A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар



бет34/45
Дата12.10.2022
өлшемі1,03 Mb.
#42556
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   45
3.4 Қазақ мифологиясындағы «күй» жанры және оның магиялық сипаты. Халық танымы мен санасындағы ұлттық нақышқа боялған саз өнері – атадан-балаға мұра болып келе жатқан фольклордың бір ірі үлгілерінің бірі. Фольклордың синкреттілік қыры мен жолы осындай кемелді жанрлардыің тууына себепші болды. Қандай өнер түрі болмасын, өзіндік бір эстетикалық қыр мен көркемдік белгіге құрылып, тылсым күштің табиғатына сай үздіксіз дамып отырады. Қазақ саз өнерінің ең көрнекті түрі – күй жанры. Қазақ әдебиетінде күй жанрын зерттеп-зерделеген фольклорист-ғалым А.Сейдімбек өз кітабында былай дейді: «Күй аңыздары, атауы айтып тұрғандай, музыкамен, соның ішінде күймен тікелей байланыста дүниеге келеді. Демек, күй мен күй аңыздарының ара қатынасын шендестіре саралау арқылы ғана зерттеп отырған объектінің төл ерекшелігін, мән-мағынасын тереңірек ашуға болады» [20, 6-б.]. Этнограф-ғалым қазақ фольклорындағы күй жанрын, этникалық мәдениеттегі күйдің алатын орны мен рухани құбылыс, біртұтас мәдени-рухани дүние екендігін танытты. Ол – халық ұғымында, санасында жатталған күйлердің аңыздық жүйесін тап басқан ғалым.Ал біздің мақсатымыз – осы күй жанрының танымдық, идеялық, тарихи, көркем мәнін теориялық, аңыздық, мифтік тұрғыдан емес, таза күйдің жанрлық түрінің мифтік арқауын магиялық тұрғыда бағамдау.
«Қазақта күй түрінде айтылған сөз шағатай, ұйғыр, анатоль түрік түлінде «көк» болып айтылуы тиіс. Қазақтың «и» дыбысының бірқатары шағатай тілінде, ескі ұйғыр тілінде, түрікпен, әзірбайжан, анатоль тілдерінде «қ», «г»-ге айналады. ...Сондықтан «күй» деген сөз оларша «көк» болуы табиғи нәрсе» [21, 175-б.], - деп, «күй» сөзін көкпен, аспанмен байланыстыра отырып, прфессор Қ.Жұбанов былайша саралайды: «Көк пен су екеуі бір кезде бір ұғым болған. Бірі – жоғарғы аспан, бірі – төменгі аспан болып саналған. Алғашқы адам ұғымында екеуі де космос. Бізде барлық табиғат адамның сыртқы күші болып саналған» [2, 283-б.]. Сонда күйдің қандай мифтік қасиеті болды? Оның шартты түрде түрлі қасиетін белгілеп отырмыз:

  1. еліктіргіш қасиет, алдау-арбау қасиеті;

  2. түсіндіру қасиеті;

  3. айықтырғыш, сауықтырғыш қасиеті (ғашықтық дерті);

Осы үш қасиет күйдің мифтік сипатын анықтайды. Бірінші қасиет, еліктіргіш, алдау-арбау қасиеті, яки күй адамның іші-бауырын меңдеп, тылсым күшке баурап, басқа әлемге алып кететін құдіреті.
Қағылды кейде бір күй дабылдай боп,
Бұрқырап кетті түтеп дауылдай боп.
Әлде күш, әлдей дауыл, әлде ат шапқан,
Әйтеуір қырдан көшкен сарындай боп [22, 436-б.].
Күлдіріп қоңыраудай, күй сыңқылдап,
Бота күй маймаң қақты үн былқылдап.
Қоғадай салбырасып хан, қарасы,
Намазға ұйығандай отыр тыңдап [22, 436-б.].
Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,
Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына [22, 437-б.], - деген өлең жолдарда күйдің құдіретінен ел-жұрт, табиғат, айнала, тіпті күн мен бұлт есінен айырылып, тылсым күшке бой ұрғандығы суреттеледі. Ал күйшінің қызды көре, ессіз ғашық болып, дүниенің бәрін ұмытып, күйімен арбатқысы, жанына жақындатқысы келетін сәті де сол магияның күші. Қыз да сол күйдің арбауына түсіп, алданып, мастанып, масайрап келе жатыр еді, бірақ биік мансап оны тоқтатты. Күй сонда жөніне қалды. Десек те:
Күй жүйрік, кейде түнде сылаңдаған,
Қашаған қыз алдында қылаңдаған.
...Кейде күй қыран болып қылмаңдаған,
Алдынан қызыл алтай бұлаңдаған [22, 446-б.], - дегендей, Қарашаштың маңайынан, ойынан шықпады. Керісінше, күйшіге Қарашашты бір құдірет ғашық етті.
Тәтті күй, құмарлық күй сыңқылдаған,
Ауыру асық дертпен ыңқылдаған;
Домбыра Қарашашты қайыстырды,
Бір тілмен ертеңді-кеш қыңқылдаған [22, 450-451 бб.], - деген өлең жолдарында күйдің жоғарыда айтқан алғашқы қасиеті нақты көрініс береді. Ілияс ақын – қазақ поэзиясында сұлу сөзбен сурет салған ақын. Осынау сиқыр әлемнің бет-бейнесін сөз өнерінің келісті кестесімен бернелеу – тек Ілиястың қаламына тән дүние.Осы ретте күй жанрының еліктіргіш, жүректі жаулағыш, баурағыштық қасиеті ерекшелене түседі.
Түсіндіру қасиеті – зер сала тыңдап отырған көпшіліктің ынтасын өзіне баурап, белгілі бір құбылыстың бет-пердесін ашу, ұғымды логикамен, әсерлі нақышпен бейнелеу. І.Жансүгіровтің «Күй» поэмасында осы «Боз інген» күйінің зарлап-сарнауынан бастап, қобыз сарынымен күңірентіп, сөз бастайды.
Қозғалған қайта қобыз, қымти бұрап,
Қозғалтқан «құлақ күйді» тартыңқырап.
Боздатқан «Боз інгенін» ыңырантып,
Күңіренткен бірде боздап, бірде жылап [22, 323-б.], - күй өргегімен «көк түндігін көтереді». Күйдің тарихын айтып бастағанда, әлгі Бозінгеннің қайымай, содан бақсыға апарған мезетінде қазақ дүниетанымындағы бақсының қызметі, оның іс-әрекетін де атап өтеді. Бақсылық күй өнерімен тығыз байланысты. Әдетте бақсылықта жын шақыру деген «дәстүр» бар. Поэмада Қойқаптан Қорқыт жынын қозғады дейді. Қорқыт бүгінгі қазақ мифологиясында жасампаз қаһарман ретінде көрініс тапса, Қойқаптың да мифтік сипаты бар. «Қап – су арқылы да, құрлық арқылы да жетуге болмайтын мифтік қасиетті таудың атауы. Кітаби, сондай-ақ фольклорлық дәстүрде қазақтар да, басқалар да оны кавказ тауларымен сәйкестендіруге тырысады», - деп жазды қазақтың көрнекті мифтанушы ғалымы С.Қондыбай [23, 484-б.]. Ал Р.Генон діни мифологиядағы «Каф» тауын қаситетті немесе полярлық тау екенін атап көрсетеді [24, 139-б.].
Бақсы ойнап күңірентсе де қобыз үнін,
Қойқаптан қозғағанда Қорқыт жынын.
Боз інген боталамай болды бедеу,
Шашты ашпай құмалақшы қырық бірін [22, 324-б.], - деген жолдарда сонда халық танымы мен түсінігін, анау бір замандардағы ойлау жүйесін еске түсіреді. Күйдің түсіндіру қасиеті осы «Бозінгенді» жұртшылыққа қарата сөйлеткені ақын тілімен қуатты да әсерлі шыққан. Бірде боздатып, бірде қиналтып, бірде жылатып бейнелеген ащы зар мен қатты мұң домбырадан моншақ болып төгіледі. Себебі поэмадан көретініміздей, бұл күйдің күңіренген дыбысынан жан-жануар тынышталып, адамзат, табиғат аясы тапжылмастан тыңдайды. Бұл тұста күйдің түсіндіру қабілеттілігін бәрімізге белгі Кетбұғаның Шыңғыс ханға баласының өлімін естіртуін де осы тілсіз тылсым күштің сиқырының құдіреттілігін бағамдаймыз.
Жоғарыда атап өткен күйдің үшінші қасиеті – емдік, дертке шипа, жанға дәру, рухани күш-қайрат екендігіне тоқталар болсақ. Ғашықтық ғаламаты мен ынтызарлық күш-жігер ынтық жанды бір орында қоймайтыны белгілі жайт. Ғашықтық дертін ақын екеуіне ортақ деталь – шендестіру тәсілімен домбыра арқылы жеткізеді.
Ауырып домбыра да ыңыранды,
Санасыз, саусақ сыңсып қыдырады.
Бірде ысып, бірде суып, күйіп-жанып,
Жүректей сандыраған күй жыланды [22, 447-б.], - деген жолдарда күйдің кербез махаббаттың шарабына мас болып, күйіп-жанып, бірде дүлей күшке оранып, мұздап-сөнгенін бейне бір адамның басында болып жатқан хал-күйді жансыз домбыраның өн-бойына үйіп-төгеді. Ақынның сол ғашықтықтың дертімен күйдің саналуан кейіпке түсіп, алпыс екі тамырды идіртіп, жылатқан көңілді жұбатып, құлатқан көңілді көтерткені турасында, бірдей жорға болып, бірде бұлбұл болып, бірде бұлақ болып, бірде аққу болған күй-күмбездің, күй-әлемнің дүркірін эстетикалық талғаммен білдіреді.
Тайпалып жорға болып салдырған күй,
Мейірін тыңдағанның қандырған күй;
Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып,
Аққуды аспандағы қондырған күй.
Лапылдап, мұх көңілді күйдірген күй,
Балқытып мұз жүректі сүйдірген күй;
Тасытып тас емшекті тандыр болған,
Бота боп нар інгенді идірген күй.
Қажытып қам көңілді жылатқан күй,
Бекітіп жылағанда жұбатқан күй;
Пәлен деп бірауыз сөз айтпаса да;
Әр кімнің өз көңіліне тіл қатқан күй.
Жорға күй жолда шаңы бұрқыраған,
Жалын күй көкке шапшып лапылдаған;
Кәріні бала қылып ойнатқан күй,
Бұлақ күй сусағанға сыңқылдаған [22, 450-451 бб.], - деп келетін жолдарда Ілияс ақынның күй өнерінің төбесін көкке жеткізгенін сөзсіз мойындаймыз. Күймен әдептеп кесте тігеді, аспандағы аққуға үнін қосады, оны жылатады, күйдіреді, мұздатады, өлең өреді. Бір сөзбен айтқанда, Ілияс Жансүгіров – қазақ әдебиеттану ғылымында күй өнері және оны жасаушылар, жалпы алғанда, әдебиеттегі өнер бейнесінің негізін қалады дейміз. Себебі бұған дейін қазақ даласында Ілиясша күйге тіл бітірген ақын болмады. Қазақ ірі ақын-сазгерлерін (Біржан сал, Ақан сері) «үнін аспандағы аққуға қосқан» деген тіркеспен байланыстырады. Бұл жердегі аққу үні де - осы ғажайып күштің, тылсым әлемнің шырақшысы. Аққудың тілін, оның үнін тек өнер адамы жетік түсініп біледі. Білген күннің өзінде де байыппен қарап, аса дарындылықпен ден қояды. Бұл жерде күйдің де күйшінің интуициялық, эрудициялық, интеллектуалдық, логикалық зерделері мықты болып, қарқындылығы айбынды болған шақта ғана өнер атауын жоғары дәрежеге жеткізбек. Күйдің кейбір адамға тән мінездерін ақын тыс қалдырмайды. Әдебиет теориясындағы кейіптеу әдісінің көмегімен ақын бұл тұста былайша төгіледі:
Кейде күй талмаураған, талықсыған,
Кейде өжет, кекйде долы, албытсынған.
Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек,
Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған.
А, деген, асқақтанға қобыз қосқан,
Үн қайтса қосылуға қобыз тосқан.
Кәрі саусақ қалтылдаған қаздаң қағып,
Ойнақтап, үркіп билеп қылда босқан [22, 323-б.].
Күй күшті, тауды-тасты бұзатұғын,
Орнына өз өрнегін сызатұғын.
Талқандап тас кереңді үн оятып.
Дүкені дүниенің қызатұғын.
Күй күшті, істі, еңбекті сүйдіретін,
Тамырын тас емшектің идіретін.
Жарлының тілек күйі, жүрек күйі,
Өмірді бүлдіретін, күлдіретін [22, 332-б.], - деген жолдарда күйдің құдды құдіреті мен қарқынды күшінің кейпін аңғартады. Күйдің тілі – тас-толқынды айдап, ақ алмастай кесіп, ақ найзадай шауып түсетін қып-қызыл ұшқын. Сол ұшқын бара-бара ұлы өртке айналды. Әлгі ақын айтатын «ішіне Қарашаштың дерт кіреді» деп, осыдан бастап күй құдіреті Күйшіге Қарашты ғашық етеді.
Соққан жел айдын көлді шайқамас па?
Мүмкін бе күйдің тілін байқамасқа?
Құршына қыз құлақтың қақсай-қақсай,
Домбыра өз арманын айт алмас па?
Ап-анық күйдің тілі Қарашашқа,
Күй өткір ақ алмастай түскен тасқа.
Мысқалдап қыз көңіліне уын жайды,
Қалмады ханышаға құламасқа...
Ханыша анда-санда шерттіреді,
Ол-дағы екі шектен өрт тіледі.
Қоймады домбыра да сарнай-сарнай,
Ішіне Қарашаштың дерт кіреді [22, 451-б.]. Осы ғашықтық дертті кіргізген – қазақтың қара домбырасы. Бірақ күй шыдатар емес. Ақырында, ғашықтық дерті алау болып жанды. Бірақ көкжиекті оған қарсы қойған белгідей қызыл тор пайда болды. Ол қасірет – тепе-теңдік дәрежесі еді.
Жынды күй жылата ма, тоңдыра ма?
Көшіріп қыз көңілін қондыра ма? [22, 452-б.].
Күй тәтті-ау... Көк балбырап, күн мұнартты,
Күңгірт не? Көлеңкенің күн ұзатты...
От алды Алатауды, кеш кірді-ау күн...
Әлде күн, әлде көкті күй қызартты? [22, 452-б.].
Жатады күйді тыңдап кейде жылап,
Жастыққа жылы жаңбыр жаудырғандай [22, 454-б.].
Қорыта келгенде, қазақ мифологиясы аясында қарастыратын «күй» жанры магиялық сипатымен ерекше дейміз. Жоғарыда бөліп көрсетілген оның үш шарты оның мифопоэтикалық сипатын ашады деп есептейміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет