Қазақ және ағылшын тілдеріндегі этикет формаларын ерекшеліктері, Казгу 2014 57 мазмұны кіріспе



бет28/36
Дата07.01.2022
өлшемі161,08 Kb.
#19460
түріДиплом
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   36
«Оның оқасы жоқ Мақан аға, өмір болған соң өрі де, ылдиы да болады. Бәрін көрген жөн сияқты» [Б. Құсбегин].

Эмотивтік қызмет атқаратын этикет құрылымдардың бір тобы қай халықтың болмасын салт-дәстүрінде кездесетін қайтыс болған адамның туған-туыс, жақын-жұрағатына көңіл айтуға байланысты жұмсалатын тілдік бірліктер. Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша қаза, өлім бір адамның, не жеке бір отаудың қайғысы емес, ағайын-тума, ел-жұртқа ортақ қайғы болып есептелген. «Қалыптасқан дәстүр бойынша әрбір бас көтерер адамның қаралы үйге келіп, қаза иелеріне көңіл айтуы парыз саналады». Қаза, өлімге байланысты қазақ халқында естірту, көңіл айту және жоқтау сияқты ғұрыптар бар. Өлімді естіртудің де өзіндік қалыптасқан әдебі бар. Қазақ халқы ешқашан далада қайтыс болған адамды өз шаңырағына бірден шалқалатып алып келмеген, еш уақытта ет жақын бауыры өлген кісіге «пәленше өліп қалды» деп туралай айтпайды. Жөн танып жоба білетін ақсақалдар топталып, жиналып келіп естірту айтады. Қазақ сөз этикеті бойынша қазаны жақын-жұрағатына естіртер кезде немесе біреудің қайтыс болғаны туралы әңгіме болғанда өлді, өліп қалды деп тура айтпай осы сөздердің орнына дүниеден қайтты, дүниеден озды / өтті / кетті, дүние салды, о дүниеге сапар шекті, жұлдызы сөнді, қаза жетті, қайтпас сапарға аттанды, қайтпас жолға сапар шекті, айы-күні бітті, ақыретке көшті, ақырет сапарға аттанды, наны таусылды, тағдыр жетті, тұз-дәмі бітті, сағаты бітті сияқты тілдік бірліктерді қолданады. Қазақ тіліндегі Адамға өлім хақ, Тумақ бар да өлмек бар, Тумақ болған соң өлмек парыз, Адам бұйрықтан кетпейді, Ажалдан ешкім қалмайды сияқты тілдік бірліктер осындай жағдайда жиі қолданыла келіп стандарт тілдік бірлікке айналған.

Қазақ халқы естірту сияқты көңіл айтуға да қатты көңіл бөледі. Арнайы келіп көңіл айтпаған, «бата оқырға» (өлген кісіге дұға оқу. Қазақстанның батыс өңірінде «бет сипау» делінеді) келмеген, «зират етпеген» (зиратқа барып бата оқу, дұға қылу) туысқанды кешпеген, жанашырға өкпелеген. Сондықтан да естірту секілді халық арасында көңіл айтудың небір үлгілері кеңінен таралған. Қазақ тілінде көңіл айтуға байланысты қалыптасқан, эмотивтік қызмет атқаратын көптеген сөз орамдары бар. Мысалы, Иманды болсын! Қаза қайырлы болсын! Қайырын берсін! Арты жақсы болсын! Арты той болсын! Артының қайырын берсін! Құдай артының жақсылығын берсін! Иманы жолдас болсын! т.б.

Қазақ дәстүрінде көңіл айтудың жалпыға бірдей қолданылатын әмбебап түрлерімен қатар жекелеген жағдайларда ғана қолданылатын түрлері де болады. Әдетте балиғатқа толмаған сәби өлгенде: «Алтын босаға аман болсын!», «Үркер бірде туып, бірде кетеді», «Балаларың шапағатшы болсын!», «Екі арыс аман болсын!», «Құдай бергенінен жазбасын» дегендей үлгіде көңіл айтады. Өйткені халық сенімі бойынша балиғатқа толмаған күнәсіз сәби ана дүниеде тек жұмақтан орын алады да, әке, шеше, ата, әжелеріне қол ұшын беріп, күнәсін жеңілдетуге себін тигізеді.

Эмотивтік қызмет атқаратын этикет тілдік бірліктердің көпшілігі жалпы адамзаттық мәдениетпен ұштасып жатқанымен олардың бірқатарының әр этностың өзіндік салт-дәстүрімен тығыз байланысты ерекшеліктері де бар. Әр халықтың қалыптасқан салт-дәстүріне байланысты көңіл айтудың өзіндік рәсімі мен онда қолданылатын ерекше тілдік бірліктер болады. Қазақ халқында көңіл айтуға ерекше мән беріледі, көңіл бөлінеді. Сондықтан қазақ халқының этикеттік дәстүрінде қарым-қатынастың бұл түрі ерекше күрделі болып есептеледі, көңіл айту процесінде коммуниканттардың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы орны, көңіл айтушы мен бақытсыздыққа ұшыраған адамның қарым-қатынас жақындығының рөлі де ескеріледі.

Көңіл айту процесінен кейін жүретін этикеттік дәстүрдің бір түрі – жұбату. Қазаға ұшыраған адамның жақын-жұрағат, туған-туыстарына көңіл айтып келген адамдар көңіл айтып болғаннан кейін немесе қоштасарда жұбату сөз айтады. Қазақ тілінде жұбату өлгеннің артынан өлмек жоқ, болған іске болаттай берік бол, көрмеген қызығын артындағыларға берсін, т.б. да стандартқа айналған құрылымдар арқылы да, басқа да тілдік тәсілдер арқылы да жүзеге асырылады. Қазақ дәстүрі бойынша жұбату сөзді көңіл айтушылардың ішіндегі әлеуметтік мәртебесі жоғары тұлға айтады. Қазақ тілінде жұбату сөз негізінен риторикалық сипатта айтылады. Оны төмендегі мысалдан анық байқауға болады.



«Жалғыз баласынан айырылған Ерден алы-жақын ағайын-тума, әр жақтан ағылып жайсаңдар мен жақсылар көңіл айтуға келгенде, басын көтермей, бала өайғысы қабырғасын қайыстырып, салтөсек боп сарғайып жатып алыпты. Сонда Сыр бойынан келген Досбол, Шоқайлар былай деп жұбату айтқан екен:

Уа, Ерден, – депті Досбол. – Қайғырғанда көңіліңді делбейтін ағайын-туыс болмаса бір сәрі! Құдайға шүкір, ойдан-қырдан жапырылып ағылып келіп жатса, бұл – өліктің сәні, әр көңілге дәрі емес пе? Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі? Әлемді жалмап жұтса да, өмірде тоймаған қара жердің талысы! Ерден-ау, өткенге өкінбе, келмеске күйінбе, өлім деген – ұзақ жолдың алысы. Өлмек – ақ, тумақ – ақ, барлық жанның қабір емес пе барысы, – дейді.



Сонда Ерден төсегінен шүйліге көтеріліп, сартап боп сарғайған жүзін орамалмен сипап:

Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қаншама, өлі артынан өлмек жоқ. Құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ! Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, салмақтыларым едің саяулы... – деп, құшақтаса көрісіп, көңілдегі нал құсасын тарқатысып, үш-төрт күн болып, көңілін демдеп, қайғысын бөлісіп аттанған екен» [Билер сөзі]. Қазақ ауыз әдебиетінен де, қазіргі авторлы әдеби шығармалардан да мұндай жұбату сөз үлгілерінің түрлі варианттарын кездестіруге болады.

Өмірдің қызығын көріп, жасы келіп, бала-шағасының алдында қайтыс болған адамның жақын-жұрағатына Ештеңе етпейді, бұл дүниеден армансыз өтті, Бұл кісілердікі той ғой деген сияқты жұбату сөздер айтылады.

Қазақ халқының ұлттық дәстүрінің бірі – марқұм болған адамды тек жақсы жағынан айтады. Кейде марқұмның оғаш қылықтарын айтуға келсе де айтушы ол туралы айтпас бұрын міндетті түрде этикеттік дәстүрді сақтап қара жер хабар бермесін, сөзім ауыр тимесін деген сияқты сөз орамдарын қолданады.

Эмотивтік қызмет атқаратын этикет сөздердің бір тобы істеген іске байланысты сол істі атқарушыны, орындаушыны мақтап, қолпаштау, істеген ісін, жеткен жетістігін бағалағанымызды білдіру үшін қолданылатын тілдік бірліктер. Жаса, көп жаса, жасай бер, жарайсың тілдік бірліктерімен және ауызекі сөйлеу тілінде жиі қолданылатын орыс тілінен енген Молодец! Сөздері сәйкес келеді.

Қазақ тілінде эмотивтік қызмет атқаратын тілдік бірліктердің үлкен бір тобы алғыс айтумен де байланысты. Алғыс айту – қазақтың ұлттық дәстүрінің бірі. Қазақ халқы жан сүйсінтер жақсы қылықты, істеген жақсылықты үнемі айтып, мақтап, оны істеген адамға көзінше де, сырттай да алғыс жаудырып отырған. Қазақ тіліндегі алғыс айту, тілек білдіру, бата беру формалары мән-мағынасы мен мазмұны, қолданысы, формасы жағынан өзіндік ерекшеліктері болғанымен қолданыс кезінде көп жағдайда кейбір формалар бата орнына да, тілек орнына да, алғыс орнына да, рахмет айтудың бір түрі ретінде де жұмсалып жатады. Мысалы,



«– О, жасаған, сені жоқ па деуші едім, бар екенсің ғой... көз жасыңды көретін қайырымды жан бұл жақтан да табылады екен ғой. Рахмет, айналайын! Бала-шағаңның игілігін көр. Аты-жөніңді айтып кет, өле-өлгенше сенің тілеуіңді тілеп өтермін...» [Қ. Жұмаділов].

Эмотивтік қызмет атқаратын этикет тілдік бірліктердің көпшілігі жалпы адамзаттық мәдениетпен ұштасып жатқанымен олардың бірқатарының әр этностың өзіндік салт-дәстүрімен тығыз байланысты ерекшеліктері де бар. Қазақ тілінде де, ағылшын тілінде де этикеттік қарым-қатынастың бұл түрі ерекше күрделі болып есептеледі, онда коммуниканттардың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы орны, сондай-ақ айтушы мен тыңдаушы адамның қарым-қатынас жақындығының рөлі де ескеріледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   36




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет