парадигмаға дейін (парадигманы белгілегенге дейін);
парадигма үстемдігі (яғни, «қалыпты ғылым»);
бір парадигма екінші парадигмаға ауысатын, олардың өзгерісіне негізделген қалыпты ғылым дағдарысы; ғылыми төңкеріс дағдарысы.
Т. Кунның тұжырымына сүйенсек, парадигма – ғылыми қоғамдастық мүшелерін біріктіретін құбылыс. Әдетте, парадигма оқулықтарда, ғалымдардың еңбектерінде бекітілген және көптеген жылдар бойы ғылымның белгілі бір саласында, ғылыми мектепте проблемалар мен оларды шешу әдістерін анықтайды. Ғалым «Белгілі бір уақыт ішінде ғылыми қоғамдастыққа мәселелер қою және оларды шешу моделін беретін барлық көпшілікке белгілі ғылыми жетістіктерді парадигма деп түсінемін» дейді. Философтың бұл термині бүгінгі тіл саласында көптеген зерттеушілердің зерттеу нысанына айналып отыр.
Поляк ғалымы А. Киклевич «Ветка вишни. Статьи по лингвистике» еңбегінде тіл білімінің парадигмаларына қатысты, ой мен бейненің байланысына, лингвомәдениеттанымның кейбір мәселелеріне, В.Маньчак
теориясына, қазіргі тіл біліміндегі тіл мен қоғам қатынасына және т.б. күрделі әрі бүгінгі таңда өзекті болып табылатын мәселелерге тоқталған. Ғалым осылайша тіл білімінің парадигмаларын зерттей келе, оның мынадай түрлерін ажыратып көрсетеді:
Дәстүрлі формалды парадигма – (ерте кезден ХІХ ғ.д.) тілдік бірліктердің бір ізге түсуі.
Семасиологиялық (психологиялық) парадигма – (ХІХ ғ.е.ж.) мәдениет байланысты қатып қалған тілдік бірліктердің бір ізге түсуі.
Ономасиологиялық (экстенсионалдық) парадигма – (ХХ ғ.б.ж. және бұл кез ХХ ғ. 70-80 жж.) тілдік таңбалардың мазмұнының номинативті аспектісінің бір ізге түсуі, яғни олардың шындықпен қарым-қатынасы.
Құрылымдық парадигма – тілдің құрылымының бір ізге түсуі, яғни әртүрлі формадағы бірліктердің арасындағы парадигмалық және синтагмалық қатынас (фонемалар, лексемалар, граммемалар, сөйлемдер арасындағы қатынас).
Постқұрылымдық (антропологиялық) парадигма – (ХХ ғ. 70 жж. бастап қазірге дейін) тілдік жүйедегі мәтіннің (когнитивтік, мәдени, коммуникативтік) бір ізге түсуі.
Әмбебаптық парадигма (холистикалық парадигма) – тиімділік қағидаттарының бір ізге түсуі [7, 29 б.].
ХІХ ғасырда антропоөзектік парадигманы зерттеу нысаны еткен В. фон Гумбольдт, Э. Бенвенист, Ф. де Соссюр, И.А. Бодуэн де Куртенэ, Г. Штейнталь, Э. Сепир, Б. Уорф, Л. Вайсбергер және т.б. ғалымдардың еңбектерінде ұлт тілі мен мәдениетінің тарихы, әр халықтың танымдық ерекшелігі, тілге адамның қандай да бір қатыстылығы, тілді зерттеудегі адам мүмкіндігі мен тілдің берер мүмкіндігі сияқты мәселелерге ерекше назар аударылған. Бір сөзбен айтқанда, антрополингвистика теориясын зерттеу жұмысының өзегіне айналдырған неміс ғалымы В. фон Гумбольдт осы бағыттың негізін салып, оның лингвофилософиялық концепциясын «Язык и философия культуры» атты еңбегінде негіздеген. В. фон Гумбольдттің лингвофилософиялық концепциясының негізгі теориясы мен әдіснамасы бойынша, тіл жанның ағзасы болып саналатындықтан, біріншіден, тілді зерттеуде оған тұтас әрі жүйелі көзқарас жасау қажет. Әрине, ең алдымен, тілді зерттеуде коммуникацияның маңызына сәйкес коммуникацияға түскен адамның тілін зерттеген жөн деп есептеледі. Екіншіден, адамды тілінен тыс сипаттау мүмкін емес, ал тілдің барлық мүмкіндіктерін адам арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Бұл екі ұғымды бөліп-жаруға тіпті болмайды. Демек, ғалымның бұл тұжырымдары қазіргі антропоцентризмдік парадигманың негізгі алғышарттарын айқындайды. В. фон Гумбольдттің «Халықтың тілі – оның рухы, ал халықтың рухы – оның тілі, бұдан артық теңдестірілген дүниені елестету қиын» [8] деген пікірі осы бағыттың өзегі іспетті. В. фон Гумбольдт алғашқылардың бірі болып тілдің мазмұндық жағын халықтың рухани өмірі мен мәдениетімен байланыстыра зерттеді. Гумбольдт тілді этникалық топтың сипатын, оның психикалық құрылымын, ойлау тәсілін, өнерін, ғылымын, философиясын, яғни тілде көрініс табатын «халықтың рухын», оның дүниетанымын анықтайтын интеллектуалды
құндылықтардың бүкіл кешенін бейнелейтін құбылыстардың бірі деп санайды. Тілдің рухани ұстанымына жүгінген Гумбольдт оны динамикалық, шығармашылық өнім ретінде қарастырады, оның қызметі адамның жеке тұлғаға әлеуметтік құбылыс ретінде тілдің әсерінен көрінеді, ал жеке тұлға бұл тілді өзінің ішкі және сыртқы қажеттіліктеріне сәйкес қолдана отырып, тіл оның ойлау қабілетіне әсер етеді. Гумбольдт «Лаций мен Эллада» еңбегінде грек тілінің сипатын зерттей отырып, ұлттық ерекшеліктерді тану барысында сол ұлттың тілдік бірліктеріне сүйенбейтін зерттеу ешқашан өнімді болмайтынын, өйткені бүкіл ұлттық сипат тек тілде ғана толық көрініс табатынын айтады. Осы орайда оның «тілдің ішкі формасы» (innere Sprachform) идеясы туралы айта кету керек. Тілдің ішкі формасы дегеніміз – белгілі бір тілдің сөйлеушілерінің нақты дүниетанымдарын көрсететін және тілдің сыртқы формасымен бекітілген ұғымдар жүйесі. Гумбольдттің бұл концепциясы лингвистикада ерекше маңызға ие болып, көптеген ғылыми ойларды тудырды. Әсіресе тілдегі жекелеген сөздердің пайда болуын адам санасымен, болмыспен, ұлттық дүниетаныммен байланыста, яғни мәдени-танымдық бағытта қарастыратын «уәждеме» (мотивология) саласының алғышарттарының қалыптасуына түрткі болды. Көрнекті орыс ғалымы А.А. Потебня Гумбольдттің
«ішкі форма» туралы ілмін әрі қарай дамыта отырып, өзінің философиялық- лингвистикалық тұжырымдамасын қалыптастырды. Ол Гумбольдттің «тілдің ішкі формасы» идеясын «сөздің ішкі формасына» қатысты қолданды. Оның пікірінше, барлық тілдегі кез келген сөз таңба болып табылады, ал таңба өзі белгілейтін заттың адам санасында көрініс тапқан белгілері арқылы жасалады.
Демек, А.Потебня ұстанымы бойынша, сөздің ішкі формасы – заттың, яғни денотаттың әртүрлі қасиет-белгілерінің ішіндегі ең негізгісі, доминант белгісі [9, 130 б.]. Аталған ғалымдар тілдегі сөздерді кездейсоқ құрала салған дыбыстар тіркесі ретінде емес, адам санасында болатын ойлау процесінің, сонымен бірге оның мәдениеті мен дүниетанымының көрінісі ретінде қарастырады. Жалпы тіл біліміндегі антропоөзектік бағыттың алғашқы үлгілері тілді жеке-дара емес, оны тудырып, қалыптастыратын, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, дамытатын адаммен бірлікте алып қарастыруды осылайша негіздеген болатын.
В. фон Гумбольдттің салыстырмалы антропологиясын одан әрі жалғастырған Г. Штейнталь, А. Потебня, П. Флоренский, А. Лосев сынды ғалымдар осымен байланысты келесідей антиномияны белгілейді: әрекет – заттылық, еркіндік – қажеттілік, сөйлеу – түсіну, сөйлеу – тіл, тіл – ойлау, обьективті – субьективті [10]. Яғни бір-біріне қарсы және жақын ұғымдарды салыстыра зерттеу арқылы екеуінің де тілдік ерекшеліктерін, танымдық белгілерін, қызметін анықтауға болады. Нақтырақ айтсақ, үнсіз тұрған адамның тілі мен коммуникацияға түскен адамның тілін алып қарасақ, екеуінің әрекеті әртүрлі, әрі қарама-қарсы. Бірақ екеуінің де тілдік бірліктерін қалыптастыратын коды санада орналасқан. Ал бұл ғалымдар екі түрлі формадағы әрекетті негізге алып, тілдің көрінбейтін терең құрылымдық санадағы қызметін, тұстарын көрсетіп, келесі кезеңде қалыптасқан антропоөзектік парадигманың бір саласы ретіндегі психолингвистиканың алғышарттарын көрсетіп отыр.
В. фон Гумбольдттың «адамның рухани күші» теориясының орнына негізгі нысанға адами психологияны, яғни тілдегі психологизмді қойған неміс ғалымы Х.Штейнтальдің пікірінше, тіл артикуляциялық дыбыстар арқылы қабылданатын адамның ішкі дүниесінің, рухани қозғалысының көрінісі болып табылады [10]. Ғалым адам психологиясы арқылы оның тілін, мәдениетін, елінің салт-дәстүрін, халқының тұрмыс-тіршілігін анықтауға болатының айтады. Этнопсихология саласының негізін қалаушы Г. Штейнталь психологиялық лингвистиканы мәдени психология деп қарастыра отырып, психолингвистика жөнінде мынандай ой қорытады: «тіл халықтың төл санасы, дүниетанымы мен рухани ойлауы болып табылады. Осыған орай, тіл білімі индивидтің психологиясына ғана емес, сол тілде сөйлейтін халықтың психологиясына негізделуі тиіс». Демек, ғалым өз зерттеудерінде тіл мен ұлтты сабақтастықта қарастырған. Адамды тану үшін оның халқын, елін, салт- санасын тану керек деген қағидатты ұстанатын ғалым тұжырымдары бүгінде этнолингвистика, психолингвистика салаларында тереңінен зерттеліп келеді.
Ал француз ғалымы Э. Бенвенист «Общая лингвистика» атты еңбегінің
«Тілдегі субьектілік» деп аталатын XXVIII бөлімінде тек тіл арқылы ғана адам субьект бола алатындығын былайша түсіндіреді: «Адам тілде және тілдің арқасында субъект ретінде айқындалады, өйткені тек тіл шынайылық, өзінің шынайылығын береді, бұл болу, «Еgо» – «мен» деген ұғымға ие. Мұнда сөз болып отырған «субъективтілік» сөйлеушінің өзін «субъект» ретінде көрсету қабілеті. Ол әрбір адамда бар өзіндік сезіммен емес, (бұл анықтауға болатын шамадағы сезім, небәрі көрініс болып табылады), тұтастықпен біріктірілген және сананың тұрақтылығын қамтамасыз ететін алынған тәжірибенің жиынтығына қатысты трансцендентті психикалық бірлік арқылы анықталады. Біз оны «субъективтілік» деп пайымдаймыз, оны феноменология немесе психология тұрғысынан қарастыру керек пе, қалай ыңғайлы – бұл адамда тілдің іргелі қасиетінің көрінісі болады. «Еgо» деген адам «еgо» болып табылады. Бұл жерден «тұлғаның» тілдік мәртебесімен анықталатын «субъективтіліктің» негізін көреміз [11].
Шынымен де, дүниенің қай саласын зерттесек те, адамды танудан, зерттеуден айналып өте алмаймыз. Шындық өмірде болып жатқан әрекеттің барлығы адам болмысымен байланысты. Сондықтан адам феноменінің негізгі белгісі ретіндегі тілді зерттеуде тіл білімінің әртүрлі қырларын, жаңа парадигмаларын ашу үшін тілден адамды, адамнан тілді іздеген жөн.
Орыс-поляк ғалымы И.А. Бодуэн де Куртенэ тіл мен адам байланысы жайында былай тұжырымдайды: «Тіл тек жеке мида ғана, тек рухта ғана, белгілі бір тілдік қоғамды құрайтын индивидтердің немесе даралардың психикасында ғана бар» [12, 11 б.]. Яғни антропоөзектік зерттеу жүргізу барысында тілден адамның қарым-қатынас үстіндегі қызметінің сипаты зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Зерттеуші Ф.Х. Айтекова қазіргі лингвистикадағы антропоцентристік парадигманы зерттеу барысында анықтаған оның бір-біріне ұқсас әрі өзгеше төрт бағытын санамалап көрсетеді:
Бірінші бағыт – әлемнің тілдік бейнесі, яғни тілі арқылы адамның өзін көрсететін тікелей айнасы ретінде зерттеу.
Екінші бағыт – қарым-қатынасқа түскен адамның тілін нысанға алатын коммуникативтік лингвистика.
Үшінші бағыт бойынша адамның танымдық үдеріс кезіндегі тіл қызметі қарастырылады.
Төртінші бағыт – С.Г. Васильева субьективті лингвистика немесе белгілі бір тіл иесінің теориясы деп атаған әр адамның тілінің қандай бағытта қалыптасып, дамығанын танытатын бағыт. Оның негізін И.А. Бодуэн де Куртенэ қалаған [13, 164 б.]. Ғалымның бұл ұсынған бағыты қазіргі таңда көптеген жаңа салалардың, бағыттардың ашылуына өз септігін тигізді.
Американдық лингвист, антрополог Э. Сепир тілге қатысты «Грамматист и его язык» (1924) деген мақаласында тіл мен адам психикасын, интуициясын байланыстырып зерттеп, мынадай тұжырым жасайды: «бізде тілдердің психикалық процестердің ауқымды және толыққанды желілерінің мәдени қоймалары болып табылатындығын болжауға барлық негіз бар, бізге оны әлі нақты анықтау қажет» [14]. Осымен байланысты ғалым тілдің танымның бір құралы екенін айта келіп, оны антропология, мәдениеттану, психология, философия сынды ғылым салаларымен байланыстырады. Сонымен қатар осы арада антропологиялық лингвистиканың ірі саласы болып табылатын этнолингвистика ілімінің да жаңа арнаға бағытталуы тиіс екенін атап көрсетеді. Олай болса бүгінгі лингвомәдениеттаным саласы В. Гумбольдт заманынан бастау алып, Э. Сепир тұсында қайтадан жаңғыра түскен деп санауға болады.
Э. Сепирдің осы идеясын дамытып, ілімін ары қарай жалғастырған екінші американдық ғалым – Б. Уорф. Ол Американдық үндістердің тілі мен мәдениетіне ерекше қызығушылық танытып, тіл мен мәдениет деректеріне байланысты бірсыпыра зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «әр тілдің өзіндік метафизикасы болады..., егер де Ньютон ағылшынша ойлап-сөйлемеген болса, онда ол негіздеген әлемдік деңгейдегі концепциялар жүйесі басқаша сипатта болар еді» деген тұжырым жасайды [14, 164 б.]. Сонымен қатар Б.Уорф: «тілдің қызметі тек идеяны жарыққа шығарумен шектеліп қоймайды, сол идеяның өзін туғызуға да қатысады. Сол себепті меңгерілген тілдің шеңберінен тыс ойлау да мүмкін емес» деп тұжырымдайды. Бұл тұжырымды тіл тек ойды бейнелеп қоймай, ойдың (танымның) өзі де тілге қатысты туындайтыны туралы алғашқы пікірлердің бірі деп бағалауға болады. Осы тұжырымдары негізінде өзін Э.Сепирдің ойын жалғастырушы ретінде санаған Б.Уорф өткен ғасырдың 30- жылдарындағы дәрістерінде бұл қағидатты Сепир-Уорф гипотезасы деп анықтап, «Лингвистикалық салыстырмалылық теориясы» деп атаған.
Осылайша тіл мен адам байланысын зерттеп, тілдегі адамды ажыратып, қалыптасқан тілдік заңдылықтарға өзгеріс енгізіп, адами факторды алдыңғы қатарға қойған, антропоөзектік бағытты жан-жақты қарастырған В. фон Гумбольдт, Э. Бенвенист, Ф. де Соссюр, И.А. Бодуен де Куртэне, Г. Штейнталь, Э. Сепир, Б. Уорф, Л. Вайсбергер және т.б. тіл майталмандарының ғылыми тұжырымдары ресейлік ғалымдар тарапынан өз жалғасын тапты.
Адам факторын зерттеу жұмыстарының өзегіне айналдырған ресейлік Н.И. Толстой, В.А. Аврорин, В.Н. Телия, В.В. Воробьев, А. Вежбицкая, Ю.С. Степанов, Н.Д. Арутюнова, В. Маслова, Д. Слобин, А.Р. Лурия сынды
ғалымдар В. фон Гумбольдттің негізгі антрополингвистикалық концепциясын одан ары дамытып, сол арқылы орыс тілінің мүмкіндіктері мен ғылыми зерттеу аясын кеңейтті. Бұл ғалымдар да өз зерттеулерінде халық тарихы, адами көзқарас, дүниетаным, рухани мәдениет, материалдық қажеттіліктің барлығы тілмен байланысты екенін ескере отырып, тілді зерттеуде адам болмысынан аттап өту мүмкін еместігін анықтайды.
Осы тұрғыдан тіл философиясын тереңірек зерттеген Ю.С. Степанов тілдің қызмет ететін бірнеше қырын көрсеткен: 1. Тіл – индивидтің тілі. 2. Тіл – отбасы мүшелерінің тілі. 3. Тіл – құрылым. 4. Тіл – мінез бен түр іспеттес. 5. Тіл – компьютер. 6. Тіл – жанның мекені мен ой кеңістігі [15].
Көріп отырғанымыздай, ғалым тілге біржақты қарамай, оны жүйе ретінде, модель ретінде таныған. Соның негізінде ұсынған «Язык и метод» атты еңбегінде XVII-ХІХ ғасырлар аралығындағы тілдің философиялық мәселелеріне, оның ішінде «екі тіл» парадигмасы, синтаксистік парадигмаларға, прагматикалық парадигмаға, тілдік моделдерге, тілдік жүйе мен мәтінге қатысты ғылыми тұжырымдарын жасап, талдаулар жүргізген. Ю.С. Степанов
«субъект» ұғымын тілдегі адам мәселесіне қатысты былай анықтайды:
«Субъект» сөзінің екі негізгі мағынасы бар: біріншіден, «сыртқы әлемге таным және қайта құру объектісі ретінде қарсы тұратын саналы және әрекет етуші адам»; екіншіден, «бастауыш, сөйлемнің субъектісі». Әдебиет пен өнердің семиологиясында біз ең алдымен бірінші мағынасын қолданамыз: жазушы – шығармашылықтың субъектісі, тіл семиологиясы мен философиясында – ең алдымен екінші мағынасын қолданамыз: нақты лингвистикалық талдау, бұл ең алдымен, сөйлемнің субъект-предикаттық құрылымын талдау» [15, 374 б.]. Ғалымның пайымдауынша, ішкі «меннің» сөйлеуші «менмен» қабаттасуы немесе ішкі «меннің» сөйлеуші «менге» айналуы прагматикалық сөйлеу болып табылады. Осылайша сөзді зерттеудегі антропоөзектік парадигмаға философиялық қырынан қараудың негізінде ғалым аталмыш еңбегінде оларды эгоцентрлік сөздер деп көрсеткен.
Тіл мен ұлттың (адамның) сабақтастығына қатысты кеңестік этнолингистиканың негізін қалаушылардың бірі – Н.И. Толстой. Ғалым ХХ ғасырдың 50-жылдарында болгар говорларын зерттеп, диалектілік, этнографиялық экспедицияға шығып, материал жинайтын этнолингвистикалық ғылыми мектеп ашқан. Н.И. Толстой «Язык и народная культура. Очерки по славянской мифологии и этнолингвистике» [16] атты 1995 жылы жарыққа шыққан еңбегінде тіл мен этносты ортақ аспектіде қарастырып, этнолингвистикаға екі түрлі анықтама береді. Бірінші анықтама бойынша этнолингистика тіл білімінің бір бағыты ретінде қарастырылады. Ол бағытта тіл мен діл, тіл мен мәдениет, тіл мен халықтық шығармашылық байланысып, бір аяда зерттеледі. Ал кең мағынада этнолингистика кешенді пән болып табылады. Соның негізінде сол елдің мәдениеті, психологиясы, мифологиясы жоспарлы түрде қарастырылады.
Ғылымның түрлі салаларымен (әлеуметтану, этнография, антропология, психология, мәдениеттану, педагогика, тарих, саясаттану, дінтану, заң ғылымы т.б.) және тіл білімінің жекелеген салаларымен (когнитивті лингвистика,
гендерлік лингвистика, психолингвистика, т.б.) тығыз байланыста дамып келе жатқан әлеуметтік лингвистика саласын, салыстырмалы-тарихи тіл білімін, әлеуметтік лингвистиканы зерттеуші орыс лингвисі – В.А. Аврорин. 1975 жылы оның әлеуметтік лингвистиканың өзекті мәселелеріне қатысты «Проблемы изучения функциональной стороны языка: к вопросу о предмете социолингвистики» [17] атты еңбегі жарық көрді. Ғалымның пікірінше, әлеуметтік лингвистиканың маңызды ұғымдарының бірі тілдің коммуникативтік қызметін сипаттайтын аясы – тілдік жағдаят. Бұл саланың ғылым ретінде танылуы үшін А. Сеше, Ш. Бали, А. Мартине, С.Д. Карцевский, Р. Редаль, Р. Розенкорнц, Т. Фрингс, Р. Горссе, Е.Д. Поливанов, Р.Д. Шор, В.М. Жирмунский, Б.А. Ларин сынды ғалымдар ерең еңбек жасады. Соның негізінде бүгінгі таңда бұл сала да антропоөзектік парадигманың өзіндік зерттеу нысаны бар, қоғамдық әрі тілдік сұранысқа ие әлеуметтанымдық салаға айналып отыр.
«Тіл мен мәдениет» сабақтастығын антропоөзектік парадигмада танушы В.Н.Телия – лингвомәдениеттанымдық бағыттағы алғашқы зерттеушілердің бірі. Ол – «Русская фразеология: Семантический, прагматический и лингвокультурологический аспекты» [18] атты монографияның авторы. Бұл монографияда ғалым фразеологиялық сөз тіркестерін лингвомәдениттанымдық, семантикалық, паргматикалық аспектіде қарастырып, лингвомәдениттаным ілімінің ғылымда тереңдей түсуіне ықпал жасады. Соның негізінде қазіргі таңда өзекті мәселе болып табылатын антрополингвистикалық елтаным мәселелеріне қатысты «Отан» мәдени тұжырымдамасындағы сана архетиптерінің рефлекстері, «Мәдениет контекстінде тілдің фразеологиялық құрамын зерттеудің бірінші кезектегі міндеттері мен әдіснамалық мәселелері», «Тілдің коммуникативтік қызметі және мәдени-тілдік құзыреттілік мәселесі», «Отан атауындағы туған жер мәдениеті тұрақтамасындағы концепт түзетін флуктуация», «Тілдің Сцилла лингвокреативтілік техникасы мен Харибда техникасы арасындағы лингвомәдениеттану объектісі (лингвомәдениеттанудың жеке эпистемологиясы мәселесіне)», «Лингвомәдениеттану – бірнеше сөз құрылымдарының жаңғыртылу феноменінің жаңа шынайылығына деген кілті» атты ғылыми мақалалары антропоөзектік парадигманың маңызды бөлігін құрайтын лигвомәдениеттану саласының ғылыми-әдістемелік базасын жетілдіріп дамытуға маңызды үлес қосты.
Лингвомәдениеттаным бағытының теориясы мен әдісін зерттеу нысанына айналдырған ғалымдардың бірі – В.В. Воробьев. Ғалымның
«Лингвокультурологическая парадигма личности», «Лингвокультурология: теория и практика», «Языковая личность. Лингвокультурология. Лингводидактика. Лексикография», «Лингвокультурология», «Русский язык в диалоге культур» [19], т.б. еңбектері соның дәлелі. В.В. Воробьевтің пікірінше, барлығының басында адами құндылықтар тұратын лингвомәдениеттаным мәдениет пен тілдің өзара әрекеттестігі мен өзара байланысын зерттейтін синтездеудің кешенді ғылыми пәні болып табылады.
Тіл мен мәдениетті ортақ аспектіде қарастырудың ғылыми-әдістемелік негізін жүйелеп, лингвомәдениеттануды пән ретінде қалыптастырушы ғалым –
В.А. Маслова. Ол тіл – мәдениет – адам – этнос жүйесі бойынша осы төрт ұғымның аражігін ажыратып, антропоөзектік парадигманың негізгі белгілерінің бірі – адамды ерекшелеп көрсетті. Ғалым өзінің «Лингвокультурология» атты оқу құралында тілдегі антропоөзектілік мәселесіне, оның ішінде тіл мен мәдениет қатынасына, лингвомәдениеттаным бағытының негізгі теориясы мен тарихына тоқталған. В.А. Маслованың пікірінше, антропоөзектік парадигма бойынша адам бірінші орынға шығады, ал тіл – адамның әртүрлі қырын танытушы құрылым: «адам интеллекті, адамның өзі сияқты, тіл мен тіл қабілеттерінен тыс сөйлеуге және қабылдауға қабілетсіз. Егер тіл барлық ойлау процесіне енбесе, егер ол жаңа менталдық кеңістік жасай алмаса, онда адам тікелей бақылаудың шеңберінен шықпас еді. Адам жасаған мәтін адам ойының қозғалысын бейнелейді, ықтимал әлемдер құрады, ой динамикасын және оны тіл құралдарының көмегімен көрсету тәсілдерін бейнелейді» [12] деген ғалым тұжырымынан тілді дамытатын да, қолданатын да адам екенін түсінуге болады. А. Вежбицкая «Язык. Культура. Познание» [20] атты еңбегінде мәдениет психологиясының концептуалдық негіздеріне прагмалингвистикалық тұрғыдан тоқталған. А. Вежбицкая аталған еңбекте ағылшынның self және person бірліктеріне назар аударады. Ғалымның пікірінше, бір қарағанда екеуі де бір мағына беретіндей болса да, мағыналық реңкі әртүрлі болғандықтан person (адам) мәтіннің ішіндегі тұлғаны табуға мүмкіндік бере алмайды. Мәтін ішіндегі «менді» тауып, оны суреттеу арқылы автордың ойын, сол елдің тыныс- тіршілігін, психологиясын түсінуге болады. Осымен байланысты В.А. Маслова өзіндік «меннің» әртүрлі сипатта болатынын айта келіп, оның интеллектуалдық, эмоциялы, сөйлеуші, ойлаушы сияқты қырларын көрсеткен. Сондықтан «меннің» бұндай қырлары мәтінде түрлі бағытта танылып, субьектінің әлем туралы көзқарасын көрсететін әлеуметтік, психологиялық
реңктегі коммуникативтік қызметте жұмсалуы мүмкін.
Д. Слобин мен Дж. Гриннің «Психолингвистика» [21] деген еңбегі, аты айтып тұрғандай, антропоөзекті парадигманың маңызды бағыттарының бірі психолингвистикаға арналған. Тілге жасалған психологиялық зерттеулер оқырманға психолингвистикаға кіріспе түрінде ұсынылған. Сонымен қатар еңбекке Лондон университетінің оқытушысы Дж. Гриннің психологиялық эксперименттері енгізілген.
Л.С. Выготскийдің психологиялық концепциясын негізге ала отырып, сөйлеу коммуникациясына нейропсихологиялық талдау жұмыстарын жасаған А.Р. Лурия тіл саласын зерттеуде тілдік құрылымдарды, адами көзқарастарды, үлкен-кіші мәтіндерді зерттеу жеткіліксіз деп есептейді. Мәселенің бәрі адамның санасында, миында құрылымдалады. Сондықтан дәстүрлі грамматика, психолингвистика, когнитивті лингвистика т.б. салалар анықтай алмаған бірліктерді көруге нейролингвистика саласы мүмкіндік береді, адам санасындағы көптеген терең құрылымдардағы мәселелерді ашып, ғылымға жаңа дем береді. Бұл бағыттың болашағын айқындап, дамытатын антропоөзектік үрдісіне сәйкес тілді нейролингвистикалық аспектіде қарастыру мәселелері ғалымның «Основные проблемы нейролингвистики» [22] еңбегінде көрсетілген.
Тіл білімінің тарихында Прага лингвистикалық мектебінің пайда болуымен тілді жұмсалымдық қасиеті тұрғысынан қарастыру бағыты, яғни тіл білімінде бұрын болмаған ерекше жұмсалымдық бағыт қалыптаса бастады. Прага үйірмесін 1926 жылы ағылшын тілін және жалпы тіл білімін зерттеуші фонология және синтаксис салаларының белгілі маманы Вильем Матезиус құрды. Үйірмеге көптеген елдердің атақты тілші мамандары мүше болды. Чех тіл мамандары: Богумил Трика, Богуслав Гавранек, Йозеф Вахек, Владимир Скаличка, Людовит Новак, Карел Горалек, Павел Трост, Ян Мукаржевский және т.б. Орыс лингвистері Николай Сергеевич Трубецкой, Роман Осипович Якобсон және Сергей Осипович Карцевский. Ол үйірменің жұмысына шетел тілшілері де қатысты: Л. Блумфилд (АҚШ), К. Бюлер (Австрия), Л. Ельмслев (Дания), А.Ф. де Гроот (Голландия), Г. Улашин (Польша), Д. Джоунз (Англия), А. Мартине (Франция) және т.б. Әсіресе орыс тілшілері: Е.Д. Поливанов, Г.О. Винокур, Б.В. Томашевский, Н.Н. Дурнов және т.б. үйірме жұмысына барынша атсалысты. Прагалықтар тілдегі кез келген құбылысты жұмсалымдық тұрғысынан қарастырды. Олардың айтуынша, тілдің дыбыстық, грамматикалық құрылымының және сөздік құрамының өзгеруі тек қана олардың жұмсалымдық қасиетінен келіп шығады.
Сонымен, қазіргі таңда жоғарыда көрсетілген жаңа бағыттар мен парадигмалардың ғылымда кеңінен қолданылуына негіз болған В. фон Гумбольдттің адам мен тіл қатынасын ажыратуға, тілдегі адам бейнесін әртүрлі аспектіде зерттеуге мүмкіндік берген концепциясының одан ары жалғасуы, антропоцентрлік бағыт арқылы әр ұлттың тарихын, мәдениеті мен танымын, ділін зерттеуге негіз болуы, сайып келгенде, қазіргі таңда бұл бағыттың тіл білімі үшін жаңа белес болғанын көрсетеді.
Көркем мәтінді лингвистикалық талдауда басты назар аударылатын жайт – көркем шығармадағы тілдік құралдардың көркем мазмұнды бейнелеуге қатысын анықтау. Бұл орайда Д.Исабеков шығармаларында пайдаланылған тілдік элементтердің мағына-мазмұнын, эстетикалық қызметін ашып айқындау жалпы ұлттық тілдің табиғатын тануға өзіндік септігін тигізетіні даусыз.
Достарыңызбен бөлісу: |