Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
365-бап. Басқаруға құқығы жоқ адамның әуе, теңіз немесе өзен кемесін басқаруына рұқсат ету 1. Лауазымды тұлғаның, не меншік иесінің немесе әуе, теңіз немесе өзен кемесі иесінің осындай кемені басқаруға құқығы жоқ адамды осы кемені басқаруға рұқсат етуі, егер осы әрекет абайсызда адам денсаулығына орташа ауыр зиян келтірге әкеп соқса, - бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан сол әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 366-бап. Ұшудың халықаралық қағидаларын бұзу 1. Рұқсатта көрсетiлген маршруттарды, қону орындарын, әуе қақпаларын, ұшу биiктiгiн сақтамау немесе халықаралық ұшу қағидаларын өзге де бұзу - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекеттер, - үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.