Екінші тарау. Баға жүйесі және оның классификациясы.
2.1.Баға жүйесі.
Баға жүйесі дегеніміз бұл нарыққа қатынасушылардың экономикалық өзара қатынасын реттейтін және оларға қызмет көрсететін әр түрлі бағалардың реттелген жиынтығы. Нарықтық механизмнің элементтері мен нарық субъектілерінің өзарақатынасы әр түрлі бағалардың деңгейі, құрылымы және динамикасының өзгеріске ұшырауына әсер етеді.
Баға жүйесін келесі параметрлер сипаттайды:
баға деңгейі;
баға құрылымы;
баға динамикасы.
Баға деңгейі – бұл ақшадағы, бағаның абсолюттік сандық көрінісі. Баға құрылымы дегеніміз, баға құрамындағы элементтердің белгілі бір пайыздық немесе үлестік ара қатынасы. Баға динамикасы – баға деңгейінің уақыт аралығындағы өзгерісі.
Баға жүйесіне енетін барлық баға түрлері, олардың құрамына енетін өзара құрылымдық элементтері және осы элементтердің бағаның жалпы шамасындағы үлес салмағы бойынша ерекшеленеді. Бағаның қарапайым құрылымы, бұл дайын өнімнің құрамына енетін элементтердің құрылымы.
Мемлекеттік және нарықтық баға белгілеуде дайын өнімнің бағасы, оның құрамына енетін құрамдас бөліктердің бағаларының жиынтығынан ғана қалыптаспайды. Мұны, бағаға әсер ететін нарықтық және нарыққа қатыссыз факторлардың ықпалымен түсіндіруге болады.
Нарықтық факторларға – дайын өнімге және запас бөлшектерге қалыптасатын сұраныс пен ұсыныс жатады. Нарықтық емес факторларға өндірістік, саяси, экологиялық, әлеуметтік факторлар енеді.
Жалпылама түрде кез – келген тауардың бағасы келесі үш құрамдас бөліктерден тұрады:
- өндіріс және айналым шығындары (өзіндік құн);
- салықтар, төлемдер;
- пайда (тауар өндіруші, делдал, бөлшек сауда).
Бағаның құрылымы, оның негізін құраушы өзіндік құн, пайда, салықтар және осы элементтердің құрамы, әсіресе өзіндік құн бойынша, жеке тауар топтары мен тауарларда өзгеше болады. Ол нарық жағдаяты және өндірілетін өнімнің ерекшелігімен анықталады.
Өндірілетін өнімнің ерекшелігі, оның конструкциялық сипаттамасына және өндіріс үрдісінің өзгешелігіне сай қалыптасады. Соған байланысты, еңбек сыйымдылығы жоғары, материал сыйымдылығы жоғары, энергия сыйымдылығы жоғары, қор сыйымдылығы жоғары және ғылым сыйымдылығы жоғары өндірістер бөлінеді. Бұл классификация экономиканың жекелеген салаларындағы қалыптасатын шығындардың құрылымын көрсетеді.
Баға динамикасын бағалау үшін индекстер қолданылады. Бірдей тауарлардың бағасын салыстыруда бағаның жеке индекстері пайдаланылады:
Ip = P1 / P0.
Мұндағы, P1 – тауардың есепті кезеңдегі бағасы, P0 - тауардың базисті кезеңдегі бағасы.