Соғыс психологиясын зерттеудегі негізгі түсініктер.
Ақыл. Сезім. Ерік. Қорқыныш. Сатқындық
Б.Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітабы бойынша соғыс психологиясының негізгі түсініктеріне тоқталып, оларға жеке-жеке түсініктеме беру. Әрине, соғысты басынан өткеріп, мыңдаған солдаттың психологиясын меңгерген Б.Момышұлының өз сөзімен беремін.
... Ұрыс психологиясы сан қырлы. Тек ұрыста ғана адамның барлық қасиеті сынға түседі. Егер де бейбіт уақытта адамның кейбір ерекшеліктері байқалынбаса, онда ол ұрыс үстінде ашылады. Ұрыста зәреңнің зәр түбіне кеткенін жасыра алмайсың. Ұрыс жалған батырлықтың бар пердесін сыпырып тастайды. Жалған нәрсе оқтың астында шыдас бермейді.
...Соғыс өнерінің негізі – дұшпанға оқпен әсер ету, оның адам күшін жою, өз күшіңді аман сақтау. Соғыста – адамға тән барлық: жоғары және төменгі қасиеттер өзі барынша ашылып көрінеді. Бұл сезімдерді екі топқа бөлуге болады:
Жоғары сезімдер: Төменгі сезімдер:
Парыз Опасыздық
Адамгершілік Ұждансыздық
Ержүректілік Үрей
Ерлік Қорқыныш
Батырлық Шошу
Қаһармандық т.б.
Адамның моральдық-адамгершілік қасиеті рухани күш деген сөзбен анықталады. Рухани күштің негізгі қайнары мен қозғаушысы:
Ақыл.
Сезім.
Ерік-жігер.
Ақыл – бұл заттар мен құбылыстарды танитын күш. Ақыл оларды өте сезімталдықпен ажыратып, анықтайды, яғни адам өзінің сезім мүшелері арқылы әсер алып, оны нерв жүйелеріне беріп мида тез арада қорытып, пайда болған нәрсе түсінік пе немесе образ ба, анық жауап береді. Ақылдың жұмысы адамның ішкі сезім күйін бейнелейді.
Сезім – тән мен жанның белгілі бір жағдайдағы күйі, яғни біздің сыртқы дүниені қабылдау және оған жауап беру, реакция жасау қабілетіміз.
Ерік – өз бетінше дұрыс та парасатты шешім жасауға әрі оны өмірде жүзеге асыруға қабілеттілік, яғни ақыл-ойдың сезіммен үйлесімді жұмысы, сезімнің ақыл-ойға бағынуы.
Мықты ерік қорқынышты, ұрыстың ауыр жан күйзелтер ауыртпалығын басады, сейілтеді, қажуды, аштық пен суықты және басқа да қиыншылық, ауыртпалық пен азапты жеңеді, солдаттардың еркін өзіне бағындырып, өзін де өзгелерді де мақсатқа жету жолындағы қауіп-қатерге жұмсайды. Ерік дегеніміз қозғаушы күш, мақсатқа жету жолындағы кедергілерді жеңуші құрал.
1.Ақыл – таниды, анықтайды, тапсырма береді, жоспарлайды, іс-қимылдың әдіс-тәсілдерін және мақсатқа жету жолдарын көрсетеді.
2.Ерік – құралдарды іс-әрекетке, қимылға келтіреді, бұйрық, жарлықты орындайды, күш-қуатты демейді, яғни ерік дегеніміз, өз бетінше шешім қабылдау қабілеттілігі мен қабылдаған шешімді тәжірибе жүзінде жүзеге асыру қабілеттілігінің үйлесімділігі.
3.Сезім – пайдалы қызметті арттырады, еңбек өнімділігін жоғары шегіне немесе құлдырауға, іс-әрекетсіздікке дейін көтереді немесе төмендетеді.
Кітапта берілген психологиялық түсініктемелердің барлығын оқушыларға жаздыртып, олардың өз түсініктерімен салыстырту.
Достарыңызбен бөлісу: |