1. Ежелгі сақтардың дүниетанымдық ұстанымдары мен рухани құндылықтары Жауабы


Қожа Ахмет Йассауидың сопылық ілімі және ондағы рухани-адамгершілік құндылықтар



бет28/67
Дата15.02.2023
өлшемі325,34 Kb.
#68026
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   67
34. Қожа Ахмет Йассауидың сопылық ілімі және ондағы рухани-адамгершілік құндылықтар.
Қожа Ахмет Ясауи (1093 ж.ш., кейбір деректерде 1103, 1041, Сайрам (Исфиджаб) — 1166 ж. Түркістан (Ясы)) — түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, пәлсапашы. Қожа Ахмет Ясауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Ясауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Ясауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. IX ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағы да басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, Х ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Ясауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр Ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата) (Кашифи, “Рашахат-ул айн-ил хайат”). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Ясауидың “Мират-ул Қулуб” атты мұрасын хатқа түсірді. 
Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Ясауи «әзіреті сұлтан» аталып, басына XIV ғ. аяғында атақты Әмір Темір күмбезді сағана орнаттырады. Жалпы дәстүрлі түркілік сопылық рух пен Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы “Диуани Хикмет”, “Мират-ул Қулуб”, “Пақырнама” сияқты мұраларынан көрінеді. Қожа Ахмет Ясауи сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының негізін моральдық-этикалық және сопылық хикметтер деп жіктеуге болады. Ясауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік ахлақи мәртебесіне және “инсани камил” дәрежесіне жету мәселесін қарастырады. Қожа Ахмет Ясауидың дүниетанымдық тұжырымдамасының теория негізін шариғат пен мағрифат құраса, ал тәжірибелік негізін тариқат белгілейді. Қожа Ахмет дүниетанымының мәні – “адамның өзін-өзі тануы” арқылы “Хақты тануы”. Бұл жолдың алғашқы мақамы (басқышы) – “тәуба”, соңғысы “құлдық” (убудийат, абд). Бұл жолдағы адам “жаратылған – мен” екендігінің ақиқатына, жаратылыс сырына көзі жеткенде, өзінің адамдық парызы – “Алла мен адамның және адам мен қоғамның” арасында “көпір – жол” болу екендігін ұғынады.


Қожа Ахмет Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат), ол “Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін” – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. “Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар” деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз ашқ (махаббат) жолы. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында “дертті адам”, “топырақ адам”, “кемел адам”, сондай-ақ, “ғарип адам” тұлғалары да дәріптеледі.
Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Ясауише хикмет жазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Хаджи Бекташ Уали, Жүніс Әміре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Ясауи сарыны байқалды. XII ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Ясауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   67




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет