Ресей мәдениеті — адамзат баласына баға жетпес мол мәдени мұралар қалдырған дүниежүзілік мәдениеттің ажырамас бөлігі. Ресей мәдениеті — өзіндік ерекшеліктері бар қайталанбайтын мәдениет, ендеше оның әлемдік мәдениет қазынасына қосқан үлесіне де баға жетпейді. Орыс мәдениетінің қалыптасу ерекшеліктері негізінен төмендегі факторларға тығыз байланысты болды. Олар: көптеген этникалық топтар мен халықтар мекендеген орасан зор территорияны игеру; христиан дінінің ерекше тармағы — православиені руханилылықпен дәстүрлі салт-дәстүрлерге негіздей отырып орнықтыру; уақытша болса да ұзақ уақытқа созылған батыс-еуропалық өркениеттік процестерінен оқшау дамуға байланысты туған «тұйықтыққа» бұдан әрі жол бермеу; жеке адамдардың мүддесін мемлекет мүддесіне бағындыру.Осы айтылған ойларымыз дәлелді болу үшін, орыс мәдениетінің қалыптасу кезеңдерін толығырақ қарастырып көрелік. Ақиқатына келсек, көп ғасырлық тарихы бар Ресей мәдениетінің жалпы көрінісі бұрынғыдан да айқындалып келе жатқан сияқты. Ұлттық топырақта пайда болып, өзіндік бет- бейнесімен ерекшеленсе де, мәдени өркендеудің жалпы арнасына келіп құйылатын Ресей мәдениеті, оның ішінде ұлттық бұлақтан нәр алған ежелгі Русь мәдениеті, византиялық көркем жүйемен және тағы да басқа мәдениеттермен тығыз алмасып жатады. Атап айтқанда, Ресей мәдениеті Византиямен қатар, көршілес жатқан Болгария, Сербия, Армения, Грузия сияқты елдердің мәдениетімен үндестік тапты.
Ежелгі славяндардың мәдениеті — орыс мәдениетінің қайнар бұлағы болып саналады. Оның басты мәдени құндылықтары — қасиетті жырлар, мифология, аңыз-ертегілер. Ғалымдардың пікірінше, олардың көпшілігінің тектері Христиан дінін қабылдағаннан кейін құрып кеткен. Ежелгі славяндар пұтқа табынушылықты бастан кешірген, сондықтан да болар Ресей топырағында пұтқа табынушылық мәдениетінің дамуы жоғары болды.
Ежелгі славяндардың дүниетанымы табиғатты пір тұтумен тығыз байланысты болды. Олар әр орманды, бұлақты, құдықты, тіпті жекелеген ағаштарды да жанды нәрсе деп түсінген.Оларға жапырағы жайқалған ескі емендердің көрінісі ерекше әсер еткен. Ағыны қатты, асау өзендерді қасиетті деп санаған, сондықтан да болар ертегі аңыздарда өзендер кейіпкерлермен адам тілінде сөйлеседі. Ежелгі славяндықтар таулар мен орасан зор тастарды киелі деп санап, оларға құдайдай табынған. Орыс батырлары тағдырының тау-тастардың құпияларына байланысты болуы да осындай түсінікке тікелей байланысты болса керек. Табиғатқа, жер-анаға бауыр басып, етене жақын болған аңғырт славяндардың табынған құдайлары да табиғаттың құпияларына байланысты болып келеді. Мысалы: Перун — қатерлі найзағай құдайы, құдайдың ішіндегі ең құдіреттісі. Славяндар күнге табынғандықтан оған да неше түрлі ат қойған (Даждь бог, яғни рақымы күшті құдай) адамға тән қасиеттерді адам еместерге теліп, оларды адамның сана-сезіміне жақындату дүние жүзінің басқа да халықтарындағыдай славяндарға да тән қасиет болды. Сондықтан да «құдіретті тәңірананың» бейнесін жасау осының айқын айғағы. Тек славяндар ғана емес, басқа да көптеген халықтар құрмет тұтқан жер мен молшылықтың, дүниедегі барлық нәрсенің құдай — «тәңірананы» ежелгі славяндар Бережна (жер, тіршілік анасы, дүниеге әкелуші деген ұғымдарды білдіреді) деп атаған. Қолын көкке көтерген осы бір әйел бейнесі, шығыс христиандарда, оның ішінде ежелгі орыс өнерінде ерекше орын алады. «Жер — ана» қолын жоғары көтерген әйел бейнесіндегі тәңірананы славяндар ерекше қасиет тұтып, табынып өткен. Ежелгі славяндар жайында өз кезінде де аз жазылған жоқ. Солардың бірі, XVII ғасырдағы византиялық тарихшы Прокопий Кесарийский былай деп баяндайды: «Славяндар мен антыларды бір адам басқармайды, сонау ежелден-ақ халықтық басқарумен өмір сүріп келеді, сондықтан да олардың бақытты және бақытсыздық істері ақылдасу арқылы шешілген». Ал славяндардың әдет-ғұрпы мен етене таныс византиялық жазушы Маврикий кесімді түрде былай деп жазды: «Славяндар мен антылар тайпалары бірдей өмір сүрді, олардың әдет-ғұрпы бір, бостандық сүйгіш, әсіресе өз жерлерін қорғауға батыл, шыдамды, суық пен ыстыққа төзімді, киім мен тамақ тапшылығына мойымайды». (Любимов Л.[2]. — Алматы, 1989. — 67-бет). Ежелгі славяндардың дүниетанымы мен әдет-ғүрыптары да жан-жақты болып келеді. Олар әрбір үй рухтың жебеуінде деп ойлаған. Рух мал-жанға қамқорлық жасап, ошақ басының отын сөндірмей, түн сайын пештің астынан шығып, өз сыбағасын жейді екен деген ұғым қалыптасқан. Егістікті жыртатын өгіз молшылықтың бейнесі деп танылса, ал Тур (жабайы бұқа) құдайдың құрметіне жастардың көктемгі мерекелері өткізіліп тұратын болған. Сонымен бірге ежелгі славяндар көсемдерін жерлегенде олардың әйелдерін қоса көметін скифтерден қабылдаған тағылық әдет-ғұрпын қолданғанын да атап өткен жөн сияқты.