Мына кітаптарды оқыдыңыздар ма? Достоевскийдің «Қылмыс пен зауалындағы» Раскольников соттан қашып жүр. «Менің атым Қожадағы» Сұлтан сабақтан қашып жүр. Мұхтар Әуезовтың Еңлігі мен Кебегі елден қашып жүр. Чеховтың да «Қашқын» - «Беглец» деген әңгімесі бар. Онда сырқат бала ауруханадан қашады. Толстойдың «Казактар» повесінің кейіпкері Кавказға қашады, Бірақ, өзінен өзі қашып кете алмайды.
Есіме орыс ақыны Лермонтовтың «Беглец» деген дастаны түсті. Оны қазақ тіліне, ұмытпасам, Шәңгерей Бөкеев аударған.
«Сөйлеме, залым, кәуір бұл жасыңды,
Қимадың жақсы өлімге бір басыңды.
Кет жалғыз, қашқын болған масқараңмен,
Қояйын қарайтпай-ақ ақ шашымды.
Қорқақ құл, енді маған бала емессін,
Сүрттірмен ұятыңды, көз жасымды!» – дейді қартайған ана баласына.
Ол қашқын біздің қашқындардан бөлек секілді. Зытып қашқан қашқын ел-жұртын тастап кеткені үшін, опасыздық жасағаны үшін ақыры өзіне қол салады. Бас сауғалаған қорқақты суреттеген дастанда «қояндай бүркіт қуған» деген тіркес бер. Мен де сол қоянның кебінде болғанмын. Бірақ, менде де жанымды аман алып қалсам деген ой ғана болды. Дастан кейіпкері Харун сүйген жарынан сөз естіп, қартайған анасынан қарғыс алып, ақыры денесі көмусіз қалса, менің ата-анам да кебінсіз, көмусіз қалды. Оларды жер қойнына арулап жуып, тапсыруға шамам келген жоқ. Жас баланың қолынан не келеді? Көмусіз қалған қанша азаматтың басында құлпытас жоқ. Бірақ қоянжүрек қорқақ қашқын мен тағдыры тәлкекке түскен қашқынның айырмашылығы жер мен көктей.
Таң қаламын! Ақ дегені алғыс қара дегені қарғыс болған, ішкені алдында, ішпегені артында болған мына ауқатты адамдар неден қорқып қашты екен?
Ананың ақ сүтін еміп, уызына жарыған бойжеткен шет елге неге қашты екен?
Қартайған ата-анасын жұртқа тастап, ақша қуып кеткен талай бозбала кіндік қаны тамған туған жерінен, әлпештеп өсірген туып-өскен елінен неге қашты екен?
Талай жігіттің көз құрты болған сылқымдар кімнен қашты екен? Әлде олар беттің арын белге түйіп, намыстан, ар-ұяттан қашып жүр ме!
Ал айтқанына көнбеген қызды алып қашқандар қашқын ба, әлде қыз қашқын ба?
Баяғыда бір әумесер: «Қатыным қашты, бір таба нанды ала қашты» –депті. Қашқындар да мықты екен. Ала қашқандары көп пе екен? Қорқақты қуа берсең батыр болады. Бабамыз қашқан мен қуғаннан қиын нәрсе жоқ деген екен. Біліп айтқан.
Тура би атанған Сырым батыр Нұралы ханға наразы болып жүргенде: «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың, біреуді-біреу шауып жеп жатыр, дұрыс басқара алмадың», – десе керек. Ханға жол үстінде жолыққанда Сырым онымен амандаспай ілгері жүре береді.Нұралы:
– Батыр, бұрылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! – депті.
Сонда Сырым:
– Хан, тасып жүргенім жоқ, қара қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін, — депті.
Қашып жүргендердің де көпшілігі тауы шағылып, айтқанға көнбей, ертеңге сенбей, не істерін білмей сасып жүргендер болуы да мүмкін.
Небәрі алпыс бес жас ғұмыр кешкен, бірақ, сөйлеген сөздері орыс тарихында алтын әріптермен жазылып қалған, 1907 жылы Ресейдің ІІІ-ші Мемлекеттік думасына депутат болып сайланған адвокат Федор Плеваконың шешесі Қостанай өңіріне қарасты Қарабалық ауданында туып-өскен Алма есімді қыпшақ қызы екен. Нағашыларына тартқан жиен ержете келе қазақтың би-шешендері секілді ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін ділмар болған деседі.
Москвада селодан келген бойжеткен қонақүйдің бір бөлмесін жалдайды. Түн ортасында осы қонақ үйінің меңгерушісі араққа сылқия тойып алып бөлмені тексеру үшін есік қағады. Қыз ашпайды. Бөлменің есігін сындырып кірмек болған еркектен қорыққан қыз қыстың көзі қырауда іш киімшең үшінші қабаттан секіріп кетеді. Абырой болғанда, қалың қарға түсіп, жаны аман қалады, бірақ, қолы сынады. Аталмыш істі қараған сот болса қыздың өміріне қауіп төнгенін түсінбегенсиді.
Сонда сотта сөз алған адвокат Плевако: «Сібірде тайгада ақ сусар деген аң болады. Ол жауынан қашқанда жолында шалшық кездессе, жалт бұрылып қашуға шамасы келмесе, әппақ қардай таза жүнін былғағаннан көрі жауына жем болғанды артық көреді. Сондықтан сіздер түсіңбесеңіздер де, қыздың терезеден неге қарғып кеткені маған түсінікті» – дейді. Осы бір-ақ ауыз сөзбен ол қыз тағдырына араша түсіп, сотты әділ шешім шығаруға мәжбүр етеді.
Біз тілге тиек етіп отырған қыз да қашқын ғой. Бірақ, ол неге қашты, кімнен қашты, көбінесе мән беріп жатпаймыз.
Бұл жалған дүние шырқ айналған ұршық сияқты.
Шәңгерей ақынның «Ұршық» деген төрт жол өлеңін жатқа білемін.
«Ағаш едің құрма өскен,
Ұршық болдың шуда ескен.
Бір қалыпта тұрмақ жоқ,
Шығармалық мұны естен».
Бәйтеректер те құлайды. Жапырақтар да жылайды. Сабы ағаш болса да балта бұтақтарды бұтайды. Өмірдің заңы бұлжымайды. Тағдырдың тәлкегінен қашып құтыла алмайды екенсің.
Айтыңдаршы! Енді қайда қашайын?