Қазақ халқының музыкалық мәдениетінде үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақстан композиторлары 300-ден астам музыкалық шығармалар: опералар, симфониялар, әскери-патриоттық әндер жазды. Соғыс жылдарында опера өнері дами түсті. 1942 жылы Е. Брусиловскийдің «Гвардия, алға!», 1944 жылы А. Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» опералары қойылды. Соғыстан кейінгі жылдарда Е. Брусиловский мен М. Төлебаевтың «Амангелді», А. Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаров», М. Төлебаевтың «Біржан - Сара» опералары жазылды. 1949 жылы осы операның авторларына және негізгі партиясын орындаушыларға КСРО Мемлекеттік сыйлықтары тапсырылды.
1940 жылы «Көктем» атты алғашқы қазақ балеті қойылды. Соғыс жылдарында Қазақ музыкалық театрының балетіне Г. Березова жетекшілік етіп, сахнада әлемге әйгілі артистер өнер көрсетті. 1942 жылы маусымда Галина Уланова Алматыда алғаш рет театр сахнасына шықты.
Республикада жаңа театрлар ашыла бастады. 1937 жылы Қызылордада Корей музыка-драмалық театры, ал 1944 жылы Алматыда Балалар мен жасөспірімдер театры ұйымдастырылды. 1937 жылы Қазақ театры академиялық театрға айналды, бірқатар актерлер республиканың халық және еңбек сіңірген артистері атақтарын алды. Облыстық және көркемөнерпаздар театрларының саны артты. Ш. Айманов, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, К. Қармысов, X. Бекеева сияқты актерлер елге танылды, Ы. Ноғайбаев, Н. Жантөрин және т. б. актерлік өнер жолын бастады.
Қазақ әдебиеті
Соғыстан кейінгі жылдары жазба әдебиет те дамыды. Д. Әбілев, Ө. Сәрсенбаев, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Ө. Шәріпов, Ә. Әбішев, Ғ. Мұстафин қазақ кеңес әдебиетінің танымал шеберлеріне айналды. Әдеби жанр түрі көп болғанымен, тақырыптарды таңдау аясы шектелді. Көркемөнер мен әдебиетті жаңғыртпақ болған өнер адамдарының шығармашылығына шек қойылды. 20-30-жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырап, таптық методологияға негізделген әдебиет социалистік құрылыстың тек жақсы жақтарын, халықтың социалистік жасампаз өмірін, халықтар достығын, жаңа қоғамдық қатынастарды бейнеледі.
Соғыстан кейінгі уақытта әдебиетшілер шығармашылығы қатаң идеологиялық бақылауға алынды. Соған қарамастан 40-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басы Қазақстан кеңестік әдебиетінің гүлденген кезі болды. 1947 жылы М. Әуезовтің «Абай» романының 2-томы басылып шықты, 1948 жылы, С. Мұқановтың «Сырдария», Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», 1949 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романдары жарық көрді. 1949 жылы «Абай» романы үшін М. Әуезовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, роман жазушыға дүниежүзілік даңқ әкелді. 50-жылдардың басында қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Т. Жароков және т.б. шығармалары жарық көрді.
1941жылы Мәскеу және Ленинград киностудиялары Қазақстан астанасына қоныс аударып, олар Алматы көркем фильмдер киностудиясымен бірігіп көптеген фильмдер түсірді. Олардың қатарына «Екі жауынгер», «Илья Муромец» және т.б. фильмдерді жатқызуға болады. 1945 жылы Алматы көркем фильмдер киностудиясы тұңғыш рет өз күшімен «Абай әндері» фильмін жарыққа шығарды. Сол жылдары «Буратиноның бастан кешкендерінің» авторы A. Н. Толстой, Самуил Маршак, жазушылар Михаил Зощенко және Константин Паустовский, «Степа ағайдың» авторы және қазіргі белгілі кинорежиссер Никита Михалковтың әкесі Сергей Михалков, атақты режиссер С. М. Эйзенштейн, белгілі актерлер Николай Черкасов, Михаил Жаров, Любовь Орлова, Марина Ладынина, Николай Крючков, Борис Андреевтер Қазақстан астанасында тұрып, еңбек етті. Соғытан кейінгі жылдардағы Қазақстан. Бейбіт құрылысқа көшудің қиындықтары.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Экономиканы бейбітшілік жағдайға бейімдеп қайта құру еңбекшілердің қоғамдық-саяси белсенділігі жағдайында жүргізілді. 1945 жылы қазан айында Алматыда Республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғары Кеңесінің мерекелік сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртінші бесжылдыққа арналған жоспар бойынша соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының соғыстан бұрынғы дәрежесіне жетіп, одан едәуір асып түсу міндеті белгіленді. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастауға үлкен мән берілді.
Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени-тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету негізінде республика еңбекшілерінің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін одан әрі көтеру көзделді. Қазақстанға бөлінген күрделі қаржы көлемі одақ бойынша үшiншi орынға шықты. Мұнда күрделі қаржы кәсіпорындарды қалпына келтіруден гөрі бұрынғыларын кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар салуға бағытталды. Төртінші бесжылдықта бүкіл елде өнеркәсіп өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсетін болып белгіленсе, Қазақстанда ол 2,2 есеге арту көзделді. Бесжылдық қорытындысында Қазақстан өнеркәсібінің жалпы өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 2,3 есе, оның ішінде көмір шығару 2,5, мүнай-1,5, газ-1,9, электр қуатын өндіру 4,1 есе артты.
Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы артелінің жарғысын бұзушыларға қарсы күрес күшейді. 1946-1947 жылдары колхоздарға қарыздар болып келген мекемелер мен ұйымдардан 214 млн. сом ақша, 540 мың гектар
жер қайтарылды. Осы жылдарда ұсақ колхоздарды iрiлендiру шаралары iске асырылып, республикада соғысқа дейiнгi 6400 колхоздан 1950 жылғы қаңтарда 3670 колхоз қалды, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды.
Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалык базасы нығайтылды. Төртінші бесжылдықтың аяғына қарай Қазақстан шаруашылықтарында 50 683 трактор, 16 мыңнан астам комбайн, ондаған мың автомашина, шөп шабатын және басқа машиналар істеді. Бұлардың басым көпшілігі ескі, моральдық жағынан да тозып, ескірген техника болатын. Ауыл-селода механизаторлар қатары өсіп, МТС қызметкерлерінің жыл сайынғы орташа саны 10 мың адамға көбейді.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электрлендіру жорығы басталды. Сөйтіп, төртінші бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317 МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталықтары электрленді. Селолық электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсті.
Республикада төртінші бесжылдықта егіс көлемі бір миллион гектардан аса ұлғайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы артты. 1950 жылы астықтың жалпы түсiмi 47 654 центнерге жетіп, соғыстан бұрынғы дәрежесінен 89 пайыз асып түсті. Ірі қара малдың, қой мен жылқының жаңа түқымдары өсіп жетілді. Атап айтқанда, қазақтың ақ бас сиыры, алатау сиыры, қазақтың биязы жүнді қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа түқым алынды. Малдың жалпы саны өсті: ірі қара-27, қой мен ешкі - 70, жылқы - 71 пайыз көбейіп, шошқа - 2,7 есе артты. Дегенмен ауыл шарушылығын өркендетуде елеулі қиыншылықтар мен кемшіліктер болғанын да айтуымыз керек. Бұл кезде республиканың мал шаруашылығы мейілінше ауыр жағдайда еді. 1951 жылы бар болғаны 4,5 миллион ірі қара (1928 ж. 6,5 млн. болған), 1,5 млн. жылқы (3,5 млн.), 127 мың түйе (1 млн.) болды. Тек қой саны бойынша, олардың тез өсетіндігі есебінен, 1928 жылдың дәрежесіне жақындады. 1928 жылы 18566 мың қой болса, 1951 жылы қой мен ешкінің саны 18036 мың басқа жетті. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы кеңестік реформалардың қайшылықтары мен салдары.
Соғыстан кейінгі жылдағы Қазақстандағы ауыр ахуал. Бейбіт құрылысқа бейімделу ауыртпалықтары. Әскери-өнеркәсіптік базаны жеделдету бағытын қолға алу. Қазақстан халық шаруашылығындағы қиыншылықтар мен проблемалар. Республика өңіріндегі ядролық сынақтар және олардың зардаптары. Білім мен ғылымдағы жағымды өзгерістер. Жалпыға бірдей жеті жылдық білім беру жүйесінің орнауы. Жоғарғы және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының ашылуы. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі. Қазақстан Ғылым Академиясының құрылуы. Партияның шешімдерінде мәселені үстірт шешетін волюнтаристік әрекеттердің өсе түсуі. И.Сталиннің жеке басына табынушылық саясатын сынау.
Н.Хрущевтың «жылымығы» жылдарындағы Қазақстан. Күнәсіз қуғындалған мемлекеттік, қоғамдық қайраткерлерді «ақтау» және оның жартыкештік сипаты. Партиялық-мемлекеттік басқару жүйесіндегі Н.С.Хрущевтің реформасы және оның тиянақсыздығы. Ұлт мәселесіндегі шектеулердің күшейе түсуі. Одақтық билік пен Қазақстан үкіметі арасындағы қатынастардың күрделілігі. Теміртау оқиғасы. Реформаторлық бағыттағы шаралардың жартыкештігі. КСРО мен ҚазКСР арасындағы территориялық мәселелерді шешудегі қайшылықтар – Мәскеудің ұлттық мүддені ескермейтіндігінің айқын көрінісі. 1955, 1962 жылдарда шетелдік қазақтардың Қазақстанға оралуы.
Ауыл шаруашылығын әміршіл-әкімшіл әдістермен көтеруге бағытталған шаралар. Әкімшілік әдістерден экономикалық әдістерге көшуге талпыныс. Экономиканы басқару саласындағы тиянақсыз реформалар. Салалық министрліктердің таратылып, совнархоздардың құрылуы Жоғарғы партиялық-мемлекеттік басқару жүйесіндегі ойластырылмаған біржақты өзгерістер. Л.Брежнев бастаған номенклатуралық топтың билікке келуі. 1965-1966 жж. экономикалық реформалардың аяқсыз қалуы. Экономиканың экстенсивтік үлгісінің орнығуы. Кеңестік экономиканы басқару тәсілдерін орталықтандыру тұрғысынан өзгерту және өнеркәсіптік, аграрлық реформалардың қайшылықтары. Мемлекеттік меншіктің басымдылығы жағдайындағы кеңестік менеджмент жүйесінің және тұтастай модернизациялық моделінің тиімсіздігі. Идеологиялық тоқырау: ресми марксизмнің дағдарысы, зиялылардың астыртын әрекеттері, диссиденттік үйірмелер қызметі. 60-70 жж. қазақ жастарының бейресми студенттік үйірмелерінің ұлттық жаңғырудағы рөлі («Жас тұлпар», т.б.).
КСРО өнеркәсібінің дамуына Қазақстанның қосқан үлесі. Өнідірістегі өзін-өзі басқарудағы шектеулер және оның дамуындағы қайшылықтар. Жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайның келеңсіздігі. Кәсіпорындардағы дағдарыстың өршуі.
Әкімшіл басқарудың аграрлық саладағы қайшылықтарды асқындыра түсуі. Кеңестік өкіметтің ауыл мен деревняны іс жүзінде кедейшілік пен тоқырауға ұшыратуы. Ауыл еңбеккерлерін материалдық ынталандырудың төмендеуі. Аграрлық саланың басқару мен ұйымдастырудың өмірге жақын жаңа түрлерін енгізуге бағытталған біржақты бастамалар және олардың сәтсіздіктері. Шаруашылықаралық аудандық агроөнеркәсіптік бірлестіктерді агроөнеркәсіптік кешендерге жоғарыдан біріктірудің тиімсіздігі. Қазақ ауылының келеңсіз әлеуметтік-гуманитарлық қырлары «күнделікті тарих» деректерінде.
Қазақстандағы «қайта құру» саясаты