5.Қайта бөлу функциясы. Баға арқылы табыс бөлінеді және қайта бөлінеді.
Бағаның қайта бөлу функциясы салалар, ұлттық экономика секторлары, еліміздің аймақтары, әлеуметтік топтар арасында бағаның көмегімен жаңа қалыптасқан құнды қайта бөле отырып, салалардың, кәсіпорындардың, халықтың табыстарын реттейді.
Баға арқылы табысты қайта бөлу - бағаның деңгейі, оның құрылымы, өндіретін және қайта өңдейтін салалар, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдеріне қалыптасқан әр түрлі бағалар арақатынасы арқылы жүзеге асады. Дәлірек айтатын болсақ, ол қымбат немесе арзан бағаларды қолдану, баға құрамына салықтарды енгізу әлде енгізбеу, әр түрлі тұтынушылар үшін бір өнімге әр түрлі деңгейдегі баға жүйесін қалыптастыру, мысалы, ол электр энергиясымен қамтамасыз етуде өнеркәсіп салалары мен халық үшін, және кәсіпорындардың меншік формасының айырмашылығына сай (мемлекеттік және жеке) әр түрлі деңгейде тарифтер қалыптастыру арқылы жүзеге асады.
Қайта бөлу функциясы ынталандыру функциясына ұқсас, өйткені екеуі де баға құрамындағы таза табыс дифференцияциясын болжайды. Бірақ, бұл функциялар бір-бірінен ерекшеленеді. Бағаның ынталандырушы функциясы өнімнің сапасын арттыру оның көлемін ұлғайтуға қатысты қосымша тырысуын қолдайды, яғни ол тұтынушы мен тауар өндірушінің мүддесін тауар бағасында ескереді. Ал, қайта бөлу функциясы баға деңгейі мен құрылымына мемлекеттің әсер етуіне, немесе монополия әлде олигополияның өз табысын және болашағын баға арқылы реттеу әрекетіне тікелей байланысты.
Баға қалыптастыру функцияларын зерттей отырып, бір экономикалық процесті шаруашылықтық механизмнің әр түрлі элементтері арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі бар екендігіне көз жеткізуге болады.
Қаржы, несие, әкімшілік әдістер өндірісті ұлғайту мен бөлуге әсер етеді, ал баға қашанда экономикалық мүддеге әсер етеді. Мысалы, тауар өндірушілер мен тұтынушылар төлейтін салық деңгейін өзгерте алмайды, сондай-ақ несие үшін пайыздық төлемді де өзгерте алмайды, сол уақытта бағаның деңгейін арзандатып, қымбаттата алады және шикізат пен тауарларды әр түрлі деңгейдегі бағамен сатып ала алады.