Сондықтан мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыра бастады. Оның ең бастысы – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті.
Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс – жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті жекешелендірусіз нарыққа нақты көшу мүмкін емес еді. Бұл қадам нарық субъектілерін құру тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге халықтың бойында меншік иесі психологиясын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды. Сондықтан да республикада ауқымды жекешелендіру жүргізілді. Бүгінде оны өткізудің 4 кезеңін даралап айтуға болады. Алғашқы үшеуі мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ерекшелігімен байланысты болса, төртінші кезең мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіруге екпін түсуімен сипатталады.
Біз шағын жекешелендіруден бастадық. Алғашқы кезеңнің барысында 1991-1992 жылдары 5000-ға жуық нысандар жекешелендірілді, олардың қатарында ұжымдық меншікке берілген 470-тен астам кеңшар болды. Екінші кезең “Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасы” негізінде жүргізілді. Бұл кезеңнің аса маңызды қадамы мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендірудің біртұтас жүйесі болды. Сол кезде шағын және орта бизнесті дамытуға белгі берілді. Көтерме-сауда буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгерту басталды. Қызмет көрсету саласында бәсекелестік орта пайда болды. Үшінші кезең 1995 жылғы желтоқсанда заң күші бар “Жекешелендіру туралы” Жарлықпен басталып, 1999 жылға дейін жалғасты. Осы сәттен бастап ол тек ақша қаражатына жүзеге асырылды. 1999 жылдан кейін бірінші кезекке мемлекеттік мүлікті басқаруды жетілдіру мәселелері шықты. Төртінші кезеңде мемлекеттік меншікті басқару және онымен айналысу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді бөлуге жаңа көзқарас қолданыла бастады. Республикалық мемлекеттік және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру басталды. Елдің экономикалық қауіпсіздігін анықтайтын экономиканың стратегиялық маңызды секторларына мемлекеттің ықпалы мен ондағы үлесі ұлттық компаниялар арқылы сақталды. Мұнай-газ секторында – бұл “ҚазМұнайГаз”, энергетикада – “КЕГОК”, телекоммуникацияда – “Қазақтелеком”, темір жолда – “Қазақстан темір жолы”.