26-билет 1)Ақ Орда мемлекеті 18-билет 2)1918-1920 ж.ж. Азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, өнеркәсіп орындарының бұрынғы қожалары, кезінде Ресейден қоныс аударып келушілердің ауқатты топтары, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар болды (кадеттер, эсерлер, ұлттық және діни саяси ұйымдар). Алашорда үкіметі азамат соғысының алғашқы кезінде Кеңес өкіметіне қарсы күштермен байланысып, қазақ халқының мүддесін қорғауға тырысты. Үкімет мүшелері Қазақстанға жақын қалаларға орналасқан Кеңес үкіметіне қарсы құрылған үкіметтермен — Самарадағы құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен, одан кейін Колчак диктатурасымен, Орынбор және Орал казак әскерлерінің басшылығымен келісімге келуге ұмтылды. 1918 жылы жазда төңкеріске қарсы күштер Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының көптеген аудандарын, соңынан Жетісу облысының бірқатар аудандарын басып алып, Кеңес өкіметін құлатты. Кеңес өкіметі Батыс Қазақстанның кейбір аудандары мен оңтүстік өлкесінде сақталды. Қазақстанда азамат соғысының Ақтөбе (немесе Солтүстік Түркістан), Орал және Жетісу майдандары құрылды, олардағы соғыс әрекеттері А.с-ның ірі майдандарындағы, ең алдымен Колчак әскерлеріне қарсы құрылған Шығыс майдандағы қимылдарға тығыз байланысты жүргізілді. Сондықтан Қазақстандағы азамат соғысының тағдыры негізінен Қызыл Армияның Шығыс майданындағы күресіне тәуелді болды. Қазақстан жеріндегі соғыс қимылдары өз кезегінде Кеңес еліндегі жалпы жағдайға әсер етті. Қазақстан азаматтары Қызыл Армия қатарында да, “ақтар” басып алған аудандарда жасақталған партизандық жасақтар құрамында да азамат соғсына қатысуға мәжбүр болды. Қазақстандағы шешуші соғыс қимылдарына “қызылдар” жағынан М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, В.И. Чапаев, И.П. Белов, И.С. Кутяков т.б., ал “ақтар” жағына А.И. Дутов, С.П. Толстов, Б.В.Анненков т.б. басшылық етті. Торғай далаларында “ақтарға” қарсы күресте А. Иманов, Батыс Қазақстанда Хамит Чурин, Бейсен Жәнекешев т.б. көзге түсті. Ал Әліби Жангелдин азамат соғысы қызу жүріп жатқан кезде (1918 ж. күзі) Мәскеуде жасақталған қару-жарақ керуенін Түркістан майданына жеткізді. 1920 жылдың көктемінде Қазақстандағы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды.