Қосымша: Сөз ішінде келген үнді дауыссыз дыбыстар: у, й, ң буынға бөлінгенде, келесі буынның бірінші әрпі болады. Мысалы, қа-уын, қа-йық, қо-ңыр т.б.
Қатар келген 3 дауыссыз дыбыс буынға бөлінгенде, алғашқы екеуі бірінші буында қалады, ал үшінші дауыссыз дыбыс екінші буынға кетеді. Мысалы, құмырс-қа, жұмырт-қа т.б.
Қазақ тілінде бір дауыстыдан тұратын буын сөздің басында (а-та), ортасында (ки-е-лі) және соңында (әули-е) келе береді.
ТАСЫМАЛ
Тасымал – сөзді жазған кездегі оның жолға сыймай қалған бөлігін келесі жолға көшіру.
Тасымал буынға негізделеді. Яғни, сөздер тек буын жігімен тасымалданады. Мысалы, «Кереге» сөзін екі жолмен тасымалдауға болады:ке – реге, кере – ге;
Тасымалдауға болмайтын жағдайлар: Тек бір дауысты дыбыстан тұрған ашық буынды тасымалдауға немесе жолда қалдырып кетуге болмайды. (а – та, ә – ке, арми – я.)
Бір буыннан тұратын сөзді тасымалдауға болмайды. (қант, төрт, бұлт.)
Қысқарған сөздерді тасымалдауға болмайды. (ТМД, ҚазҰУ, ҚазМУ, ҚР)
Ескерту: сөздердің бірінші буындарынан қысқарған сөз (кеңшар) бен бірінші сөздің бірінші буыны мен екінші сөзі толық күйінде қысқарған сөз (педколледж) тасымалданады.)
Адам атының қысқартылып алынған әрпін фамилиясынан айырып бірінші жолда қалдыруға болмайды. (А.Қ.Жабаев, М.О.Әуезов. Қ.С.Мусин)
Қысқарған өлшем бірлігін саннан айырып тасымалдауға болмайды. (15 см, 20 кг, 100 га)