Бірінші кітап (роман – диалогия)


ЖЕЗ ЕЛІК ПЕН КҮМІС ҚАСҚЫР



Pdf көрінісі
бет26/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   69
ЖЕЗ ЕЛІК ПЕН КҮМІС ҚАСҚЫР

Бұрын  ылғи  да  Шоңқараның  диірменіне  барушы  едік.  Бұл  жолы

Айша:



−  Ақсайдағы  Мағымбек  қайнағаның  диірменіне  барамыз,  –-  деді.

«Неге?» – деп мен сұрамадым. Бірақ бұл сұрақтың көкейімде тұрғанын

білген Айша себебін айтты:

−  Шоңқарадағы  неміс  диірменші  «қалда»  деп  көп  бидайымызды

алып  қояды.  Мағымбек  қайнаға  көз  көрген  ғой,  Мұртазаны  жақсы

көруші еді, бізден «қалда» алмайтын шығар, – деді.

Түсінік  бере  кетейін:  Айшаның  «Мағымбек»  дегені,  шынында,

Сағымбек.  Қайнағаның  атын  тура  атамайтын  тəртіп  бар.  Айша  сол

əдептен озбайды. Ал «қалда» дегені – диірменшінің ұн тартып бергені

үшін алатын ақысы.

Дəсері деп отырғаным: жарты қаптан жоғары, толы қаптан төмен.

Айша  қаптың  аузын  шуда  жіппен  жуалдыз  инемен  қос  қабаттап  тігіп

тастаған.

Ақ  үйдің  ақысына  алған,  аялап  алақанға  салған  бар  байлығымыз

осы.

Сонымен,  дəсері  қап  бидайды  есектің  үстіне  жаймалап  салып,



арқанмен  таңып  тастап,  «бисміллə»  деп  жолға  шықтық.  Біз  алыстап

кеткенше, Құрмаш пен Батырхан үйдің артынан бізге қарады да тұрды.

Тіке  түстікке  тартып,  Ақсайдың  аузына  сүңгіп  барамыз.  Бұрынғы

даңғыл жол жоқ. Шөп басып кеткен сілемі ғана жатыр.

Арт жаққа бұрылып қарасам, едəуір өрлеп кетіппіз. Мыңбұлақтың

өзі  ылдида  қалыпты.  Əйтпесе,  төмендегі  темір  жолға,  Теріс  өзенге

қарағанда  Мыңбұлақ  та  өp  ғой.  Сөйткен  Мыңбұлақ  қазір  ылдилап

қалды.  Ауылдың  ең  бергі  шетінен  ағараңдап  біздің  үй  көрінеді.

Алыстан ағарып көзге оттай басылады. Қайран менің ақ үйім.

Мыңбұлақ  пен  Ақсай  аңғарының  арасын  «Төс»  дейді.

Ауылдағылар:  «Арпаны  биыл  Төске  салдық»,  «Малды  биыл  Төске

шығардық», – деп жатады.




Ал сол Төсті сіз осындай көктемде көрсеңіз ғой. Сəуірдің ортасы –

мамырдың басы. Басқа еш жерде жоқ, тек біздің Жуалыда ғана өсетін

қызғалдақ  теңізін  кешер  едіңіз.  Тұқымы  бөлек.  Жаратылысы  басқа.

Арасында  алтын  түстес  сарғалдағы  да  бар.  Күлгін  көгі  де  кездеседі.

Əрине, бəрінен де көбі қырмызы қызылы ғой.

Қырмызы  қызыл  қызғалдақ!  Балалық  шақтың  жалауы.  Бірінші

Мамыр  мерекесіне  қызыл  жалау  орнына  біз  десте-десте  қызғалдақ

алып шығатынбыз.

Өзек  толы  ақ  көбелек,  көк  көбелек,  сары  көбелек,  қызыл  көбелек,

шұбар  көбелек  –  бəрі  гүлден-гүлге  секеңдеп,  жетісіп-ақ  жүр.  Гүл

шырынын  солардан  қызғанғандай  бал  аралары  үрей  тудыра

ызыңдайды.  Біздің  көк  есек  құйрығын  көтеріп,  тезек  тастап  еді,  қара

қоңыз лезде қаптап кетті.

Қызғалдақтар  əсіресе  өзекке  көп  шығады.  Өзек  толы  шалғын.

Жуасы  қалың.  Мен  сол  өзекке  жүгіріп  түсіп,  жуа  теріп  келемін.  Бір

уысын  өзіме  қалдырып,  бір  уысын  Айшаға  беремін.  О,  біздің  жуа  да

өзгеше, ауқат десе де болады. Əттең, айран жоқ, айранға турап жесең –

зəйтүн майына қуырған бөдене етін жегендей боласың.

Бөдене  демекші,  айнала  толған  –  бытпылдық!  Жоңышқа  едəуір

көтеріліп, бірінші ораққа əне-міне ілінейін деп тұр. Іші толған бөдене.

Қоразы  мен  мекиені  кезек-кезек  сайрайды.  Сірə,  махаббат  маусымы

болар.  Бірақ  менің  уайымым:  бұл  бөденелер  махаббатқа  мас  болып,

ақырын ойламай ма деп қаламын. Ақырын ойласа, мына жоңышқаның

ішіне  жұмыртқа  салып,  балапан  баспауы  керек  қой.  Əйтпесе,  ертең

Есен  мылқау  мен  Қазы  шұбар  ат  жеккен  косилкамен  жоңышқаны

жапыра  орғанда,  бөдене  сорлының  не  балапаны,  не  жұмыртқасы

пышаққа түсіп қалмай ма?!

Мен  осыны  уайымдаймын.  Ал  бөденелердің  ойында  ондай  уайым

жоқ. Мəз-мəйрам. Шетінен мас.

Ауылдан  көп  алыстап  кетсек  те,  мұнда  да  қайқаңдап  ұшып

қарлығаш  жүр.  Балапан  үшін,  қу  тамақ  үшін  бармайтын  жері,

баспайтын тауы жоқ.




Көк  есек  көзін  жұмып,  мыртыңдай  басып,  кібіртіктеп  келеді.  Өр

ғой. Өрге қарай жүру қиын.

Айша ыңылдап əн салған сияқты. Мен анда-мында жүгіріп, біресе

жуа  теріп,  біресе  жауқазын  қазып,  қызығып  кетіп  қызғалдақ  жұлып

жүрмін.

Айша:


−  Жауқазынды  жұла  берме.  Келесі  жылы  қызғалдақ  шықпай

қалады, – дейді.

− Иə, жауқазын тəтті ғой, – деймін мен.

−  Е,  Барсхан,  тəтті  болсаң,  жеп  қояды;  ащы  болсаң,  түкіріп

тастайды, – дейді Айша күрсініп.

Сонда  қандай  болу  керек?  Дəмсіз,  сөлсіз  болу  керек  пе?  Ара-тұра

шағыр тікен кездеседі. Ойлаймын: шағыр тікен сияқты болу керек деп.

Мал жоламайды. Жеуге жарамайды. Ал бірақ дəрі. Неше алуан ауруды

жұлып түседі. Əдісін Əбіш атам біледі.

Не көп, шырыш көп. Алқымы уға толы əбжылан сияқты ысқырып

тұр. Шырышты да мал жемейді.

Сидиып-сидиып,  сары  үлбірек  жамылып,  сиырқұйрық  қаптап

кетіпті. Бұл енді, сайрауық сары торғай қонатын тұрақ болудан басқаға

жарамайды. Көп дегенде, қурағанда отын болар.

Аяғымды шеттік тікен жырып қанатады. Біздің аяқ-жалаң аяқ. Өзі

қанайды  –  өзі  тыйылады.  Əлпештеп  жатқан  ешкім  жоқ.  Бірақ  шеттік

тікен ащы, атаңа нəлет! Шеттік тікеннен де өлмейсің. Мұндағы дүлей

–  шошқа  тікен  ғой.  Құдай  содан  сақтасын.  Кіргенде  кірш  ете  қалады

ғой. Табанын жалаған күшік құсап қаңсылап қаласың.

Мақтаған  Төсінің  бəрін  тікен  басып  кеткен  бе  немене  деп

қалмаңыз.  Жаныма  батқан  соң  айтамын.  Əйтпесе,  Төстің  мамықтай



жұмсақ жерлері де көп. Жап-жасыл мүк басқан өзекпен жүріп отырсаң

– жаннаттың төрінде жүргендей боласың.

Айша  ыңылдайды,  көк  есек  пысқырынады.  Келе  жатқан  бетіміз  –

Ақсайдың аузы. Кенет Айша:

− Əй, Барсхан, – деді.

− Не?


−  Сен  осы  келе  жатқан  Төсіміз  бір  кездегі  Бердімбет  бабаңның

жайлауы екенін білмейсің, ə?

− Е, қайдан білейін. Колхоздікі дейді ғой.

− Колхоз кейін болды ғой... Бұрын анау Керегетас, сонау Үңгіртас,

мына  Төс  –  бəрі  бабаңдікі  болатын.  Мұндағыға  дейін,  кəмпеске

келгенге дейін, біз де жайлауға шығып, ақ үй тігетінбіз.

Өз жайлауына қонып, өзінің ақ отауын тіккен сенде де арман жоқ,

Айша. Мына біз, мына мен не көрдім, атасына нəлет!

Бір ой келді де: «Тəуба де», – деді.

«Тəуба!» – дедім. Қарын ашқанда жейтін көк жуа бергеніне тəуба.

Көк  зеңгір  аспан  жерге  құлап  кетпесін  деп  тіреуіш  қылып  қойған

Тəңіртауды  көрсеткеніңе  тəуба!  Найзаның  ұшындай  өткір  Манас

шыңын көрсеткеніңе тəуба!

Айша  айтады:  осы  Манас  шыңының  төбесінде  Манастың  күлік

атының  қазығы  бар  дейді.  Бұл  шың  қазір  үшкір  болып  тұрғанмен,

басына  шықсаң  жайлау  дейді.  Жаугершілікте  Манас  халқын  бастап,

сол шыңға шығып кеткен дейді.

Оның  бəрін  Айша  қайдан  біледі  десем,  оған  қырғыздағы  Сусар

апамыз  айтады  екен.  Сусар  апамыз  бізге  жиен  екен.  Баяғыда  басына

мың  қабаттап  күндік  салған  Сусарды  мен  көргенмін.  Қырғыз

келіншектерінің, бəйбішелерінің кимешегі қызық. Жұқа ақ бəтесті қат-

қат қабаттап, бастарына орай береді. Аршыған ақ пияздың қабатындай.




Манас түстік – шығыс жағымызда. Оның бер жағы Көксай. Біздің

Бердімбет  пен  Күнікей  ханымнан  туған  Гүлдана  апамызды  алған  бай

қырғыз Нұралы хан осы Көксайды жайлайды екен. Ақсайды Бердімбет

бай жайлайды. Қырғыз бен қазақ байлары солай құдаласқан. Бай мен

бай құда болып, араларында жорға жүрген. Енді сол байлардың азып-

тозған ұрпақтарының арасында анда-санда дорба жүреді.

Айша  осыны  айтып  «аһ,  дүние!»  –  деп  күрсінгенде,  Тəңіртау

теңселгендей болады.

Заманында жаз жайлауға шығып, ақ отау тіккен Айшада арман жоқ

дегенім бекер екен. Айшаның көкірегі толған арман. Кеудесіне сыймай

кетеді. Анда-санда «аһ!» – дегенде көкірегі қарс айырылып, Жанартау

атқылап шығады.

Жүгіріп  кетіп,  жуа  теріп  келген  мені  Айша  ұстап  алып,

қалтасындағы орамалымен менің аузымды сүртеді. Жуаны жей берсең,

екі езуің көк нілденіп қалады.

Ақсайдың  аузына  жақындаған  сайын  тобылғы  қалыңдап,

ылдидағыдай  шипая  емес,  жуандап  бара  жатыр.  Бір  түбінің  өзі  отау

орнындай тарбиып, жайылып кеткен.

«Шіркін, бəкі болса, қамшы сап кесіп алар ма еді» деп келе жатқам.

Мұртазадан қалған күміс сап бəкі бар еді, оны Айша тығып тастаған.

Ұстатпайды.  Қамшы  сапқа  жарайтын  түзу,  жуан  бұтағын  сындырып

алуға өте қатты, күш жетпейді. Енді қайтсем екен деп келе жатқанда,

тарбиған  тобылғының  түбінен  бірдеңе  атып  тұрып,  аспанға  бір-ақ

ырғып, зыта жөнелді. Жалқын сары алтын ағып өткендей болды. Елік

екен!  Артынан  құлдыраңдап  лағы  безіп  берді.  Елік  анадай  жерге

барып,  танауы  желп-желп  етіп  тоқтап,  артына  бұрылып,  лағын  күтіп

алды.

Елік  тобылғының  түбінен  шапшып  кеп  қалғанда,  мен  шалқамнан



түсе жаздадым. Заты жуас көк есек жалт бұрылып кеткенде, үстіндегі

қап  түсіп  қала  жаздады.  Тағы  да  болса,  Айша  арқанмен  таңып

тастағаны жақсы болған екен, құлаған жоқ, сəл ауыңқырап кетті. Сол



қапты түзетісіп, Айшаға септесудің орнына, мен əлгі лақ ерткен еліктің

соңынан тұра жүгіріппін.

Елік  жеткізуші  ме  еді!  Жаңа  туған  лағының  өзі  шегірткедей

ыршиды. Бір қияқ тасқа оң аяғымның бас бармағы тіреліп, етпетімнен

түстім.

Айша келіп тұрғызып алды. Оңбай құладым.

−  Əй,  сенің  де  балалығың  қалмады-ау,  Барсхан.  Қасқыр  боп

кеткенсің бе, тегі. Елік саған ұстатушы ма еді.

−  Ұстатпай  кетті,  –  дедім,  –  сəл  болмағанда  ұстап  алатын  едім,

құлап қалдым.

Бас  бармағымның  тырнағы  көгеріп  кетіпті.  Қанап  қалыпты.  Айша

оны орамалмен таңып жатып:

Лағы өссін, кейін ұстайсың, – деді.

− Қайтіп? – деймін. – Не мылтығым жоқ, не атым жоқ. Жаяу қайтіп

ұстаймы - ы - ын!

− Мойныңа садақ ілесің.

Ақбоз атқа мінесің.

Құмай тазы жайында,

Сондай да дəурен сүресің, –

деп əндетті Айша.

«Əлди, əлди» айтқан сияқты. Сомадай болған мені «Əлди, бөпем»

деп жұбатқан түрі.

Айша кейде осындай. Мейірімі түседі. Кейде суға салып сабайды.

Құдайым Айшаның көңілін көл қылсын.




Қазір  көңілі  шалқар  сияқты.  Мүмкін,  Төскейдің  арша  сасыған

жұпар ауасы, əуедегі бозторғайдың шырылы, бөдененің бытпылдығы,

сары  торғайдың  сарнауық  əні  –  бəрі-бəрі  Айшаға  Алланың  рахым-

шапағатын  мол  себелеген  шығар,  бұ  жолы  ұрыспады.  Мұндай  кəусар

ауаны үзіп-жұлқып жұтпай, сіміре беру керек саумал қымыз сияқты.

Тау  талының  түбіне  үңілсең  –  қозықұйрық.  Біразын  теріп  алдым.

Қозықұйрық  –  адалы,  саңырауқұлақ  –  арамы.  Оны  білем.  Аштық

үйреткен.

Ақсайдың,  төріне  жақындаған  сайын  жер  төсенген  аласа  арша,

тікенегіне  дейін  гүлдеген  шырғанақ,  күреңқызыл  тобылғы  жиілей

түсті. Бəрінен де жаннаттың хош иісі бұрқырайды.

Баяғыда  Бердімбет  бабамыз  осы  жаз  жайлауында  қала  бермей,

Мыңбұлаққа неге қыстау салған?

Əй,  бірақ  Мыңбұлақтың  да  жөні  бөлек  қой.  Аяқ  аттаған  сайын

мөлдір бұлақ атқылап жатқан жерді қайдан табасың?!

Көк  тіреген  таулардың  ақ  қар,  көк  мұз  жамылған  шыңдары

көрінбей  кетті.  Біз  Ақсайдың  алқымына  тірелдік.  Таудың  ішіне

кіргенде биіктігі білінбейді. Тау алыстаған сайын биіктейді.

Қалың  бұйра  талдың  ішінен  үй  көрінеді.  Диірмен  осы,  үлкендігі

біздің көк есегіміздей алпауыт ала төбет, оның нөкерлері – дүрегей ит

пен  бір  мəшке  қосыла  «аттандап»  алдымыздан  шықты.  Артынша

дөңгелек бөркі басында, көлкілдеген көкала сақалды, ұзын бойлы кісі

көрініп, иттерге:

− Кет! – деп тастады.

Диірменші  Сағымбек  («Мағымбек»)  Айшаны  танып,  амандасып,

жай сұрасып жатыр.

−  Жақсыдан  қалған  жəдігер,  –  деп,  менің  маңдайымнан  иіскеп,

басымнан  сипап-сипап  қойды.  Ішім  жылып  қалды.  Бірақ  «диірмені

қайда?»



Диірментас 

дүрсілдемейді. 

Диірментасқа 

құлаған 


су

сарқырамайды.  Шоңқараның  диірмені  болса,  гүрсілдеп-дүрсілдеп,

алыстан айқайлап тұрар еді. Мынау... үндемейді.

Айша жағдайды айтып жатыр.

−  Бердімбет  пен  Мұртазадан  қалған  ақбоз  үйді  бастық  тартып

алып, ақысына мына бір десте бидай берді, – деп, есектің үстіндегі ала

қапты сұқ саусағымен нұқып қойды. – Шоңқараның, диірменшісі өзі аз

бидайдың  біразын  қалдаға  алып  қоя  ма  деп  қорыққаннан,  жер

шалғайлау болса да, бір күн жұмыстан сұранып, өзіне келдім, қайнаға.

Жақсы атасына сəлем берсін деп, мына Барсханды да ерте келдім.

−  Ой,  бəрекелді,  сəлемші  болсаң,  дəу  жігіт  бол,  Алла  -  Құдай,

аруақтар  жар  болып,  бағың  ашылсын,  шырағым.  Аман  бол!  Тірі

жүрсең, əлі алтын аяқтан ас ішерсің, – деп, Сағымбек атам тағы мені

айналып-толғанды. Қуанып қалдым. Сипалағанды ит те жақсы көреді.

Мен адаммын ғой.

Бірақ Сағымбек атам артынша жайсыздау хабар айтты.

−  Айналайын  Айша  келін-ау,  алыстан  əдейілеп  келгенде,  бұл

диірмені құрғыр тоқтап тұр ғой...

− Немене, бұзылып қалды ма?

−  Жоға,  бұзылып  бəле  көрініп  пе...  Тартатын  астық  жоқ.  Мына

көкөзек  көктемде  ұн  тартатын  кімде  астық  бар  дейсің.  Ылдидағылар

сірə да келмейді. Ал мына біздің «Сталин жол» бар бидайын баяғыда

ұн  қылып  алған.  Енді  ешкімде  дəн  жоқ.  Сонымен  диірменді  жығып

тастадым.

− Қап, – деді Айша кіртиіп. – Сонша жерден əуре боп...

− Біліп тұрмын, шырағым, тарт десең, тартып берейін. Менің түгім

кетпейді. Қазір суды қайырамын да, диірменді жүргізіп беремін. Бірақ

өзі аз бидайыңның жартысы диірменнің көмейінде қалып қояды. Оны

айдап шығу үшін, артынан тағы бірер қап бидай салу керек. Ол жоқ.



Көңілсіз  əңгіме  үзіліп  қалғанда,  дарбазаның  алдында  жем  іздеп

құрқылдап жүрген екі-үш тауықтың үні естілді.

Сонда  менің  көз  алдыма  Шоңқара  диірмені  келді.  Оның  айдын

суында  неміс  диірменшінің  үйрек-қаздары  қаптап  жүреді.  Ауласында

тұмсығы 

салбыраған 

түйетауықтар... 

шыңғырған 

торайлар,

қорсылдаған мегежіндер...

Ал  мұнда  болса,  екі-үш  тауық  жем  таба  алмай  шұрқырайды.

Қазақтың  тауығына  дейін  ебедейсіз  бе...  Былайырақ  көгалға  шықса,

құрт-құмырсқа, шұбалшын, көбелек деген қаптап жүрген жоқ па, соны

теріп  жесе  қайтеді.  Е,  ол  үшін  жүгіру  керек,  көбелек  оңайлықпен

ұстатпайды...

Кенет Сағымбек атам қалбалақтап:

−  Ойбу,  бұл  не  боп  бара  жатырмыз,  −  деді  жалпақ  алақанымен

санын бір салып қалып. − Үйге жүр дегенді ұмытып кетіппін ғой. Ал

келін, а - а - а, Барсхан балам, кəне, үйге кіріңдер, – деп, дөң қабақта

тұрған тоқал тамға қарай жол бастады.

Белі  босасын  деп,  есектің  үстіндегі  қапты  жерге  түсіріп  қойдық.

Диірменшінің үйіне кіріп шəй іштік. Бəйбіше үндемейтін, біртоға кісі

екен. Əлде тауда жалғыз үй тұрғаннан кейін, сөйлесетін ешкім болмай,

адам  кісікиік  боп  қала  ма  екен...  Осыдан  шамада  екі-үш  шақырым

батысқа  қарай  шағын  ауыл  да  бар.  Оларды  «Ақсай-Құли»  немесе

«Адыр  Құли»  деп  атайды.  Жаңаша:  «Сталин  жол»  колхозы.  «Адыр»

болатыны-шетінен боза салады. Тары боза – арақ емес, бірақ шараптан

жырақ емес. Онша-мұнша шарап құрлы шамасы бар.

Əрі тамақ, əрі сусын, əрі шарап орнына жүреді. Оған тойып алған

«Ақсай-Құлилар» адыр болмағанда қайтеді.

Үндемес  бəйбіше  шайдан  кейін  бізге  бір-бір  зерен  тостаған  боза

ұсынды. Жалғыз үй отырып, бұлар да боза салады екен.

Аузыма  бір  жұтым  қымыз,  яки  бір  қасық  боза  тисе  болды  –  бет-

аузым алаулап шыға келеді.




−  Келін,  айналайын  Айша,  −  деді  Сағымбек  айыпты  адамдай  үні

бəсеңдеп.  −  Бидайыңды  тартып  бермегеніме  өкпелеме.  Айттым  ғой

себебін.  Ал  егер  біле  білсең,  −  деді  бір  құпия  сыр  ашатын  адамша,  −

бидайыңды дəу диірменге тартқызба. Үйіңде қол диірмен бар ма?

− Екі-үш үйге бір қол диірмен бар ғой, − деді Айша.

−  Е,  сол  қол  диірмен  жақсы.  Үлкен  диірмен  қанша  айтқанмен

бидайды  күйдіріп  жібереді.  Маңызын  кетіреді.  Ал  қол  диірменге

тартқан үн мен су диірменге тартқан ұнның нанын салыстырып көрші.

Біз  өзіміз,  су  диірменші  бола  тұра,  нанды  қол  диірменнің  ұнынан

пісіреміз. Сұрашы мына жеңгеңнен, − деп, бəйбішесіне қарап қойды.

Бəйбішесі қиғаштап отырып:

− Рас қой, − дей салды.

−  Ендігі  айтарым:  баяғыда  сол  Борандының  базарында  балаларға

бір  киім-кешек  сатып  алайын  деп  тұрғанымда,  ақшам  жетпей  қалып,

Құдай  тілеуіңді  бергір,  Мұртаза  кездесе  кетіп,  содан  елу  сом  қарыз

алып едім. Сол кездегі елу сом қайда - а - а! Көп ақша ғой. Сол қарыз

мойнымда  əлі  сүйретіліп  жүр.  Жаның  жаннатта  болғыр,  Мұртазаның

өзі жоқ енді, Құдай айдап мына баласы Барсхан келді, əлгі қарызымды

қайтарғаным болсын: бір дəсері қап тары берейін, соны ала кетіңдер, −

деді. − Бір жағы Барсханға кигізген кəстөм − шалбарым болсын. Баяғы

кез  болса,  астына  тай  мінгізетін  –  ақ  жөнім  бар.  Қайтейін,  қол

қысқалау...

...Көк  есектің  жүгі,  сөйтіп  екі  есе  ауырлады.  Белі  майысыңқырап,

мықшиып  қалды.  Айша  Сағымбек  атам  екеуі  екі  қапты  айқастыра

салып, ала арқанмен айқыш-ұйқыш мықтап таңып тастады.

− Ылдиға қарай жол жеңіл болады, əлі-ақ барып қаласыңдар, − деді

Сағымбек шал бізді шығарып салып тұрып.

Алып  тасауыздың  іші  лезде  күңгірт  тартты.  Кеш  болып  қалған

екен-ау  десем,  тасауыздан  шыққан  соң  қарасам,  күн  əлі  ерте  сияқты.

Тек  аспанды  үлпілдек  ұшпа  бұлттар  қаптап  кетіпті.  Күн  еңкейген




сəтте,  алыстағы  Қошқарата,  Боралдай,  Құлан  тауларының  үстіне

қонақтаған  бұлттар  ғажайып  қызғылтым,  қызыл  күлгін  бояуға

малынды.  Артыма  бұрылып,  Тəңіртауға  қарап  едім:  дүние-əлем

жанартаудан жаңа жаратылғандай алып айдаһар жалындап жатыр екен.

Жанартаудың  жалыны  бізді  де  шарпып,  өртеп  жіберердей  біртүрлі

үрейлі екен.

Жағырапиядан сабақ беретін мұғалім: дүниеде Гималайдан биік тау

жоқ дейді. Мен сенбеймін: дүниеде Тəңіртаудан заңғары жоқ. Мықты

болса,  ГималайғаТəңірінің  атын  неге  бермеген...  Батыста  Жабағылы

тұсында қан қызыл Күн ұясына батып бара жатқанда, шығыстан құп-

қу  болып,  өңі  қашып  қуарған  Ай  көрінді.  Күннің  батып  бара

жатқанына күйзелгендей, үн-түнсіз іштен күңіренгендей қалпы бар.

Аспандағы қан қызыл ірең бірте-бірте жұмсарып, қызғылтым шəйі

орамалдар  желбіреді.  Боралдайдың  Ұзын  Тұра,  Қысқа  Тұра  тұсына

көзім түсіп еді, таңғалғаннан даусым шығып кетті.

− Не? − деді Айша маған бұрылып. Саусағымды шошайтып:

Ста - а - алин, − деппін.

− Астапыр - алла! − деп Айша жағасын ұстады.

Сəлден соң, Сталин бейнесі бұзылып, бұлт ыдырап кетті.

Оның  есесіне  бірте-бірте  жез  елік  пайда  бола  бастады.  Жез  лағы

тағы бар. Шапшып шауып барады. Соңына күміс қасқыр түсті.

Түк түсінсем бұйырмасын, əлгі қасқыр өзім екенмін деймін. Түсім

ғой  десем,  есектің  үстіндегі  қаптың  түбінен  ұстап  жүріп  келе

жатырмын.  Оллаһи-биллаһи  −  мен!  Бірақ  мына  есектің  үстіндегі

қаптан ұстап, Айшамен қатар жүріп келе жатқанымдағы ақиқат.

Қасқыр  да  мен,  мен  де  −  мен!  Екі  бөлекпін.  Жерде  де  келе

жатырмын, аспанда да елік қуып барамын. Миым шатысып кетті. Үйге

қалай  келіп  қалғанымызды  да  білмеймін.  Үйге  кіре  бергенде,  артыма




бұрылып  қарап  едім,  күміс  қасқыр  Шоңғардың  бұзылған  ескі  үйінің

орнында шоқиып отыр екен.

− Неғып тұрсың? − деді Айша. − Қапты көтерісіп жібер!

Одан арғысы есімде жоқ. Мен ес-түссіз үш күн ауырып жатыппын.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет