Ббк 84 Қаз 7-44 б 78 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет11/26
Дата31.03.2017
өлшемі1,81 Mb.
#11030
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   26
екен деп жол тосқаны бар. Міне, бүгін ары аунап, бері аунап 
өз үйінен құйрық басар жер, көңіліне медет қылар жұбаныш 
таба алмаған Омар атқа қонды. Ондағы ойы, ойдағы елдің хал-
жайын білу, жаңа қоныстың ау-жайын түйіп, тың тыңдау. Кеше 
Долдаш барып келген. Бірақ, ол соққан інісі жарытып еш нәрсе 
айтпаған.
Қазан  айы  жақындап  күн  суына  түскен.  Ат  үстінде  келе 
жатқан  Омар  бірыңғай  жел  етіне  қарсы  жүретін  болған  соң 
жылы  киініп  шығып  еді,  соның  өзінде  өңменінен  соққан 
күздің  ызғары  өтіп  кетіп  жатты.  Ат  үстінде  үнемі  шалқақ 
отыратын  Омар  әлде  сол  сумаңдаған  суықтан  қорғана  ма, 
әлде сүйегі жұқарып қарттық жеңіп, ашутастай уайым еңсесін 
баса ма, бір уыс болып бүрісіп отыр. Кеспірден айрылған кең 
дала  төсінде  жорғалаған  жалғыз  қоңыздай  болып  қарауытып 
батысқа  бет  түзеген...  Әншейінде  нөкерсіз  қия  баспайтын 
байекең  бүгін  тіпті,  інісі  Долдашты  да  ертпей  жападан-
жалғаз  шықты  жолға.  Бұл  ат  жалын  тартып  мінгелі  алғаш 
рет бір өзі ғана, тек өзі ғана сапар шегуі еді. Ұлардай шулап, 
бақадай  бақылдаған  алашұбар  топқа,  соңынан  тазы  иттей 
сүмеңдеп еріп қалмайтын жандайшапқа үйреніп қалған көпшіл 
көңіл,  думаншыл  пейіл  енді  міне,  сол  үйірді,  сол  қаумалай 
қолпаштап қарқ-қарқ күлетін үзеңгілестерін сағынғандай алаң- 
дайды;  мынау  тоңдана  бастаған  даладан  әлдекімді  көз  сата 
сарыла  іздейді;  өнебойын  қорқыныш  билеп  алағызады;  өз-
өзіне, қуыстанып болымсыздан сескеніп, жан-жағына жалтақ 
қарап еді, тек қана дала, тоңмінез томсарған дала ғана... Неге 
екені  белгісіз,  осы  думбілез  даланың  бір  жерінен  тымағы 
шошайып  Құлаша  шыға  келетіңдей,  шыға  келіп  мұны  тұра 
қуатындай;  «Жазаңды  Құдайберсін,  Омар»  деп  жер  сабалап 

123
қарғап,  немесе  тілін  шығарып  мазақтап  сақ-сақ  күлетіндей... 
Желге  қарсы  қараған  жанарын  жас  басып,  дүниенің  бәрі 
бұлдырап  сала  берді.  «Құдай  өзің  кеше  гөр,  жаратқаныңды» 
деп үһілеп барып, жеңімен көзінен жылып аққан суды сүртті. 
Бұлдыр  дүние  сонда  да  айыға  қойған  жоқ,  шарбыланған 
күйінде қалды. Жүріп емес, жағалауына мың жылда да жетпес, 
бетін көбік қаптаған мұхиттың бетімен жүзіп келе жатқандай 
сезінді. Сол дала-мұхиттың арғы бір тұсынан қыбырлаған мал 
көрінді. Жақындағанда бір-ақ таныды, ендігі қалған бес-алты 
үйірлі жылқыны бағып қу медиен далада ербеңдеп жүрген Бати 
екен. Астындағы атын тебіне жақындап байға сәлем берді.
– Ассалаумағалейкум.
– Уағалейкумсалам.
Бұдан  соң  екеуі  де  не  айтарын  білмей  қадала  қарасқан. 
Жылқышы  жігіттің  тікенек-тікенек  жезденген  беті  сұп-
суық,  сол  жез  беттің  шеке  тұсында  орналасқан  қос  жанар 
қос  ұңғы  мылтықтың  аузындай  өзгеше  қорқынышты, 
аласы  үлкен  қарашығы  қатып  қалған  секілді  ызғар  шашып 
қозғалмайды. Шойыннан құйғандай шомбар денені ауырсына 
ма,  астындағы  құлақасқа  шайқалақтап  әрең  тұрғандай.  Бай 
қарсы  алдындағы  жылқышының  сом  тұлғасын  тұңғыш  рет 
көргендей  сәл  қызықтай  қарап  қалған  еді.  Ендігі  сәтте  осы 
қылығын жасырғысы келді ме, өз-өзінен қақырынды. Омардың 
соңғы кезде кеудесі сырылдап, тамағы жиі-жиі жыбырлап, екі 
кеудесінен қысатын болып жүр. Жал-жая жеп, сапырып сары 
қымыз ішіп отырса да демікпе ауруына ұшыраған. Азды-көпті 
сүрген  өмірінде  басы  ауырып,  балтыры  сыздап  көрмеген, 
кірпияз сері адамның аяқ астынан ауырғаны қиын болады екен. 
Бір жағынан уайым жеп, екінші жағынан ауру меңдеген Омар 
айналдырған  алты-жеті  күннің  ішінде  ұрт  еті  босап  жүдеп 
қалған  екен.  Оны  көптен  бері  жолықпаған  Бати  да  байқаған, 
байқаса  да  «ақсақал  жүдеусіз  ғой»  деп  айтпады.  Жылқышы 
жігіттің  әсіресе  таңданғаны  –  байдың  баяғыдай  амандықтан 
бұрын  малды  түгендей  жөнелетін  әдетіне  баспай  немкетті 
көңілмен өзіне тесіле қарап, ойланып қалғаны-тын. «Жоқ, бұл 
баяғы байекең емес, өзгерген, көп өзгерген» деп ойлады ішінен. 
Омардың алғашқы сауалы да оқыс болды.
– Шырағым, жасың нешеде, осы сенің?
– Отыздамын, ақсақал.

124
– Үйленген жоқсың ғой. Неге?
– Неге екенін менен гөрі өзіңіз білесіз ғой.
– Ә, солай екен-ау, – деп басын изектетті. – Солай екен-ау. 
Бірақ саған жасаған жамандығым жоқ еді.
«Жасаған жақсылығыңыз да жоқ еді», – деп айта жаздап, 
өз-өзін ұстап қалды:
– Ақсақал, сіз бен біздің кімнің есесі кімге кетті деп кінәрат- 
тасатын жеріміз бұл емес шығар. Құла түзде жепе-жекке шақыр- 
ғандай ырым бастап қайтеміз. Жалғыз жабағыңызды ит-кұсқа 
қалдырмай,  мұз  төсеніп,  қар  жамылып  келгенім  рас.  Сол 
еңбегіме астымдағы құлақасқаны қисаңыз, соған да ризамын.
«Қалай, қалай сөйлейді, – деді ішінен Омар. – Қалай ғана 
байқамай  келгенмін.  Астына  ат,  аузына  ас  тимей  қор  болып, 
үйірге түсе алмай жүреді екен-ау жазғандар. Іштей тынып, «сен 
айттың  мен  көндіммен»  күн  көріп,  көрінбей  күн  кешкендер 
қолына  билік  тисе  шетінен  шешен,  кез  келгені  көсем  болып 
шыға келеді екен-ау».
– Анау алдыңда жатқан жылқының бәрі сенікі, – деді Омар 
үркердей  үйіріліп,  азайып-ақ  қалған  жылқыны  қамшысымен 
сілтей  көрсетіп,  –  маған  да  осы  астымдағы  атымды  қиса 
болды.
– Мұныңыз не, ақсақал, ойыныңыз ба, әлде шыныңыз ба?
–  Шыным.  Енді  аз  күнде  осының  бәрін  сендерге  бөліп, 
таратып береді.
Үнемі мал соңында жүріп, елдің көп-көп жаңалығынан қаға-
беріс қалатын Бати байдың сөзіне сенбеді. Дегенмен көңіліне 
күдік  ұялады.  Омардың  ел  кезгендей  жалғыз  жүрісі,  жүдеп-
жадаған  кеспірі,  жуаси  сөйлеген  сөзі  –  үлкен  бір  зауалдың 
тақалғанын аңдатқандай еді. Қазбалап сұрамаса да ептеп сезді, 
сезді  де  кеше  ғана  аюдай  ақырып,  тірі  жанға  дес  бермейтін 
Омекеңді аяды, шын аяды. Осы кісіні үнемі бір шырқау биіктен 
көріп келген; үнемі ақ дегені алғыс, қара дегені – қарғыс болып, 
өмірдің  бар  үзірін  жебей  сауған  атақты  байды  осыншалық 
мүсәпір халде кездестірем деп ойлады ма. «Байға тай мінсе де 
жарасады» дегендердің аузы қисайсын. Бай тек қана бай болып 
туып,  бай  болып  өлуі  керек-ау.  Әйтпесе,  жараспайды  екен, 
мүлдем келіспейді екен...
–  Осы  жылқының  ішінен  таңдағаныңды  ұстап  мін,  –  деп 
қадап  айтты  шүленсіген  бай.  –  Еңбек  –  сенікі.  Күні  ертең 

125
кәмпіскеге түскенде мынау Малтыкөлдің шиебөрідей шулаған 
өңшең  арамтамақ  аш-арықтары  ту-талақайын  шығарар. 
Менің  шөбімді  шауып,  отынымды  жарыға  берген  солардай-
ақ  жеңдерін  түріп,  пышақтарын  сайлап  кірісер...  Жылқыны 
сен емес, солар баққандай-ақ жетектеп кетер... Айтып-айтпай 
не  керек,  дүниенің  боқ  екенін,  қолдың  кірі  екенін  білдік  пе, 
жарқыным?! Енді міне, салт басты, сабау қамшылы сенің бас 
бостандығыңа,  тіпті  қызыл  сирақ  кедейлігіңе  қызыға  қарап 
тұрғаным.
Байдың  толқи  айтқан  сөзі  шындап  әсер  етті  ме,  көңілі 
босап  жанарына  жас  үйірілді.  Жұбату  айтып,  басынан  сипар 
бала емес, алпамсадай ақсақал, бір елдің төбедей төңкерілген 
атақты  адамы.  Әбден  жасыған,  дүниенің  бәріне  қол  сілтеп, 
түңіліп  дала  кезіп,  қарсақ  боп  жүрген  қожайынның  бабын 
таба  алмай  қатты  қысылды.  Не  дер  мұндайда.  Қандайлық 
жол  нұсқап,  ақыл  берер.  Өмірбақи  да  ешкімге  ақыл  айтып, 
көшелісіп көрмеген жылқышы жігіт құрығымен жер шұқылап 
төмен  қарады.  Мейлі  аш  жүрсін,  жалаңаш  жүрсін  –  әйтеуір 
осы Омардың малын бағып жанын сақтады ғой. Тіршілігінің 
дәнін  осы  Омекеңнің  малынан  терді.  Өзі  су  ішкен  құдыққа 
түкірсе  азаматтығына  лайық  па.  Азаматтың  мықтылығы 
–  аттан  құлағанды  сойылдап,  жеңілген  иттей  желкелеу  емес, 
қайта  жауың  болса  да  жаралы  жатқанында  қансыратпай  қол 
ұшын беруде емес пе. Ендеше, Омарды табалып, шоқ-шоқтың 
астына  алып,  дәл  қазір  қолындағы  қатып-семген  сойылмен 
қақ бастан салып өтсе кім қолынан алар, қайта жаңа заң осы 
Батидың мінезін қуаттамай ма, қорғамай ма. Жоқ, Бати ондай 
көргенсіз қылыққа бара алмайды. Бара алмайтын себебі – бұл 
қарнын  ашыртқанмен,  қадірін  қашырмаған  қазақ.  Байдың 
жазығы – бай болғаны ғана емес, елге көрсеткен қысастығында 
ғой. Ал Бати бұл кісіден құдайшылығын айтса, екі өкпесінен 
тепкілеген соншалықты азабы мол теперіш көрген жоқ. Анау 
жылы қалың қар жауып, қатты боран соққан жұтшылықта бір 
айғыр үйірінен айрылып, зымзия жоғалтып алғанда да айылын 
жимап еді. Бай атаулының бәрі озбыр, қатыгез еместігіне алғаш 
рет көзі сонда жеткен, сол уақыттан бері ішіне сәуле жүгірген.
– Пейілідізге рақмет, ақсақал,– деді тілге келіп. – Құла ат 
бұйырса да Құдайға шүкір деймін. Қайда бет алдыңыз?
– Құландыдағы қыстақты көріп қайтпақ едім.

126
–  Ой,  онда  бармай-ақ  қойыңыз,  –  деді  Бати.  –  Үйіңіздің 
астан-кестеңін  шығарып,  темір-терсекке  толтырып  тастапты. 
Шойын жол салатындардың жатақ үйі болатын көрінеді.
– Солай ма еді... – Қанын ішіне тартқандай сұрлана сілейіп 
қалған Омар сол жақ кеудесін баса жел шайқаған бәйтеректей 
теңселіп кетті. Жүрегі шаншып, басы айналса да сыр білдірмеді, 
не  аттан  аумады.  Мелшиген  қалпы  көзін  жұмып,  қайраңдап 
қалған шабақтай ауаны қарпи ауыр дем алған.
–  Ақсақал,  не  болды  сізге?  –  деп  сүйемекке  жақындаған  
Батиға керек емес дегендей қолын сермеп ишара жасады. Бұдан 
соң сәл есін жинағандай шекесін үнсіз ысқылап тұрды да, тік 
жаға  көйлегінің  түймесін  ағытты.  «Бекер-ақ  айттым,  –  деп 
өкінді жылқышы. – Өз көзімен көргені дұрыс еді. Оқыс хабар 
болды-ау.  Бірақ,  осыншалық  ес-ақылдан  айрылатындай  ауыр 
сөз  болатынын  білді  ме.  Тірі  малға  емес,  балшықтан  құйған 
төрт  қабырғалы  тамға  қабырғасы  қайысатындай  суық  хабар 
естіртем деп ойлады ма.
–  Аттан  түсейікші,  –  деді  бай  қамданып.  –  Анау  тастың 
ығына аздап демалайық.
Екеуі де аттан түсіп, жетелей аяңдап, сыртын қына басқан 
үлкен шұбар тастың қалқасына барды. Шылбырды білектеріне 
іле  қатарласа  жайғасты.  Алғашында  сөзді  қайсысы  бастарын 
білмей  аз-маз  іркіліп  қалды.  Тастың  далдасы  шынында 
да  ысылдай  соққан  суық  желдің  бетін  қайтарып,  түбінде 
отырғандарға қалқан боларлық қауқары бар. Жел өтіне артын 
бере,  құйрықтары  желмен  желбіреген  тамам  жылқы  күзгі 
даланың қуаң тартып, қураған шөбін тістелеп қаперсіз жайылып 
жүр.  Әріректе  Қызылегіз  деп  аталар  төбенің  қосөркеш  айыр 
төбесі  қарауытады.  Дәл  жанында  тізелес  сонау  Қызылегізге 
қадала  қараған  жылқышының  тікенектенген  без  беті  бүлк 
етпестен  жағына  жабысып  қалған.  Омар  бай  көз  қиығымен 
Батидың  қорасан  дағы  бар  әлпетін  шолып,  анау  боз  даламен 
салыстыра келіп, үлкен ұқсастық тапты... «Мықты, қайратты, 
– деген сөз оралды көкейіне. – Бірақ... Не бірақ? Қатыгез, қатты 
болуы керек. Оны қазір сынап көрейін». Жүрегін әлгіндей ат 
үстінде  пайда  болған  уытты  біз  піскілей  жөнелді.  Тағы  да 
қойнына қолын тығып уқалады. Екі тізесі серейіп ұйып қалған 
екен,  аяғын  жазып  көсіле  отырды.  Астарындағы  көк  тастың 
ызғары өтіп, бір жамбастап, құйрығына сыздауық шыққандай 

12
тыныштық  таппаған.  Жайсыз  жайғасқанын  сезген  Бати  атып 
тұрып атының ерін алып, тоқымын төседі.
– Рахмет, – деді бай. Бұл – Батидың жиырма жылда естіген 
алғашқы алқа сөзі еді, кәдімгідей адамдық көңілмен қуанды.
– Осындай жігіт екенсің-ау, – деді бай да жұмбақтау риза- 
лықпен.
– Иә, баяғыдан осындаймын, ақсақал, – деді жылқышы.
– Рас, осындай екенсің, байқасамшы...
– Сіздер биіктесіз ғой, кішкентай адамдар көздеріңзге іліне 
бермейді. 
–  Ол  рас,  шырағым.  Көп  дүниені  көре  бермейді  екенбіз. 
Биікте  жүргендерге  көріну  үшін,  өздерің  де  биіктеуге  құл- 
шынуды білмейсіңдер, мал баққанның бәрі мал болып кетсін 
деп қай пайғамбар айтқан екен. Аузына алты алашты қаратқан 
Біржан сал мен Ақан сері де сіңірі шыққан жалғыз атты кедей 
емес  пе  еді.  Баяғыда  аяғына  кілем  төсеп,  қарсы  алайық  деп 
арнайы  адам  жіберіп  шақырғанда  біздің  ауылға  бұрылмай 
анау Шыңғыстаудағы Құнанбайдың еліне кеткен. Оны былай 
қойғанда қарадан хан болған Қисық ше... 
–  Олардың  жөні  бір  басқа,  –  деді  Бати  күрсініп.  –  Құдай 
берген өнер мен пысықтық бар. Жұрттың бәрі Біржан мен Хан 
Қисық болып кетсе сіздің жылқыңызды кім бағар еді, ақсақал?
Омар  жалт  қарады.  Ақсұр  тартқан  бетінен  бір  түйір  қан 
тайдай шауып өтті де, кеңкілдеп күлді-ай.
– Оның да жөн-ау, мал бағатын адам қай-қай заманға керек-
ау. Менің қайран қалып отырғаным, сенің де сау сиырдың боғы 
емес,  ақылды  азамат  екенің.  Жылқы  баққан  жиырма  жылда 
қалай ғана жұмған аузыңды ашпай келдің?
–  Басқа  түссе  баспақшыл  деген  емес  пе,  ақсақал.  Сол 
жиырма жылда жалғыз рет бүгінгідей жақын келіп сәлемімді 
алып, аттан түсіп, әңгімелессеңіз, талантымды ертерек таныр 
едіңіз. Адамның жаманы бар ма, тек түсінбейміз, не болмаса 
бағаламаймыз.  Төменде  жүргендердің  бәрі  ынжық,  ақымақ 
көрінетіні  де  содан  да.  Әйтпесе,  астына  арғымақ  мінгізіп, 
аузына  сөз  салса,  бұл  жұрттың  қайсысы,  кімнен  кімі  артық 
дейсіз. Тууы бір адамның, өлуі де бір.
Омар ойланып қалды. Зерделілік тек қана оқыған, қолында 
билігі, қотанында малы бар әлділерде ғана болуы керектігіне 
имандай  сеніп,  есікте  жүрген  құл-кұтандарға  пысқырып  та 

128
қарамаған қарақан басы әңкі-тәңкі, ауыр соққыға ұшырағандай 
әрі-сәрі. Кедей-кепшіктен шыққандардыі ішінен тек Таңатарды 
ғана  таңдап,  кісі  деп  санасып,  тіпті  сол  дәу  шалдан  жеңіліс 
тапқанында,  ол  ерекше  жаратылған  ілуде  бір  туар  жойқын 
күштің  иесі  деп  қана  білетін  еді.  Бақса,  ондайлық  оқшау 
бітістер көп екен-ау. Сол Таңатардан мына жылқышы жігіттің 
қай жері кем. Сөз десе – сөз, күш десе – күші бар тасқұдай. 
Қалай-қалай  орағытады  десеңізші.  Сонда  деймін-ау,  Оспан 
қу  қайдан  жаратылған.  Жоқ,  кедейдің  де  бәрі  бірдей  емес, 
олардың да Оспаны мен Батиы, ақылдысы мен алаяқ сұмы бар. 
Жаңа  өкімет  сонда  осылардың  қайсысын  жарылқайды  екен. 
Қайсысын?..
– Биылғы қыс қатты болайын деп тұр-ау, – деген қаңылтыр 
бет жігіттің қодыр дауысы ойын бөлді.
–  Енді  маған  бәрібір,  –  деді  Омар  маңдайын  ысқылап 
отырған күйі. – Даланың бетін саудыраған қаңқа басқан ақсүйек 
жұт болса да бәрібір қыңбаймын.
– Елге қиын болады ғой.
– Ел қалды ма бүгінде, бөрінің боғы, бөкеннің сирағы болып 
тозып кетпеді ме бет-бетіне.
–  Олай  демеңіз,  ақсақал,  көпке  топырақ  шашу  ерлікке 
саймаса керек. Елдің аты – ел. Еңіресең де, еркелесең де бәрібір 
есігінен кете алмайсың. Су ағады, тас қалады...
– Топырақ шашайын деген жоқ едім, өздері емес пе көзіме 
құм құйған.
– Әйтсе де тарылмаңыз, ондай шолақ мінез сізге жараспайды, 
Омеке.
«Апыр-ай – деп ойлады Омар, – мына жігітті баяғыда бау- 
лып, шабармандыққа алу керек екен-ау. Енді бәрі кеш».
– Жарығым, мен саған үлкен іс тапсырайын деп отырмын. 
Бәлкім,  бұл  саған  айтар  ақырғы  сырым,  ақтық  сөзім, 
азаматтығына артар соңғы сенімім шығар...
– Алғашқысы да осы ғой.
– Оның рас. Қарсы болмассың.
–  Атып  кел,  шауып  келден  өзгесін  айта  беріңіз.  Ондай 
жаналарлыққа жаным әуелден қас, суқаным сүймеуші еді.
– Құдай сақтасын, ініме кіре алмай жүріп, құйрығыма қал- 
жуыр байлап нем бар. Тыңда, жарығым, менің қазіргі жүрісім 
–  желдиірмен-сынды.  Қашан,  қай  жақтан  жел  соғады  деп 

129
қапалағым  арбайып  тұрғаным.  Баяғыда  ақ,  қызыл  болып 
дүрбелеңге түскен қиқулы заманда босқан елмен бірге жалғыз 
түнді  жамылып  арғы  бетке  ауып  кетсем,  көшетін  көлік  таба 
алмай омалып қалғаным жоқ. Елмен көрген ұлы той деп жылы 
орнымды  суытпай  отыра  бердім.  Енді,  міне,  жаңа  өкіметтің 
жағасына жармаспасам да, қуғын-сүргінге ұшыраған бейшара 
түрім  осы.  Халықтың  маңдайындағы  мең  секілді  едім,  көзге 
шыққан  сүйел  болдым.  Сен  тимесең,  мен  тименің  заманы 
емес екен бұл. Екінің бірі: не арғы бетке, не бергі бетке – екі 
жағалаудың  біріне  шықпасаң,  ағыс  айдап  алып  кететін  түрі 
бар. Бар сенгенім жалғыз ұлым, маңдайға басқан Еркінім болса 
өз  басымен  әуре,  екі  кештің  арасында  арбадан  құлап  төсек 
тартып жатыр. Көзімнің қарашығындай екі қызымның ертеңгі 
тағдыры  ғана  қинайтын.  Әйтпесе,  мен  деген  немене,  басын 
кескен қу молақпын, асарымды асадым, жасарымды жасадым. 
Төрт  құбыласы  тең  жалғанды  жалпағынан  басқандар  мың 
жасар болса, мен жасар едім. Дұрыс айтасың, шырақ, тууы бір 
пенденің елуі де бір екен. Өмір ауылынан кейбіреулер бұралаңы 
ұзақ азапты жолмен барады, ал енді біреулер қысқа да қызықты 
даңғыл жолмен барады. Бірақ, шыққан жері де, баратын жері 
де біреу ғой. Ол – өмір мен өлім сапары. Қалған қарекетің – 
алдамшы дүние, бекершілік, иә-иә, бәрі де бекершілік.
Көзінің  асты  жыбырлап  сұғына  сөйлеген  Омар  жерден 
асықпай  екі  тас  алды  да  ақырындап  бір-біріне  ұра  бастады. 
Әлсіздеу шықылдаған үннен өзгенің бәрі жым-жырт болғандай 
еді. Анау етекте өскен топ-топ шилердің басын жел жұлмалап, 
сыңсыған мұңлы әні талып естіледі. Жүдеулік меңдеген айдала 
көктемдегі  өлі  жүні  түспеген  көтерем  сиырдай  кеспірсіз  еді. 
Қазан  айының  осы  ұсқынсыз  басталуы  көп  күттірмей  келер 
қыстың  қаһарын  танытар  алғашқы  хабаршылары  реуіштес. 
Бұдан бұрынғы жылдарда маужырап тұрар мейірімді күні бар 
қоңыр күздің биылғы сыңайы үрейлі, зәрезеп қылар мазасыз. 
Бұрнағы күні жауған қара нөсердің арты ери жауған жылбысқа 
қарға  айналғанда  Бати  жаман  ырымға  жорып  ішін  тартып 
қалған-ды. Осыдан он жыл бұрынғы күз дәл осылай сылбыраң 
басталғанда  қыстың  беті  қатты  болып,  Омар  байдың  бір 
айғырлы үйірлі жылқысын қырып алып еді.
Омекеңнің  тым  арыдан  орағытып  не  айтқысы,  қандай 
бұйымтай  тапсырғысы  келгенін  бағамдай  алмай  әуре  болды. 

130
Әңгіменің  соңын  тосуға  шыдам  жасаған.  Ал  байекең  айтар 
ойын ал дегенде тарқатпай қазықбаулап асығар емес.
–  Бекершілік  емей  немене,  мен  айдаған  мыңғырған  мал, 
мен шайнаған қазы-қарта, жал-жая қайда? Бәрі де әр бұтаның 
түбінде  қиға  айналып,  адыра  қалды.  Қатықсыз  қара  көжені 
талшық  еткен  құл-құтан,  жалшы-малшылар  озды  бүгінде. 
Тіпті,  озбайтын  да  шығар-ау,  бірақ  біздерден  гөрі  уайымсыз, 
біздерден  гөрі  батылырақ  бара  алады  арғы  дүниеге.  Оларға 
атқа  мінуден  гөрі  аттан  құлау  әлдеқайда  оңайырақ.  Өйткені 
олар біздерден гөрі қара жерге бір табан жақын екен. Әлгінде 
сен, жарығым, «сіз тым қол жетпейтін биікте ұшып жүрдіңіз» 
дедің-ау ұмытпасам.
– Иә, айтқаным рас.
– Ендеше сол биікке ұшқанның биіктен құлауы да оңай әрі 
қауіпті: не өліп түседі, не жанып түседі.
Алақанына  салып  аударыстырып  отырған  тасты  да  бір-
біріне шақылдатып от шығарардай ұра бастады. Үнемі бір төр 
алдында дөңкиіп отыратын, үнемі бір ат үстінде күмпиіп келе 
жатар Омарды еш нәрсені парықтамайтын пасық, ішіне тезек 
толтырған қап секілді кеуек адам деп ойлаушы еді, қателескен 
екен. Тегін адам таз бола ма, ақылсыз, ақымақ адам бай бола 
алмайды.  Бүгінгі  күздің  суық  та  сұрқайы  күнінде  бай  мен 
жылқышы  бір-бірінің  көңіл  сарайына  кіріп,  осы  оңашада 
отырыстарында  ғана  шындап  танып,  бағалағандай,  тіпті  ұлы 
жаңалық  ашқандай  таң-тамаша  болысты.  Дегенмен,  төрткүл 
дүниедегі  жаңалықтардың  не  ерте,  не  кеш  жасалатынындай 
бұл екеуінің де бір-бірін танып, білуі тым уақсыздау емес пе?
– Дүниенің қызық атты қызыл түлкісі жеткізбей кетті, енді 
өзіміз қашып көретін шығармыз.
–  Дұрыстап  сайланып,  жеткізбейтіндей  боп  қашудың  өзі 
–  өнер  ғой,  ақсақал,  –  деп  Бати  әңгімеге  араласты.  –  Не  қуа 
алмадық,  не  қаша  алмадық,  озбадық  та  қалмадық,  өгізаяң 
тірліктің соңында тентіреп жүргеніміз.
– Сенің күнің енді туды, Бати шырақ, енді туды.
– Қандай күн туса да жылқы бағудан асқан өнер қолымнан 
келмес-ау.
–  Сен  бағатын  жылқы  қалмас.  Бірақ,  осы  жарықтықты 
бағып, мінген адамның мұратқа жеткенін және көргенім жоқ. 
Саған  айтар  ақылым,  құрығыңды  тізеңе  салып  сындыр  да, 

131
қолыңа балға мен қайла ал. Әне, сонда ғана бүгінгі заманның 
көрігін баса аласың. Күн – балғашыларға ауып барады.
– Жоқ, ақсақал, менен ұсташы шықпайды, темір-терсекке 
о бастан-ақ жаным қарсы еді. Малмен бірге тудық, сол малмен 
бірге  өлеміз.  Жылқы  жарықтық  жаңа  өкіметке  де  керек 
шығар.
– Әй қайдам, – деп Омар қабағын түйіп басын шайқады. – Ал, 
шырақ, күн еңкейіп қалған-ау, негізгі шаруаға көшелік. Менің 
саған тапсырар аманатым: Құландыдағы үйімде жасырған азын-
аулақ  дәулетім  бар  еді,  дәулет  дегенде  немене,  тыққыштаған 
қағаз ақша, бірер түйір жылтырауық асыл тас. Сол қазынаның 
да құны кетіп барады-ау. Қазекем «арпа-бидай ас екен, алтын-
күміс тас екен» деп бекер айтпаса керек. Соның жайы қинап 
отыр мені. Өзім көзге түсіп қалармын, сен барып алып қайт. 
Жан адамға сездірмессің, төргі үйдің астынан қазған жертөле 
шұңқыр бар еді, терезе жақ іргеден сана да бесінші тақтайды 
қопар. Темір қобдидың ішінде ораулы жатыр: Түркісібшілердің 
қайласы әзірше оған жете қоймаған шығар.
– Мақұл, ақсақал, – деп келісімін кесіп айтты. – Соншалықты 
ауырсынатындай үлкен іс емес екен, әкеліп берейін.
–  Әп  бәрекелді,  тусаң  ту,  менікі  де  сол  суға  кеткен  тал 
қармайдының кебі ғой. Өзіңнен басқа сенерім қалмай барады.
– Қармаған талыңыздың мықтылығына сене беріңіз.
Мың жаса, ер екенсің, шырағым!
Осы  сәтте  бір-біріне  ықтай  тұрған  аттар  құлағын  тіге 
елеңдеп,  батысқа  қарап  оқыранды.  Тағалы  аттың  тасқа  шақ-
шұқ тиген дүбірі естілді. Екеуі де орындарынан атып тұрғанда 
тура қыр желкелеріне төне мінбелеп келіп қалған төрт-бес атты 
жолаушыларды көрді. Түстеп танығандары Оспан ғана. Жалғыз 
көзі жалтылдап, оқшырая қарап тұрды да:
–  Іздеп  шыққан  байымыздыд  өзі  жол  торып  жүр  екен 
ғой. Мәледес, – деді Семейде болған бір айлық оқудың бекер 
кетпегенін танытқысы келгендей орысшасын араластырып.
–  Оқу  өтіп  кеткен  бе,  сәлем  неге  бермейсің?  –  деді  Омар 
сұрланып.
–  Сәлем  алып  үйреніп  қалған  құлағың  қышып  тұр-ау, 
пәмешік. Енді сен бересің сәлемді. Қане, үшке дейін санаймын, 
«ассалаумағалейкүм,  Осеке»  деп  қолыңды  қусыр.  Бір!  – 
Тапаншасын суырып Омарды көздеп, үңірейте ұстап ақырды. 
– Екі!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет