261-бап. Мiндеттерiне адал қарамау Коммерциялық немесе өзге ұйымда басқару қызметтерiн атқарушы адамның қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан өз мiндеттерiн атқармауы немесе тиiстi дәрежеде атқармауы, егер бұл адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лаузымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 10-тарау. Қоғамдық қауiпсiздiкке және қоғамдық тәртiпке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар 262-бап. Терроризм актісі 1. Терроризм актісі яғни, жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза болуы, елеулi мүлiктiк зиян келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн өзге де iс-әрекеттер жасау, егер осы әрекеттер қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру не Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiм қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату немесе халықаралық жағдайды шиеленiстiру мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған iс-әрекеттердi дәл сол мақсатта жасаймын деп қорқыту - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) бiрнеше рет; б) азаматтардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төндiретiн қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды, жарылғыш заттар немесе жарылыс құрылғыларын қолдана отырып жасалса, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер олар: а) жаппай қырып-жоятын қаруды, радиоактивтi материалдарды қолдануға немесе қолданамын деп қорқытуға және жаппай уландыруды, эпидемия мен эпизоотияны таратуды, сондай-ақ адамдарды жаппай қырып-жоюға әкеп соғуы ықтимал өзге де iс-әрекеттердi жасауға немесе жасаймын деп қорқытуға ұштасса; б) абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру не Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату немесе халықаралық жағдайды шиеленiстiру мақсатында адамның өмiрiне қастандық жасау, сондай-ақ дәл сол мақсатта, оның мемлекеттiк немесе өзге де саяси қызметiн тоқтату не осындай қызметi үшiн кек алу мақсатында мемлекет немесе қоғам қайраткерiнiң өмiрiне қастандық жасау, не халықаралық қорғау аясындағы адамдарға немесе ұйымдарға, жайларға, ғимараттарға шабуыл жасаумен, адамды кепiлге алумен, жайларды, ғимараттарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су көлiгiн, жылжымалы темiр жол құрамын не өзге де қоғамдық көлiктi айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өмiрiне қол сұғу, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады. Ескерту. Терроризм актiсiн дайындауға қатысқан адам, егер ол мемлекеттiк органдарға дер кезiнде ескертуiмен немесе өзге тәсiлмен терроризм актiсiн болғызбауға септiгiн тигiзсе және егер оның әрекетiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.