Сатиралық ертегі. Сатиралық ертегілер - әлеуметтік мазмұны жағынан ширыға түскен, кемелденген сананың жемісі. Бай мен кедей бірімен-бірі тату тұрған ба? Сондықтан халық ертекте қанаушы тапты қатал әшкерелеп, қарапайым кедейдің байдан моральдық артықшылығын баса көрсетеді. Халықтың мәңгілік арманы – қанаушыларын тізе бүктіру сатиралық ертегілерде көрініс табады. Әмбе бұл арман қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған өмір аясында, немесе құрғақ қиялда емес, күнделікті шындық өмірді бейнелейтін ертегіде жүзеге асырылып отырады. Сөйтіп ертегі кедейдің өз күшіне деген сенімін арттыра түседі. Бұдан біз сатиралық ертегілердің халық прозасының басқа жанрларынан кешірек, таптық қоғамның кеселді дерттері барынша айқындалған дәуірде дүниеге келгенін байқаймыз. Қазақ сатиралық ертегілерінің бізге жеткен сипаты, негізінен, ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда, патриархалды-феодалдық қоғам тұсында қалыптасқан болу керек.
Сатиралық ертегіде ақымақтар мен қу тазша, Алдар көсе, Қожанасыр бейнелерінің болуы – ертегілік прозаның жаңа көркем сапаға көшкенінің белгісі, өйткені бұл кейіпкерлер қоғамның дамуына сәйкес өзгерген халық дүниетанымына байланысты пайда болған. Басқаша айтқанда, ел енді ежелгі нанымдар мен салттарға сын көзбен қарап, оларды ұстанған кісілерді мазақ қылатын болған. Сол себепті ертегі кейіпкерінің бұрынғы жақсы қасиеттері (тектілігі, адамгершілігі, адалдығы т.с.) басқаша бағаланып, кейіпкер өзгеше, тіпті бұрынғыға кереғар сипатталатын болған. Дүние өзгеріп кетті, ал ертегі кейіпкері сол қалпында қалған, сондықтан оның ескі салт пен түсінік-пайымға адалдығы елдің күлкісін келтіреді.
Сатиралық ертегілердің өзіндік бір түрі – анекдот. Оның басты ерекшеліктері мынада: анекдот белгілі бір ұзақ сонар оқиға туралы әңгіме емес, қысқа ғана, аса елене бермейтін, қалт еткен бір құбылысты күлкі арқылы көркем өрнектеп, маңызды қорытынды жасайды. Анекдотқа кіргізілетін құбылыс қаһарманның өміріне ерекше өзгерістер енгізбейді, тек оның кейбір сапалық қасиетерін аша түсу үшін иллюстрация ретінде қолданылады.
Әлеуметтік өмірде және тұрмыста кездесетін кемшіліктерді сынау сияқты негізгі міндетіне сай сатиралық ертегілердің формасы жасалған. Ертекші әңгіменің кейіпкері арқылы және тікелей өз атынан қаһарманның адамгершілігі, оның жаулары, кейіпкерлердің қоғамдық және әлеуметтік жағдайлары туралы баяндайды. Олардың мінездемелерінен сөз етіп отырған мәселесіне байланысты ертекшінің шын тілегі, немесе тәлкегі айқын аңғарылып отырады.
Әдебиеттер
1.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: Санат, 1996..
2.Қазақ әдебиетінің энциклопедиясы. Алматы, 1999.
3.Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері. Алматы,1992.