Атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары


АКАДЕМИК ҚАЖЫМ ЖҰМАЛИЕВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ



Pdf көрінісі
бет16/86
Дата31.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#23655
түріБағдарламасы
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   86
Байланысты:
Қажым Жұмалиев және қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері

АКАДЕМИК ҚАЖЫМ ЖҰМАЛИЕВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ 
ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ: 
 ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТАНУДАҒЫ ӘДЕБИЕТТІҢ 
КЛАССИКАЛЫҚ ЖАНРЛАРЫ  
 
Сұлтанғалиева Р.Б. 
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры 
(доцент), филология ғылымдарының кандидаты 
 
Академик Қажым Жұмалиев – әдебиет тарихы мен теориясының 
аса  білгір  маманы.  Ғалым  әдебиеттану  ғылымының  үш  саласын  да 
жете зерттеген, өнімді еңбек етіп, соңына мол мұра қалдырған  ғалым. 
Ғалымның  біз  арнайы  қарастырып  отырған  саладағы  сүбелі  еңбегі 
1938 жылы шыққан «Әдебиет  теориясы» атты кітабы. Аталған еңбек 
алпысыншы жылдарға дейін бірнеше рет басылым көріп, әдебиеттану 
саласы  бойынша  бірден-бір  теориялық  зерттеу  еңбек  және  оқулық 
ретінде қолданылып келді.   
Бұл  –  қазақ  әдебиеттану  ғылымындағы  теориялық  мәселелерді 
талдауға 
арналған 
алғашқы 
еңбектердің 
бірі. 
Ахмет 
Байтұрсынұлының  «Әдебиет  танытқышы»  жабылып  қалған  тұста 
жазылған  бұл  кітап  әлі  де  өз  құндылығын  жоймай  келе  жатқан 
теориялық  еңбек  саналады.  «Автордың  өзі  де  бұл  оқулықты  жазу 
барысында  орыс  әдебиеттану  ғылымындағы  Л.И.  Тимофеевтің, 
Л.В.Щепиловтың,  Г.А.  Абромовичтің  әдебиет  теориясы  бойынша 
жазған  оқулықтарын,  В.В.  Виноградовтың,  Г.В.  Плехановтың, 
М.Серебрянскийдің, А.И. Ефимовтің, А.Н. Тарасенковтың т.б. зерттеу 
еңбектерін  кітапты  жазу  барысында  пайдаланғандығын  ескерткен. 
Тағы бір ескерерлік жайт, алғашқы басылымы (1938) Виноградовтың 
«Әдебиет  теориясы»  негізінде  жазылған  болса,  одан  кейінгілердің 
барлығы  да  (1939,  1940,  1941,  1942)    басылған  сайын  өңделіп, 
толықтырылып  отырған.  Осы  саладағы  алғашқы  ізденістердің  бірі 
болғандықтан да оның ғылыми сипаты да айқын» [1, 31 б.].   
Кітап  жазылуына  ықпал  еткен  әдебиет  тізімін  келтірген  ғалым: 
«Осылардың  ішінде  әсіресе  көбірек  сүйсінетіміз  орыс  тіліндегі 
әдебиет  теориясы  оқулықтары  болды.  Ескі  заманнан  келе  жатқан 
жалпыға  бірдей  кейбір  әдебиеттік  қағида,  кейбір  анықтауларды  ол 
кітаптардағы анықтаулармен сәйкес етуге тырыстық. Өйткені әдебиет 
теориясының  мәселелері  барлық  елдердің  көркем  әдебиетіне  ортақ. 


30 
 
Мысалы, әдебиет тегі (жанр), метод (стиль), композиция, поэтикалық 
тіл т.б. ескі заманнан бері өздеріне тән негізгі ерекшеліктерін сақтап 
келеді. Оларды кейінгі зерттеушілер жаңа жағдайда, жаңа көзқарасқа 
сәйкес дамыту, бұрынғылардың пікіріндегі олқы жерлерді толықтыру 
бағытында  ілгерілетуде»  [2,  5  б.]  деген  болатын.  Әдебиеттанушы 
ғалым  А.  Ісімақова:  «Ғалым  бүгінгі  әдебиеттанудағы    мойындалған 
түсініктердің  жалпыға  ортақ  екенін  осылай  нақтылап  берген»  [3,  44 
б.] деп атап көрсетеді.  
Әдебиеттану 
ғылымының 
әдебиет 
теориясы 
саласының 
маңыздылығын  Қ.  Жұмалиев  былайша  түсіндірген:  «Әдебиет 
теориясы  жайлы  еңбек  жазу  өте  қызықтылығы,  мәнінің  зорлығымен 
қатар,  мейлінше  қиын.  Өйткені  ол  әдебиеттің  өзіне  тән 
ерекшеліктерін  тапжылмай  тануды,  көркем  әдебиеттердің  кейбір 
мәселелеріндегі  (композиция,  тіл,  өлең  құрылыстарындағы)  көзге 
ілікпестей,  байқатпастай  өзгешеліктерді  шатастырып  алмауды  талап 
етеді.  Композицияның  бір  элементін  не  поэтикалық  тілдің  бір  түрін 
екіншілермен шатастырсақ болды, онан кейінгі талдауларымыз дұрыс 
болмайды.  Математикада  бір  знак  (белгі)  теріс  қойылса,  есептің  еш 
уақытта  дұрыс  шықпайтыны  сықылды,  әдебиет  теориясының 
элементтері де мейлінше мұқияттылықты керек етеді» [2, 5 б.]. 
Ғалым  әдебиет  теориясы  мәселелерін  сегіз  тарауға  бөліп 
қарастырады.  Әдебиет  теориясы  мәселелерін  қарастырғанда,  қазақ 
әдеби  шығармаларын  мысал  ретінде  кеңінен  талдау  нысанына  алып 
отырған.  Қазақ  әдебиетінің  көрнекті  өкілдері  Махамбет,  Абай, 
Ыбырай  шығармалары  көптеп  талданғаны  айқын.  Әдебиеттің 
халықтығы  мәселелері  де  осы  тұлғалардың  туындылары  арқылы 
талданған.  Көркем  шығарманың  поэтикалық  категориялары  қазақ 
тілінде нақты мысалдар арқылы айқындалып беріледі.  
«Суреттілік  (образдылық),  типтік  бейне,  шындық  және 
суреттілік,  әдебиеттің  тарихилығы,  әдебиеттің  халықтығы,  көркем 
әдебиеттің  қоғамдық  мәні,  тақырып  және  идея,  образ  –  тип, 
композиция  және  сюжет,  портрет  кеңестік  әдебиеттанудың  таным 
тұрғысынан жазылған» [3, 47 б.].  
Мәселен, «троп – грекше бұрылыс, бұрма сөз» деп анықтама бере 
отырып,  Қ.  Жұмалиев  А.  Байтұрсынұлының:  «Тілімізде  жоғарыда 
айтылғандар тәрізді, өз мағынасында қолданылатын сөздермен қатар, 
ауыспалы мағынасында қолданылатын сөздер де аз емес. Олар әсіресе 
көркем  әдебиетте  көбірек  кездеседі.  Көркем  тілдің  басқа  түрлерінен 
ауыстыру  мағынасында  қолданылатын  сөздердің  негізгі  ерекшелігі 
астарлылығында.  Бір  нәрсені  айтып,  екінші  мағына  ұқтыруында» 
дегенін келтірген.  Осы  аталғандардан ғалым  А. Ісімақова  ««Әдебиет 


31 
 
териясының»  өзгешелігі  бұл  тараушаны  Қ.  Жұмалиев  метафора, 
кейіптеу,  метонимия,  синекдоха,  символ,  аллегория  деп  ажыратуы 
ғана» [3, 49 б.] деп қорытады.  
А.  Байтұрсынұлының  тіл  көрнектілігі  деп  көрсеткен  көріктеу, 
меңзеу  (теңеу),  ауыстыру,  бейнелеу,  алмастыру,  кейіптеу,  әсірелеу, 
мегзеу,  әсерлеу  (лептеу),  (арнау,  қайталақтау,  шендестіру,  дамыту, 
түйдектеу,  бүкпелеу,  кескіндеу)  деп  қазақ  тілінде  көрсеткен 
үлгілеріне  Қ.  Жұмалиев  метафора,  олицетвроение,  метонимия, 
синекдоха,  символ,  аллегория,  ирония,  сарказм,  гипербола,  литота 
терминдерімен берген. 
А.  Байтұрсынұлының  арнау,  қайталау,  шендестіру,  дамыту 
терминдеріне  Қ.  Жұмалиевтің  «Әдебиет  теориясының»  «Фигура» 
бөлімінде  инверсия  мен  эллепсис  қосылған  [2,  117  б.]. 
А.Байтұрсынұлының  жоғарыда  аталған  теңеулеріне  Қ.  Жұмалиев 
параллелизмді  қосады  да,  психологиялық  және  синтаксистік  деп  екі 
түрін бөліп көрсетеді.  
Әдебиеттанушы  ғалым  А.  Ісмақова  Қ.  Жұмалиевтің  «Әдебиет 
теориясының»  «Әдебиеттегі  метод  –  әдеби  стиль»  тарауында  да 
«Әдебиет  танытқыштың»  басты  ойлары  қолданылғандығын,  тек 
соңғы  «Әдебиеттегі  методтар  –  классицизм,  романтизм,  реализм, 
социалистік  реализм»  кеңес  заманы  талабына  толығымен  сай 
жазылған.  Әдебиеттің  тектері  мен  түрлері  эпос  –  әңгіме,  лирика  – 
өлең, драма – қимыл деп алынғаны да Ахаң теориясына сүйенгендік. 
Айырмашылығы  Ахаң  өлеңді  лирика  емес,  толғау  деп  атаған. 
Сондықтан мұнда да Ахаңның сөздері жоқ емес. А.Байтұрсынұлының 
«Әдебиет  танытқышын»  атауға  ресми  тыйым  салынған  соцрализм 
тұсында Қ. Жұмалиев бұл басылымның  басты қағидаларын атын атай 
алмай,  ғылымға  осылай  енгізген  екен»  [3,  54  б.]  деп  тұжырым 
жасайды.  
Диалог – кейіпкер тілін бейнелеуде, даралауда таптырмас құрал. 
Қ.  Жұмалиев  осы  диалогты  «қатысушының  сөздері»  деп  береді 
де:  «Автор  қатысушының  тұрпатын,  күйініш-сүйінішін  суреттеумен 
қатар,  олардың  сөздерін  көрсетеді.  Сөз,  адамның  сезімін,  ойын, 
өмірдегі  әр  түрлі  оқиғаға  қатысын,  мәселеге  қалай  қарайтынын 
айырып  беру  үшін  жұмсалады.  Сондықтан,  әдеби  шығарма  адам 
образын суреттеу үшін қатынасушының сөзін беру керек. Өйткені бұл 
жөнде сөздің үлкен рөлі бар» дейді. 
«Қатысушының  өзара  сөйлесуін  диалог»  деп  атап,  оның  өлеңде 
де,  көркем  қара  сөзде  де,  әсіресе  пьесаларда  көп  кездесетіндігін 
айтады [4, 97 б.]. 


32 
 
Осы  тұста,  сәл  шегініс  жасасақ,  «Әдебиет  теориясы»  курсында 
әдеби  теориялық  ұғымдарды  түсіндіруде  тәуелсіздік  кезеңі  әдебиеті 
контексында мысалдарды көптеп аламыз. Романтизм әдісінің тарихын 
ашуда,  француз  романтизмінен  аттап  өту  мүмкін  емес.  Романтизм 
әдісі  туралы  айтқанда  ұстазым  Серік  Мақпырұлы  өзінің  ұстазы 
Қажым  Жұмалиевті  ерекшелеп  айтып  отыратын.  «Қажекең 
әдебиеттегі  романтизм  әдісінің  ерекшеліктерін,  оның  өмір 
шындығын,  кейіпкерді  тұлғалау  жайын  сөз  еткенде  француз 
романтизмінің 
классигі 
Виктор 
Гюгоның 
«Отверженное» 
романындағы каторжник Жан Вальжан бейнесін сүйсіне әңгімелеуші 
еді»  деп  еске  алатын.  Зердеде  қалған  бұл  жайды  ұстаз  үлгісімен, 
дәстүр  жалғастығымен,  дәріс  барысында  біз  де  студенттерге  айтып 
жүреміз.  Әдебиет  әлемінің  әліппесінен  бастап  таныстырып,  сол 
әдебиетке,  әсемдік  әлеміне  деген  өшпес  құштарлығын  оятқандығын 
ғалымның сан мың шәкірттері әлі де дәлелдеуде.  
Қажым  Жұмалиев  бар  өмірін  халық  мүддесіне  арнағанын  оның 
әдебиеттік  туындылары,  әдеби  зерттеу  еңбектері  дәлелдеп  келеді. 
Белгілі орыс ғалымы, Қажым Жұмалиевтің ұстазы және досы, КСРО 
Ғылым  академиясының  корреспондент-мүшесі  Н.Ф.  Бельчиковтің: 
«Қ.  Жұмалиевтің  бейнесін  тұтас  алып  қарасақ,  ол  көптеген  әділ 
замандастарының  көзінде  талантты  қазақ  халқының  жақсы 
өкілдерінің  ішіндегі  нағыз  халықтық  типін  танытады.  Ол  халық 
шығармашылығының поэзиялық стихиясын өзінің еңбектерінде әдеби 
құбылыстарға  ғылым  тұрғысынан  терең  теориялық  топшылау  жасау 
әдісімен қиыстыра білді», - деуі де сондықтан болса керек.  
Қажым  Жұмалиев  –  қазақ  әдебиеттануы  ғылымның  тарихында 
«Әдебиет  теоиясы»  еңбегі  арқылы  классикалық  әдебиет  жанрларын 
кең  қамтып  зерттегендігімен,  ұлттық  сөз  өнері  мұраларының 
жанрларын 
классикалық 
әдебиет 
поэтикасы 
заңдылықтары 
тұрғысында  қарастырғанымен  ерекшеленеді.    Сол  арқылы  қазақ  сөз 
өнері  тарихындағы  фольклор  мен  әдебиет  жанрларының  әлем 
өркениетін толықтыратын классикалық деңгейде екендігін бағалағаны 
айқын.  Академик  ғалым  Қ.  Жұмалиевтің  зерттеу  еңбектері  ұлттық 
рухани  құндылықтарды  әлемдік  классикалық  дәстүр  жолымен 
сабақтастыра  бағалаудың  озық  үлгісі  ретінде  танылары  анық.  
Әдебиет айдынында өзіндік із қалыптастырған «шын ғалым» Қажым 
Жұмалиев  еңбектері  әдебиеттану  саласында  құнды  зерттеулер, 
мәңгілік бағдар өнегесі болып қала берері сөзсіз. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   86




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет