62.Мемлекеттік Думадағы қазақ депутаттарының қазақтың жайылымдық жерлерінің талан-таражға салынуы туралы пікірлері. Ресей империясындағы мемлекеттік басқарудың 2-рет сайланған конституциялық-монархиялық бағыттағы заң шығарушы жоғары өкілетті органы. 1907 жылы 20 ақпаннан 3 маусымға дейін жұмыс жасаған 103 күн ішінде 2 рет сессия ашып, 53 мәжіліс өткізді. Қазақ халқынан Думаға сайлау 1905 жылы 11 желтоқсандағы сайлау заңы бойынша жүргізілді. Қазақ халқынан депутаттыққа Оралдан Б.Қаратаев, Ақмоладан Ш.Қосшығұлов, Торғайдан А.Бірімжанов, Семейден Т.Нұрекенов, Жетісудан М.Тынышбаев, Сырдариядан Т.Алдабергенов, Астраханнан Б.Құлманов сайланды. Мұсылман фракциясына 36 депутат енді. Бұл фракция "мұсылман фракциясы" және "мұсылман қызмет фракциясы" болып екі топқа бөлінеді. 1907 жылдың 21 сәуірінен мұсылман депутаттары "Дума" газетін шығарып, Думада қаралып жатқан мәселелерді жариялап тұрды. Мұсылман фракциясы Ресейдің шет аймағындағы отарлау саясатын әшкерелеп, парламенттік жолмен күрес жүргізді. Қазақ депутаттары Нұрекенов, Алдабергенов, Қосшығұлов, Бірімжанов мұсылман фракциясының құрамына, Тынышбаев конституциялық-демократиялық фракция құрамына кірді. Қаратаев алғашқы кезде тіркеу тізімі бойынша кадет партиясының құрамына, кейін партиялық фракция мен топтарды толықтай құрған кезде мұсылман фракциясының тізіміне енгізілді. Үкіметтің аграрлық және отаршыл саясатын сынға алған бұл Дума депутаттары құрамы жағынан да, күн тәртібіне қойылған талқылау жағынан да Бірінші мемлекеттік Думадан төрі солшыл болып шықты. Думаның 39-пленарлық отырысында қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты Егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқармасының бастығы князь Васильченко мен Министр Кеңесінің төрағасы Столыпиннің қазақ жеріне қатысты жүргізіп отырған қанаушылық, озбырлық істерін дәлелді фактілер келтіре отырып сынға алып, "қоныстандыру" саясаты қазақ шаруашылығын күйзеліске ұшыратуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. 1907 ж. 3-ші маусымда таратылды
63.Бөкей хандығындағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақтардың көтерілісі (1836-1838 ж.): көтерілістің қозғаушы күштері, сипаты, кезеңдері, маңызы. 1833 жылы Жәңгір ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлының Каспий теңізі өңіріндегі қазақ руларына билеуші етіп тағайындалуы көтеріліске түрткі болды.Жаңа тағайындалған басқарушы қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға жерді «жалға» беру дегенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр салық төлеуге мәжбүр болды. Оған қоса Қарауылқожаның отбасы үшін әр шаңырақ 2 сом, ал ауыл старшындары бір жылқыдан төлеуге міндеттелді.Жер қатынасындағы осындай әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырды. Бұл жағдайлар 1836-38 жылдары халықтың көтеріліске шығуына әкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік жасады.Көтерілістің негізгі қозғаушы күші шаруалар болды, оған старшын, билер де қатысты. Көтеріліс басшылары – Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы.Ел ауызындағы әңгімеде Исатай Тайманұлы Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарайтын Тайман жолы деген жерде 1791 жылы көшпелі шаруа отбасында дүниеге келген.Истайдың жастық шағында оған өте үлкен ықпал жасаған адамның бірі немере ағасы Жабал Бегәліұлы болған. Ол Истайдың өсіп, азаматтық көзқарасының қалыптасуына, жетілуіне ықпал жасап, тәрбиелеген.Бөкей хан Исатайды 1812 жылы 21 жасында беріш руының Жайық бөлімінің старшыны етіп тағайындап, 1814 жылы Орынбор шегаралық комиссиясы старшындыққа бекітті. 1817 жылдан бастап, батырдың патша атқамінерлерімен байланысы салқындай бастады. Ол 1817-1823 жылдары Орынбор генерал-губернаторының нұсқауымен сотқа тартылды.Исатайдың ең жақын серігі – ақын, беріш руының старшыны Махамбет Өтемісұлы (1804-1846 жж.) болды.Махамбет жасынан ақын ретінде қалыптасып, татар және орыс тілдерін үйренеді. Ол Жәңгір ханның баласы Зұлқарнаймен бірге Орынборда да тұрады. Жәңгір хан Махамбетті сарай ақыны жасауға тырысады, бірақ арадағы қарым-қатынас өзгеруіне байланысты Махамбет 1828-1829 жылдары ауылына кетіп қалады. Оған соң шегаралық үкімет тарапынан «халық арасында хан иелігінен кетуге және Жайықтын сол жағасына өтуге үгіт жүргізді» деген айыппен қамауға алынып, екі жылдай қалмақ қамалында болады. Махамбет орыс жазушысы әрі этнограф Р.И. Дальмен және оқымысты саяхатшы Г.С. Карелинмен тығыз қарым-қатынаста болды.
Көтерілістің басты мақсаты:
Хан озбырлығына шек қою;
Шаруалар жағдайын жақсарту;
Жер мәселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту;
Әскери бекіністердің салынуын тоқтату.
Көтерілістің сипаты: Антифеодалдық және отаршылдыққа қарсы.Көтерілістің барысы. Көтеріліс үш кезеңге бөлінді.Бірінші кезең – 1833-1836 жылдар аралығы қарулы көтеріліске даярлық ретінде сипатталса, екінші кезең – 1837 жылдың басында көтерілісшілердің ханға қарсы аттануынан бастап, олардың осы жылдың күз айларында жеңіліске ұшырауына дейінгі аралық. Үшінші кезең 1837 жылдың желтоқсанында Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтіп, күш жинап көтеріліске қайта шығуынан бастап, 1838 жылдың шілде айының ортасында Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста біржола жеңіліске ұшырауына дейінгі уақытты қамтиды.Көтерілістіңжеңілуі: Исатай басқарған көтерілісті тез талқандау үшін Орынбор губернаторы В.А. Перовский барлық күштерді жұмылдыра бастады. В.А. Перовский бұл көтерілістің Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліспен бірігуінен сескенді. Полковник Гекке мен Баймағамбеттің отрядтары Ақбұлақтың жағасына орналасады. Исатай 500-дей жігітімен Қиыл өзенінің қарсы жағалауындағы биік қырға келіп тоқтайды. Көп кешікпей екі арада шайқасбасталады. Жазалаушы әскер көтерілісшілерді үш жақтан шабуылдап, зеңбіректен оқ атады. Шайқаста көтерілісшілерден 70-80 адам қаза табады да, олар амалсыздан шегінеді. Кезекті қақтығыста Исатайдың атына оқ тиеді де, бірақ батыр жаяу ұрыс салады. Осы шайқаста Исатай қолға түседі, Баймағамбеттің үш нөкері оның қолын артына қайыра байлайды да, біреуі батырдың кеудесіне мылтық тақап тұрып атады. Оған қоса Иван Богатырев деген урядник батырдың басын қылышымен шауып түсіреді. Осылайша елі үшін еңіреген есіл ер қаза табад1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ деген жерде көтерілісшілер Гекке мен Айшуақұлы басқарған отрядтан жеңіледі.1838 жылы 23 шілдеде Махамбет бастаған көтерілісшілер хан ауылына шабады. Исатай қаза тапқаннан кейін Махамбет Өтемісұлы біраз адамдармен Хиуа хандығына өтіп кетеді. Кейін Орынбор әкімшілігі оны қолға түсіріп, сотқа тартып, Атырау өңіріне жер аударып жібереді. Сот үкіміне риза болмаған Баймағамбет сұлтанның адамдары 1846 жылы қыргүйекте Махамбетті өз үйінде өлтіріп кетеді.1836-1838 жылдардағы көтерілістің негізгі мақсаттары орындалмады.