Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
122-бап. Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер 1. Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу, еркек пен еркектің немесе әйел мен әйелдің қатынасы немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер, - бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Он алты жасқа толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер заңмен жүктелген ата-ана, педагог, не өзге де адам осы адамға қатысты жасаған дәл сол әрекеттер, - өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, бірнеше рет жасалған әрекеттер, - өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 123-бап. Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдiң жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету Адамды бопсалау, құртамын деп қорқыту, мүлкiн бүлдiру немесе тартып алу жолымен не жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзге тәуелдiлiгiн пайдаланып жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдiң жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттердi жасауға мәжбүр ету - бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 124-бап. Жас балаларды азғындату 1. Көрінеу жас балаларға қатысты күш қолданусыз азғындық әрекеттерді жасау, - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Жас баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттер заңмен жүктелген ата-ана, педагог не өзге де адам осы адамға қатысты жасаған дәл сол әрекеттер, - өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, бірнеше рет жасалған әрекеттер, - өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.