Оқу бағдарламасы: Ұзақ мерзімді жоспар. Ұзақ мерзімді жоспар білім беру деңгейі бойынша барлық сыныптардағы пән тарауларын белгілеп, олардың жалпы ережелерін анықтайды.
Ұзақ мерзімді жоспар оқу бағдарламасының элементі ретінде оқу жылына арналған тақырыптар мен бөлімдерді анықтайды. Ұзақ мерзімді жоспар белгілі бір бөлімнің/бөлімшенің/тақырыптың аясына қажетті оқу мақсатын қамтиды.
Бағдарламаның бұл бөлімінде оқу мақсаттары кодтық белгілермен белгіленді: бірінші белгі – сыныбын, екінші және үшінші белгі – бөлімнің және бөлімшенің реттік санын, төртінші белгі оқу мақсатының реттік номерін көрсетеді. Мысалы, 2.1.2.1. кодында «2» – сыныбы, «1» – «Тыңдалым және айтылым» бөлімі, «2» – бөлімшеcі, «1» – оқу мақсатының реттік саны.
3/ Бастауыш сыныпта оқу үдерісінде ортақ тақырыптар арқылы пәнаралық байланысты ұйымдастыру Оқу жоспары: Оқу жоспарында оқу бағдарламасының мазмұнын сыныптар бойынша оқыту ұсыныстары көрсетілген.
Тілдік мақсаттар: Білім беру ұйымдары пәндік мазмұн мен тілді меңгеруге әсер ететін білім беру ортасын құруға тырысады. Әр пәннің өз тілдік стилі бар, оны нақты бір пәннің «ғылыми тілі» немесе «академиялық тіл» деп атауға болады. Ғылыми тіл – пәннің мазмұнын оқып үйрену, ойлау қабілетін және пәндік мазмұнның негізгі ұғымдарымен жұмыс істеуді жақсарту үшін қолданылатын негізгі құрал.
Тілдік мақсаттар ғылыми тілді меңгеру үшін маңызды құрал болып табылады. Тілдік мақсаттар нақты болса, оқушылар өздерінен не күтілетінін түсіне алады. Сондай-ақ, тілдік мақсаттар оқытушылар мен оқушыларға оқуға деген ынтаны қалыптастыруға, өлшеуге және қолдауға көмектеседі. Пән мазмұнын меңгеру мен ғылыми тілді дамытуды үнемі қатар назарда ұстайтын пән мұғалімдері оқушыларға үлгі болады және пән мен тілді де оқып үйренуге көмектеседі.
Тілдік пәндерде тілдік мақсаттар қойылмайды.