9-дәріс. Дене тәрбиесі процесінде үйрету, тәрбиелеу, дамыту



бет13/32
Дата18.04.2022
өлшемі81,24 Kb.
#31325
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   32
Әдістер жүйеленісі. Барлық әдістер арнайы (тек кана дене тәрбиесі процесіне тән) және жалпы (дидактикалық білім беру және тәрбие бағытында қолданылатын) болып екіге бөлінеді.

Әдістердің жіктелуі (көрнекілік, сөйлесу, практикалық, жарыстық, проблемалық, оқыту және тәрбие әдістері). Мектеп жасына дейінгі балалармен сабақ өткізу ке­зінде баланың психикалық және дене күштерін жұмсауға кететін уақыт пен бұдан кейін дем алуға кететін уақыттың дұрыс қатынаста болуы тәрбиешінің басты міндеті болуы тиіс. Осыған байланысты үйрету үстінде балада қимыл-қозғалыс туралы едәуір толық және нақты ұғым пайда болуы үшін қажетті сезініп қабылдау мен қимыл-қозғалыстық түйсіктердің жарқындығын қамтамасыз ететін, оның сенсорлық қабілеттерін белсендіре түсетін көрнекілік әдістер; балалардың санасына бағытталған, оның алдына қойылған міндеттерді ойластыруға және қимыл-қозғалыстық жаттығуларды саналы түрде орындауға көмектесетін, жаттығулардың мазмұны мен құрылымын игеруде, оларды әртүрлі жағдайларда өз бетімен қолдану үлкен рөл атқаратын сөйлесу әдістері; балалардың практикалық қимыл-қозғалыстық іс-әрекеттерімен байланысты, қимыл-қозғалыстарды қабылдаудың дұрыстығын өздерінің бұлшық еттік-қимылдық түйсіктерінде әрекетті тексерілуін қамтамасыз ететін практикалық әдістер пайдаланылады.

Практикалық әдістер толық немесе ішінара уақыт жөнінен шектелуімен, жаттығуларды ойындық түрде (бейнелі) өткізумен, жарыс элементтерін пайдаланумен сипатталады. Қимыл-қозғалыстық әрекеттерді немесе олардың жеке элементтерін көп рет қайталағанда жаттығуларды уақыт жө­нінен шектеу қажет. Оған қимыл-қозғалыстардың бірізді болуы, жұмыс пен дем алудың нормалануы, олардың белгілі бір дәрежеде кезектесіп келуі тән. Практикалық әдістер түрінің бірі - мектеп жасына дейінгі балалардың жетекші іс-әрекетіне жақын, олармен атқарылатын жұмыспен етене және эмоциялық жағынан тиімді көрнекі-бейнелі және көрнекі-әрекетті ойлау элементтерін ескеретін ойындық әдіс болып табылады. Ол әртүрлі қимыл-қозғалыстық дағдыларды, өзіндік әрекетті, өзгеріп жатқан жағдайға тез жауап реакцияны, шығармашылық ынта көрсетуді бір мерзімде жетілдіруге мүмкіндік береді. Ойын әрекеттері процесінде балаларда моральдық-еріктік қасиеттер қалыптасады, таным күші жетіледі, ұжым әрекеті жағдайында тәртіп сақтау және бағдар табу тәжірибесі пайда болады.

Дене тәрбиесі процесінде спорттық және қозғалмалы ойындарды қолдану - ойын әдісі деп аталады. Ойын әдісінің мынадай өзіндік ерекшеліктері мен белгілері бар:

1. Белгілі бір мақсатқа (жеңіске) жету үшін ойынның жоспары және тәртібі арқылы ойнаушыларды ұйымдастыру.

2. Ойын әрекеттерінде бәсекелестік, жеңіске деген талас пен эмоциалдық сезім.

3. Ойын барысында өз бетімен қимыл-әрекетке шешім қабылдау (ойынға қатысушы жүгірудің, секірудің, лақтырудың жолын өзі тандайды).

4. Қимыл-әрекеттердің алуан түрлілігі, олардың ойын барысында, әртүрлі жаттығуларда кенеттен пайда болуы.

5.Ойын барысындағы ойынға қатысушылардың әртүрлі қарым- катынастары. Ойын әдісінің көмегімен дене қуаты қасиеттерін (күш, төзімділік, шапшаңдық, ептілік) кешенді дамытуды, бұрын үйренген қимылдарды жетілдіру және жаттығушылардың өзіндік қасиеттерін тәрбиелеуді (батылдық, тапқырлық, ұйымдастырушылық, өз бетімен шешім қабылдаушылық) және бұдан басқа да көптеген мақсаттарды жүзеге асыруға болады. Мысалы, мектепке дейінгі ұйымдардың кішкентайлар тобында балаларды қимыл-қозғалыстарға үйрету кезінде қимыл-қозғалыс сипаты жайлы ұғымды эмоциялық-бейнелік жағынан жетілдіре түсуге көмектесетін ойындық тәсілдер кең қолданылады (мысалы, «Tышқан сияқты аяқтарыңды жеңіл басып, дыбыс шығармай жүгіресіңдер», «Қоянша орғып секіру керек»). Жаттығуларды ойын әдісімен жүргізу балаларды қызықтырып, жақсы әсер қалдырады, бір қалыптылықтан құтқарады. Ойын әдісінің бір кемшілігі күш түсірудің мөлшерін дәл біле алмайтынымызда.

Практикалық әдістерге жарыстық әдіс те жатады. Мектеп жасына дейінгі балаларды үйрету процесінде ол педагогикалық жетекшілік болатын жағдайда қолданылады. Дене тәрбиесі жаттығуларын жарыс, бәсеке түрінде орындауды жарыс әдісі дейміз. Жарыс әдісінің ең негізгі белгісі - жеңіп алу үшін бәсекелесу. Күрес жағдайында - күш сынасу немесе жоғары көрсеткіштерге жету. Бұл әдіс әртүрлі мақсаттарды орындауға пайдаланылады. Мысалы, адамгершілік, жігерлілік, дене қуаты қасиетін тәрбиелеу, күрделі жағдайда қимылдың ептілігі мен дағдысын жетілдіру. Бұл әдістің міндетті бір шарты: бәсеке жаттығуларына балалар мұқият дайындықпен келуі керек, әйпесе, олардың денсаулығына зиян келуі мүмкін. Бұл әдіс көбіне бұрын меңгерілген қимыл-қозғалыс дағдыларында пайдаланылады (бірақ бірінші орын үшін тартыс болмайды). Жарыстың міндетті түрдегі шарты - оның балалар шамасына шақталуы, моральдық-еріктік қасиеттерді тәрбиелеу, сондай-ақ қойылатын талапқа саналы қарау. Жаттығулар мазмұнын, балалардың жас мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбиеші бір жағдайда үйретудің бастапқы кезінде көрнекілікті - баланың қимыл-қозғалыс үлгісін түсіндірумен үйлестіре қабылдауын, екінші жағдайда - сөзді, жаттығулардың мазмұны мен құрылымын түсіндіруді пайдаланады. Дегенмен, екінші жағдайда педагог балаларда бұрыннан бар өмір тәжірибесіне және қимыл-қозғалыс туралы нақты мағұлматына сүйенеді. Көрнекілік және сөйлесу әдістерінің ізін баса балалардың практикалық әрекеттері - қимыл-қозғалыстарды тәрбиешілердің жетекшілігімен, өз беттерімен орындауы керек.

Балалардың дене тәрбиесі процесінде проблемалық оқыту және тәрбие әдістері де қолданылады, ол балаларға сөзбен, көрнекілік және практикалық басшылық кезінде қолданылады. Проблемалық оқыту әдістерін пайдалану кезінде балалардың алдына нақты міндет қойылады, оны бұлар өз беттерімен шешеді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет