1. Ежелгі сақтардың дүниетанымдық ұстанымдары мен рухани құндылықтары Жауабы


Асан Қайғының рухани-әлеуметтік ізденісінің құндылықтық мәні және «Жерұйық» мәселесі



бет33/67
Дата15.02.2023
өлшемі325,34 Kb.
#68026
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   67
41. Асан Қайғының рухани-әлеуметтік ізденісінің құндылықтық мәні және «Жерұйық» мәселесі.
Ай хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің,
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің, - деп, ханның елді өз бетімен билеп-төстеу, қаһары түскен адамын өлім жазасына кесу хақысынан айрылып, рубасы ақсақалдарсыз ешбір мәселені шеше алмайтын күйге жетуін жырмен жеткізген дала философы Асан қайғы бабамыз.Ия, менің осы мақалам да желмая мініп, жер кезген Асан қайғы философиясына арналмақ. Ең алдымен Асан қайғы кім деген сауалға жауап берер болсақ, Асан қайғы:
Ақын
Жырау
Философ, ақылшы, би
Реформатор, мемлекет қайраткері
Ел болашағы үшін қызмет еткен ұлы бабамыздың бірі. Аты аңызға айналған біртуар тұлға Асан қайғы Сәбитұлы бір деректерде Еділ бойында дүниеге келген. Қазақ тарихшысы Құрманғали Халитұлы «Тауарих хамса» атты кітабы бойынша, Асан қайғы-Шыңғыс ханның замандасы ұлан Майқы бидің алтыншы ұрпағы.Бұл-қазақ халқының «Түгел сөздің түбі бір,түп атасы Майқы би» деген мақалындағы Майқы,Шыңғыс ханның тарихтан белгілі әскербасыларының бірі Үйсін Майқы екенін айта кету керек. Асан қайғыға қатысты аңыздарды өз кезінде бірқатар Ш.Уәлиханов, Г.Потанин секілді этнограф-ғалымдар өз зерттеу нысанына айналдырған еді. Ш.Уәлиханов Асан есімін өзінің зерттеу еңбектерінде бірнеше рет атап көрсеткен. Зерттеуші ғалым Асан абызды қазақ ханы Жәнібек ханның билік құрған тұсымен байланыстыра отырып, дала халқы күні бүгінге дейін пәслсапашы Асан қайғы туралы аңыздар мен оның адамгершілік туралы өсиеттерін аузынан тастамайтынын баса айтып өтеді. Сонымен қатар, ғалым Г.Потанин де Асан қайғы туралы аңыздарға көңіл бөліп, көшпелілер философы туралы екі аңыз нұсқасын жазып алған. Тағы бір зерттеулерде атақты Берке хан Жошының үшінші ұлы, Батудың інісі дүниеден қайтқан соң Алтын Орданың тағына таласқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлық Мұхаммед болғаны айтылады. Белгілі жазушы М.Мағауин өз еңбегінде: "Қазақ "Орманбет хан өлгенде, он сан ноғай бүлгенде" деп күй тартады. Халық аңыздарында қазақ-ноғайдың айырылуын Орманбет ханның есімімен байланыстырады. Тіпті Орманбет хан өлерінде айтқан екен деген бірер шумақ жыр да бар:
Таудан аққан бұлақтың
Аяғы тартар теңізге,
Санды айдаған бай болса —
Қуанбай қоймас егізге,
Жақсыдан туған жаманды
Жамандай берме, жараңдар,
О да бір тартпай қалмас негізге.
Бұл Орманбетті қазақ шежіресі жəне кейбір зерттеушілер кəдімгі тарих-тан белгілі Ұлұғ-Мұхаммед хан деп түсінеді» —деген пікірді алға тартады. Асан қайғының ерен зор талантын ерте байқаған Ұлық-Мұхаммед оны өзіне ақылшы, бас би етіп, сарайында ұстайды. Асан жырау сол Алтын Орда ханымен бірге ел билеуіне араласады.Сонымен қатар зерттеуші Қ.Халид «Тауарих хамса» еңбегінде Асанның өмірі мен шығармашылығы турасында ел аузынан тарихи деректер жинап, Асан Қайғының өмір сүрген мезгілін анықтауға тырысады. Асан қайғыны әуелі Кіші Мұхаммед хан жанында Сарайда болған, кейін Ұлық-Мұхаммед хан қасында болған деген пікір айтқан болатын. Бұл пікірдің зерттеуші-ғалым Ә.Дербісалин тарихи шындыққа сәйкес еместігін атай отырып, аңыз Асанды Жәнібек заманының адамы етіп көрсететінін айтады. Ғалым М.Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты еңбегінде Асан қайғы туралы ойды толғай отырып, ол туралы аңыздарды халық аңсаған арман-тілек бейнеленген кейіпкер екенін аңғартады. Асан қайғы шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ халқының өзекті мәселелерін арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып табылады. «Қырында киік жайлаған»,«Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің»,«Құйрығы жоқ, жалы жоқ»,«Еділ бол да, Жайық бол»,«Қырында киік жайлаған», «Таза мінсіз асыл тас», «Бұл заманда не ғаріп?», «Есті көрсең кем деме», «Көлде жүрген қоңыр қаз» сынды әрбір толғауының өзіндік мән-мағынасы бар. Ел ішіндегі шежіре сөздер мен күй аңыздарына қарағанда, Асан қайғы халық қамын ойлаған ақылгөй, дана ғана емес, сонымен бірге дәулескер күйші де болған. Біршама күйлердің аты мен аңыз әңгімесі бүгінгі күнге дейін айтылып жүр. Алайда Асан абыздың бүгінгі күнге «Ел айрылған», «Асан қайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты санаулы күйлері ғана жеткен. Жұрт санасынан ойып орын алған Асан - халық бақытын,ел тыныштығын ойлаған дана әрі дара қария. Ел аралап, жер кезген Асан қайғының негізгі арманы халыққа жайлы қоныс іздеу болғандығы баршамызға мәлім. Желмаясын мініп ап, Асан қайғының аралаған жерлеріне айтқан сындары мен берген анықтамалары сол өз заманының талап - тілектері мен халық жағдайынан туған болжамдар болса керек. Фольклорлық деректер бойынша, Асан Қайғы Қазақстанның және Орта Азияның жерін желмаясына мініп көп кезген ақылгөй, дана болып суреттеледі. Оның бармаған жері, баспаған тауы жоқ десек те болады. Себебі жер жәннәтін іздеп, табу - баяғы Қорқыт заманынан келе жатқан әлеуметтік сарын. Көшпенділер философы атанған Асан қайғы өз заманындағы қоғамдық өмірге үңіле қарап, халықтың тартып отырған ауыр азабын - аш жалаңаштық, жұт, апат, өзара қырқысқан жаугершілік, әлеуметтік теңсіздікті көріп назаланды, күңіреніп, қайғырады. Оның ғайыптан армандаған Жерұйығы - суы сүт, топырағы май, тасы алтын, ағаш басы толған жеміс-жидек, жұрт қайғы-қасіреттен аулақ құтты қоныс, оған жеткен елді жау алмайды, онда ел аласы, ру таласы жоқ, "қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды," - деп санаған болатын. Асан жыраудың жер туралы сындары терең философиялық мағына-сымен халық есінде қалған. Көптеген сындары əлі күнге дейін өз мағы-насы мен маңызын жоғалтпаған. Сондағы Асан қайғының желмаяны жел-діртіп жүріп əр жерге, суға, тауға айтқан сындарының біршамасына тоқталсақ: Яссы қаласын (қазіргі Түркістан) олардың қожа-молдаларын көргенде: «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, өрі арық, жұрт сорлысы мұнда екен»,— депті. Шымкент пен Сайрамды көргенде: «Екі басса бір базар,малда береке болмайтұғын, екі басса бір мазар,бас-та береке болмайтұғын, базары жақын байымас, мазары жақын көбей-мес», — деген екен.
Алатауға келгенде:Түні суық, күні ыстық, жер даласы,
Ананың емшегіндей сай саласы.
Төрт елі топырақ асты алтын екен,
Ішпей-жемей тоятын айналасы, — депті. Асан Жерұйықты іздеуде деректер бойынша Ақ Ордадан бастап, жеті өзенге шейін сапар шегеді. Дүниенің төрт бұрышын аралайды. Алайда оның барған жерлері өзіне ұнамайды.Қай жерге барса да, сол жердің өзіне ұнамайтын тұстарын айтып кеткен. Түркі халықтарының көшпелі қоғам өркениетінің өкілдері арасында тарихта Асан қайғыға тең келетін тарихи тұлға жоқ. Асанның Жерұйықты іздеуін мифтік құбылыс деп қарастырып, қиял жанрындағы аңыз ертегілер қатарына жатқызуға мүлде болмайды. Асан Қайғы таным мен түйсіктердің тоғысуынан жаңа мазмұнды қорытындылар шығарып отырды. Жерұйықты іздеу барысында Асан жүрген жеріндегі жақсы қонысқа, жаман қонысқа баға беріп отырды. Асан қайғы Жаратушының мейірімділігіне үміт арту арқылы сабырлық сақтап, пендеге түсініксіз өзінің "кезбелік” философиясының жүйесін жасаған. Көшпелі өркениетті құтқару үшін Асан адамдарды табиғатқа, дүние құбылыстарына зер салуды айрықша насихаттайды. Асанның іздегені адамға Алладан жіберілген алғашқы ақиқатты табу, соған көз жеткізу. Табиғат заңдылықтарының адам өміріне байланысы жөнінде Асан ой-тұжырымы нақтылы. Адамның адамгершілік қасиеттері табиғаттың әсемділік заңдылықтарынан тәлім алып, нәр алып отыруы тиіс. Адам бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасуының алғышарттары табиғаттағы шынайы үйлесімдіктен, сұлулықтан бастау алады. Сондықтан да Асан қайғы эстетикалық мәселелерді, олардың қоғамдағы көрінуі, шешілу бағамдарына тоқтала бермеген. Адамға аса қажетті көшу-қону процесінде кездесетін қолайсыз табиғат құбылыстары, әсіресе мал асырауға қолайсыз болса да, тіршіліктің басқа салаларына қажеттілігін дәлелдеп, анықтап айтқан. Жерұйық идеясын бүкіл халқының қамын ойлаған Асан қайғының елді ынтымақ,бірлікке, шынайы түсіністікке,адал еңбегі арқылы мамыражай өмірге же-туге шақырғаны деп түсінгеніміз жөн. Ел мүддесі мен жұрт қамын өз міндетім деп санаған жыраудың шығармаларында қашанда өмір шындығынан ой түю, жинақтаулар басым. Мұнда қоғамдық мәні бар ірі мәселелермен қатар, адамдар арасындағы алуан қарым-қатынастар мен солар туралы сындары да қоса айтылады. Мәселен, адамгершілік пен зұлымдық, байлық пен кедейлік, достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, әділдік пен жауыздық, білімділік пен надандық секілді күрделі мәселелер кеңінен сөз болып сарапталады. Аристотель, Кант, Гегель сынды ойшылдардың том-том шығармаларында, трактаттарында қарастырылған күрделі философиялық мәселелер, диалектикалық идеялар қазақ философиясында кейде бір ауыз сөзбен түйінделеді. Асан қайғы туындылары да осы сөзімізге саяды. Халықты ынтымақ,бірлікке, достыққа шақырып, сөз маржанын тізбектеп, терең ойды топшылап өткен Асан жырау :
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас —
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз —
Шер толқытса шығады, — деп көңілдегі көрікті ойдың адам сезімімен байланысты туатынына пəл-сапалық тұжырым жасаған. Жалпы, ұлы ақын сөздеріне тереңдік пен ойлылық тән. Ол тереңнен толғап, қияндағыны көздейді. Өткенді еске алып, өзінше ой түйіндейді. Осылайша, Асан қайғы халықтың дүниеге деген идеялық қатынастарын өз пайымымен қорытып, оны жаңа деңгейге көтере білген. Көптеген зерттеушілер Асан Қайғының философия дүниетанымы үш бөлімге топтастырып, қарастырады: - этикалық дүниетаным – дана қарт жыраудың философия ойларының өзегі іспеттес. Яғни, адам, адам бойындағы басты қасиеттері, олардың мәні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған. - Асан Қайғы философиясының басты бағыттарының бірі - адам өмірінің мәні, мақсаты, өлімнің растығы, қоршаған дүниені тану мәселелері екенін байқауға болады. Поэтикалық таным және философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін Асан жырау өз толғауларында толық көрсетіп берді. - соңғы бағыты ретінде Асан Қайғы гуманизмін айта аламыз. Адамзатқа деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ секілді түркі халықтары арасында Асан Қайғы есімі құрметпен аталады. Сөзімізді түйіндесек, тарихта аты қалған ұлы тұлғалардың әрқайсысының өзіндік орны болады. Қазақ дейтін халықтың басын біріктіруде Асан Қайғыдай данышпанның болуы қазақ халқы үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Біздің ұлы жұртымыздың басым бөлігі мыңдаған ғасыр бойына көшпелі өмір салтын ұстанды. Асан Қайғы бабамыз осы тіршіліктің түйінін тапты. Ол – Жерұйық болатын.Сонымен қатар ол ұлы-ұлы мемлекеттердің – Алтын Орда, Ноғайлы ұлысы, Қазақ хандығының бас биі, ақылшысы, бастаушысы, елшісі, ұраншысы, сол мемлекеттің ең басты қағидаттарын қалып­тастырушы, құраушысы еді. Асан қайғы бар­лық жыраулық-дастаншыл ақындардың атасына айналды. Ол – ұлттық тұлға. Ол өз халқына бақыт тіледі,оның болашағын ойлап қайғыға батты.Сол себептен Асан Қайғы атанып тарих беттерінде есімі қалды. Тереңдей үңілгенде Асан Қайғы бабамыз, бүгінгі қазақ мемлекеттігінің дипломатиялық мектебін қалыптастырды. Ел мен елді жауластырмау, достастыру,татуластыру, бейбіт өмір сүру қағидатын тұңғыш рет әлемнің жарығына алып шықты. Ол сөз әлеміне де өз өрнегін салды. Асыл сөздермен өрнектелген толғаулар қалдырды. Асан қайғы – тек қана қазақ жұрты емес, бүкіл түркі жұртшылығының қастерлеп жүрген ұлы тұлғасы. Қазақ үшін Асан қайғы – халықтың жанашыры, ақылгөйі, данышпаны, елдің бірлігін, қамын,тыныштығын ойлаған қайраткер.Қазақ­тың жер көлемін шолып, баға беріп, небір асыл ойларды қалдырған Асан қайғы есімі бүгін де, келешекте де ұмытылмайды. «Өзі зордың болады ығы да зор» деп Абай атамыз айтқандай, Асан Қайғы бабамыз туралы ең әуелі өз дәуірінде айтылды .Оның бірқатары уақыт өте аңыз әңгімеге, ертегіге,тарихи жырларға айналды. Асан абыз қариялық қалыпта ханнан да қаймықпай сөз айта алатын жарқын жаратылыстың дәл өзі болған еді. Асан Қайғы қазақ халқының от тілді,орақ ауызды ақындары, ділмар шешендері мен көсемдеріне үлгі боларлықтай абыз адам десек артық айтқанымыз емес.
Жерұйық (философия) Руникалық жазбалардан Тәңірдің қалауымен Түркі мемлекетінің құрылғандығы туралы мәліметтер көп. Жалпы мемлекет Енисей руникасында «Құдай қалауындағы ел» деп аталады. Бұл көне мифологиялық цикл Түркі қағанатының мемлекеттік культінің ажырамас бөлігі. Бүгінгі таңда Орхон жазбаларындағы көне түркілердің мемлекеттігінің және қағандардың дүниеге келу ерекшелігі, Ашина руынан тараған түркілердің тектілігі, жалпы түркі халқының қаһармандығы жан-жақты зерттелген. Руникалық жазбалардағы фрагменттік мәліметтер бойынша көне түркілер мифологиясы – мазмұны жағынан архаикалық болып келеді, атап айтқанда көне түркі мифологиясы тотемді генеологиялық және космогониялық болуымен ерекше екендігі де белгілі. Түркі мифологиясындағы көне түркі мемлекеттігінің пайда болуы туралы миф салыстырмалы түрде элитарлы және сакральды бұқаралық биліктің көрінісі, мифологиялық тұрғыдан жаңа қабатты бейнелейді. ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлттық бірегейлік туралы» сөз қозғағанда «халықтың рухының жерұйығы» туралы ой тастайды. Жалпы «Жерұйық» ұғымының концептілік этимологиясын, мифологиялық тұғырнамасын анықтау маңызды мәселе. «Жерұйық» дегенде біріншіден, құтты мекен ойға оралады, ол қазақ халқының тарихында Асан қайғының философиясымен тығыз байланысты. Себебі, Асан қайғы жел маясына мініп халқына Жерұйық іздейді. Сонда «жерұйық» дегеніміз қандай жер және бүгінгі заманда қазақ халқы өз жерұйығын тапты ма деген сауалдарға жауап іздеу кезек күттірмес мәселе. Орхон-Енисей руникалық жазбаларын негізге ала отырып және оларды археологиялық, этнографиялық, мифологиялық деректермен толықтыра отырып, көне түркілердің дүниетаным түсінігін және олардың космогониялық танымын анықтауға негіз бар. ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Бұдан 1,5 мың жыл бұрынғы ғұн нәсілдері – түркілер – Ашина руының түркілері – Ордос алабынан ауған жүнді тайпаларының ежелгі ақсүйек әулиетінен тараған ұрпақтар. Осынау жаңа рухани толқынның тоғысында тұңғыш Түркі қағанаты – Мәңгілік Ел бой көтереді. Бұл үшінші империя жергілікті сақ тайпаларын бұдан арғы мыңжылдықта ғұндардың арынды асау рухының ықпалымен таратып жіберіп, Байкалдан Каспийге дейінгі байтақ өлкені жайлап келген Түркі тайпаларымен біріктіріп, барлығын өз қанатының астына жинаған» [1], – деп атап көрсетуі Қазақ даласының ұлы түркі елінің қара шаңырағы екендігін айқындай түседі. «Жерұйық» концепциясының негізін түркілер заманынан іздеу осынысымен маңызды. Танымал мәдениеттанушы ғалым, профессор Ақтолқын Құлсариева «Қазақ ұлтынан қазақ еліне» атты мақалалар жинағында «Тәуелсіз Қазақстан идеясы – Жерұйық Қазақстан» атты мақаласында: «Біздің ұлттық идеямыз да, ұлттық идеологиямыз да биік азаматтық құндылықтарға негізделген ұлттық келісім рухы негізінде құралып, тәуелсіздік құндылығын ұлықтауы тиіс. Ал сол айтылғандардың барлығын өз бойына сыйдыратын, қысқа да нұсқалығымен бағалы идея «Жерұйық Қазақстан» болмақ», – дей келе, «Жерұйықты желмаямен іздеген арманшыл Асан қайғыдай өз еліне малға шүйгін жері бар, жанға жайлы елі бар болашақ тілейтіні мәлім. «Құтты қоныс» іздеу – әлем халықтарының дүниетанымында жақсы өмірді күткен арман-аңсардан туған рухани интенция» [2], – деген салиқалы ой білдіреді. Яғни, «Жерұйық» концепциясы ғалымның пікірінше, халқы тәуелсіздік құндылығын ұлықтаған құтты қоныс. Себебі, түркі халықтарының рухани әлемінде өзіндік жинақтаушы күшке ие болған ұғымның қатарына «құт» феноменін жатқызамыз. Барлық елдердегідей түркі тілдес тайпалар да бір-біріне жақсы лебізін, игіліктің көбеюін білдіруте тырысқан. [3]. Бұл турасында белгілі түркітанушы ғалым, Ахмет Ташағыл көне түркілер үшін тәуелсіздіктің маңызын Орхон-Енисей жазбаларының мән-мәтінімен түсіндіреді. Оның ойынша «Жерұйық» – түркілер дүниетанымындағы тәуелсіздікпен байланысы бар құтты мекен. «Себебі, түркілердің тәуелсіздікке қол жеткізуі және оны жоғалтуы жайында Орхон жазба ескерткіштерінде барынша тәптіштеліп түсіндірілген. Онда тәуелсіздікті жоғалтудың халық үшін өліммен тең екені, тәуелсіздікті алудың қайта тірілумен, жанданумен бірдей болатындығы және халықтың осындай оқиғалардан сабақ алу керектігі баса айтылған» [4], – деп атап көрсетеді. Егер тарихи деректерге сүйенсек, 630-680 жылдары арасында түркі мемлекеті Қытай басқыншылығына ұшыраған кезеңде тәуелсіздік жолында бірнеше рет көтеріліске шыққандығы белгілі. Нәтижесінде 679 жылы басталған көтеріліс 682 жылы Түркі мемлекетінің тәуелсіздік алуымен аяқталды. Бұл – Түркі қағанатының толық тәуелсіздікке мән беруінің маңызды дәлелінің бірі. Түркілер тәуелсіз мемлекетін сақтап қалу және оны дамыту үшін атадан жеткен асыл мұра – «Жерді» көзінің қарашығындай сақтаған. Көне түркілер дүниетанымында «мемлекет» – билеушінің жеке меншігі емес, Тәңір тарабынан берілген «құт» ретінде көрініс тапқан. Көне түркілер заманында ата-баба жерінің тәуелсіздігін сақтау және оны құтты қонысқа айналдыру – «Жерұйық» концепциясының архаикалық формасы болып табылады. Әрбір халықтың өзіндік тұрмыс-салтын туындатқан дүниетаным мифологияда өзіндік болмыс-бітім қалыптастырады. Мифтер ғылыми білім санатына жетпесе де, көне дәуірлерде орын алып, артынан ешбір із қалдырмаған белгілі бір оқиғалардың бетпердесін ашуға қабілетті және ғылыми талдау үшін нақты дерек бола алатын фактілер санатына жатады. Мифология мен дін тарихын зерттеуші Мирча Элиаде былай деп жазады: “Миф белгілі бір қасиетті тарих туралы, яғни Уақыт басында, ab initio… болған алғашқы оқиғаны сөз етеді. Бұл әрқашан “жаратылыс” туралы, белгілі бір заттың қалайша қалыптасқандығы, яғни өз тіршілігін қалай бастағандығы туралы сөз” [5]. Дж.Ф. Бирлайн: «Миф – адам баласы үшін барлық уақытта да бейне бір өзгермейтін, тұрақты дүние. Мифте көрініс тапқан жалпы модельдер, сюжеттер, тіпті ұсақ детальдар барлық жерде немесе затарда кездеседі. Оны басқаша айтқанда, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың естелік мұраларының жиынтығы. Миф – біздің дүниетанымымыздың құрылымында көрініс тапқан. Ол қанымызда, генімізде таңбаланған» [6]. Мәдени жәдігерлердегі мифтерді ұрпақтан ұрпаққа берілетін тек жалаң мәтіндер корпусы ретінде қабылдау бүгінгі әдістемелік тұрғыдан қате пікір, расында ол жәдігерлерден аға ұрпақтың әлемді қабылдау бейнесіне қатысты идеалдардың немесе түсінік-ұғымдардың жиынтығын семиотикалық деңгейде аңғаруға мүмкіндік мол [7]. Ерте орта ғасырдағы түркілердің мифологиясының мәдени антропологиялық, философиялық, гнесиологиялық және теологиялық тұрғыдан зерттеліп жатқандығын негізге ала отырып, көне түркілердің исламға дейінгі дүниетанымындағы «Жерұйық» концептісінің мазмұнын қарастыру үшін, ең алдымен көне түркілер дүниетанымының негізгі ұстыны саналатын Тәңірлік діни ұстанымына және оған қатысты зерттеушілер пікіріне тоқталу қажет. Зерттеуші Р.Байымбетованың ойынша: «ҮІІ-ІХ ғасырларда жазылған ескерткіштер тілі көне түркілердің діни-мифологиялық дүниетанымын көрсететін Тәңірлік идеясы негізгі төрт бағытты қамтыды. Бірінші – Жалғыз жаратқан Ие – Тәңірге тағзым ету; екінші – мәңгі өзгермейтін әлем, Тәңір мекені – Көкті киелі санау; үшінші – тіршіліктің өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп отырған, адам мекені – Жер-суды киелі санау; төртінші ата-баба рухын қадірлеу” [8]. «Жер-су» ұғымы ландшафтты сипаттама жағынан әлем бейнесінің этносаяси немесе антропологиялық тұрғыдан «жеке жерге» ие болу деген мағынаға сай келеді. Көне түркілердің этносаяси кеңістігі «жер-су» ұғымына эмоцианалды тұрғыдан белсенділік қасиеті берілген. Егер ол өзіндікі болса – қорғаушы, бөтен болса – дұшпандық. Сондықтан «жер-су» ұғымы түркілер дүниетанымында тек қасиетті ғана емес, тайпалық құдырет ретінде көрініс тапқан. Сол арқылы түркі мифологиясына енген. Оны Күлтегіннің жазуындағы «Көкте түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы» [9] мәтін мазмұнынан байқауға болады. Көне түркілер дүниетанымындағы Орта әлемінің қасиеттісі де «Жер-су» болып саналған. Ол Орхон жазбаларының мәтін мазмұны бойынша Тәңір және Ұмаймен бірлікте түркі халқына қамқорлық танытады. Көне түркілердің діни-мифологиялық тағылымдарына тоқталар болсақ, Орхон руникалық жазбаларының мән мәтінінде Тәңір, Ұмай және Жер-Су наным-сенім ұғымдары берілген. Академик С.Г. Кляшторный Сібір-Орталық Азия мифологиясының негізінде сол кезеңдегі халықтық дүниетанымда өзіндік құдайлардың классификациялау жүйесі орын алғандығын алға тартады. Атап айтқанда, макрокосм ежелгі түркілерді Жоғары, Орта және Төмеңгі трихотомды әлемдерге бөлген, олардың арасында жанды заттар, құдайлар және перілер болған. Бұл трихотомды концепция әлемнің көлденең моделін тігінең суреттейтін моделімен толықтырды. Оның ойынша, Көк Тәңірі Жоғары әлемнің билеушісі және көне түркі пантеонының құдайы болды. Көк Тәңірі басқа құдайлармен бірлесе отырып, адамдардың тағдырын билеген. Тәңір қағандарға билік пен даналықты сыйлады. Жоғары әлемнің тағы бір құдайы Ұмай ана адамзат баласына өмір сыйлаған. Өлім көне түркі мифологиясы бойынша Эрклигтің қолында. Түркі мифологиясы Орта әлемде «Жер-Суды» киелі санады. Бұлардан басқа, С.Г. Кляшторный Х ғ. «Ырқ бітіг» деп аталатын Дуньхуан үңгірінен табылған руникалық жазбадан «Жол Тәңірі» деген атқа ие бірі ала, бірі қара аттағы жолдың құдайын айқындайды. Жол Тәңірі бейнесі түркілердің мемлекеттік культімен тікелей байланысты деп дәлелдейді. Орталық әлем мен Жоғары әлемнің арасы ардайым байланыста болған. Аталған байланыс халықтың сыйыну тілегімен көрініс тапқан [10]. Міне, С.Г. Кляшторный көне түркі мифологиясына байланысты архаикалық Орталық Азия наным-сенім кейіпкерлері ретінде жоғарыдағы наным-сенім иелерін көне түркі пантеонының басты сипаты ретінде көрсетеді. Аспан ғарыштың бөлшегі ретінде мифологияда және Орхон-Енисей жазбаларында «Көк-Тәңірі» деп аталады. «Көк аспан» – ұшу, көтерілу секілді етістіктермен сипатталады. Ал жер көне түркі мифологиясында төрт бұрышты, шаршы кеңістік. Күлтегіннің жазуында «Төрт бұрыштың бәрі жау еді» деген мәтін түркі әлемінің дүниетанымдық шекарасын көрсетеді. Ышбара қағанның хатында өздері мекен еткен аймақтан тыс мекенде «төрт теңіз» бар екендігі суреттеледі. Оны жердің төңірегіндегі әлемнің мәңгі өзгермейтін негізі немесе әлемнің шегі деп түсінуге болады. Руна ескерткіштерінің авторлары үшін әлемнің құрылысы көгілдір аспан адамдар мекен еткен әлемді яғни жерді жауып тұратын төбе. Атап айтар болсақ, Төбе өзенінің маңында табылған ескерткіштің соңғы екі жолында: - О, менің көк аспаным, бізге шатыр болар көр! - О, менің елім-Еділім, мәңгі жасай гөр! – деп жазылуы, түркілердің әлем түсінігін танытады. Бұл жөнінде Ышбара қағанның 585 жылы суй императорына жазған мына хат мәтіні жоғарыда көрсетілген көне түркі әлем моделін дамыта түседі. Мазмұнына тоқталар болсақ: «Аспан жауып тұрады, жер көтеріп жүреді, жеті ғаламшар сәуле беріп тұрады». Тағы атап кетер басты жайт, дәл осындай үйлесімді қайталау 600 ж. Кимін қағанның хатында да кездескен [11]. Ал ҮІІ ғасырда өмір сүрген Феофилакт Симатта Күлтегін ескерткішінде көрініс тапқан «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған» деген сөз тіркесі бойынша мүлдем керісінше ой айтады. Ол өз заманында түркілер «жер мен аспанды жаратқан бір Құдайға табынады» [12] деп, мәлімдейтін дерек қалдырған. Ғалымдар пікірінің тоғысқан жері Орта әлемде көне түркілер «Жер-Суды» киелі санағандығында. Ата-бабасынан мирасқа қалған жерді киелі санау, Жерұйығын қасиет тұту көне түркі мифологиясында нақты көрініс тапқан. Себебі, Жерұйық – ежелгі түркілік «ыдық йер-суб» мифтік кеңістігінің қыпшақ тілді ортадағы кейінгі өзгерген атауы. Көне түркілік ыдуқ – «қасиетті» сөзі «үйекке» айналып кеткен, яғни Жер-Ыдуқтың көктүркілік «отты кеңістік» – Отұқ Кеңг – Ыдуқ Кеңг – Өтүкеннің соңғы өзгерісі, қазақ ұғымындағы сарқыншағы болып табылады. Дж. Клоссонның пікірінше, «Жер-Су» ұғымы Құдай емес, тәңірідей құрметтелген киелі ел, өлке, жер тараптың тұлғасы болған, яғни ол да Өтүкен, Ергенеқон образдарының синонимі болған деп шамалауға болады [13]. Бұл турасында Ахмет Ташағыл: «Отанға деген сүйіспеншілік Орхон жазба ескерткіштерінде анық сипатталған. Сонымен қатар орталық Отүкен түріктер ұғымында қасиетті деп саналған. Себебі, көк түркілердің астанасы – Отүкен»,- деп атап көрсеткен. Түркілер мифологиясындағы «Жер-су» Орхон-Енисей ескерткіштерінде «Көк аспанға» оппозиция ретінде орын алған, жалпы, киелі деген мағынаны білдіретін терминологиялық ұғым болып табылады. «Жер-су» ұғымы ландшафты схема бойынша киелі тау шыңына пара-пар тігінен сипатталатын жазықтық немес кеңістік болып табылады. Оны С.Г. Кляшторный «священная Отюкенская чернь» [14], деп сипаттайды, бізше айтқанда «Жерұйығы» және көне түркі мифологиясы бойынша әлемнің кіндігін білдіреді, қағандар ордасын тіккен, түркі халқы мекен еткен, «төрт тарапқа» – «алға», «артқа», «оңға», «солға» жорыққа шыққан. Көне түркі түсінігінен қалған мифтік абыз-ақынның образы Асан қайғы турасында ой қозғауға алып келеді. Атап айтқанда, «Асан – «аспан адамы», қайғы – «ақын, жырау, сазгер» деген туынды мағынаға ие екендігін, Асан қайғы – «аспан жыршысы» екендігін ғана айта аламыз», – деген С. Қондыбайдың зерттеушілік пікірі, Асан қайғының «киелі жерді іздеген Асан» және көктүркілік «халқын киелі жерден, атамекеннен шығарған Асянь-шадты» бір трафаретке еңгізілген образ деп көрсетеді [15]. Л.П. Потапов та Тәңір, Ұмай, Жер-Су үш құдайына сену – көне түркі қоғамында барлық топтарға таралды [16] деген пікір білдіреді. Осы негізде үш мифтік шығармашылық цикліне арналған алты мифологиялық сюжет ғылыми айналымға енді. Атап айтқанда, 1. Космогония және космология: әлемнің пайда болуы, оның құрылымы туралы және ғарыштық апат туралы мифтер; 2. Пантеон және социум: құдайлар туралы, құдай қалауындағы мемлекеттің және Тәңірі дүниеге алып келген қағандар туралы мифтер; 3. Этнология және генеология: түркі тайпасының шығу тегі туралы және түркі халқының қаһармандары туралы мифтер. Осы алты мифологиялық сюжеттің әр қайсысында «Жерұйық» концепциясының негізі жатқандығына көз жеткізуге болады. Дәстүрлі түркілік дүниетанымда космологияның көшірмесі болып табылатын адамның жаратылуы да әлемнің орталығында жүзеге асқан. Мысалы, Месопотамия мәдениетінде адам Жер жүзі мен Көк арасындағы «көпірдің» орналасқан жері – «жердің кіндігі – Жерұйықта» дүниеге келген. Осы символдық бейнелеулер түркілік космологияның да негізгі ұстындары болып табылады. Негізінен, ескі түркі космологиясы «Жерұйық» концепциясы негізінде қалыптасқан. Түркі мемлекеті, түркі ордасы дүниенің төрт бұрышының түйіскен жерінде, яғни дәл орталығында, әлемнің кіндігінде орналасқан. Әлемнің кіндігі – Жерұйық ең алғашқы құдайлық бастаманың, яғни адамның жаратылыс негізі болғандықтан да киелі. Көктеме, жайлау, қыстау, күзеу – бұлар көшпелі қоғамның мемлекеттік шекарасы қызметін атқарады. Бұл кеңістіктер Тәңір тарапынан аталарына берілген мирас болғандықтан да қасиетті, киелі отан болып табылады. Өйткені, бұл кеңістіктер түп аталарының сүйегі жерленген – Жерұйық [17]. Бұл туралы Орхон стеллалары, Енисей қырғыздарының жазбалары, көне ұйғыр руникалық және курсивті мәтіндері, қимақ, қыпшақ, ғұз, қарлұқтар туралы мұсылман авторларының және Ұлы қорғанның солтүстігінде тұратын тайпалар туралы қытай деректеріндегі хабарламалардан да білуге болады. Дүниетанымды табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынастық көзқарас тұрғысынан әлемді рухани түсіну, тану деп білсек, әр алуан маңызы бар адам бойындағы наным-сенім, сезім, көңіл-күй, талап дүниетанымға бірігіп, адамдардың әлемді түсіну, сол арқылы өзін түсіну, өзін қоршаған әлемде жайлы сезінудің біртұтас түсінігін қалыптастырады. ХХІ ғасырда қазақ халқының Жерұйығы – Тәуелсіз Қазақстан. «Тәуелсіз Қазақстан – Жерұйық Қазақстан» концепциясының бірлігі дұрыс екендігіне де толыққанды көз жеткіздік. Өйткені аталмыш концепция түркі әлем бірлігі мен бүгінгі қоғамдық тұтастықты көрсетеді. «Жерұйық» концепциясының тарихи, мифологиялық, философиялық мазмұны ұлттық рухымыздың түп-тамырынан сыр шертетіндігі, дүниетанымдық ерекшелігі – көне түркі мифологиялық бастауларынан қайнар алатындығы бүгінгі ізденісімізде толыққанды негізделді. Жаһандану заманында Қазақстан азаматы өзін ғылымға, саясатқа, мемлекеттік өмірге жеке қатыстымын сезіндіруге мүмкіндік беретін тәуелсіздікпен орныққан, ұлттар мен ұлыстардың қасиетті, құтты мекеніне айналған «Қазақстан – Жерұйық» ұлттық идеясының концептуалды мазмұнын түйіндейтін болсақ, «Жерұйық» концепциясының тұғырнамасы түркі дүниетанымында көрініс тапқан. Негізгі мағынасы тәуелсіздік құндылығын ұлықтанған, ұлттар мен ұлыстар үшін құтты мекен саналатын қоныс. «Жерұйық» концепциясы – елдің ұлттық дүниетанымын, халқымыздың дара болмысын, этномәдени кеңістігін сипаттайтын, біртұтас этнотарихи жадында жалпытүркілік суперэтностың қыл өтпес тұтастығын және ұлттық идеяға ақпараттық негіз болар феномен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   67




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет