Байланысты: 1. Кіріспе. М дениеттану-м дениет туралы ылым М дениет ж не не
Қазақ бейнелеу өнері — көркем кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән және қолданбалы өнер салаларын қамтитын, ұлттық дүниетанымға негізделген көркем өнер. Қазақ Бейнелеу Өнерінің бұқаралық ең ежелгі түрі – халықтың қолөнері болып табылады.
Әдебиет пен музыкаға қарағанда, кәсіби 'Қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасу және даму жолы өте күрделі болды. Оның бастауында этнограф-ғалым Ш.Уәлиханов тұрды. Кейінгі зерттеулер Шоқан туындыларынан (әсіресе, графикалық суреттері), “Потанин”, “Тезек төре”, т.б. портреттік жұмыстарынан оның кәсіби суретшілерге тән шеберлігі байқалатынын анықтады. Шоқанның қас-қағым сәтте салған графикалық долбар суреттері қайта өрлеу дәуірі өкілдері (Леонардо Да Винчи, Рафаэль Санти) шығармаларымен сабақтасып жатыр (“Аға сұлтан портреті”, “Бақсы”, “Қазақ музыканттары”, “Шығыс ұйғырларының киімі”, т.б.). Шоқан Қазақ Бейнелеу Өнерінің графикалық саласында ғана емес, сонымен қоса, кескіндеме саласында да жоғары шеберлікке жеткен (“Алатау көрінісі”, “Жатақ”). Қазақстанда бейнелеу өнерінің кәсіпқой шеберлерін даярлайтын студия 1920 жылы ұйымдастырылып, онда Н.Г. Хлудов, Н.Антонов және мүсінші А.С. Пономарев сабақ берді.
20 ғасырдың 20 – 30 жылдары 'Қазақ бейнелеу өнері шеберлері алғашқы қадамдарын жасады. Жас суретшілер кескіндеме мен графиканың кәсіптік шеберлігін меңгерді. Олар (Н.И. Крутильников, Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, И.И. Савельев, Б.Сәрсенбаев, Қ.Қожықов, т.б.) өздерінің қарапайым мазмұнға құрылған алғашқы еңбектерінде елімізде болып жатқан өзекті өзгерістерді бейнелеуге ұмтылды.
1928 жылы Семейде бейнелеу өнері шығармаларының алғашқы көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан суретшілерінің кәсіптік шеберлікті тез игеруіне сол кездегі одақтас республикалардың, Мәскеу мен Санкт-Петербург шеберлерінің (Б.В. Иогансон, А.А. Дейнека, С.В. Герасимов, А.А. Пластов) тәжірибесі көп көмектесті.
1933 жылы республика Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті құрылды. 1934 жылы Мәскеудегі Шығыс мәдениетінің мемлекеттік мұражайында қазақ суретшілерінің тұңғыш көрмесі ұйымдастырылып, бір жыл өткен соң Алматыда Қазақ мемл. көркемсурет галереясы ашылды. Әлеум.-экон. және мәдени өмірдің жаңа жағдайлары, түбегейлі уақыт талаптары шығармаларға тың тақырып болды. Ә.Қастеев шығармаларының өзіндік ұлттық бояуы осы кезде жарқырап көрінді. Қазақ Бейнелеу Өнері қалыптасу және өркендеу жолы осы суреткер шығарм-мен тығыз байланысты. Шығармалары бүкіл Отан келбетін бейнелейтін Ә.Ысмайылов та қазақ кескіндемешілерінің аға буынына жатады. Өздерінің шығармашылық жолын республика өмірімен тікелей байланыстырған көптеген орыс шеберлері: кескіндемешілер – А.А. Риттих, Н.В. Соловьев, А.И. Бортников, Н.И. Крутильников, Л.П. Леонтьев, графиктер Г.А. Брылов, Б.А. Чекалин, Л.В. Гербановский, т.б. 30 жылдардағы Қазақ Бейнелеу Өнеріне белсене ат салысты. 1940 жылы маусымда ашылған Қазақстан суретшілерінің І-съезі шығармашылық ұжымның біраз жылғы жұмыстарын қорытындылап, ұлттық өнерді одан әрі дамытудың жолдарын белгілеп берді. 40-жылдардың басында қазақ кескіндемесі мен графикасы едәуір табыстарға жетті. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында республика қыл қалам шеберлері өз өнерлерін фашист-басқыншыларына қарсы үгіт-насихат құралына айналдырып, бүкілхалықтық ерлікті, қаһармандық пен қайсарлықты көрсетуге күш салды. Бұл жылдары Леонтьев, К.Я. Баранов, Риттих, А.И. Черкасский, И.Я. Иткинд, М.С. Лизогуб, т.б. табысты еңбек етті.
2-дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда Қазақ Бейнелеу Өнерінің барлық түрі: кескіндеме, мүсіндеме, графика ілгері дамыды. Қазақ және өзбек халықтарына ортақ суреткер – қазақ табиғатын тамсана жазған, алғашқы академик-суретші О.Н. Таңсықбаев Қазақ Бейнелеу Өнерінде ерекше орын алады. Ол елден жырақ жүрсе де (Өзбекстанда тұрған) бар болмысымен, жүрегімен өзін әрқашанда елімен, жерімен бірге сезінген, қазақ табиғатын ерекше бір сүйіспеншілікпен жазған суретшінің бірі болды (“Қазақстан жолдары”, “Көш”, т.б.). 50-жылдардың соңы (Қ.Телжанов, М.Кенбаев) Қазақ Бейнелеу Өнері жанрлық және ізденіс бағыттарының сонылығымен ерекшеленеді. Қазақ Бейнелеу Өнерінде графика елеулі орын алады. 60-жылдары акварельдің, офорттың,линогравюраның, автолитографияның өзіндік бағыттары бар дарынды шеберлері (А.А. Дячкин, Е.Г. Сидоркин, Н.С. Гаев, Ш.Б. Кенжебаев, И.Г. Квачко, т.б.) өсіп жетілді. Қазақстан бейнелеу өнерінің байырғы шебері В.И. Антощенко-Оленев гравюра мүмкіндіктерін барынша табысты пайдалана білді. Қазақ Бейнелеу Өнерінің шығармалары бұл кезеңде шет елдерде де таныла бастады. Олар Мәскеудегі Третьяков галереясына, Қазақстан мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайына қойылды, шет ел мұражайлары сатып алатын болды. Қазақстан суретшілерінің үздік еңбектері ұлт өнерінің қазынасына асыл мұра болып қосылды. Республиканың көптеген облыс орталықтарында (Шымкентте, Қарағандыда, Астанада, Павлодарда, т.б.) шығармашылық ұжымдар құрыла бастады. Қазақ Бейнелеу Өнерінде халықтың өзіндік дүниетанымын, оның мәдениеті мен дәстүрлік ерекшеліктерін танытатын белгілер барған сайын айқын қалыптасты. Бұл кезеңдегі Қазақ Бейнелеу Өнерінің дамуына А.Ғалымбаева, Г.Ысмайылова, Қ.Телжанов, М.Кенбаев, С.Мәмбеев, Ә.Жүсіпов, С.Романов, А.М. Степанов, К.Шаяхметов, Ү.Әжиев, т.б. суретшілердің тақырыптық картиналары үлкен үлес қосты. Ауыл тақырыбы көптеген Қазақстан суретшілерінің назарында болып, әсіресе, шығармашылық жолын 60 – 70-жылдары бастаған шеберлердің ең басты тақырыбына айналды. С.Айтбаев, Ш.Сариев, Т.Тоғызбаев, Ә.Садыханов, О.Нұржұмаев, А.Ақанаев шығармаларына өзіндік дүниетаным, өмірді кең көлемде тани білу, символикаға құштарлық тән болды.
М.Аманжолов, К.Муллашев, Е.Төлепбаев, т.б. шығармаларынан романтикалық-символдық және сезімдік бастаулар көрініс тапты. Бұл суретшілердің шығармалары айқын да күрделі түсімен, шиыршық атқан бояуымен, белсенді кеңістік ортасымен, бейнелердің әсемдігімен және сырлылығымен ерекше көзге түседі. М.Қисамединов еңбектері жұртшылықтың қызығушылығын туғызды. Оның Махамбет Өтемісұлының өлеңдеріне салған суреттерінде (1973) өз халқының азаттығы жолында күрескен батырдың тарихи бейнесін жасады. И.Исабаев қазақ әдебиеті классиктерінің, Қазақстан жазушыларының шығармалары, балалар әдебиеті бойынша суреттер салумен қатар көптеген қондырғылы графика шығармаларын берді. 20 ғасырдың 70 – 80-жылдар шығармаларында өзіндік қолтаңбасы айқын графиктер қатары көбейді. 80 – 90-жылдары Қазақ Бейнелеу Өнері тың ізденіспен, еуропа жаңа сипаттағы ағымдардың әдіснамасын меңгеруімен ерекшеленеді (А.А. Ақанаев, Е.Мергенов, Д.Әлиев, Е.Төлепбаев, Б.Түлкиев, Ж.Аралбаев, т.б.). Одан беріде күнделікті қарапайым қазақ өмірін, белгілі тарихи кезеңдерді жаңаша сипат беріп, ерекше тәсілмен бейнелей білген суретшілер бой көтерді (М.Аманжолов, А.Нақысбеков, К.Каметов, Е.Сергебаев, А.Қорғанбаев, Т.Ордабеков, А.Дүзелханов, т.б.). Елімізге қасірет әкелген, көп жылдар бойы жабық тақырып болып келген Семей атом полигонының, Аралдың қасіретті ащы шындығы бейнеленді (Ақанаев, М.Аманжолов, А.Губашев, Ә.Төлебиев, т.б.). Е.Төлепбаев 2002 ж. халықаралық С.Дали атындағы алтын белгіге ие болды.[