ІІІ. БАҒДАРЛАМА ҚАҒИДАТТАРЫ Партияның саяси Доктринасында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – баршаның және әр адамның міндеті. Сыбайлас жемқорлық
біздің мемлекеттілігіміз бен демократиямызды жегідей жейді. Сондықтан да, біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің және
қоғамда оның кез келген көрінісіне ымырасыздық ахуалын қалыптастырудың жүйелік жағдайын жасаймыз» деп белгіленген.
Осыған байланысты, бағдарлама бес
іргелі қағидатқа негізделіп құрылған:
Жүйелілік қағидаты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек жекелеген деректерді анықтауға саймауы тиіс. Жекелеген
сыбайлас жемқорларды қудалау, соның ішінде «атышулы істер» арқылы олардың ізіне түсу тұрақты нәтижелер бере алмайды.
Ендігі жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениет пен тәлім қалыптастыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге және
аталған құбылысты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға басты екпін түсетін болады.
Баршаның заң мен сот алдындағы теңдігі қағидаты. Ел Конституциясы баршаның заң мен сот алдындағы теңдігіне кепілдік
береді. Бұл заңға баршаның теңдей бағынуынан және оны бұзғаны үшін жауапкершілікті теңдей көтеруінен көрінуі тиіс. Сыбайлас
жемқорлық үшін жазалау әлеуметтік, мүліктік және лауазымдық дәрежесіне қарамастан бұлтартпай орындалуы тиіс. Заңды
бұлжытпай орындау биліктің барлық деңгейлеріндегі жемқорлықты болғызбаудың кепілі болып табылады.
Айқындық, ашықтық және мемлекеттің қоғамға есептілік қағидаты. Конституция мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – өз
билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға беретін халық деп бекітеді. Әр азамат заң бойынша тыйым салынбаған кез келген
жолдар арқылы еркін ақпарат алуға хақылы, ал мемлекеттік органдар оған еркін қолжетімділікті қамтамасыз етіп, ондай
ақпараттарды беруге міндетті.
Сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижелілігі мемлекеттің азаматтардың заңды мүддесіне қызмет етуге бағдарлана білуімен
тікелей байланысты. Мемлекеттік басқару органдарының жұмысы қоғамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс.