Меңдуана жегеннен саумысың? – жындандың ба?
Мойны астынан келу – жеңілу
Мойны ырғайдай – азып-тозған
Мойнын бұрау – дегенін істету
Мойнын бұру – көңіл бұру
Мойнына жар бермеу – жалқаулану
Мойнына мініп алу – басыну
Мойнынан жалы кету – арықтау
Мұз арқалап күл төгу – азап шегу
Мұзға отырғызу – алдау
Мұрны қанамау – уайымдамау
Мұрнын көкке көтеру – паңдану
Мұрнынан шаншылып жүр – қолы тимеу
Мұрнының астын көрмеу – сезбеу
Мұрты сынбады(шағылмады) – кемімеді
Мұртын балта шаппау – дүниесі түгел
Мүйіз шығу – қарық болу
Мүйізі қарағайдай – мықты, зор
Мысы құру – амалы біту
Міз бақпау – шыдап бағу
Мінезі ауыр – салмақты
Мірдің оғындай – өткір(сөз)
Місе тұту – қанағат ету
Намыс жырту – арын қорғау
Нобайы түзу – жарамды
Ноқтаға көну – жуасу
Ой тоқтату – ер жету
Ой түбіне жетпеу – көп ойлану
Ойы бұзылу – айну
Ойы онға, санасы санға бөліну – не істерін білмеу
Оқалы киім кию – шен алу
Омырау жасқа малыну – еңіреу
Он екі де бір гүлі ашылмаған – қыршын жас
Он саусағындай білу – жақсы білу
Оң көзбен қарау – мақұлдау
Оң мен солын айыру – ер жету
Оң мен солына қарау – өмірге, төңірегіне қарау
Опық жеу – өкіну
Орақ ауыз – өткір тілді
Орға жығу – құлату
Отқа май құю – өршіту
Өкпесі қара қазандай – реніші таудай
Өлген жері осы – қатты ұялу
Өң алдырмау – сыр бермеу
Өң мен түстей – әп-сәтте
Өңменнен өту – айтылған сөз қатты тию
Өрісі кең – білімді
Өрісі тар – ақылы аз
Пейілі тар – сараң
Пейілін кеңге салу – жомарт болу
Рай бермеу – ыңғай бермеу
Райынан қайту – ашуы қайту
Сабақ алу – үйрену
Сабасына келу – ашуы тарқау
Сағы сыну – беті қайту
Сай сүйегі сырқырау – бүкіл денесі ауыру
Сайтаны ұстау – жыны қозу
Сақал сипап қалу – алдану
Сақинасы бар – ұстамалы ауруы бар
Салқын қанды – байсалды
Санын соғу - өкіну
Сау басына сақина тілеп алу - өзіне ауру тілеу
Саудасы біту – ісі біту
Сәлемі түзу – ниеті дұрыс
Сегіз кессе, сіркедей қан шықпас – бір беткей
Сең соққан балықтай болу – есеңгіреу
Соқыр тиынға арзымау – түкке тұрмау
Соқырға таяқ ұстатқандай – анық
Соры қайнау – бақытсыз болу
Сөз байлау – уәделесу
Сөз есту – сөгіс алу
Сөз қайыру – жауап беру
Сөз қонбады – түсінбеді
Сөзге қалу – өсекке іліну
Сөздің майын тамызу – әдемі сөйлеу
Сөздің тігісін жатқызу – жуып-шайып айту
Сөзі мірдің оғындай – өткір сөз
Сөзі түйеден түскендей – дөрекі сөз
Сөзін жерге тастамады – дегенін істеді
Сөзінің жаны бар – айтқаны дұрыс
Су жұқпас – алаяқ
Су татиды – дәмі жоқ
Суқаны қашу – қорқу
Сүтке тиген күшіктей болу – сүмірейіп қалу
Сүттей ұйыды – кәміл сенді
Сыбағасын алу – жазасын тарту
Сыр шерту – көңіл құпиясын айту
Сырдың суы сирағынан келмеу – елемеу
Сідік шаптырым жер – жақын жер
Сілесі қату – әбден шаршау
Сілтідей тыну – тым-тырыс болу
Сіңбіруге қол тимеу – уақыты аз
Сіркесі су көтермейді – ештеңені көңілі жақтырмайды
Таба болу – мазақ болу
Табалдырығын тоздыру – қайта-қайта бару
Табан тіреу – тоқтамға келу
Табанын жалау – жалыну
Табанын жалтырату – жоқ болу
Табанынан сарсылу – титығу
Тақияда тамтығы қалмады – барынан айрылды
Тақымға алу – қысымға алу
Талағы тарс айрылу – қатты ашулану
Талшық ету – аздап қорек ету
Тамағы істі – дәмеленді
Тамақ асырау – күнелту
Тамыр жаю – кең таралу
Тамырына балта шабу – жою
Тас жүрек – қатыгез
Тасы өрге домалау – бағы жану
Тәубесіне келтіру – есін жиғызу
Тәуекелге бел байлау – көну
Тепсе темір үзеді – мықты
Терісіне сыймау – ашулану
Тойған қозыдай – жуас
Толас таппады – бәсеңсімеді
Тон пішу – сырттай болжау
Тонның ішкі бауындай - өте жақын, өз адамындай
Тонына сыймау – мақтаншақ
Төбеге жай түскендей – кенеттен
Төрт аяғынан тік тұрғызу – қалпына келтірту
Төсек тарту – сырқаттану
Түбіне жету – құрту
Түйдей жасты – жасы бір құрбы
Түйенің танитыны жапырақ – білетіні бір-ақ нәрсе
Түйенің тұяғы түсетін жер – өте алыс жер
Түн жамылды (қатты) – түнде жүрді
Түс шайысу – ұрысу
Түтін түтету – өз алдына үй болу
Түтіп жеу – қысымға алу
Тырнақ астынан кір іздеу – бәле іздеу
Тышқақ лақ жоқ – малдан жұрдай
Тізе батыру – күш көрсету
Тізе жазбау – жұбы ажырамау
Тілге келмеу – бір ауыз сөз айтпау
Тілі байлану – сөйлей алмай қалу
Тілі қышыды – сөйлегісі келді
Тірідей жерге кірді – қатты ұялды
Тіс жармау – айтпау
Тіс қаққан – ысылған
Тісі шыққан – есейген
Тісін қайрау – ыза болу
Уысынан шығу – билігінен кету
Ұзын құлақ – лақап сөз, өсек
Ұрты солу – жүдеу
Ұстараның жүзінде отыр – өте қиын
Үйірге қосылды – адам қатарына қосылды
Үлде мен бүлдеге бөленді – ырысқа кенелді
Үнжорғасы (ұнжырғасы) түсті – еңсесі түсті
Үріп ауызға салғандай – сүп-сүйкімді
Шайнап берген – анық
Шаң жуытпау – қорғаштау
Шаңырағы ортасына түсу – отауы бұзылу
Шаңырағына ат ойнатты – астан-кестен етті
Шаңырақ көтерді – үйленді
Шашасына шаң жұқпайды – жүйрік
Шашбауын көтеру – жағымпаздану
Шекесіне тиді – беті қайтты
Шерменде болды – масқара болды
Шие жегендей қылды – тұмсығын бұзды
Шиыршық атты – қатуланды
Шошқа тағаладың ба? – көзге көрінер ісің жоқ
Шүйдесін көрсетті – теріс бұрылды
Шығынға батты – зиян шекті
Шыр бітпеді – жүдеді
Шырағы сөнді – үміті үзілді
Шытынай қалды – ашуланды
Ығай мен сығай – бетке ұстарлар
Ындыны ашылды – араны ашылды
Ізі суымады – көп уақыт өтпеді
Ілуде біреу – бірлі жарым
Ініне су құйды – жойды
Ірге тепті – орнықты
Іргесін аулақ салу – жоламау
Ісі өрге баспады – жолы болмады
Іш тарту – жақын тұту
Іші ауыру – өкіну
Іші бұру – жақтыру
Іші жарылу – зерігу
Іші пысу – зерігу
Іші тар – сараң, қызғаншақ
Іші түтін, сырты бүтін – уайымды
Ішін тарту – таңырқау
Ішіңді жылан жайлап отыр ма? – тоймадың ба?
МАҚАЛ мен МӘТЕЛ
Мақал – өмір құбылысын жинақтай отырып, түйінді пікір айтатын ықшам сөз өрнегі.
Оның мәтелден ерекшелігі:
Құрылысы жағынан екі, үш бөлімді болады.
Ой нақты айтылады.
Ақыл-кеңес, үлгі-өнеге түрінде айтылады.
Жақсы бала ата-анасын төрге сүйрейді, жаман бала ата-анасын көрге сүйрейді.
Жері байдың елі бай.
Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің.
Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болған артық.
Еменнің иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені.
Мәтел – белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайтын, астарлап, жұмбақтап айту мәні басымдау болатын халық мұрасы.
Оның мақалдан ерекшелігі:
Көбіне бір бөлімді болады.
Ой ишара, тұспал түрінде айтылады.
Көбіне эмоциялық мағына басым болады.
Көппен көрген - ұл той.
Әлін білмеген әлек. Кемедегінің жаны бір.
Ел құлағы - елу.
Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар.
НАҚЫЛ СӨЗ
Нақыл сөз (афоризм) – мағынасы терең, ойды қысқаша бейнелейтін, мақал-мәтелге ұқсас, айтуға оңай көркем сөз тіркесі. Яғни қысқа әрі ойлы, авторы белгілі, тұжырымды ереже – қағидалар. Мысалы:
Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас. (М. Әуезов).
Білімнен қымбат нәрсе жоқ, көңілде жатса баспай тот. (Н. Байғ.)
ИДИОМА
Идиома(лық тіркес) дегеніміз:
бөліп-жаруға келмейтін және оның тұтас мағынасы құрамындағы сөздердің әрқайсысының лексикалық мағынасына байланысты тумаған сөздер;
құрамындағы сөздердің мағынасында метафоралық, пародиялық ерекшеліктер болатын мәтелге және тұрақты тіркеске бейім келетін тіркестер;
өзге тілге тура аударуға келмейді;
Мысалы:
Идиома(лық тіркес)
|
Мағынасы
|
ұзын құлақ
қырық пышақ
өгіз аяң
мұртын балта шаппау
асқар тау
ақ саусақ
аузын қу шөппен сүрту
|
көпшілік
ұрыс-керіс
жай
мұқтаждық көрмеу
биік тау
жалқау
сараң
|
СӨЗ МАҒЫНАЛАРЫ
Сөздің лексикалық мағынасына қарай мынадай түрлері бар:
Сөздің тура мағынасы – сөздің бастапқы мағынасы.
Сөздің ауыспалы мағынасы – сөз мағынасының ауысып, бастапқы мағынасынан өзге мағынада қолданылуы. Сөздің ауыспалы мағынасы екінші сөзбен тіркескенде ғана пайда болады.
Мысалы:
Тура мағына
|
Ауыспалы мағына
|
терең көл
ашық терезе
өткір қайшы
домбыра шерту
майлы төстік
|
терең ой
ашық мінез
өткір көз
сыр шерту
майлы дастархан
|
Достарыңызбен бөлісу: |