Оқу жоспары: Орта мерзімді жоспар. Орта мерзімді жоспар ұзақ мерзімді жоспармен анықталған бағдарларды нақтылайды және ең қысқа мерзім аралығында жүзеге асырылады. Орта мерзімді жоспарларда белгіленген кезеңге арналған негізгі міндеттерді тұжырымдайды. Онда әрбір тоқсанға немесе бөлімге арналған оқу тақырыптары көрсетіледі.
Оқу бағдарламасы және оқу жоспары:
Білім беру деңгейіндегі пән тұжырымдамасын, сағат санын, бағалау жүйесін, т.б. сипаттайды.
Білім беру деңгейі бойыншабарлық сыныптардағы пән тарауларын белгілеп,олардың жалпы ережелерін анықтайды.
Нақты сынып бойынша пән тарауларының мақсаттары мен міндеттерін, мұғалім іс-әрекеттері мен русурстық қолдауды егжей-тегжейлі ұсынады.
Сабақ жоспарының үлгісі.
2. Бастауыш сыныптарда әдебиеттік оқу пәнінің мақсат-міндеттері. Әдебиеттік оқу пәні бастауыш білім берудің маңызды компоненті ретінде «Тіл мен әдебиет» білім беру саласына енгізілген. Әдебиеттік оқу пәнініңнегізгі нысаны – балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары. Көркемдік циклға жататын бұл пәннің оқушының жеке тұлға ретінде дамуында, саналы оқу мен сауатты жазу дағдыларының қалыптасуында, мәтінмен алғашқы жұмыс жасауда алатын орны ерекше.
Әдебиеттік оқу адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын дамытуға, адамгершілік-имандылыққа тәрбиелеуге, сөз өнерін түсінуге, тілін, қиялын арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарғы сыныптардағы «Әдебиетті» оқудың жүйелі курсына дайындайтын әдебиеттік оқу сабақтарында бірінші кезекте көркем мәтіннің негізі сөздің көркем бейне екендігіне назар аударуға, оқушыны сөз өнері әлеміне баулуға көңіл бөлінеді. Әдебиетті сөз өнері ретінде қабылдау – әдебиеттік оқу курсының әдіснамалық негізі.
Әдебиеттік оқу пәні – бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық және қатысымдық, яғни тілдік дағдыларын қалыптастыруға, олардың адамгершілік және әдеби-эстетикалық құндылықтар жөнінде түсініктерін кеңейтуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, сөз өнерін сезінуге, көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін негізгі пәндердің бірі.Пән арқылы берілетін білім мазмұнының тақырыптары оқушының дүниетанымын артыратын және айнала қоршаған дүние туралы дұрыс көзқарасын қалыптастыратын, оның тұлға ретінде өсіп-дамуын қамтамасыз ететін мәселелерді қозғайды.
Білім мазмұны идеялық-тақырыптық, көркемдік-эстетикалық ұстанымдар негізінде жүзеге асырылады.
Оқырмандық білікті мәтін бойынша жүргізілетін жұмыстар жүйесі (оқу, мәтінді талдау, мәтінге жоспар құру, кейіпкерлерді сипаттау т.б.) құрайды.
Оқырмандық білік негізінде сөйлеу білігі (сөйлеуде жазушы тілін қолдануға әрекеттену, шығармадан алған әсерін ауызша, жазбаша жеткізе алу, мәтіндегі оқиғаға өз көзқарасын білдіру, халық ауыз әдебиеті үлгілерін шығармашылықпен пайдалана отырып, өзіндік әрекеттерін дәлелдей білуге баулу т.б.) қалыптасады.
Әдебиеттік оқу пәнінің мақсаты: бастауыш сынып оқушыларының көркем шығарманы сезіммен қабылдауы, түсінуі, санасында қайта жаңғырта алуы және шығармадан қабылдағанын өзінің шығармашылық әрекетінде жүзеге асыруға ұмтылуы арқылы функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушылардың әдеби сауатын ашу негізінде рухани байыту, оқу дағдыларын және оқырмандық біліктілігін қалыптастыру, әдеби-эстетикалық талғамын жетілдіре отырып, ізгілікті-елжанды дара тұлға тәрбиелеу.
Әдебиеттік оқу пәнінің міндеттері: 1) әдеби көркем шығармаларды оқыту арқылы қазақтың рухани қазынасын меңгерту;
2) коммуникативтік (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) дағдыларын қалыптастыру;
3) ауыз әдебиетінің, отандық және әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерімен таныстыру арқылы оқушыларға адамдардың өзара түсінісуі, сыйластық, құрмет сезімдері, адамгершілік қасиеттері, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарай білуі сияқты ізгілікті қасиеттерді қалыптастыру;
4) оқу сапасын (дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқу) жетілдіру;
5) оқушылардың оқырмандық мәдениетін қалыптастыра отырып, сөз әдебі нормаларын орынды қолдану дағдыларын меңгерту;
6) сыни ойлауын жетілдіру;
7) көркемдік-танымдық сипаттағы мәтіндерді өз мақсатына сай іріктеп, саралап, талдап, ой қорытындысын жасауға үйрету;
8) алған білімін өмір жағдаяттарына байланысты қолданып, дұрыс шешім жасай білуге үйрету;
9) оқылған шығарма сюжетінің ізімен немесе еркін тақырыпта ауызша, жазбаша шығармашылық жұмыс түрлерін (өлең,әңгіме құрастыру, мәтінді сахналау, мәтін бойынша сурет салу,мақала жазу, шағын үзіндіге киносценарий жазу, өзіндік ой қорытындысын жазу, т.б.)орындауға дағдыландыру.
Әдебиеттік оқу пәнін меңгеру оқушының: 1) қазақ балалар әдебиеті мен әлем әдебиеті үлгілерін талдай отырып, ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне;
2) көркем шығармадағы тілдік қолданыс ерекшеліктеріне бақылау және талдау жасай отырып, тілдік құралдарды саналы түрде дұрыс таңдауына және өмірлік тәжірибесінде қолдануына;
3) алған білімі мен дағдыларын өмірлік жағдаяттарда және басқа адамдармен қарым-қатынас барысында пайдалануына көмектеседі.