193-бап. Мемлекеттiк құпиялары бар мәлімет тасымалдағыштарды жоғалту 1. Адамның өзiне қызмет, жұмыс бабымен не заңда көзделген өзге де негіздер бойынша сенiп тапсырылған мемлекеттiк құпиясы бар тасымалдағыштарды абайсызда жоғалтуы, егер жоғалту мемлекеттік құпиялары бар мәлімет тасымалдағыштармен жұмыс істеудің белгіленген ережелерін бұзу нәтижесі болып табылса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға жазаланады. 2. Ірi залал келтiруге немесе өзге ауыр зардаптардың тууына әкеп соқтырған дәл сол әрекет - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 6-тарау. Меншiкке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар 194-бап. Ұсақ ұрлық Ұсақ-түйектеп ұрлау, яғни онша емес мөлшерде жасалған ұрлық, алаяқтық жасау, иеленіп кету немесе жұмсап қою, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 195-бап. Ұрлық 1. Ұрлық, яғни бөтен мүлiктi жасырын ұрлау - мүлкі тәркіленіп бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Мынадай: а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; б) бiрнеше рет; в) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлiк құралына заңсыз кiрумен; г) ақпараттық жүйелерге заңсыз кіру жолымен, не ақпараттық-коммуникациялық желілер бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған - мүлкі тәркіленіп үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Ірi мөлшерде жасалған ұрлық - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Мынадай: а) қылмыстық топ жасаған; б) мұнай-газ құбырынан; в) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық, - мүлкi тәркiленiп бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.