Мемлекеттің құрылымы: заң шығарушы билік (парламент) – елдің өмірін анықтайтын заңдар мен басқа да құжаттарды қабылдайды; атқарушы билік (үкімет, әкімшілік) – заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді, елдің күнделікті өмірін басқаруды іске асырады; сот билігі (сот) – сот төрелігі мен дауларды шешуді іске асырады; мемлекет басшысы институты (президент немесе монархия институты); қадағалау-бақылау және арнаулы бақылау органдары (прокуратура, кеден, инспекциялар т.б.); қоғамдық тәртіпті сақтау органдары; мемлекеттік қауіпсіздік органдары; қарулы күштер, жергілікті билік орындары.
Мемлекеттің екі негізгі функциясы бар: ішкі (адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, экологиялық т.б.) және сыртқы (сыртқы күштердің араласуынан қорғау, мемлекеттің қауіпсіздігін – әскери, экономикалық т.б. қамтамасыз ету, әлемдік тәртіп пен тұрақтылықты қолдау, халықаралық қылмыспен күресу, басқа мемлекеттермен ынтымақтасу және әлемдік саясатқа кірігу). Мемлекеттің ең басты функциясы – қоғамның тұрақтылығын орнатып, қалыпты тіршілігіне жағдай жасау. Ол үшін топтарға, таптарға, жіктерге бөлінген қоғамның бірлігін қамтамасыз ету.
Достарыңызбен бөлісу: |