Аликеева А. С. Биология сабағында этнопедагогикалық элементтерді пайдалану кезінде оқушылардың танымдық Қызығушылықтарын арттыру



бет2/6
Дата07.01.2022
өлшемі3,82 Mb.
#16957
1   2   3   4   5   6
1. Этнопедагогика ғылымы
Этнопедагогика – бұқара халықтың жас ұрпақ тәрбиесінде жинақтаған тәжірибесі, педагогикалық көзқарастары, жалпы халықтың, рудың, тайпаның, отбасының тұрмыстық педагогикасы жөніндегі ғылым. Этнопедагогиканы жалпылама және толығынан алғанда халықтық педагогиканың (табиғилығы, қарапайымдылығы, жасампаздығы, мектептен тыс дәстүрлілігі) тарихы мен теориясы ретінде қарастыруға болады.

Этнопедагогика – этникалық топтардың эмприкалық тәжірибесі, атап айтқанда: балаларға тәрбие мен білім беру, отбасының, ру мен тайпаның, халықтың, ұлттың моральдық-этикалық және эстетикалық көзқарастары, мінез-құлықты бақылау мен түзету, этностың ішкі дәлелдері мен сылтаулары, этностар аралық бағалау мен мінез көрінісі, қоршаған орта мен табиғатқа қарым қатынасы т.б.

Этнопедагогика – халықтық педагогикаға ғылыми – теориялық түсінік береді және этникалық топтарда қалыптасқан халықтық дәстүрлердің үдерісті дамытушылық үрдістерінің көпғасырлық тәжірибелерін жинақтап, зерттеп қазіргі жағдайға байланысты халықтық педагогиканың педагогикалық дәстүрлерін пайдаланудың жолдарын көрсетеді.

Этнопедагогиканың пәндік кеңістігі өзгеріссіз қала береді: қоғамдық сана-сезімнің дамуына байланысты әлеуметтік – тұрмыстық сұраныстардың өзгеруіне қарай педагогикалық дәстүрлердің мақсаты анықталып жаңа формалары қалыптасады. Этнопсихология зерттеу амалдарының жәрдемімен психологиялық мазмұнына және этнос өкілдерінің құнды бағдарларына қарай «халықтық педагогиканың тиімді тәрбие ықпалының этнопедагогикалық жолдарын бірлесе іздейді» және сонымен қатар дәстүрлі қағидаларға, билік күшіне, аңызға, ойынға және тәңірлік нанымға негізделген этникалық сезімді есепке алады (1,43).

Этнопедагогика - әлеуметтік өзара әрекет пен қоғамдық ықпал үрдісінің нәтижесінде тұлғаның тәрбиеленіп дамитындығын, ол үшін әлеуметтік ережелерді меңгеретіндігін, балаларды тәрбиелеп оқытудың халықтық қордалы білімін реттейтіндігін, діни нанымдарға, аңыздарға, ертегілерге, жұмбақтар мен жаңылтпаштарға, мақал-мәтелдерге, әндер мен жырларға, ойындар мен ойыншықтарға негізделген барлық халықтық даналылық пен т.б. ұлттық құндылықтар мен тәжірибелерді, отбасында, қоғамдық өмірде, тұрмыста, салт-дәстүрдегі философиялық - этикалық, педагогикалық ойлар мен көзқарастарды т.с.с. педагогикалық әлеуеттілік пен тұлғаның тарихи-мәдени қалыптасуын жинап, зерттейді (2,4). Осылайша этнопедагогика халықтық педагогиканың пансофиялық (даналық) үйлесімділігіне талдау жасайды.

Этнопедагогиканың пәні ретінде халықтық педагогика эпитемиялық (таным, білім, идея, ой, пікір) және аксиологиялық (құндылық, мағына, орын, роль) аспектілерді қамтиды. Мұның барлығы табиғи бірлікте болады және аспектілердің ұқсастығы мен айырмашылықтары аналитикалық тұрғыда көрінеді де нәтижесінде этнопедагогика жалпы ғылымның саласы ретінде ғылыми әдіснамаға айналады. Өткен ғасырлардың ұлы педагогтары халықтың педагогикалық көзқарастары мен оның педагогикалық тәжірибелеріне көп көңіл бөлген. Педагог – классиктер халықтық педагогика тәрбие жөніндегі ғылымды байытады, оның тірегі және іргелі негізі бола алады деп пайымдаған. Я.А.Коменский қарапайым еңбекші отбасыларындағы үйелмендік тәрбие тәжірибелерін жинақтап зерттеу арқылы «ана мектебі» («матринская школа») идеясын ұсынды. Бұл идея терең халықтық: оның негізі халық мүддесі мен халықтық тәжірибелер. «Ана мектебі» кітабін жазу барысында Я.А.Коменский барлық отбасыларында тәрбиенің әлеуетін ақылмен пайдалану арқылы үлгілі отбасы дәрежесіне көтеруге болады деген идеяны ұстанады. Табиғи сәйкестену ұстанымын негіздеу тұсында да ол халық тәжірибесіне сүйенеді, кейбір дидактикалық ережелерді де халық афоризмдері формасында берген. Педагогика ғылымының атасы саналатын Я.А.Коменский өзінің ағартушылық жолын Чех халқының ауыз әдебиеті шығармаларын жинап, ұлттық салт-дәстүрін зерттеуден бастаған. Алғашқы еңбегін «Чех тілінің қазынасы» («Сокровищница чешского языка») – деп атап, оған сөз маржандарын, қайралған граниттей сөз қайырымдарын, ой мен сөздің біртұтастығын теріп, ендіруді армандаған. «Чех қарттарының даналығы» («Мудрость старых чехов») халықтық педагогиканың таңқаларлық кереметі болды.

Песталоцци «Гертруда өз балаларын қалай үйретеді» («Как Гертруда учит своих детей»), «Аналар кітабы» («Книга для матерей»), «Лингард және Гертруда» тәрізді шығармаларындағы педагогикалық ойларын білімсіз шаруа отбасыларының тәрбие тәжірибелеріне сүйене отырып, оларды жинақтап халықтық педагогика дәстүрлеріне жақындатып жазған. Песталоццидың халықтық педагогикалық тәжірибелер мен тәрбиеге халықтық көзқарас тұрғысынан қарап, соған сүйенгендігі, «халықтың мұқтажын қанағаттандыратын мектеп туралы» армандағаны туралы кезінде Н.К.Крупская жазған болатын (3.273). Ол әке үйін ақыл мектебі деп атаған.Оның ойынша халық мектебі тәрбиенің амалдарын халықтың өз өмірінен сұрыптап алуы тиіс деп пайымдаған.

К.Д.Ушинский халықтық педагогиканы педагогика ғылымын жасаушы басты факторлардың бірі ретінде қарастырған. Орыс халқының ертегілерін халықтық педагогиканың жарқын бейнесі деп бағалаған. Ертегілерге халықтық педагогиканың ескерткіштері ретінде таңдана қарай отырып, ешкім де халық даналығына теңдесе алмайды деп жазған.

Халықтық педагогикалық тәжірибелер мен педагогикалық идеяларда Л.Н.Толстойдың алатын орны ерекше. Орыс апостолының шығармашығындағы таңқаларлық нәрсе сол, чуваш халқының педагогикалық дәстүрлерінің өзегін, рухани ядросын анықтай отырып, «Чуваш болайық» деген ұран тастаған, этникалық қасиеттердің ең таңдаулыларын сұрыптап алып бағдарлама жасаған. Халықтың досы, руханиятты, жаңаша ойлайтын чуваштардың қамқоршысы, Россия тұрғындарының ішіндегі ең сорлы халықтың интеллектуалды адамгершілік өркениетіне жетуіне өте көп іс істеген. Таңқаларлығы сол чуваштар Толстойдың әңгімелері мен ертегілерін пайдаланып өз тіліне аударып оқыған. Чуваш халықтық педагогикасының алтын қорына енген бұл фольклорлық әдеби шығармалар ондаған жылдар көлемінде өңделіп жаңаша манерде халықтың керегіне жараған.

ХУІІІ ғасырдағы чуваш халқының ұлы ағартушылары Никита Бичурин, Петр Егоров, Ермей Рожанский өз шығармаларында халықтық педагогика мәдениетіне сүйенген. Чуваш педагогы және ағартушысы С.М. Михайлов өз жұмысын халықтық педагогика ескерткіштерін жинап, зерттеп, таратудан бастаған. Чуваш халқының ертегілері, әңгімелері, халықтық салт-дәстүрлер, балалар ойыны мен ойыншықтары, жастар мен балалар арасындағы дәстүрлер, табиғат туралы дұрыс түсініктер қалыптастырудың амалдары, балаларды ән айтуға үйрету, еңбек сұйгіштікке тәрбиелеу т.б. тәрізді тақырыптар С.М.Михайловтың мұраларында көрініс табады.

Халық ағарту ісімен шұғылдану үшін алдымен халық руханиятын меңгере білу қажет. Бұл жағдайды И.Я.Яковлев басшылыққа алған. Ол өз туған халқына ағартушылық қызметін жас кезінде-ақ бастаған. Оның алғашқы шығармасы халықтық дәстүрлердің дамытушылық және кертартпалық жақтарын зерттеуге, оның тәрбиелік мүмкіндіктерін анықтауға арналған. Ал қартайған кезінде жазып қалдырған «чуваш халқына руханияттық өсиет» атты еңбегінде үлгілі отбасы тәрбиесі мен қоғамдық тәрбиені ардақтап сақтап, дамытуды тапсырған. И.Я.Яковлевтің педагогикалық жүйесін дамытушы дарынды шәкірттері мен қызметтестерінің (Игнатий Иванов, Никифор Охотников, Михаил Федоров, Константин Иванов, Илья Тхти, Тайр Тимки, Дмитри Петров-Юман, Трубина Мархви, Василий Егоров, Петр Афанасьев, Николай Шубоссини, Михаил Тинехпи, Николай Никольский т.б.) барлығы да ағартушылық, педагогикалық қызметпен қатар этнография және фольклористикамен шұғылданған. Дарынды чуваш ағартушыларының ішінде әсіресе Н.М.Охотниковтың «Чуваштың өз тәрбиесі жөніндегі жазбалары» («Записки чувашина о своем воспитании») этнопедагогикалық еңбегінің «аққудың әні» аталғаны белгілі.

И.Н. Юркиннің құнды да өте бай мұралары осы күнге дейін назарға алынбай келеді.

Революциялық демократтар бұқара халықтың ұжымдық тәрбиені әспеттейтін ауыз әдебиеті шығармашылығын жоғары бағалаған. Н.А.Добролюбов ғылым өкілдерінің «оларды ізгілендіріп, ағартушылық бірдеме істегісі келсе», «халықтың ішкі өмірін» білуі міндетті екендігін баса айтып, көрсетіп берген. Бұл жөнінде ол үлгі көрсеткен. Ол Петербургке қайтар алдында Нижегород губернясында 1500 ге жуық мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жинаған, «көктемді шығарып салу» («проводы весны») дәстүрін жазған, әсіресе халық ауыз әдебиеті шығармаларынан жинаған жазбаларының педагогикалық мақсаткерлігі ерекше көзге түседі.

Н.А.Добролюбовтың «Нижегород губернясындағы тарихи, статистикалық, адамгершілік және ақыл-ой мәселелерін сипаттап жазуға арналған материалдар» деп аталатын еңбегінде оның орыс халқының ғана емес мордвалардың, татарлардың, чуваштар мен марийлердің де өмірі қызықтырған. Ал, «қарапайым орыс халқының мінездемелік жақтары» еңбегінде еңбекшілердің моральдық-педагогикалық кодексін мақал-мәтелдер арқылы сипаттап жазған. Қарапайым орыс еңбекшілерінің басқа халықтарға әлеуметтік көзқарастары мен қарапайым адамгершілік қарым-қатнастары туралы демократиялық тұрғыда баға берген.

Үдерісті дами алмаған әрбір ұлттық мәдениеттің мазмұнында демократиялық және социалистік мәдениеттің элементтері бар. Эксплуатациядағы еңбекші халықтың педагогикалық шығармашылығы, өмір шарттары «демократиялық, социалистік идеологияны амалсыз тудыратын» халықтың рухани өмірінің маңызды жағы болып табылады. Демократиялық мәдениеттің элементтері еңбекші халықтың педагогикалық тәжірибесі мен көзқарастарында айрықша байқалады. Жас жеткіншектерді тәрбиелеу жөніндегі халықтың педагогикалық түсініктері мен практикалық тәжірибесін зерттеу барысында қате тұжырымдар орын алған, мысалы: «барлық еңбекшілердің балалары мырзаларға бағыныштылық, билеп-төстеушілер билігінде, құдай қаһарынан қорқушылық сезімінде тәрбиеленген» (4.7) деген пікірдің басымдығы. Мұндағы «барлық балалар», «тәрбиеленген» етістіктерінің жөнсіз пайдаланылуы мәселені теріс түсіндірген. Еңбекші бұқара халықтың балаларының тәрбиесі билік өкілдерінің педагогикалық ұмтылыстары мен биліктегілердің мақсатынан туындауы, ал, екінші жағынан билік жүргізушілердің «тәрбие қызметіндегі» бұл мақсатты іске асыру, орындау нәтижесіне байланыстылығы басты роль атқарды. Еңбекші халық өз балаларының тәрбиесіне енжарлықпен сырттай қараған емес, керісінше билік жүргізушілердің тәрбиені ұйымдастыруынан гөрі халықтың өз тәрбиесінің неғұрлым тиімді болғандығы белгілі.

Халықтық педагогика ғылым емес, ғылым пәні. Халықтық педагогикада эмприка үстемдік етеді. Мұны түсіну үшін сезімдік тұғырдан бастау алатын эмприкалық түсініктерден бастап ұғым қалыптастыру, зерттеу, сөйтіп эмприкадан жалпыпедагогикаға көтерілу қажет. Халықтық педагогика адамзат рухани өркениетінің тарихи кезеңінде педагогикалық білімнің белгілі дәрежесін айқындай отырып, педагогикалық ғылымның жаратылуына және дамуына ықпал етеді. Көркем жазба әдебиет ауыз әдебиетінің жойылуына ықпал еткеніне қарамастан халықтық педагогика халықтың күнделікті өміріндегі педагогикалық көзқарастарын сақтап қалды. Педагогика ғылымы мен халықтық педагогика өзара күрделі қарым-қатнасқа түсіп, бір тұтас кеңістікте, педагогика мәдениетін қалыптастырып, өзара дамытушылық жүйеде өркендеп, дамып келеді.

Еңбеші халықта ғасырлар бойы өзіндік өнегелі құлықтылық тәртібі мен руханияттық мәдениет қалыптасқан. Көптеген халықтарда еңбекші бұқараның өмірін ізгілендіру әдеті мен ғұрпы, салты мен дәстүрі болды. Олар табиғатқа қарым - қатнасында, жер өңдеу мәдениетінде, ауыз әдебиетінде, қолөнерінде, киім үлгілерінде, қонақ күту кәдесінде, сөйлеу әдебінде, сыпайылық ережелерінде көрініс табады.

Ескі ауыл өмірін аса дәріптеу де бекершілік; онда да қарама- қайшылық, жабырқаушылық, түнеріңкілік, қараңғылық, т.б. жеткілікті.Бұл қарама-қайшылықтар тарихи жағдайларға байланысты педагогикалық дәстүрлерге де өз таңбаларын қалдырған. Дейтұрғанмен халықтың рухани болмысындағы адам еңбегі мен адамилық дарын үдерісі, табиғилық пен жасампаздық анықтаушы факторлар есебінде басты роль атқарды, осылар арқылы шынайы ұлттық мінез тәрбиесі қалыптасты. Мысалы чуваш халқының мыңжылдық дәстүрынде жақтырмаған шаруасын сүйіспешілікпен атқарушыны еңбекқор адам деп атаған.

Этнопедагогика халықтық педагогика дәстүрлерін зерттей отырып табиғат тағдырына, балалық парыздың тағдырына, қазіргі ауылдың дәстүрлі рухани өмірінің тағдырына немқрайды қарай алмайды. Халықтың ұжымдық педагогикалық ақыл-ойының кен-байлығын зерттеуші адам табиғат байлығына, ауыл адамдарының ішкі жан дүниесіне, ұлттық өркениет байлығына немқұрайды қарайтындармен кұрес майданына шықпай отыра алмайды. Бұл әсіресе «әлемдік өркениетте сирек кездесетін чуваш халқының тәрбиелік білім тәжірибесі туралы педагогикалық ойлар» (Т.Н.Перова) тәрізді ғылыми негіделген өзекті тұжырымдамаларға байланысты болады. Туған өлке мен жер шары сұлулығының жойыла бастауына, жасөспірімдерді тәрбиелеуге негізделген ауылдың рухани дәстүрінің бүлінуіне кала мен ауыл арасындағы айырмашылықтардың азаюы себеп болып отырған жоқ. Жаңа мәдениеттің ойдағыдай жасалуы, ауыл тұрмысының жаңғыруы тек қана халықтық өркениеттің, ұлттық дәстүрдің табиғи көпғасырлық іргетасында ғана мүмкін болды. Халықтың ұжымдық педагогикалық тәжірибесінің терең тамырлы көздерін елеп-ескермеушілік, оны бобсалаушылық, ақпараттық баспа орындарының көбеюі, түсініксіз сөздіктерді жөн-жосықсыз пайдалану, лепірмелі сөйлемдер мен сөздер, бөтен, жат кестелер, дерексіз жобалар т.б. көпшілік педагогикалық мәдениеттің жарамды әлементі бола алмайды.

Ия, халықтық педагогика ғылым емес, бірақ ғылым пәні. Бұл ғылым – этнопедагогика. Халықтың көпқырлы өмірі, оның күресі мен жеңістері- тарих және басқа да гуманитарлық ғылымдардың басты және негізгі зерттеу обьектісі, сондықтан да этнопедагогика - адамзат білімінің маңызды салаларының бірі болып табылады. Халықтық шығармашылықты зерттей отырып әр халықтың әлемдік мәдениетке қосар үлесі болып табылатын аса маңызды құндылықтарды анықтау қажет: әрбір халықтың мәдениетінде еңбекшілер шығармашылығымен дүниеге келген өзіне тән аса құнды жәдігерліктері. Этнопедагог халық шығармашылығын зерттеу барысында іс жүзінде және көбінесе оның жаңаруына және дамуына ықпал етеді. Педагогикалық мәдениет халық шығармашылығын пайдалану барысында оны дамыта отырып, оның ажырамас саласына айнала алады, бұл айтылғандар тарихи педагогикалық зерттеулерге де тиесілі.

Халықтық педагогиканың тиімділігі және халықтық педагог қызметінің күшті жағы не де? Мұндағы түйсік, дарын, білім қай дәрежелерде? Халықтың педагогикалық көзқарастары мен оның педагогикалық тәжірибесінің өзара байланысы қандай? Балаларға ықпал етуді ұйымдастыру кезінде халықтық педагогика мен мектеп педагогикасының өзара ықпалы қандай болуы тиіс?

Тәрбие ісін түсінетін және оны жақсартуды қалайтын педагогикалық үрдістің қатысушылары неғұрлым көп болса жасөспірім тәрбиесінде тиімді ықпалдың мол болатыны сөзсіз. Халықтық педагогика - бұқаралық көпшілік педагогикасы, тек педагогтың ғана педагогикасы емес. Жалпыға бірдей педагогика. Халықтық педагогика пансофиялық (данышпандық) тәрбиені дәріптейді, анаға бас ию, баланың культін бағалау педагогика дінін еске түсіреді. Ата-ана үйі – отбасы руханиятының ордасы, ондағы балалар періштелер, анасы – құдайана, әкесі- патриарх...

Халықтық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер барлық мезгілде де балаларға ықпал етіп келеді. Этнопедагогика еңбекшілердің педагогикалық тәжірибесін зерттеу барысында оның мүмкіндіктері мен ұлттық оңды педагогикалық идеяларды қазіргі ғылыми-педагогикалық ұстанымдарға кіріктіру жолдарын айқындайды, халықтық педагогика даналығын, халық өміріндегі педагогикалық құбылыстардың қазіргі тәрбие міндеттеріне сәйкестігі мен сәйкессіздігін зерттеп ғылыми педагогикаға кіріктірудің амалдарын анықтайды.

К.Маркс «өлі ұрпақ дәстүрлері тірілердің санасын өзіне тартып шатыстырады» дегені белгілі. Әлі күніге дейін ескіліктің наным сарқыншақтарының сақталғаны рас. Бірақ оның терістігін ақиқаттау мүмкін еместігі анық. Т.Н.Петрова өз монографиясында француз ғалымы А.Леруа-Гуранның «халық өзінің ескі нанымдарымен ғана өзімен өзі болып өмір сүре алады»(6.9) деген тұжырымын қостайды. Ол арман, түс жору, еске түсіру, ескі сенім-ұғымдарды тұлғаныың рухани кемелденуіндегі халықтық тәрбиенің неғұрлым нәтижелі амалдары ретінде қарастырады. Педагогика ғылымының мүддесіне тән олардың мән-мазмұнын есепке алуда белгілі дәрежеде этнопедагогика қызмет ете алады. Сонымен қатар жаңа дәстүрлердің педагогикалық мән-мағынасын зерттеудің де маңызы зор. Жаңа әдет-ғұрыптардың ескіні жалғастыруы, ескі мен жаңа мазмұндағы дәстүрлердің өзара кірігуі, халықтық мереке-мейрамдардың жаңалануы мәселелері этнопедагогиканың назарында болуы заңды құбылыс. Бұл туралы Д.Коккьяра «халықтық дәстүрлерді зерттеушінің басты мақсаты- олар қалай пайда болды, неліктен осы күнге деиін сақталған, шарттары мен талаптары қандай, бұл дәстүрлерді жаңаша өңдеудің мүмкіндіктері қандай, неліктен үздіксіз жоғалу мен мәңгі жаңару алмасып отырады т.б. сауалдарға жауап іздеу» деп жазған (7.21).

Қандай жаңа әдет-ғұрыптар дәстүрге айналып, өмірге ене алады? Адамдардың күнделікті еңбек пен демалысы туралы материалдарды сұрыптап, зерттеу арқылы белгілі дәрежеде бұған жауап алуға болады. Этнопедагогика қазіргі жағдайларға сәйкестенген ескі дәстүрлер мен жаңа әдет-ғұрыптардың педагогикалық мүмкіндіктерін анықтап, оның жаңа адам тәрбиесіндегі алатын орнын белгілейді. Этнопедагогика эмприканың ұжымдық тәжірибеге мен ұжымдық ой-санаға, ғылымға айналуына ықпал ете отырып (салыстырмалы сараптама жасау педагогикалық жетістіктерді неғұрлым ұтымды, неғұрлым әділдікпен педагогикалық теория мен оның тәжірибесіне қажетті құндылықтарды сұрыптауға мүмкіндік береді), көптеген елдер мен халықтардың интернационалдық тәжірибелерін педагогикалық игілікке айналдырады. Осылайша этнопедагогика тәжірибеге бет бұрып, оған қызмет етеді, ұстаздарды - халықтық педагогика амалдарын пайдаланудың ұстанымдырымен, ата-аналарды - отбасы тұрмысын тиімді «педагогикаландыру» тәжірибелерімен, жас ұрпақты – жалпы адамзаттық өзін-өзі тәрбиелеу тәжірибелерімен қаруландырады. Осыған байланысты чуваш отбасының этнопедагогикасын жан жақты зерттеудің маңыздылығы туындайды (Э.И.Сокольникова).

Этнопедагогиканың өзіне тән әлі де тереңдете зерттеп сараптауды қажет ететін мәселелері баршылық, олардың шешімі педагогика, әлеуметтану, мәдениеттану және этнология ғылымдарына тиімді де мазмұнды қызмет атқарған болар еді. Бірқатар этнопедагогикалық мәселелердің пән ретінде ғылыми мән-мағынасын неғұрлым кеңейтіп, анықтай түсу қажет. Оған төмендегі мәселелерді жатқызуға болады: отбасы тұрмысының педагогикасы; адамгершілік тәжірибелерінің жас ұрпаққа берілуінде маңызды орын алатын әлем халықтарының мақал - мәтелдері, ақыл-ой тәрбиесінің амал-құралы - жұмбақтар; халықтық педагогиканың данышпандық мектебі - халық ертегілері; балалар мен жасөспірімдердің эстетикалық тәрбиесінде маңызды роль атқарушы халық әндері, қолдан жасалған ойыншықтар мен балалар шығармашылығы; балалар мен жастар ортасы, оның атқаратын қызматы; ана мектебінің, ана педагогикасының, ана поэзиясының үздік жетістігі болып саналатын әлем халықтарының бесік жырлары т.б.

Тәрбие туралы, тәрбие өнері мен тәрбие мәдениеті туралы халықтық түсініктерді үйренудің теориялық, саяси-идеялық маңызы зор. Педагогикалық мәдениеттер бірлігі мәселесі әртүрлі халықтар мен ұлттардың өзіндік ерекшелігіне қарамастан олардың өзара тығыз қарым-қатнасына байланысты болып отыр. Педагогикалық мәдениет бірлігі мәселесі төмендегі факторлармен түсіндіріледі:

а/ тарихи шарттардың ортақтығы;

б/ жалпыадамзаттық рухани-адамгершілік құндылықтардың, барлық

елдер еңбекшілерінің мақсат, мүддерінің ортақтығы;

в/ халықтық психология негіздерінің бірлігі;

г/ географиялық шарттардың ортақтығы;

д/ әртүрлі халықтар дәстүрлерінің өзара әсері;

е/ халықтық педагогиканың педагогика ғылымдарымен өзара әсері.

Бұларды ішінара талдап көрелік. Мысалы: еңбекшілер бірлігі мәселесі. «Күш – бірлікте» мақалы көптеген халықтарда афоризмге айналған. Еңбекшілерді бірлесуге шақыратын мақал-мәтелдер әр халықта әртүрлі айтылғанымен мәні мен мазмұны бірдей болып келеді.

Этнопедагогика пәнін неғұрлым нақты түсіну ұшін төмендегі өзара байланысты он мәселені атауға болады:



  1. Халықтың негізгі педагогикалық түсініктері (тәрбие, өзін-өзі тәрбиелеу, қайта тәрбиелеу, қамқорлық жасау, өсиет қалтыру, ақыл беру, уағыздау).

  2. Бала тәрбиенің объектісі, субъектісі.(туған бала, жетім, асыранды бала, құрдас, дос, жолдас, бөтен, бөгде, жат, балалар ортасы)

  3. Тәрбиенің қызметі (еңбекке тәрбиелеу, моральдық - жігерлілік мінез қалыптастыру, ақыл дамыту, денсаулық сақтау, денсаулыққа қамқорлық, сымбаттылық, сұлулыққа махаббаттандыру).

  4. Тәрбие факторлары (табиғат, ойын, еңбек, сөз, тұрмыс, бірлесу, ұжымдасу, ортақтасу, дәстүр, өнер, дін,идеал, тұлғалық)

  5. Тәрбие әдістері (ұқтыру, нандыру, сендіру, түсіндіру, үлгі, бұйрық беру, үйрету, тілектестік, алғыс, бата, жаттықтыру, қарғыс айту, ант беру, жалыну, ақыл беру, емеурін көрсету, қолдау, кіналау, ұрсу, жазғыру, сөгу, сөгіс жариялау, ұнату, ұнатпау, көндіру, жек көру, парыз, өсиет, серт, уәде, мойындау, опық жеу, өкіну, уағыз айту, тиым салу, қорқыту, қарғыс, өтірік айту, балағаттау, жазалау, ұрып-соғу т.б.).

  6. Тәрбие амал-құралдары (күлдіргі,қызықтау, мазақтау, санамақ, жұмбақ, мақал, мәтел, өлең, ән, терме, жыр, эпос, аңыз, т.б.).

  7. Ұлттық тәрбие үрдісінде орындалатын адамды жетілдіру идеялары (тәрбие тараптарының өзара байланысы, ақылдылық пен әдемілік, т.т. ..... бұл жерде қазақ халқының жігіттер мен қыздарға қойылатын талап тілектер жазылуы қажет тәрізді, м: жігіт сыны, қыз сыны, неке салты, жігіттер мен қыздарға қойылатын моральдық, этикалық, тұрмыстық талаптар т.б.).

  8. Тәрбиені ұйымдастыру (балалар мен жастардың еңбек бірлестіктері, жастар мерекесі, жалпыхалықтық мерекелер т.т.).

  9. Адамдардың ұжымдық өміріндегі педагогика (отбасында, әулеттте, руда, ұлтта, халықта, адамзатта).

  10. Халық тәрбиешілері (ата-аналар, ересек балалар, көшедегі қоғамдық тәрбиешілер, еңбек пен кәсіпті ұйымдастырушылар, мемлекеттік қызметкерлер, сауда, транспорт, мәдениет пен өнер саласының тәрбиеге тікелей тартылмаған қызметкерлері, кездейсоқ адамдар, беймәлім тәрбиешілер, т.б.).

Халықтық педагогика өз қызметінде шеше алмаған мәселелерді педагогика ғылымы зерттеп, талдап, сараптап шешіп бере алады. Дейтұрғанмен педагогика ғылымы халықтық педагогиканың таусылмас қорындағы асыл мұраларының кейбіріне ескінің қалдығы ретінде қарап, оларға назар салмай отыр. Этнопедагогика зерттеушілері ескі мұраларды жаңғыртып, халықтың ұлттық санасы мен ескіге деген көзқарасын қайта оятып, оған педагогтардың, ата-аналардың назарын аударса көп мәселелердің түйіні шешілген болар еді.

Нағыз халықтық әдет - ғұрыптар мен салт – дәстүрлер тек демократиялық мемлекетте ғана бүкілхалықтық бола алады, ал өркениеттік дәрежеге жеткендері мемлекеттік дәстүрге айналады. «Русская зима» фестивалі, қысты шығарып салу, ән және еңбек мерекесі-акатуй (чуваштарда), гүлдер мерекесі (марийлерде), сабантуй (татарларда), наурыз (қазақ т.б. шығыс халықтарында) т.б. бүкілхалықтық дәстүрлі мерекелерге айналған және мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Олардың құндылығы - мақсаткерлігінде. Жаңа мазмұнға қаныққан ескі дәстүрлердің жаңа өмірге кірігуі қазіргі мерекелік шараларды ұйымдастыруда өте зор маңызға және мазмұнға, таңқаларлық үйлесімділікке ие болып отыр. Қазіргі таңда оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда халықтық педагогика дәстүрлерін тиімді пайдаланудың маңызды орын алатындығы айқын көрініп отыр.

Этнопедагогика пәні туралы неғұрлым кең көлемде түсінік жинау үшін халықтық педагогиканың мазмұнын ашатын және сипаттайтын ең негізгі ерекшеліктерді қарастыру қажет.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет