Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі м.ӨТемісов атындағЫ



Pdf көрінісі
бет31/196
Дата06.01.2022
өлшемі2,12 Mb.
#13632
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   196
4. СӨЗ ТАПТАРЫ 
 
4. 1 Зат есім 
 
    Зат  есім.  Зат  есім  –  жалпы  грамматикалық  мағынасы  бойынша 
заттық  ұғымды  білдіретін  сөздерден  тұратын,  олардың  сандылық, 
тәуелдік,  септік  категориялары  бар,  баяндауыш  қызметінде  жақ 
категориясының көрсеткішімен түрленетін сөз табы.  
Зат  есімдер  семантикалық  жағынан  бірнеше  топтарға  бөлінеді. 
Мәселен, зат есім тобына нақтылы (конкретті) зат атауларымен бірге 
абстрактілік яғни дерексіз ұғымдар да кіреді. Мысалы: көл, тау, адам, 
темір  дегендер  көзге  көрінетін,  қолмен  ұстауға  келетін  деректі, 
нақтылы  заттар  болса,  сана,  ақыл,  адамгершілік,  зұлымдық  дегендер 
абстрактілі  ұғымдар  болғанымен,  бұлар  да  дерексіз  ұғымдардың 
атаулары.  
    Адамзат,  ғаламзат  есімдер.  Қазіргі  кезде  кім?  және  не?  деген 
грамматикалық  сұрақтарға  жауап  беретін  жалпы  зат  есімдердің  бір 
тобы  адамға  қатысты  да,  бір  тобы  қоршаған  табиғат,  оның 
құбылыстарына  қатысты  болып  келеді.  Осыған  орай,  зат  есімдер 
адамзат  және  ғаламзат  болып  екі  топқа  бөлінеді.  Кім?  деген  сұрауға 
жауап  беретін  адамға  байланысты  атаулар:  бала,  кісі,  бөпе,  шал, 
кемпір,  әйел,  ер,  келіншек  т.б.;  туыс  атаулары:  әже,  әке,  шеше, 
нағашы,  жиен,  іні  т.б.;  кәсіп  не  мамандық  атаулары:  ғалым,  диқан, 
дәрігер,  сатушы,  етікші  т.б.;  адамның  қабілетіне  дарындылығына 
орай: әнші, домбырашы, палуан, суреткер, композитор, қобызшы т.б.; 
қызмет-бабына,  лауазым-аттаққа  байланысты:  директор,  генерал, 
президент,  хан,  ұлық,  бастық  т.б.;  кісі  аттары:  Асан,  Үсен  т.б.,  сол 
секілді  адамның  мінез-құлқына  да  байланысты  атаулар  да  зат  есім 
тобына жата береді. 
Ал, не? деген сұраққа адамнан басқа жалпы табиғатта кездесетін, 
адамның  ақыл  ойымен  танылатын  бүкіл  деректі  әрі  дерексіз  ұғым 
атаулары  жауап  беретіндіктен  оны  бір  сөзбен  ғаламзат  зат  есімдері 
деп атайды да оларды мына секілді топтастыруға болады: өсімдіктер 
атаулары:  ағаш,  гүл,  шөп,  өрік,  алма,  жиде  т.б.;  хайуанаттар  атауы: 
арыстан, жолбарыс, қоян, қасқыр, піл, құлан, киік; жануарлар атауы: 
сиыр, ешкі, қой, жылқы т.б.  
Жалқы  есім  және  көптік  мәнді  есімдер.  Тілімізде  қолданылып 
жүрген  зат  есімдерді  лексика,  грамматикалық  жағынан  жалпы  және 
жалқы  есімдер  деп  те  бөлуге  болады.  Себебі,  сөздерді  топтап,  сөз 
таптарына  бөлгенде  шақтарының  бірі  –  семантикалық  мағыналарын 
ескеру  болса,  зат  есімдер  семантикалық  мағынаға  өте  бай  әрі  әр 
алуан.  Мәселен,  зат  есімдер  қолданғанда  кім?  не?  деген  сұрақтар 


 
52 
оның  бүкіл  семантикалық  мағыналарының  сан  алуандығын  ашып 
бере  алмайды;  тек  лексика-грамматикалық  жағынан  бір  ерекшелігін 
ғана көрсете алады. Жалпы зат есімдердің бір ерекшелігі – зат есімдер 
жіктелетін болғанымен, жалпы есімдердің стильдік мақсатта болмаса, 
тек  адамға  қатысты  атаулар  ғана  жіктеледі  (оқушымын,  оқушысың 
т.б.). 
Ал  жалқы  есімдер  зат  есімдерді  жекелеп,  даралап  айтылған 
есімдер болады да, олар бас әріптерден басталып жазылады.  Жалқы 
есімдерді де семантикалық мағына  жағынан бірнеше топтарға бөлуге 
болады:  адам  есімдері:  Асан,  Үсен  т.б.,  жер-су  атаулары:  Қаратау, 
Балхаш  т.б.,  мекен  атаулары  деп  оның  өзін  бірнеше  майда  топтарға 
бөлуге  болады.  Мысалы,  жоғары  оқу  орны:  ҚарМУ,  ҚарПИ  т.б. 
өндірістік  орындар,  ауыл  шаруашылыққа  байланысты  т.б.  Жалқы 
есімдерге  мерзімді  баспа  сөздер  аттары,  газет-журналдар  сол  секілді 
жекелеген 
шығармалар, 
хайуанаттарға 
қойылған 
атаулар, 
астрономиялық  атаулар  деп  топтап  бөле  беруге  болады.    Ал  жалпы 
алғанда  А.Ысқақов  «Қазіргі  қазақ  тілі»  еңбегінеде  жалқы  есімдерді 
екі үлкен топқа: кісі аттары, географиялық атаулар деп бөлген.  
Жалқы есімдердің грамматикалық ерекшеліктерінің бірі  – көптік 
жалғауын  қабылдамауы.    Егер  қабылдаса,    басқа  мәнге  ие  болады. 
Мысалы:  Асандар  келді  десек,  көптік  мағынаға  ие  болып  тұр,    ал 
кісілер  десек,  онда  өзгеріп  жалпы  есімге  айналып  отыр.  Сонымен 
бірге жалпы есімдер өзі анықтайтын сөзге ілік формасымен  тіркеседі: 
Ертіс жағасы, Асанның Үсені; кісі аты атау тұлғада да тіркесе алады: 
Қажымұқан  балуан,  Әміре  әнші,  Құрманғазы  күйші  т.б.,  кісі  аты, 
фамилиясы күрделі есім жасайды: Әміре Қашаубайұлы т.б. 
Жалқы есімдер ішінде кісі атауларына тән реңк категориясы бар: 
Үсен–Үсеке,  Сәуле–Сәулеш,  Сәулетай  т.б.;  қайсыбір  есімдер 
жыныстық ерекшелікті де аңғартады: Алма (қыз бала), Асан (ұл бала). 
Екі мағынада да қолданылатындары санаулы. 
Сонда бұл секілді зат есімдерді затты жеке даралап атамай, оның 
жиынын  тобымен  атайтын  зат  есімдерді  көптік  мәнді  есімдер  деп 
атаймыз деген қорытынды шығаруға болады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   196




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет