңгімелері сол Абай әңгімелеген қалыпта қағазға түсірілмей қалған. Сөйтіп, халықтардың рухани, мәдени қазыналары алмасу арқылы бірін-бірі тану-білу тарихында қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың орны ерекше. Дүние жүзі мәдениеті тарихында маңызы зор болған көне заман деректеріне қазақ ақынының назар аударуы, сол тақырыпта шығарма жазуы, Батыс Еуропа классиктерінің кейбір өлеңдерін қазақ тіліне аударуы, біраз әдеби туындыларды ауызша елге таратуы - қазақ әдебиетіндегі тағы бір соны да игі, маңызы зор тың бастама болды. Бұл жаңалық қазақтың ұлттық әдебиетінің тар шеңберден шығып, бүкіл адамзаттың көркемдік даму құбылыстарымен байланыста дамуына жол ашты. Абай сол жолда ез халқының ғасырлар бойғы рухани мәдениеті мен әлем әдебиетінің алтын қорын жалғастырушы көпір қызметін атқарған.